"Сахих Бұхари" кітабының авторы Имам Бұхари кім?
"Сахих Бұхари" кітабының авторы Имам Бұхари кім?
10 жыл бұрын 9558 Имам Бұхаридің мавзолейі
Құдайберді Бағашар

Күллі мұсылман жұртшылығының ортақ мақтанышына айналған ғұлама, түркі даласының текті ұланы Мұхаммед ибн Исмайыл (лақап аты – Әбу Абдуллаһ) хижраша 194 (810) жылы Бұхара қаласында туылған. Орта бойлы, арықша келген, бидай өңді кісі болған. Әкеден ерте айырылады.

Бала кезінде бірден көзі көрмей қалған оқиға кездескен. Бірақ діндар анасының көп дұға етуімен кейіннен жазылған деседі. 

Білім іздеуі

10 жасынан бастап, ілімге зор қызығушылық танытқан. Кішкене кезінде жаттаған хадистерінің өзі жетпіс мыңға жеткен. Алғаш рет Ибн Мүбәрактың еңбектерін жаттаған. Кейінірек өз елінде Мұхаммед ибн Сәлам, әл-Мұсниди мен Мұхаммед ибн Юсуф әл-Бәйкандиден хадис үйренген.

Ілім үйрену үшін сол кездің бірқатар ірі қалаларына барған. Айталық, Меккеде – Мұқриден, Бағдатта – Аффаннан, Басрада – Әбу Асым мен әл-Ансаридан, Бәлхте – Мекки ибн Ибраһимнен, Куфада – Ұбәйдуллаһ ибн Мұсадан, Шамда – Әбул-Мұғира мен әл-Фәйрабиден, Асқаланда – Адәм атты ғалымдардан ілім үйренгендігі белгілі. Абдурраззақтан ілім үйрену үшін Йеменге жолға дайындалып жатқанда, оның қайтыс болған хабары жетеді.

«Адам өзінен үлкеннен де, кішіден де, қатарынан да ілім үйренбейінше кемелдікке жете алмайды» деген Бұхаридың 1080 кісіден хадис алғандығы айтылады.

Хадис ілімімен қатар фиқыһ пен поэзияға да құмартқан.  

 Зеректігі

Бұхари жастайынан өте зеректігімен, алғырлығымен, есте сақтау қабілетінің мықтылығымен көзге түскен. Жаттағысы келген нәрсеге бір көз жүгіртіп оқып шығуы я бір рет құлақ қойып мұқият тыңдауы жеткілікті еді.

Өз замандасы Мұхаммед ибн Әбу Хатим бұл жайлы:

«Кішкене кезімізде хадис дәрістеріне бәріміз бірге қатысатынбыз. Біз дәрісте өткен хадистерді жазатынбыз, Бұхари болса жазбай жай ғана тыңдайтын.

Бір жолы «Уақытыңды босқа өткізбей, сен де жазсаңшы?» дегенімізде, ол «Қане, жазғандарыңа қараңдаршы» деді. Сөйтті де сол күнге дейін жазған он бес мыңға жуық хадисті түгел жатқа айтып шықты. Біз дәптерлерімізге қарап тексеріп отырдық, ешқандай қателескен жоқ. Артынша бізге «Көрдіңдер ме? Дәрістерге босқа келіп жүр ме екенмін?» деді» – деп еске алған.

Бұхаридың есте сақтау қабілетінің мықтылығына таңырқағандар, «сірә, арнайы дәрі қабылдайтын сияқты» деген қауесет таратады. Осы себепті оңаша қалған бір күні Мұхаммед ибн Әбу Хатим одан: – Расында есте сақтауды күшейтетін дәрі бар ма? – деп сұрайды. Бұхари «Білмеймін» деп, артынан «Есте жақсы сақтау үшін (ізденісің жеткіліксіз, бұл үйренгенің аз деп) өзіңді іштей жазғыру мен еңбектенуіңді жалғастыра түсуден артық ештеңе жоқ» деп жауап қатады.

Хадис саласында танымал болып, аты ауызға іліккенде, оның зеректігін ғалымдардың сынаған оқиғасын да айта кеткен жөн.

Бағдат қаласына алғаш келгенінде, жергілікті ғалымдар жиналып, араларынан он кісі әрқайсысы он хадистен келтіріп сұрақ қояды. Бірақ, күні бұрыннан бәрі келіскендіктен хадисті жеткізген кісілердің есімдерін әдейі араластырып қате айтады. Бұхари бәрін соңына дейін тыңдап болғаннан кейін, «Мен бұндай хадистерді білмеймін, өйткені жеткізген кісілердің тізбегі дұрыс айтылмады» деп әуелгі хадистен бастап соңғы жүзінші хадиске дейін жету тізбегін жеке-жеке қайта дұрыстап шығады да, «Дұрысы осы» деп жауап қатады.

Бұған куә болған Бағдат ғалымдары Бұхаридың есте сақтау қабілетінің мықтылығына бас шайқап, ілімінің тереңдігін еріксіз мойындайды.

Хадис пен рижал (хадис жеткізушілерді зерттеу) ілімін жан-жақты меңгергеніне мына бір оқиғаны да келтіре кеткен орынды.

Нишабурда болған кезінде дәріс үстінде бір хадистің риуаятында «Ата әл-Кәйхарани» деген есім кездеседі. Ұстаз Исхақ ибн Рахия: «Кәйхаран деген жерді білетіндерің бар ма?» деп сұрайды. Сонда дәріс тыңдап отырған Бұхари: «Ол – Йемендегі бір ауылдың аты. Бұл кісіні (Атаны) Мұғауия (р.а.) сол жердегі сахабалардың біріне жұмсаған. Ата әлгі сахабадан екі хадис жазып алған» деп жауап қатады.

Бұны естігенде Исхақ «Әй, Әбу Абдуллаһ, сен өзің (сол кісілердің әрбірін) көзбен көргендейсің ғой» деп, оның ілім жинақтаудағы мұқияттылығына, сергектігіне таңғалғанын білдіреді.

Бұхари туралы Махмуд ибн Назыр ибн Сәхл «Басра, Шам, Хижаз, Куфаға бардым, бүкіл ғалымдармен кездестім. Қай жерге барсам да Мұхаммед ибн Исмайыл әл- Бұхаридың есімі аталса болды, оның ілімін өздерінен асық санайтындығын көрдім» десе, Ибн Хұзәйма ол жайлы «Хадис ілімін жер бетінде Бұхаридай білетін адам жоқ-ау» деп тамсанған.          

Әсіресе Имам Мүслимнің оған деген құрметі алабөтен еді. Бұхариге әр келген сайын «Уа, хадис сырқаттарының емшісі! Уа, хадисшылардың шейхы, рұқсат етші, аяғыңнан сүйейін» дейтін. 

 Діндарлығы

Бұхари – басқа да сәлаф ғалымдары секілді тақуалықта алдына жан салмағандардың бірі. Рамазан айында тарауих намазынан кейін Құранның үште бірін бітірмейінше намазын аяқтамайтындығы айтылады.

Ибн Хиббан оның Құран оқуы жайында «Мұхаммед ибн Исмайыл Құранды қатты беріліп оқитыны соншалық, бар зейінін тек соған салып, аяттардағы мысалдар жайлы терең ойға берілетін, харамдар мен халалдарға бойлап кететін» деген.

Бір жолы Бұхари намаз оқып тұрғанда, денесін дәу бір ара қатарынан он жеті рет шағады. Әр шаққан сайын жан шыдатпай ауыртып, ол қатты қиналады. Бірақ сонда да намазын бұзбайды. 

Көптеген ізгі қасиеттерімен қатар аз сөз сөйлегені, дүние байлыққа қызықпағаны, жомарт әрі кеңпейіл болғандығы айтылады. Мәселен, өзінен 25000 дирхам бұрын қарыз алып қайтармай жүрген кісіні басшыларға неге тапсырмайсың дегендерге «Мен биліктегілерден көмек сұрасам, кейін олар да менен өздеріне ыңғайлап пәтуа беруімді сұрауы мүмкін. Сондықтан жағдайымды айтып бара алмаймын» деп жауап береді. Бірақ сонда да таныстары Бұхаридың жағдайын биліктегілерге барып айтады. Бұны естігенде, Бұхари дереу биліктегілерге хат жолдап, қарыз алған адамға ешқандай жамандық жасамауын өтінеді. Сөйтеді де қарыз алған кісімен ай сайын өзіне 10 дирхамнан төлеп тұратын болып келісім жасайды.

Сөздеріне қарағанда, өте әділ болғаны, рухани тазалығы, дүниелік істерге көп араласпағаны байқалады.

«Аллаһ тағала ғайбат мәселесінде мені жауапқа тартпас деп үміттенем» деген сөзі оның ешкімді жамандамаған, қаңқу сөзге ермеген тақуа болғандығын ұқтыруда. Тіпті хадисті ойдан шығарушыларды анықтағанда, оларды көзге шұқып «кәззап» деп атауға құмартпаған. Бар болғаны, «айтқаны сенімсіз» (мүнкәрул-хадис) я болмаса «хадисшілер олар туралы тіс жарып ештеңе айтпаған» (сәкәту анху) деген сөзбен тұспалдаумен шектелетін.   

«Сахих хадистер» жинағын құрастырарда, әр хадисті жазу үшін арнайы дәрет алып, екі бас намаз оқығандығы айтылады.

Зәхәби ол жайлы «Бұхари ілімде, тақуалық пен ғибадатта үнемі озық тұрған кісі еді» деген. 

Еңбектері

Ілім жинақтауды тым ерте жаста қолға алғандықтан, тырнақ алды еңбектері де ерте жарық көре бастаған. Бұл жайлы өзі «Он сегіз жасыма аяқ басқанда, сахабалар мен табиғиндердің пәтуалары мен сөздерін жинақтай бастадым. Кейіннен Расулаллаһтың (с.а.с.) қабірінің қасында отырып, айлы түндерде «әт-Тарихты» қолға алдым» деген. 

Оның ең танымал «Жамиус-сахихынан» ("Сахих Бұхари") бөлек мынадай еңбектері де бар:

«әт-Тарихул-кәбир», «әт-Тарихул-әусат», «әт-Тарихус-сағир», «әл-Әдабул-мүфрад», «Рафиул-йәдәйн фи салат», «Хайрул-кәлам фил-қирағат халфал-имам», «Биррул- уәлидәйн», «әт-Тәфсирул-кәбир лил-Құран», «Һалқул-әфғалил-ибад», «Китабул-иләл-фил-хадис», «Китабул-Мүснәдил-кәбир», «Китабул-ухдан», «Китабул-Мәбсут» т.б. 

Танымал шәкірттері

Бұхаридың көзі тірісінде «Жамиус-сахих» кітабынан тоқсан мың кісі сабақ алған деседі. Ең танымал шәкірттерінің қатарында: Имам Мүслим, Тирмизи, Әбу Хатим, Әбу Зүра әр-Рази, Мұхаммед ибн Наср әл-Мәруази, Салих Жәзара, Ибн Хұзәйма, Әбу Абдуллаһ әл-Махамили, Мансур ибн Мұхаммед әл-Бәздауи, Әбу Құрайыш Мұхаммед ибн Жұма, Ибн Сайыд, Ибн Әбу Дауыд, Әбу Хамид ибн Шарқи, Әбу Абдуллаһ әл-Фиребри секілді хадисшілерді атап өтуге болады. 

 "Сахих Бұхари" кітабы - «Сахих хадистер» жинағы

Жинақтың толық атауы – «Жамиус-сахих әл-Мүснәд мин хадиси Расулуллаһ уә сунанихи уә әйямихи».

Бірде Ханафи мәзхабындағы ұстазы Исхақ ибн Рахуя шәкірттеріне «Әттең, сахих хадистердің өзін ғана іріктеп, жеке кітап етіп шығарар ма еді» деп тілек білдіреді. Бұған қоса, өзі айтқан мына бір жағдай да осы еңбекпен шұғылдануына итермелеген:

«Бір күні түсімде ардақты Мұхаммед пайғамбарымызды (саллаллаһу алайхи уә сәллам) көрдім. Алдында тұрып, қолымдағы желдеткішпен желпіп, ол кісіге шыбын-шіркейлерді жолатпай тұр екенмін. Түсімді жорытқан адамым маған «Сен Пайғамбарымызды (с.а.с.) былайғы жұрттың өтірік сөздерінен қорғайды екенсің» деді. «Жамиус-сахихты» әзірлеуіме осы жайт түрткі болды».

Имам Бұхари бұл еңбекке он алты жыл уақытын жұмсаған. Жинақтағы 9 мыңнан астам сахих хадистер 600 мың хадистің арасынан іріктелген.

Фиребридің риуаятынша, жоғарыда да атап өткеніміздей, өзі әбден зерттеген әр хадисті жинаққа енгізбей тұрып, тағы да ықтият үшін дәрет алып, арнайы екі рәкат намаз оқыған. Истихара намазында Аллаһ тағалаға жалбарынып, сахихтығы жөнінде қандай да бір белгі беруін тілеген. Түсінде сол белгіні байқағанда барып, әлгі хадисті «Сахих» жинаққа енгізген. Өзі бұл жайында «Осы тәсілге сүйеніп, сахихтығына күмән келтірген хадисті жинаққа алмадым» деген. Әсіресе «әс-Сахих» кітабы Мәдинада Пайғамбарымыздың (с.а.) мешітінде қабірі мен мінбері арасында отырып жазылғаны мәлім.

Бұхари бұл еңбегін аяқтағаннан кейін Ахмад ибн Ханбәл, Яхия ибн Майын, Али ибн Мәдини секілді сол дәуірдің ірі ғұламаларына тексерткен. Риуаят бойынша олар үш-төрт хадистен басқаларын түгел мақұлдайды.

Зәхәби бұл еңбекті «Бұхаридың «әл-Жамиус-сахихы» Құраннан кейінгі ислами кітаптардың ішіндегі ең бағалысы әрі құндысы. Оны тыңдау үшін мың шақырым жол жүріп, сол жолдың бар машақатын көтеруге тұрарлық» деп бағалаған. 

Бұхара әміршісімен келіспеушілігі

Бұхари көзі тірісінде ғалым ретінде ғылымның беделін қорғауға жанын салған, ешқашан биліктегілерге жағынбаған. Бұхара әміршісімен болған келіспеушіліктері осыған дәлел.

Нишабурдан Бұхараға келген кезінде, оның ілімін ерекше құрметтеген халық зор қошеметпен қарсы алады. Қаланың кіре берісіне ақшаңқан шатырлар тігіп, келген кезінде шашу ретінде алтын, күміс теңгелер шашады. Ғалымдар жиылып, халық одан күнде хадис тыңдайтын болады. Мешітте де, үйінде де үнемі осылай хадис сұқбаттары жалғасып жатады.

Бір жолы Бұхара әміршісі де оны сарайға алдыртып, дәрістерін тыңдауға құмартады. Бұхариға адамын жіберіп, кітаптарын алып сарайға келуін, жақын адамдарына дәріс оқуын сұрайды. Алайда Бұхари «Ілім өзі іздеп ешқашан біреудің аяғына бармайды, керек еткен адам ілімді өзі іздеп келуі керек» деген жауап қайтарады. Әмірші екінші рет өзінің бала-шағасына арнап бөлек дәріс беруін сұрайды. Бұхари «Мен дәріс берерде ешкімді алаламаймын, керек еткен адам мешітке я үйіме келсін» деп бұдан да бас тартады. Бұхаридың ниеті – қайткенде де ілімнің беделін түсірмеу еді. Алайда әмірші осы оқиғадан бастап Бұхариға қырын қарай бастайды. Ретін тауып оның абыройына нұқсат келтіріп, Бұхарадан қууға әрекеттер жасайды. Екі арада күншілдер де отқа май құя түседі. Нишабурлық Мұхаммед ибн Йайха әміршіге «Бұхари Құран – жаратылған деп жүр» деген жала сөз жеткізеді. Бұл кездерде Имам Бұхараның орталық мешітінде халыққа ілім үйретумен ғана шұғылдануда еді. Халықты Имамнан ажырату биліктегілерге де оңайға соқпайды. Дегенмен әмірші зорлықпен ақыры Имамды қаладан қуады. Имам Байкентті бетке алып, одан арылап Хартенк деп аталатын ауылдағы туыстарын сағалап кетеді.

Риуаяттар бойынша, Имам қаладан қуылғанда, өзіне қиянат жасағандарға налыған деседі. Бір ай өтпестен Бұхара әміршісі Халид ибн Ахмед пен жандайшаптары күтпеген қиындықтарға душар болады. 

Қайтыс болуы

Хартенкте жүргенінде түнде тахажжуд намазында қолын жайып: «Уа, раббым! Жер әлем қанша кең болса да маған тарылып кетті. Мені өзіңе алшы?» деп дұға жасайды. Осы аралықтарда Самарқанд халқы қоярда қоймай өздеріне шақырады. Бұхари келісіп, атына мініп сәл жүргеннен кейін өзінің дәрмені қалмағанын сезіп, қайта кері оралады. Содан көп өтпей хижри 256 жылы (869) Ораза айт күні 62 жасында дүниеден озады. Мүбәрак денесі Хартенкке жерленеді.

Бүкіл саналы ғұмырын ілімге арнап, артына Құраннан кейінгі ең сенімді еңбек қалдырған біртуар ғұламаға Аллаһ тағала разы болсын! 

4 пікір