Махатма Ганди өміріндегі мұсылмандық
Махатма Ганди өміріндегі мұсылмандық
8 жыл бұрын 8684
Марфуға ШАПИЯН

Тақырыпты оқып, қай-қайсыңыздың көкейіңізде “Ганди мұсылман болған ба?” деген заңды сұрақтың туындағанын сезіп отырмын. Жоқ. Ол мұсылман болмаған. Бірақ мұсылман секілді өмір сүрген. Қазір “Батыста мұсылмандар бар, Ислам жоқ, ал Шығыс елдерінде Ислам бар, мұсылман жоқ” деген сөз жиі айтылып жүр ғой. Әлемді өзгерткен осы бір кішкентай адам туралы да солай айтуға болатын шығар. Ол Исламды білмеді, намаз оқымады, бірақ болмыс-бітімі мұсылман еді. Сондықтан да оның өмір жолынан біздің аларымыз да, үйренеріміз де көп.

2-қазан адамзаттың мақтанышына айналған, Үндістанды бейбіт жолмен азат еткен Гандидың туған күні. Бұл күні оны үнді халқы ғана емес, әлем еске алып, ол ұсынған құндылықтарды тағы бір саралайды.

 

Өмірі өтірік айтпаған, харам ас жемеген, ішімдік ішпеген, зина жасамаған Махатма

“Жалғыз адамның әлемді өзгертуі мүмкін бе?” деген сұрақ мені жиі мазалайтын. Бір ғана жанның ғаламды дүр сілкінтуі мүмкін бе? Мүмкін екен! Пайғамбарымыз (с.а.у.) бұл сөзіміздің жанды мысалы. Ол – дүниеге нұр болып келіп, өзінің сәулесін бүкіл әлемге таратқан ғажайып тұлға. Сол секілді  ғибратты ғұмырында адамзатты жақсылықта соңынан ерткен, әлем тарихының жаңа парақшасының жазылуына себепкер болған жандар көп болмаса да кездесіп қалады. Махатма Ганди – солардың бірі, бірегейі.

Шын аты – Мохандас Карамчанд. Оған Махатма, яғни “ұлы адам” деген атты үнді әдебиетінің классигі Рабиндранат Тагор қойған. Адамның адами болмысының қалыптасуына отбасында алған тәрбиесінің әсері мол болатыны белгілі. Махатма діндар отбасында дүниеге келді. Өз естелігінде әкесі туралы: “Оның діни білімі таяз еді, әйтсе де ғибадатханаға жиі барып тұруы және діни уағыздарды тыңдауы арқасында көптеген индустарға тән өзіндік діни мәдениеті болды”, – десе, анасы жайында: “Анам менің жадымда киелі, қасиетті әйел ретінде сақталып қалды. Ол өте діндар адам болатын және дұға оқуын аяқтамайынша тамақ ішу жайын ойламайтын да. Анам ақылды адам еді және мемлекеттік істерден әркез хабардар болып отыратын”, – деп еске алады.

Бала Мохандас

Махатманың бала кезінен жамандық атаулыдан аулақ жүруіне осы діндар анасының ықпалы көбірек болған секілді. Өйткені, мектеп бітіріп, Бомбейде оқып жүргенінде, онда берілетін білімге көңілі толмаған Махатма досын ертіп, Ұлыбританияға оқуға кетпек болады. Сонда анасы шыр-пыр болып: Балам-ау, онда өлім-жітім көп дейді, сені ет жеуге үйретеді, спирттік ішімдіксіз ас іше алмайды екен. Осының бәріне қалай төзбексің?” – деп, алып қалуға барын салады. Бірақ алған бетінен қайтпаған Махатма ішімдік ішпеуге, ет жемеуге, әйелдерге жоламауға сөз беріп: “Сізді алдаған жерім болды ма, өтірік айтқан кезім есіңізде ме?” – дей келіп, анасының алдында ант ішеді. Айтса айтқанындай, Махатма сөзінде тұрды. Адвокаттық оқу барысында мұсылмандар үшін харам саналатын ішімдікке де, доңыз етіне де, зинаға да жолаған жоқ. Және Пайғамбарымыз (с.а.у.): “Кімде-кімнің бойынан мына үш сипат табылса, ораза ұстап, намаз оқып және өзін мұсылманмын деп айтса да, ол екіжүзді болады: егер сөйлесе жалған айтады, уәде берсе бұзады және аманатқа қиянат жасайды”, – деп сақтандырған жағымсыз қасиеттерден аулақ болды. Махатма – өмірінде бір рет болсын, өтірік айтпаған адам екен. Оны өзінің жазғандары да, айналасындағы адамдардың естеліктері де растайды. Міне, Исламды білмесе де, мұсылмандық, адамдық қағидаларынан аттап өтпеген Махатманың бұл әрекеті екі сөзінің бірі өтірік, өсек талай адамға үлгі болар...

Лондонда студент болып жүрген кезі

 

Тақуалыққа толы ғұмыр немесе “өзі өзгеріп, әлемді өзгерткен адам”

 Махатма Ганди 1891 жылы Англиядағы оқуын бітіріп келіп, Бомбейде адвокаттық қызмет атқарады. Ал 1893 жылы Африкаға аттанады. Ганди Африкаға барғанда ақ нәсілділердің қара нәсілділерді қатты кемітіп, үнділерді қара нәсілділерден сәл ғана жоғары бағалайтын кез еді. Отандастары мен қара нәсілділердің құқығын қорғау жолында Гандидың көрмеген құқайы болмады. Оны көшеде талай сабады, көліктерге отырғызбады, небір қорлық көрсетті, түрмеге де қамалды. Бірде соққының астында қалғанын байқаған журналистер: “Оларды сотқа беріңіз. Біз сізді қолдаймыз”, – дегенде, алған бетінен қайтпаған Ганди: “Жоқ, сотқа бермеймін. Бірақ күресті жалғастыра беремін”, – деп жауап берген еді. Ол қолына қару алып қарсы шығуды емес, бейбіт күресті таңдады. Және солай да жеңіске жетуге болатынын әлемге дәлелдеді. Махатманың “Қанға - қан” деген ұстаным бүкіл әлемді қансыратады” дегені кейін қанатты сөзге айналды.

Оңтүстік Африкада адвокаттық қызметте жүрген кезі

         Оңтүстік Африкада Ганди құрған ферма белгілі орыс жазушысы Лев Толстойдың идеялары негізінде жұмыс істеді. Онда қарапайым адамдармен араласу, басшылардың бөлінбеуі, олардың жұмысшылармен бірге тамақ ішуі алға қойылған еді. Толстойдың “зұлымдыққа күшпен қарсы шығуға болмайды” деген идеясын Ганди жақсы түсінді. Және 1909-1910 жылдар аралығында Толстой мен Ганди хат жазысып тұрған деген дерек бар. Толстой Ганди туралы: “Ол – ерекше адам. Оның ұсынған жолы – дұрыс жол. Ганди – Үндістанның жүрегі” деген сөздерді айтқан.  

Ал 1906 жылдан бастап Махатма Ганди тақуалық жолына түсті. Ауыз бекітті, еуропалық киімінен бас тартты. Біздің қажылыққа барған адамдарымыз киетін ихрам секілді, үстіне екі метр матаны ғана орап, аяғына жеңіл сүйретпе аяқ киім киді. Өзі: Құдайды бетпе-бет көргім келіп 30 жыл ұмтылдым, бірақ кездестіре алмадым. Жаратушының сырын кейінірек түсіндім, түсіндім де, одан әрі табына түстім. Мектепте маған діннен басқаның барлығын үйретті. “Дін” терминін мен бұл жерде ең кең мағынасында өзіңді-өзің тану ретінде қолданып отырмын. Әкемнің достары арасында мұсылмандар да, парсылар да болатын. Олар әкеммен өз діни наным-сенімдері жайында әңгімелесетін. Осының бәрі, тұтастай алғанда, менде үлкен діни төзімділікті қалыптастырды. Менің санамда “барлық нәрсенің негізі – адамгершілік, ал ақиқат – адамгершіліктің болмысы” деген сенім терең тамыр жайды. Ақиқат менің жалғыз мақсатыма айналды. Менің бұл ойым күн санап беки түсті және ақиқат жайлы түсінігім де біртіндеп кеңи берді”, – деп жазды.   

Тамақ ішуді шектеген Ганди аптаның екі-үш күнінде ораза ұстап, қалған уақытында бірнеше тал таза жеміс-жидек жеп, таза су ғана ішіп, үй ішін де осыған көшіреді. “Құмарлықты тыю үшін ораза ұстау, сөз жоқ, пайдалы” деген Ганди мұны өзінің өмір сүру салтына айналдырады. Ата-бабасынан келе жатқан үйіндегі барлық асыл затты, қарсылығына қарамастан әйелінің алтын-күмісін сыпырып алып, банкке өткізіп, түскен ақшаны жетім-жесірлерге бөліп береді. Құдды, нағыз мұсылман дерсің…

Ол Үндістандағы ең төменгі тап саналатын “Сот жоқ кастаға” теңдік әперуге ұмтылды. Ал әріптесі Джавахарлал Неру өзінің “Әлем тарихына көзқарас” атты кітабында: “Біз оның сөзін алғаш 1919 жылы естідік. Ол өзінің байсалды, мәнді, мағыналы сөзімен біздің жүрегімізді жаулап алды. Оның жұмсақ дауысы құр айқайдың мысын басып кететін”, - дейді. Жібектей мінезімен, жұмсақ дауысымен үнін әлемге есіте алған Махатманың үлкен күресі, осылай өзін жеңуден басталып еді.

         Махатма өз кітабында әйелі Кастурбайға да өмірбақи адал болғанын айтады. Ал жаман адамдардан аулақ жүру керектігін, бозбала шағында өзінің “оны түзетем” деп жүріп, бір адамның ықпалымен теріс жолға түсіп кете жаздағанын айта келіп: “Түзетуші түзетем деген адамымен ешқашан тым жақын қарым-қатынаста болмауы керек. Шынайы достық – бұл дүниеде сирек кездесетін жан жақындығы. Тек мінездері бірдей адамдардың арасындағы достық қана ұзағынан әрі баянды бола алады. Достар бір-біріне ықпал етеді. Сондықтан достық түзеуге жол бере қоймайды. Жалпы, аса көп жақындықтан аулақ болу керек деп ойлаймын: адам баласы жақсылықтан гөрі жамандықты анағұрлым тезірек қабылдайды. Ал Құдай деген адам жападан жалғыз қалу керек немесе бәрін де дос ету керек”, – дейді. Айтса айтқанындай, ол барлық адамды дос тұтты. Өзі айтқан “барлық адамдардың көз жасын құрғатсам” деген арманы жолында аянбай еңбек етті және ол мақсатына ұлтына бейбіт жолмен тәуелсіздік алып беріп, белгілі бір мөлшерде жетті де. Махатманың “Әлемді өзгерткің келсе, өзіңнен баста!” деген сөзі бүгінде жиі айтылады. “Өзін өзгертіп, сол арқылы әлемді өзгерткен” адамды көргісі келген жан Гандиға қарасын, одан үлгі алсын...

Ганди киімдерін өзі тігіп киген

Гандиді Черчилльдің қабылдауы

Махатма арада 22 жыл өткенде Африкадан Үндістанға қайтып оралды. Оны үнділердің құқығын қорғаушы ретінде халық жақсы танып қалған еді. Отанына қайтып келгеннен кейін көргені Гандиды қатты қиналтты. Ол өз халқының ағылшындардың езгісінде өмір сүріп жатқанын, өз елінің байлығын олардан бірнеше есе қымбатқа сатып алатынын көріп, күресуге бел байлады.

1930 жылдары Үндістанда тұздан қымбат нәрсе жоқ болатын әрі оған жоғары мөлшерде салық төлейтін. Махатма “Бұдан былай біз тұзды тегін аламыз” – деп, жанына достарын ертіп алып, теңізден тұз жинауға кіріседі. Әрине, теңіз жағасында тұз жинап жүрген кішкентай адамның үлкен жеңістерге жететінін ол кезде ешкім білген жоқ. Ганди бастаған 10 адам бірден түрмеге қамалады. Ертеңіне тұз жинауға жүз адам шығады. Олар да түрмеге тоғытылады. Сосын 10 мың, 20 мың, 30 мың боп көбейе береді. Түрмелер толып қалады. Ағылшын билігі адамдар тасқынын тоқтата алмайды. Нәтижесінде, тұз алуға рұқсат береді. Бұл Гандидың үлкен жеңісі еді.

Ал 1942 жылы Ганди бастаған топ Ұлыбританиядан автономия сұрайды. Оларды тағы да түрмеге қамайды. Ал халық басшылары түрмеде болса да, олар көрсеткен тәсілмен күресті жалғастыра береді. Ағылшындардан ештеңе сатып алмады, жоқ болса да, сапасыз болса да өз киімдерін киіп, өз тамақтарын жеді. Бұл әрекеттерінен ештеңе шықпасын түсінген ағылшын билігі екі жылдан кейін Гандиді түрмеден шығарып, келісімге келмек болады. 1945 жылы премьер-министр Уинстон Черчилль Махатма Гандиді Ұлыбританияға кездесуге шақырады. Лауазымды тұлғаға келгеніне қарамастан, үстіне екі метр мата орап барған Гандиды Черчилль: “Мына жалаңаш пақырмен (қайыршымен) қалай сөйлесуге болады? Вице-король сарайының баспалдақтарымен жартылай жалаңаш қалпында жоғары көтеріліп келе жатқан бүлікші заңгер, қазір Шығыста кеңінен тараған тип-пақыр кейпіндегі, “Қосылмау және азаматтық бағынбау” компаниясын басқарып жүрген Гандидың түрі король-императордың өкілдерімен тең дәрежеде келіссөздер жүргізу үшін мазасыздық пен жиіркенушілік тудырады”, – деп кемсітеді. Бірақ Черчилль өз алдында тарихта есімі мәңгілік қалатын ұлы ойшыл әрі пендеуи тірліктен биікке көтеріліп кеткен әулие адам тұрғанын бағамдай алмады. Ал дақпыртын естіген Лондон халқы оны аяғынан тік тұрып қарсы алған еді.

Осы жерде Гандидың киімі туралы айта кетпей болмас. Миллиондаған адам соңынан ерген көсем болғанына қарамастан, ол өте қарапайым киінді. Өз ұлтының ұлттық киімін Англияға барғанда да тастамады. Ол осынысымен халыққа жақын еді. Белгілі үнді қаламгері Рабиндранат Тагор: “Ол мыңдаған ғаріптің лашық үйінің алдына келіп тоқтады, өзі де солар сияқты киінген. Ол олармен солардың тілінде сөйлесті, онда кітаптардағы дәйексөздер емес, жанды ақиқат бар еді”, – деп жазды. Кезінде Пайғамбарымыздан (с.а.у.) үлгі алған сахабалар да халифа болып, бүкіл мұсылман әлемін басқарып тұрғанда байлық жинамады, дүниеге құмартпады. Олардың да ауыстырар бірер ғана киімі, ішіп-жемге бүгіндік қана тамағы бар еді. Гандидың бұл жағдайы мұсылман болмаса да, кезіндегі мұсылман әлемінің басшыларының жағдайына өте ұқсас еді. Дүниеге алданбау, дүниенің соңынан қумау – тек дәті берік, ұлы адамдардың қолынан келеді.

 Лондондағы халықтың күтіп алуы

 

 Махатма Ганди - "адамзаттың ұяты"

Черчилльден кейін ағылшын премьер министрі болған Эттли Клемент 1947 жылы Үндістанға бостандық беруге мәжбүр болады. Билікке қызықпайтын барлық ұлы адамдар секілді, Махатма да ел басқарудан бас тартып: “Елге басшы болуға Неру лайық, сол басшы болуы керек. Ол – өте білімді, іскер әрі маған қарағанда жас. Мен тек идея айта аламын, елді басқара алмаймын”, – деді. Бірақ ағылшындар бостандықты толық бере қоймаған еді. Олар Үндістанды бөлшектеп билеуге тырысты. Мұсылман үнділер мен индуизмді ұстанатын үнділер арасына от жағып, Үндістаннан Пәкістан бөлініп шығып, екі ортада соғыс басталады. Сол тұста Махатмаға: “Ганди – сатқын, Үндістанды мұсылманға жем қылғалы жатыр” деген жала жабылып, ол 1948 жылдың 13 қаңтарында қақтығысқа қарсы тағы да аштық жариялайды. Ақырында соғысты басуға әрекет жасаған Гандидің өзі де үнді экстремистерінің қолынан қаза табады. Ол күлімсіреп жатқан күйі өмірден өтті деседі.   

Махатма Гандидің күш қолданбау идеясын 1960 жылдары Америкадағы нәсілдік кемсітуге қарсы пастор Мартин Лютер Кинг, Тибет мәселесін шешуге Далай Лама, Оңтүстік Африкада Нельсон Мандела, Бирмада Аун Сан басшылыққа алды және осы бір “кішкентай үнді адамы” көрсеткен жолмен күресті. Ол күні бүгінге дейін ел басқарған басшыға да үлгі, тақуалық тұрғысынан қарапайым адамға да үлгі болып келеді. Оның “Кешіре білу – мықтыларға тән қасиет. Әлсіздер кешіре алмайды” немесе “Ұлттың ұлылығы мен адамдық тұрғыда дамуын оның жануарларға қалай қарайтынымен-ақ өлшеуге болады” деген көптеген қанатты сөздері талай буынның үніне қосылып, жаңғырып келеді. Замандастары “Адамзаттың ұяты” деп атаған Махатма Гандиге белгілі ғалым Альберт Эйнштейн: “Гандидың ойлай білетін адамдарға тигізген моральдық әсері қазіргі дөрекі күш асып-тасып жатқан біздің уақытта әлдеқайда күшті болып табылады. Біз келер ұрпаққа жол нұсқап тұратын осындай тамаша замандасты сыйға тартқаны үшін тағдырға ризамыз. Бәлкім, келер ұрпақ қарапайым ет пен сүйектен жаралған осындай адамның осынау күнәға толы жер бетімен жүріп өткеніне сенбейтін де шығар”, - деп баға берген еді. Сенеміз, әрине... Ондайда Пайғамбарымыздың (с.а.у.): “Ең үлкен жиһад – нәпсіңмен күрес” дегені еске түседі. Нәпсісін жеңген, ең үлкен соғыста жеңіске жеткен адамдар осы Гандилер сияқты болса керек...

Алайда, Махатма Гандидың үлкен ойшыл, әртүрлі діндерден жан-жақты хабары бар, білімді адам болып, миллиондаған мұсылмандардың арасында өмір сүре тұра Исламды қабылдамағаны өкінішті.

1 пікір
  • тұлғатану бағытындағы мақалаларыңмен дараланып келе жатқан қарындасымызға алғыстан басқа айтарфымыз жоқ. Бұл - бір. Екіншіден, Фейсбуктен әлдекімнің: "Сен намаз оқисың ба, ораза ұстайсың ба, т.б. секілді Алла қоятын сауалдарды адамға қойма, сен Алланың құлына жарасатын "неге мұқтажсың" деген сауал қой" деген жазбасын оқып қалып едім, тамаш айтылған екен
    8 жыл бұрын