Ибрахим ибн Әдхамның өмірінен өнеге
Ибрахим ибн Әдхамның өмірінен өнеге
9 жыл бұрын 5734
Данияр Сүлейменов

Өз заманында қалың жұртқа тақуалығымен танылған Ислам әлемінің көрнекті өкілдерінің бірі - Ибрахим ибн Әдхам ибн Мансұр Әт-Тәмими. Бір деректе,  Балқы деген жерде дүниеге келген (туылған жылы белгісіз). Ал «Тарихи димашқ» кітабында  Ибрахим,  ата–анасы қажылық парызын өтеп жүрген кезде, Мекке шаһарында дүниеге келген деп айтылады. Анасы жаңа туған жас нәрестені құшағына құшып, қажылық парызын өтеуші жамағаттан, сәбиін салиқалы құлдардың  қатарынан қыла гөр деп  Аллаға жалбарынып, дұға тілеулерін өтінген екен. «Тарихи димашқ, Сияр Ағлам Ан-нубала» атты тарих кітаптарында Ибрахимнің әкесі Әдхамның бай кісі болғандығынан дерек бар. Және де, Ибрахимнің аң аулап жүрген кезінде ғайыптан бір дауыс естіп, содан кейін өмірінің түбегейлі өзгергендігі айтылады. (Аталған екі кітапта ол оқиға былайша баяндалады: «Ибрахим сәйгүлігін ерттеп, тазыларын ертіп аңда жүрген кезінде құлағына ғайыптан бір үн келеді:  «Ей, Ибрахим! Бұл не қылған бос жүріс. Осы үшін жаратылған ба едің немесе осыған бұйырылған ба едің? Алладан қорық! Ертеңгі күніңе дайындық жаса.«(Ей адам баласы!) «Сендер өздеріңді бекер, босқа жаратылдық деп, және біздің алдымызға қайтарылмаймыз деп ойлайсыңдар ма?» «Мүминун» сүресі, 115-аят).  Осы оқиғадан кейін әкесінің байлығынан бас тартып, өзінің маңдай терімен тапқан адал еңбегінің ақысына күн көргендігі, Мекке қаласына барып, сол кездегі үлкен рухани тұлғалармен сұхбаттасып, кейін Шам аймағына көшкендігі жайында деректер келтірілген.

 

Мінезінің көркемділігі

Бір күні жолда кетіп бара жатқан Ибрахим ибн Әдхамды бір адам тоқтатып, жақын маңдағы елді-мекенді көрсетіп жіберуін сұрайды.  Ибрахим ибн Әдхам ол кісіге (бәлкім ғибрат алсын деген мақсатта болар) зират  жақты нұсқаса керек, әлгі кісі бұған ашуланып, ауыр сөздер айтып, тіпті қолымен нұқып та жібереді. Кейін бұл оқиғаның куәсі болған адамдар зәбір көрушінің  Ибрахим ибн Әдхам екенін айтқан кезде, жаңағы кісі өз ісіне өкініп, ол кісіден кешірім өтінеді. Сонда Ибрахим ибн Әдхам: «Маған қол көтергеніңде, мен құдіреті күшті Алладан сені жәннәтқа кіргізуін сұрадым» дейді. Әлгі адам бұған қайран қалып, себебін сұрайды. Сонда ол кісі: «Сен мені ұрған кездегі тәнімнің ауырғаны үшін Алла Тағала менің күнәларымды кешіріп, мейіріміне бөлейтіндігін біле тұра, қалайша саған жамандық ойлап, қарғыс айтпақпын» деген екен.

 

Ұлағатты сөздері

Ибрахим ибн Әдхам Басра қаласында жүрген кезінде айналасына адамдар топталып: «Құранда: «Раббыларың: Маған дұға етіңдер, тілектеріңді қабыл етемін»  деген  Аллаһ тағаланың  аяты бар емес пе, ендеше неге біздің дұға – тілектеріміз қабыл болмай жатыр» деп шағым айтады. Ибрахим ибн Әдхам оларға: «Ей, Басра жұрты! Сендердің жүректерің мына он нәрсені ескерусіз қалдырып, ғапылдықтың батпағына малынып өліп қалған. Оларды білгілерің келсе айтайын:

Сендер Аллаһ Тағаланың бар екенін білесіңдер. Сөйте тұра, Раббыларыңның тыйған тыйымдарынан тыйылып, бұйрықтарын орындамайсыңдар.

Құранды оқисыңдар, бірақ онымен амал етпейсіңдер.

Алла елшісін (Алланың оған игілігімен сәлемі болсын) жақсы көремін деп айтасыңдар, ал сүннетін тірілтуден мақұрымсыңдар.

Шайтан сендерге дұшпан екенін біле тұра, оның азғыруына ересіңдер.

Жәннат бақшаларын көксейсіңдер, алайда жасаған салиқалы, ізгі амалдарың қане?

Тозақтан аман құтылғыларың келеді, солай бола тұра, өз нәпсілеріңді құрдымға жіберетін күнәлі істен тоспадыңдар.

Өлімнің хақ екенін біле тұра, жасаған дайындықтарың жоқ.

Өзгенің кемшілігін қазбалап, өз кемшіліктеріңді ұмыт қалдырдыңдар.

Қаншама адамды   соңғы сапарға аттандырып, өз қолдарыңмен жер қойнына табыстадыңдар, алайда содан ғибрат алмадыңдар.

Жаратушының берген рызық–несібесіне шүкіршілік етуді тастап қойдыңдар», - деп жауап берген екен.

Бірде Ибрахим ибн Әдхамға жас жігіт келіп, өзінің күнәлі іске барып қойғандығын, сол үшін тәубе еткісі келетіндігін, бұдан кейін күнәлі істен сақтанудың жолын көрсетіп, насихат айтуын өтінеді.

Сонда ол кісі: «Егер мына бес нәрсені орындай алатыныңа кепілдік берсең, қалаған күнәңді жасай бер» дейді. Дүйім жұрттың бетке ұстар адамынан мынандай жауапты естігенде, таң қалысын жасыра алмаған әлгі адам: «Ол айтқандарыңыз не?» деп сұрайды. Ибрахим ибн Әдхам болса: «Күнә жасағың келсе  жаса, бірақ  бұл жерде жасама, Алланың жаратылысынан тыс, басқа бір мекен таба алсаң егер, сол жерге барып жаса» дейді. Жігіт: «Бұл не дегеніңіз, мен қай жерге аяқ бассам да, мейлі ол өзіміз тұрған мына жер беті болсын, басқа жер болсын, оның барлығы Алланың меншігіндегі мүлік қой, Алланың жаратқан жаратылысы ғой», - деп таң қалады. Жақсы олай болса екінші шартты айтайын: « Егер күнә жасағың келсе жаса, бірақ Алланың ризығын жеме» дейді. Жігіт: «Онда менің тіршілігім тоқтайды ғой, үшіншісі не, ей имам?» - деп сұрайды. Үшіншісі: « Егер күнә жасағың келсе Алла көрмейтін жерге барып жаса» дейді. Жігіт: «Бұл мүмкін емес қой, Алла Тағала көместі де, тіпті көкіректе не жасырынғандығына дейін білуші ғой» дейді. Ибрахим ибн Әдхам сөзін одан  әрі жалғап: «Егер саған өлім сәті келген кезде, жасаған күнәларыңа тәубе еткеніңше өлімді кешіктіре ала алсаң, қалаған күнәңді жаса» дейді. Әлгі жігіт: « Өлімді қалайша кешіктірмекпін, ол менің құдіретімдегі іс емес қой» дейді қобалжыған сыңай танытып. Бесіншісі: «Ертең қияметтің күні болғанда, азап періштелері сені тозаққа қарай сүйреген  кезде, олардан сытылып шығып өз еркіңмен жәннатқа кіре алатын болсаң, жасағың келген күнәңді жасай бер» дейді. Жігіт болса: «Жоқ, бұған да менің шамам жетпейді», -  деп басын шайқайды.

Сонда Ибрахим ибн Әдхам  жігітке бұрылып: «Алланың саған бесік етіп жаратқан жерінде тербетіліп, ризық-несібесіне бөленіп жүрсің. Өлімді бір сәтке де кешіктіре алмайтыныңды білесің. Жәннатқа кіруің үшін де Раббыңның мейіріміне мұқтажсың. Жаратушы Иеңнің сені әрдайым көріп, бақылап тұрғанынан да хабардарсың. Осының бәрін біле тұра Алладан ұялмайсың ба!?» дейді. Бұл насихатты естіген жігіттің шыңғырған даусы шығып: « Ия Раббым! Алла Тағалам! Бір Өзіңнен кешірім тілеп, бір Өзіңе тәубе қылдым» деп жылаған екен.

Бір сөзінде: «Әділетсіз басшының ұрыдан, Құдайдан қорықпайтын ғалымның қасқырдан, Алладан өзгеге құлшылық қылып, өзгенің алдында пұшайман күйге түсетін адамның иттен еш айырмашылығы жоқ» дейді.

Саналы ғұмырын өнегеге толы ізгілік амалдармен көркемдей білген абзал тұлға өмірін, «көп құлшылық етуші» деген атпен танымал болған Фудайл ибн Ғиад және де хадис, тәпсір салаларының танымал ғалымы, көптеген еңбектердің авторы Суфиян Ас-Саури сынды замандастарымен рухани тығыз байланыста өткізіп, һижраның 162 жылы дүние салады. (Қай жерде жерленгеніне қатысты әртүрлі деректер айтылады. Бір деректерде Бағдат қаласында делінсе, енді бір деректе Византия аралдарында деп келген).

Жаратушы Раббымыз баршамызға өнеге мен ғибратқа, салиқалы да ізгі амалға толы саналы ғұмыр нәсіп етсін! Әмин!

1 пікір
  • Пайғамбарымыздың (с.а.у.) өзінің бір хадисінде "Кісі досының дінінде" дегеніндей, Раббымыз бізге осындай ізгі кісілірді дос тұтуды жақсы көргізсін. Біздің идеалдарымыз осындай кісілер болуға тиіс. Авторға Алла разы болсын...
    9 жыл бұрын