Ғылымға арналған салиқалы ғұмыр
Ғылымға арналған салиқалы ғұмыр
7 жыл бұрын 1834
Нұр-Мүбарак университетінің баспасөз қызметі

 Қазақстан ғылымында ғана емес, шығыстану, араб әлемі, дінтану, филология ғылымдарында, әдебиет саласында есімі ерекше заманымыздың заңғар ғалымы Әбсаттар қажы Дербісәлі еліміздің ғылымына жаңа серпіліс берді. Ғалымның 70 жылдығына орай еліміздің жоғары білімінің қара шаңырағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде „Қазақстанның шығыстану ғылымы және рухани жаңғыру„ атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция ұйымдастырылып, оған алыс-жақын елдерден қоғам, ғылым қайраткерлері қатысты. 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтауын жеткізген Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек мырзадан кейін еліміздің ілім-білім, ғылым, қоғам саласындағы танымал тұлғалар: Қазақстан халық Ассамблеясы төрағасының орынбасары Дархан  Мыңбай, „Нұр Отан„ партиясының Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед, ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев  т.б. көптеген еліміздің белгілі азаматтары, ғалымдары құттықтап, болашақта да еліміздің ғылым саласына жемісті еңбек ететініне сенім білдірді. 

Еліміздің Шығыстану ғылымының іргесін қалап, филология, тарих, әдебиет т.б. салалардың әрқайсысында дәйекті құнды зерттеулері, еңбектерімен қатар Әбсаттар қажы Дербісәлінің қоғамымызда, дін саласында басшылық, қайраткерлік те қыры өз алдына. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрғасы, Бас мүфтилік қызметінде еліміздегі діни маман даярлау ісін қолға алып, медреселер ашып, бүгінде ислам ғылымының ордасына айналған Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің құрылуына тікелей ұйытқы болған еңбегі қашанда құрметке лайық. Сондықтан Нұр-Мүбарак университетінің басшылығы, ғалымдар тобы қатысып, арнайы құттықтады. Ректор, профессор Жуда Басюни мырза ғұмырын ғылымға арнаған дін бауырлас, замандасына қарап: 

Бүгінгі салтанатты жиында Сізге арнап қасиетті „әл-Аср„ сүресіндегі Алланың айтқан сөзін өте лайық деп отырмын. „...Сондай иман келтіріп, ізгі іс істегендер, бір-біріне шындықты үгіттесіп, сабырды үгіттескендер; олар зиянға ұшырамайды„ - деген. Сізді шын мәнінде Раббымыздың сипаттаған осы салиқалы тобынансыз деп білемін, - деді.  

Конференцияның екінші жартысы „Қазақстандағы Шығыстану ғылымы мен руханияттағы Ә.Дербісәлінің шығармашылығы „Рухани жаңғыру мен қазіргі ғалам„ атты секциялармен жалғасты.  

 

 

0 пікір