Имам Мәлік сынды ғұламалардың хадиске деген құрметтері
Имам Мәлік сынды ғұламалардың хадиске деген құрметтері
4 жыл бұрын 2450

Исмаил ибн Әби Үбәйстің айтуына қарағанда: «Имам Мәлік радияллаһу анһу хадис айтар кезде дәретін алып, көрпенің ортасына отырып, сақалын тарап, орнына салмақты түрде, аса маңыздылықпен орналасып алып, одан соң хадис үйрететін. Оның себебін сұрағандарға: «Алла елшісінің хадистерінің мәртебесін көтергенді жақсы көремін. Мүмкіндігімше дәретсіз хадис айтпаймын» деп жауап беретін».

Имам Мәлік жолда кетіп бара жатқанда немесе тұрып тұрғанда, яки асығыс кезінде хадис үйретуді ұнатпайтын. Ол былай дейтін: «Пайғамбарымыздан риуаят ететін хадисімді толықтай ұғып алғанды жақсы көремін»[1].   

Имам Мәлік табиғин Саъид ибн Мүсәйябқа қатысты мына бір жағдайды әңгімелейді. Саъид ибн Мүсйяб сырқаттанып жатқан кезінде, бір адам келіп, одан хадис сұрайды. Төсегінде жатқан Саъид ибн Мүсәйяб сырқаттығына қарамастан түрегеп отырып, сұраған хадисін айтып берген екен. Келген адам оған: «Сен қиналсын демеп едім» дейді ауырсынғанын сезіп. Сонда Саъид ибн Мүсәйяб: «Жатқан күйі Алла елшісінен хадисті жеткізуді ұнатпадым» депті[2].

Аъмаш радияллаһу анһу хадис риуаят етерде дәреті жоқ болса, таяммум алатын да, одан соң хадис риуаят ететін.

Аъмаш Дирар ибн Мурраның  былай дегенін риуаят етеді: «Сахабалар дәретсіз хадис риуаят етуді ұнатпайтын».

Қатада радияллаһу анһу Алла елшісінің хадистерін тек дәретпен оқуды мұстахаб санайтын[3].

Бишр ибн Харис айтады: Абдулла ибн Мүбәрак жолда жүріп бара жатқанда, бір кісі одан хадис сұрады. Сонда Абдулла ибн Мүбарак оған: «Бұл ілімге құрметсіздік болады» деді. Оның сөзінен кейін Бишр: «Онысын жақсы көрдім», - деген екен.

Абдулла ибн Мүбәрак Имам Мәліктің басынан өткен бір жайтты былай деп әңгімелейді:

«Мен Имам Мәліктің қасында отыр едім. Ол хадис үйретіп отырды. Кенеттен бір сарышаян келді де оны он рет шақты. Мәліктің рені өзгеріп кетті. Бірақ сабырлық танытып, Алла елшісінің сөзін үзбей соңына шейін оқыды. Орнынан тұрып, халық тарағаннан кейін мен оған: «Мен жаңа ғажайып бір жағдайға күә болдым», - дедім. Ол: «Ия. Алла елшісінің сөзіне деген құрметім үшін ауруға сабыр еттім» деп жауап берді[4].

Имам Жәләлуддин ас-Суюти
«Мифтәхуль Жәннә филь Ихтижәж бис сүннә» атты кітабынан.
Араб тілінен аударған:  А. Қасым


[1] «Хулятуль Әулия».
[2] Әл-Мағрифа уәт-Тәрих; Уәфәятуль Аъян; әл-Жәмиъ Лиәхләқир Рауий уә Әдәбис Сәмиъ.; әл-Мәдъәл Иләс сүнәниль Күбра.
[3] Әл-Мағрифа уәт-Тәрих; Уәфәятуль Аъян; әл-Жәмиъ Лиәхләқир Рауий уә Әдәбис Сәмиъ.; әл-Мәдъәл Иләс сүнәниль Күбра.
[4] «Тәртибуль Мәдәрик»; «әл-Мәдхәл Иләс Сүнәниль Күбра».

0 пікір