Хазіреті Мұхаммедке (с.а.у.) пайғамбарлық міндеті қалай жүктелді?
Хазіреті Мұхаммедке (с.а.у.) пайғамбарлық міндеті қалай жүктелді?
6 ай бұрын 1246
Дамира ӨМІРЗАҚҚЫЗЫ
Ғайыптан естілген дауыстар

 

Хазіреті Мұхаммед (с.а.у.) отыз сегіз жаста.

Осы тұста ол беймәлім қызық жағдайларға кездесті. Күтпеген жерден ғайыптан дауыстар естіп, кейде бір жерлерден жарық сәулелер көрінді. Оқыс оқиғалар күн сайын жиілей түсті. Ұзақтан, кейде тап іргесінен "Ей, Мұхаммед!" дегенді анық еститін. Алайда пайғамбарымыз жалт етіп сөнетін жарықтың да, өзіне шақырған дауыстың да себебін түсіне алмаған. Бірақ түбінде тегін құбылыстар емес екенін іштей сезетін де, қалың ойға шоматын.

Анда-санда ішін кемірген ойларын, көзімен көрген таңғажайыптарды қымбатты жары Хадишаға ақтарып, сырларын сонымен ғана бөлісетін. Сол тұста мына дүниедегі жан дегенде жалғыз арқа сүйері, жұбанышы Хазіреті Хадиша болды. Ол жұбайының ыңғайына қарап, айтқандарын зейін қойып тыңдайтын, жанын салып қорғап, қолпаштайтын. Мұхаммедтің (с.а.у.) осынау беймәлім халі бір жылға созылды.

Мұхаммед (с.а.у.) отыз сегіз жасынан бастап садық (шын орындалатын) түстер көре бастады, яғни күндіз болатын оқиғалар оған түнде ұйқылы-ояу халінде көрсетілетін болды. Түнде түсінде көргендері таңертең айна-қатесіз қайталанатын.

Пайғамбарымызды әрі-сәрі еткен «құпия жағдаяттар оны уахи алуға әзірлеуде еді. Аяндарды қабылдауға дайындық алты ай жалғасты.

Дүние сұлтанының мүбәрак рухы осылайша өткен алты айдан соң мұнан былай жападан-жалғыз қалғанды қалайтын. Көпшіліктен бөлек аулаққа кетіп өзімен өзі ойға берілуді аңсады... Өйткені рухы айналасындағы зұлымдық пен надандықтан, адамгершілікке жат әрекеттерден қысылып, ауырлай бастаған. Бар нәрседен баз кешіп ұзақ ойланатынды шығарды. Жалғыздыққа итермелеген құдіретті күштің себебін әлі толық білмесе де бар жан-тәнімен солай болуын тілейтін.

Меккеден ұзақ кетіп, қу медиен құлазыған шөлді артық көретін болды. Таңдаған табиғаты аясында бір өзі отырып, тау-таспен, жер-көкпен іштей сөйлесіп, осынау дүниенің не үшін жаратылғаны, адамдардың бұл дүниеге келудегі мақсаты хақында ой бөліскісі келетін. Бірақ санасын кемірген сан сауалға қатқыл қабақты жартастар да, ұшы-қиырсыз сахара да, бүкіл әлемді шұғыласына шомылдырған күн де, түнді нұрландырып айналаға жарық шашқан ай да, жымыңдасқан жұлдызды аспан да, ақ ұлпа бұлттар да жауап бермеген. Болашақтың пайғамбарының көкірек сарайын кернеген дауысқа селт етпеген күйі үнсіз қала берген.

Ойы он, санасы сан бөлінген Ол (с.а.у.) күндіз-түні ізденіс, терең толғаныста жүрген.» «Иә, күллі әлемнің мақтанышы - Хазіреті Мұхаммедтің (с.а.у.) рухы сырттай қарағанда жалғыздыққа ұмтылғандай болғанмен, шындығында ол рухының түкпіріндегі бүкіл болмыстың жаратушысы Алла Тағалаға деген құштарлықты бастыра алмай әлек-ті.

 Дүниенің сұлтаны Хира үңгірінде

 Біздің эрамыздың 610- жылы. Мұхаммед (с.а.у.) қырық жаста...

Ұзақ жылдардан бергі қалыптасқан әдеті бойынша жыл сайын қасиетті рамазан айын Хира тауында ғибадат жасап, Жаратқанға жалбарынып тілек тілеумен өткізетін. Бұл жерде қашан келсе де құлаққа ұрған танадай тыныштық. Жаратылыс сырларын жалғыз қалып ойлануға таптырмас орын. Әсіресе, тұрмыстың күйбеңінен, шексіз надандықтың салмағынан арылып, рухани сергуге өте оңтайлы. Ардақты Пайғамбарымыз Хира тауының көзден таса бір үңгірін паналап, ол жерде үлкен аталары Хазіреті Ибраһимнің (а.с.) ханиф дініне сүйеніп, ғибадат жасайтын.

Баянды ғұмырының қырқыншы жылындағы рамазанын да осылай Хира тауында өткеруге дайындалды. Зайыбы Хазіреті Мұхаммедтің әдетіне қанық болғандықтан азық-түлігін алдын-ала дайындап қойған. Пайғамбарымыз тағам салынған дорбаны алған күйі жолға шықты.

Бүкіл әлем, айнала қоршаған табиғат Оның басқан әрбір қадамын қошеметтеп, құрметтеп тұрғандай. Тырс еткен дыбыс жоқ, айнала тым-тырыс. Бұл тыныштықтың өзі мәнсіз емес-ті, астарында ғибрат, хикмет бартын.

Пайғамбарымыз да үнсіз аяңдап келеді, құдды табиғатпен ерекше бір үйлесім тапқандай... Бүкіл болмыс Оған өз тілінде: "Мені ең жақсы түсінетін де, түсіндіретін де - Сенсің. Ғибратқа, даналыққа толы екендігімді адамзат баласына түсінікті тілмен ұғындыратын да - Сенсің. Ұлы Раббымның бір әмірінен пайда болған алып дүниенің кітабы екендігімді айтып, оны оқытатын, оқыттыратын да - Сенсің. Сондықтан, мен саған борыштармын. Сол үшін мен саған басымды иемін, кез келгенге нәсіп болмайтын ұлы құрметке лайық Сен ғана", - деп сыбырлап тұрғандай. Болмыстың Сұлтаны - Хазіреті Мұхаммед табиғатқа үстемдік құрған тыныштықпен үндескен күйі көздеген орнына келіп жайғасты. Хира тауының төбесіндегі үйреншікті үңгір Оған "Қош келдің, қадамыңа гүл бітсін!" дегендей қарсы алды.

Мұхаммед (с.а.у.) ой теңізіне сүңгіп, асқан ықыласпен Жаратушыға құлшылық міндетін орындауға кірісті.

Алланың сүйікті құлы рамазан айының он алты күнін тәмамдаған. Он жетінші түн, жексенбіден дүйсенбіге қараған түн. Нұр тауы - Хира әдеттегідей тым-тырыс, құдды терең толғанысқа берілгендей. Табиғат та үнсіз, қыбырлаған сыбыс жоқ. Біраздан кейін жүзеге асатын қадірлі лебізді тыңдауға қазірден әзірленіп, ұйып қалған. Түн ортасы ауып, сәре уақыты жақындаған. Таң рауандап атуға жақын, бұлбұлдар құйқылжыта сайрап, гүл-бәйшешек хош иісін бұрқыратып, Алланы зікір етуші жаратылыс атаулының бәрі өз тілдерінде ынта-ықыласымен Жаратушыны мадақтауға кіріскен шағы! Уахи әкелуші періште Жебірейіл сұлу жігіт кейпінде келді. Бар айнала хош иістен басы айналғандай сезімде. Қауіп пен үрей, толғаныс пен үміт билеген түсініксіз халде еді дүние.

Жебірейілдің көңілі көтеріңкі, қуанышы жүзінен білінеді. Әрине, солай болуға тиіс те еді, өйткені ол Алланың соңғы елшісі - пайғамбарлар сұлтанымен сөйлесуге, иманы мен есепсіз ғибадаты арқылы хабибуллаһ (Аллаһтың сүйіктісі) сипатына ие болатын екі дүниенің сардары - Мұхаммедпен (с.а.у.) жүзбе жүз кездесуге келген-ді.

Көптен асыға күткен сәт

Уахи әкелуші періште - Жебірейіл тас түнек қараңғылықты жарып, сымбатты жігіт бейнесінде айналасын нұрға бөлеген қалпында Хазіреті Мұхаммедке (с.а.у.) көрінді. Тәтті әрі қатты даусымен: "Оқы!", - деп бұйырды. Хазіреті Мұхаммедтің (с.а.у.) бойын үрей биледі. Сонан соң бойын жинап: "Мен оқи алмаймын! Оқу білмеймін!", - деді. Жебірейіл Хазіреті Мұхаммедті (с.а.у.) қатты құшағына қысты да, қайтадан: "Оқы!", - деп дауыстады. Екі дүниенің сәруары - Мұхаммед (с.а.у.) алдыңғы жауабын тағы да қайталады. «Мен оқи алмаймын!» Жебірейіл Оны (с.а.у.) тағы қатты құшақтап, сосын қоя берді де, Алла тарапынан жолданған, Расулына қолма-қол табыстауға әкелген Алақ сүресінің алғашқы аяттарын басынан аяғына дейін оқып шықты: "Оқы! Сені жаратқан Раббыңның атымен! Ол адамды ұйыған қаннан жаратты. Оқы, сенің Раббың - қаламмен жазуды үйрететін, адамға білмегендерін үйрететін асқан жомарттылық иесі" (Алақ сүресі, 1-5 аят).

Толқу мен қорқудан арылған Хазіреті Мұхаммед (с.а.у.) өзі сөйлейтін тілде түсірілген аяттарды сөзбе сөз қайталап шықты. Ә дегеннен-ақ айтылған аяттарға Аллаһтың Расулының тілі төселіп, жүрегінің төрінен орын алды. Міндетін орындаған Жебірейіл періште сол сәтте-ақ көзден ғайып болды.

«Менің үстімді жабыңдар!"

Иләһи уахидың әсерінен айыға алмай, толқып, дірілдеп қалтыраған күйі Аллаһтың Расулы үңгірден шығып, Меккеге келді. Жолшыбай Ол небір қызықтың куәсі болды. Алға қадам аттаған сайын тау мен тас, ағаштар мен өсімдіктер: "Әссаламу а'лайка иа, Расулаллаһ!" деп бас иіп сәлем беріп, онымен де қоймай жаңа жүктелген ұлы міндетімен құттықтап жатты. Үйіне жеткенде үрей мен таңданысын жеңе алмаған ол сөйлеуге шамасы келмеді.

Не болғанын түсінбей аңтарыла қараған әйеліне: "Менің үстімді жап, жамылғы бер", - деумен ғана шектелді.

Хазіреті Хадиша күйеуінің халінен бір нәрсе болғанын сезсе де, бір ауыз сөзге келместен айтқанын орындады. Апыл-ғұпыл төсегін салып, жатқызды да, үстін қымтай жапты. Мұхаммед (с.а.у.) санасын шырмаған ойларымен арпалысып жатып көзі ілініп кетті. Көп ұйықтамағанмен, оянған сәтте аз да болса өзіне келгендей еді. Жан жары Хадишаға басынан өткергендерін әңгімелеп болып ең соңында: "Ей, Хадиша! Сенен несін жасырайын, қорыққаным рас. Бірдеңеге ұрынам ба деп қорқамын", - деді. Алла Расулының бұл сөздері өзіне сеніп тапсырылған мәңгілік құрметті міндетке лайық бола алам ба деген ішкі қанағатсыздығынан туындаған еді.

Алайда, пайғамбарға, оның ішінде де соңғы пайғамбарға жар болуға лайық деп таңдалған асқан көрегенділікке ие парасатты Хадиша бұл сәтте де жұбайына жұбаныш бола білді. "Қорқатын, үрейленетін ештеңе жоқ. Уайымдама, еш тайсалма. Жігерің мұқалмасын. Жаратушының сен тәрізді құлын ешқашан ұятқа қалдырмайтындығына кәміл сенемін. Сенің тек шындықты айтатындығыңа сенімім мол. Аманатты иесіне табыстағанша жаның жай таппайтындығын да білемін. Туған-туыстарыңмен де ара-қатынасың жақсы. Көрші-көлемге ерекше көңіл бөліп, мейірімділік танытасың. Жарлы-жақыбайдың досы да сенсің. Шарасыз қалғандарға үйіңнің төрінен орын беріп, күтесің. Қиын-қыстау жағдайларда халқыңа қол ұшын беретін де - Сен. Ей, бауырым, шыдап бақ. Уаллаһи, мен сені осы үмметтің пайғамбары болар деп үміттенемін", - деді.

Уарақаның айтқандары

Болған оқиғалардың астарында көп тылсымның бары түсінікті еді. Мән-жайды сұрастыру - Хазіреті Хадишадан басқа ешкімнің міндеті емес-ті. Бірақ кімге ашып, кіммен кеңесуге болады? Құпияны ақтаратындай сенімді адам бар ма өзі? Хазіреті Хадиша жүз ойланып, мың толғанып ақыры тоқтамға келді: немере ағасы Уарақа ибн Нәуфал ше? Соған айтып көрсе қайтеді?

Уарақа ибн Нәуфалды бұл кезде әбден кәрілік жеңген, көзі тіпті көрмейтін. Дегенмен, көңіл көзі ашық, христиандықты берік ұстанған, кезінде Тәурат пен Інжілді оқып, көп ақиқаттың сырына қанған. Хазіреті Хадиша көп уақыт оздырып жатпастан, Хазіреті Мұхаммедпен бірге Уарақаға барады. Қария алдымен сүйікті Пайғамбарымыздың айтқандарын тыңдады. Ол басынан өткен оқиғаларды баяндаған сайын Уарақаның жүзі мың құбылды. Пайғамбарымыз сөзін бітірген сәтте: "Құддыс! Құддыс қой көргенің! Сен періштемен жолыққансың, кәдімгі бір кездері ұлы Алланың Хазіреті Мұсаға (а.с.) жолдаған періштесі, яғни «Намус Әкбардың» (Жәбірейіл періштенің бір аты) нақ өзі! Сен осы үмметтің пайғамбарысың", - деп сәл үнсіз қалды да, терең күрсініп: "Сен халқыңды дінге шақырған кезде мен де жас болғанымда ғой, шіркін. Өз қауымың сені өгейсіп елден қуатын сәтте мен тірі болғанымда... Әттең, ол күндерді көру қайда енді?!" - деді. Хазіреті Мұхаммед те (с.а.у.), Хазіреті Хадиша да Уарақаның айтқандарын тыңдаған соң біраз рақаттанып, үрейлерін басқандай күй кешті. Тек түсінбегендері: неліктен Мұхаммедті (с.а.у.) өз қауымы өзекке теуіп, елден шығаратындығы. Ойларына келген түйткілді жасырып қала алмады, бүкпесіз оны да сұрады. "Иә",- деді Уарақа, "Небір күндер туар басыңа. Сені халқың туған мекеніңнен қуып азаптайды. Өйткені мына көптің арасынан ұлы қызметке таңдалған, Жаратушыдан уахи алған сен ғана, қызғанып, пендешілікпен қастандық ойлайтындар да көп кездеседі. Егер сол күнге жетсем, аянбай саған көмектесер ем".

Иә, Уарақа ибн Нәуфал ақиқатты көре білді... Айта білді... бұл - боямалауға келмейтін бағзы дұшпандар үшін ащы да болса ашық шындық еді. Әңгімені осымен түйіндеп, ерлі-зайыпты екеуі - Алланың ең сүйікті құлы мен оның өмірсерігі Уарақаның үйінен шықты.

Уахидың біраз уақыт толастауы, кейіннен қайта келе бастауы

Арадан көп уақыт өтпей жатып пайғамбарымызға Алладан түсетін уахи толастайды. Оның себебін пендешілікпен олай-былай деп айту тілге жеңіл болғанмен сол кездегі Мұхаммедтің (с.а.у.) көңіліндегі ауыр азабын, әрине, әр пенде сезіне алмасы хақ. Дүние тарылғандай әсер алып, осынау дүниеден өзге түгіл, өзіне де беймәлім бір жаққа қашып кеткісі келді де тұрды. Осылай қиналып жүргенде Жебірейіл мен Исрафил періште көзіне көрініп, бірнеше рет жұбату айтқан.

Азапты мезгіл қырық күнге созылды. Пайғамбарға белгілі бір уақыт уахидің толастауының түрлі себептерін көрсеткендер де бар. Төменде сол дәлелдердің кейбіреулерін ұсынғанды жөн көрдік, яғни:

А) Алла Расулы уахи келе бастағанда қатты толқып, рухы қатты қиналған. Сол себепті рухты тынықтырып, келесі уахиді қабылдауға дайындау мақсатымен толастаған.

Ә) Пайғамбар рухын болашақта басына келуі мүмкін ауыртпалықтарға қазірден үйрету, шыдамдылыққа әзірлеу мақсаты көзделген.

Б) Әрбір уахиды асыға күтуге, оған деген зарығу сезімін оятуға бағытталған.

 Араға қырық күн салып пайғамбарымызға Алла тарапынан аян қайта келе бастады. Бұл оқиға хақында Мұхаммедтің (с.а.у.) өзі былайша баяндайды: "Бір күні жолда келе жатып көктен бір дауыс есіттім. Басымды көтеріп, төбеме қарағанда баяғы Хирада жүздескен Жебірейіл періштенің жер мен көк арасында алып тақта отырғанын көрдім. Бойымды түсініксіз бір сезім билеп, тұрған жерімде тіземнің әлі құрып отыра қалдым. Әлден уақытта есімді жиып, үйге қарай бет алдым. Келе салысымен: "Менің үстімді жабыңдар, тезірек жамылғы беріңдер", - дедім де, қымтанып жата қалдым. Сол сәтте Алла Тағаладан мына аят түсті: «Ей, жамылғымен қымтанып жатқан (пайғамбар)! Орныңнан тұр, адамдарға (ақырет азабын) ескерт. Раббыңды ұлықта. Үсті-басыңды тап- таза ұста! Әр түрлі (заттық және рухани) лас нәрселерден аулақ бол! Істеген ісіңді міндетсініп, көпсінбе!» (Мүддәсир сүресі, 1-6)

Мұнан соң уахи бірінен соң бірі келіп, тіпті арасы жиілей түсті. Аян ала бастаған соң Хазіреті Мұхаммедтің (с.а.у.) жаны жай тауып, рухани ләззатқа қауышты.

 Ұлы Жаратушы көркем мінез-құлықпен безендіріп жаратқан сүйікті құлы Мұхаммедке (с.а.у.) пайғамбарлық міндетін жүктеу арқылы оның адамзат атаулының ең таңдаулысы екенін білдірді. Осылайша "Жаратылыстағы әрбір түрдің өз арасынан біреуін таңдап, үлгі етеміз, ол өзгелерге мақтаныш әрі өнеге болады" деген Алланың тарапынан қойылған заңдылық Мұхаммед (с.а.у.) арқылы жүзеге асты.

1 пікір