Күңнен туған ұл кімге тартып ғалым болды?
Күңнен туған ұл кімге тартып ғалым болды?
9 жыл бұрын 4408
Элдар Мұхамеджанов

Абул Фатх Абд Ар-Рахман әл-Хазини – ортағасырлардағы әйгілі мұсылман физигі және астроном. Ол көптеген классикалық ғылыми құралдарды ойлап тапқан. Атап айтар болсақ, диоптра, трикветрум, түрлі квадранттар мен астролябияның авторы.

Абул Фатх гидростатика бойынша түрлі ортада дененің салмағын анықтау жайында жазған еңбегі арқылы да танымал болған. Бірақ, оны көп адам астроном ретінде білетін. Теоретикалық білімдерімен қатар, астрономия сияқты ғылымның адымдап келе жатқан тұсында әралуан сұрақтарды жүйелі түрде ортаға шығарды.

Ең қызығы Абул Фатхтың жанұясынан осыған дейін ешбір оқымысты шықпаған екен. Ол жаулап алу кезінде қолға түсіп, Хорасан базарларының бірінде сатылған күңнің ұлы болған.

Кейбір деректерге сүйенсек Абул Фатх Мерв қаласында 1077 жылы туылған. Ол сол қаланың қазына басшысы Али бин Мухаммад әл-Маруазидің үйінде туылып, әкесі сол кісі болуы мүмкін екендігі де айтылады. Қожайын баланың ғылым-білімге деген талпынысына таңданып, оның оқуына рұқсатын берген көрінеді.  

 

Қайда, кімдерден білім алды?

Мерв қаласы сол кездері ғылым мен білімнің орталығы болған. Білім іздеушілерді өзінің мол қоры бар кітапханасымен қызықтыратын. Сол кездері Абул Фатх әл-Хазинидің ұстаздарының бірі Омар Хаям болғанын бірі білсе, бірі білмес. Одан бөлек сан түрлі астрономиялық құралдарды ойлап тапқан Әл-Исфарази, Мухаммад Әбу Бишр әл-Маруази, сондай-ақ Хаким Хуссейн әл-Самарқанди секілді белгілі астрономдардан дәріс алды.

Уақыт өте келе әл-Хазинидің өзі астрономия ғылымының дамуына сүбелі үлесін қоса бастады. Оның ең танымал еңбегі «Әз-зиж Әс-Санжари» деп аталады. Яғни, Хорасанды билеген селжұқ сұлтаны Санжар бин Мәлікшаһқа арнап жазылған еңбек болатын. Аталмыш бұл еңбек әрбір ұсақ-түйегіне дейін мұқият қарастырылған, астрономиядағы күрделі мәселелерді жүйелі түрде баяндайтын және сонымен тікелей байланысты математикалық сұрақтарды дәлелдерімен, мәліметтерді тексеру және бақылау әдістемелік сипаттамаларын көрсетеді.

Зиж еңбегі Мерв пен Бағдад қалаларының терең тарихынан сыр шертетін хронологиялық кестелер, тригонометриялық функциялардың кестесі, сфералық астрономияның функциясының кестелерін жинақтаған. Уақыттың теңесуі, Күн мен Айдың орташа қозғалысының кестесі, жерсеріктердің қозғалысының кестесі, олардың қосылуы мен тебісуі, күн мен айдың параллаксасы, жұлдызды каталог, мұсылмандардың діни мерекелерінің есептелуі, мұсылмандардың қасиетті Рамазанда ұстайтын ораза уақытының есептелуі, жерсеріктерді ұдайы бақылау теориясының дамуы және күннің тұтылуының кестесі және т.б. бәрі де осы аталған еңбекте қамтылған. 

Әл-Хазини «Астрономиялық құралдар туралы трактат» деген басқа еңбегінде триквертум, секстант, астролябия, нивелир және т.б. құралдарды сипаттайды. Өздігінен айналатын сфералы астролябиясы механика мен астрономия жайында білімді сипаттайтындығымен қызықты болып табылады. Сфера болса құмның көмегімен қозғалысқа келтірілді.  

Әл-Хазини неміс математигі Кристерниус Морсианусқа дейін-ақ екі әртүрлі материалдан құралған абстрактілі массаның салмағының қандай күйде болатынын сипаттайды. Ол Архимед заңының сұйыққа қалай қатысы болса, газға да сондай қатысы барын дәлелдеді.

Бұл жаңалықтардың ашылуы барометр мен вакуумдық сораптың пайда болуына алып келді.

 

«Мизан әл-Хикмат» еңбегі

Әл-Хазинидің тағы бір құнды «Мизан әл-Хикмат» (Ақыл таразысы) еңбегі ұшты күйлі әліге дейін жоқ. Ол еңбекті кезінде Ресей империясының Персиядағы Генералды консулы Николай Ханыков Тебризден кездестіре алмады. Ол 1859 жылы бұл еңбектің мазмұнын «Ориенталистердің америкалық одағының журналында» жариялаған еді. Онда механика мен физиканың маңыздылығы ерекше айтылған.

Бұл энциклопедиялық еңбек ортағасырлардағы механика, гидростатика және физика секілді ғылымдардың аса маңызды тұстарын ерекше атап өтеді. Ол еңбектің құрамында физикалық принциптардың толығырақ бағасы көрсетілген. Ол бағалар статикалық және гидростатикалық баланс, тәжірибе жүргізуге арналған құралдардың қолданылуы мен құрылымының мәліметі негізінде жасалғанын атап өту керек.  

«Ақыл таразысы» - бұл жылжымалы кір тасы мен бес табақтан тұратын рычагты таразының тепе-теңдігі. Оның көмегімен ауада да, суда да түрлі жүктерді өлшей аламыз. Негізінде трактаттың практикалық мақсаты басқа болған. Яғни, сұлтанның қазынасына жасанды зергерлік бұйымдар араласып кетпесін деп, таза металдарды ерітінділерден ажыратуға тырысқан. Бұл кезінде Аристотель, Евклид, Архимед зерттеп кеткен механиканың дамуының теоретикалық күрделі мәселелерін шешуге көмектесті.

Бұдан бөлек, Мекке қаласына қарап құлшылық жасайтын бағыт Қыбланы анықтаудың тәсілін механикалық элементтер арқылы жүзеге асырды.

Ол кісі мына дүниенің қызығына алданбайтын, азға қанағат қылып өмір сүрген жан.

Жоғарыда айтқан үлкен еңбегі үшін сұлтан Санжар оған сыйақы ретінде мың динар жібереді. Бірақ, әл-Хазини оны алудан бас тартып, кері қайтарады. Ол өзінің он динары барын, жылына үш динар ғана жұмсайтындығын айтады. Отбасын құрмаған, жалғыз ғана мысығы болған деседі.

Әл-Хазини бүкіл өмірін мұсылмандарға пайдасы тиетін ғылымға жұмсады. Ол кісіден Алла разы болсын!

0 пікір