Ғ.МҮСІРЕПОВ ҰСТАЗ ТҰТҚАН ЖҮСІПБЕК
Ғ.МҮСІРЕПОВ ҰСТАЗ ТҰТҚАН ЖҮСІПБЕК
8 жыл бұрын 7236
Марфуға Шапиян

Белгілі жазушы, сөз зергері Бейімбет Майлиннің өзі «Мен Жүсіпбек Аймауытовтай шебер жазушыны бұрын-соңды көрген емеспін» деп баға берген, қазақ әдебиетін қалыптастырушы жазушылардың бірі, драматург, публицист, Алаш қайраткері Жүсіпбек Аймауытов туралы жазбақ болғанымызда есімізге алдымен «Ақбілек» пен «Қартқожа» түсті. Аласапыран заманда қазақ әдебиетінің негізін қалап, ұстаздық қызметті қоса алып жүріп, жан туралы ілімді зерттеп «Псиқолоғия» атты еңбек жазып, Алаш қайраткерлерімен бірге қазаққа жан-тәнімен қызмет еткен Жүсіпбектің күреске толы өмір жолын, оның ішінде асыл дінімізбен байланысты тұстарын зерттеп, өздеріңізге ұсынып отырмыз.

 

Жүсіпбектің молдадан оқып, «молда» боп шығуы

Жүсіпбек Аймауытов 1889 жылы қазіргі Павлодар облысының Баянауыл ауданында дүниеге келген. Бұл туралы көрнекті қоғам қайраткері Смағұл Сәдуақасовтың сұрағына берген жауабында Жүсіпбектің өзі: «Мен сиыр жылының аяғында Қызылтаудың бауырындағы Қараның адыры деген жерде, Дәндебай ауылында тусам керек. Руым – Сүйіндік, оның ішінде – Күлік. Айдабол, Күлік бір туысады. Сұлтанмахмұт Айдаболдан. Екеуміз сегізінші атадан қосыламыз, Мәшһүр Жүсіппен 7-інші атадан қосыламыз», – деп жазады. Ал «Қартқожа» повесінде айтылған: «Туған жердің қадірін туғалы түзге шықпаған елдегі адам не білсін. Туған жердің қадірін алыс жерге ұзатқан, ұзатқанына әлде талай жыл өткен қыз білмесе, кім білсін? Туған жердің қымбатын ғылым іздеп, шет жайлап, кітап қарап сарылып, көзінің майын тауысқан, көшенің шаңын көп жұтқан шәкірт білмесе, кім білсін? Ыстық қой, шіркін, туған жер! Туған жерге жеткенше қайтып дәтің шыдайды? Кім сағынбас өз қағын. Кім сүймесін өз жерін? Сүймесе, сүймес зердесіз, шерсіз жүрек, тілеуі бөлек жетесіз», – деген жолдардан жазушының туған жеріне деген ақ көңілі, адал жүрегі мен терең махаббатын байқаймыз.  

Әкесі Аймауыттың шыққан тегі ауқатты обасынан болғанымен өзі негізінен шаруа адамы болыпты. Жүсіпбектің: «1917 жылдарға шейін әкеміздің малы 6-7 қарадан асып көрген жоқ. Сондықтан әкей бізді (үш ағайынды кісі едік, мен ортаншы баламын) мал табуға дайындады», – деп жазуы содан болса керек.

Аймауыт ақсақалдың аз-маз хат танитыны, домбыра тартатыны бар екен. Ал анасы Бәтиманың өлең шығаратын қасиеті болса керек. Жүсіпбекке жазушылық талант нағашыларынан келді десек қателеспейміз. Білімнің маңыздылығын ұғынған Аймауыт балаларын жастайынан діни оқуға береді. «Бес жасымнан 15-ке шейін ескі молдадан оқып, «Мұқтасарды» дендеп, «Нақу» оқып барып қалдым. Ауылымызда Оспан деген кісі молда ұстаушы еді. Әуелі Жүніс қожадан, содан кейін Шаймардан қожадан, артынан Қожахмет молдадан, Қапар қожадан, Мұхаметжаннан оқыдық. Сүйтіп, ескіше 5-6 молданың алдын көріппіз. Бастапқы екеуі болмаса, соңғылар басқа ауылдың молдасы. Жаз жайлауда барып оқып тұрушы едік. Бір жағынан, жылда молдаға бір бұзаудан беріп, Ақат ағам екеумізді сабақтан үзбей (інім жас еді), екінші, бізді ауылдағы етікші, ағашшы, сыршыларға жіберіп, қол өнерін үйретті. Ақат ағам екеуміз де әрі молда, әрі етікші, ағашшы, әрі шимайшы, әрі домбырашы, әнші болып өстік. Ер жеткен соң Ақат ағам (менен екі жас үлкен) байлардың кебежесін, шкабын, жүкаяғын істеп, үй ағашын сырлап, етік тігіп кәсіп қылды. Бері келгенде ер қосатын болды. 15 жасқа келгенімде мен молдалық құрып, бала оқыта бастадым. «Қартқожадағы» підие алатын бала молданы оқысақ, ол – өзім. Қартқожаның әке-шешесін көрсек, ол – өз әке-шешем», – деуі соның айғағы.  

 

Сегіз қырлы, бір сырлы Жүсіпбек

Өзінің айтуынша, 1907 жылы Жүсіпбек молдалықты тастап, Баянауылдағы орыс мектебіне келіп, білім алады. Ал 1911 жылы Керекудегі екі класты орыс-қазақ мектебіне түседі. Білім алу жолында ізденісін тоқтатпаған Жүсіпбек оны бітіргеннен кейін 1914 жылы Семейдегі мұғалімдер семинариясында оқуын жалғастырып, оны 1919 жылы бітіріп шығады. Қыс кезінде оқу оқыса, жаз шыға өз білгендерін қырдағы қазақ балаларына үйретіп азын-аулақ қаражатын жинап алып жүреді.

Жасынан көп оқыған Жүсіпбек алғашқы өлеңін 13 жасар кезінде жазады. Ол туралы өзінің: «Дұғалық жазатын кішкене қара шолақ кітапшама тіленші шалға боранда есігін ашпаған бір кемпірді, көнікенде байталға мінбеймін деп, әкесін ренжіткен қызды (ол Жәмікен деген апам ғой) өлең қып жазып қойғанымды көріп, әкемнің маңдайымнан иіскегені әлі есімде. Содан соң өлең жазғаным 19-20 жасар кезім болса керек. Бір бала молдамен айтысып, өлең жазғаным бар. 1912 жылы жазған өлеңдерім ескі дәптерімде әлі сақтаулы, Абайға еліктеппін. Ең алғаш басылған сөзім 1913 жылы болса керек, бір ақымақ алыпсатардың болыс болам деп, елге бір месте шай апарып, елдің қулары болыс қоямыз деп, шайларын алдап алып, бос қайтқанын жазып едім, бұл хабар «Қазақ» газетінде басылды. Сол хабардың басылуы қалам ұстауыма үлкен себеп болды», – деген естелігі бар.

Белгілі абайтанушы ғалым Қайым Мұхаметханов Жүсіпбектің сан қырлы өнері туралы: “Жүсіпбек – көркем сөздің ерен жүйрік зергері. Ол әрі ақын, әрі жазушы, журналист, публицист, сыншы, асқан шебер аудармашы және педагог-ағартушы. Ол музыка өнерінің терең сырына қанық, өзі әнші, өзі музыкант – сегіз қырлы өнерпаз”, - деп сипаттайды. Бұларға қоса Жүсіпбектің шебер драматургтігі де бар. Ол өлеңмен шектеліп қалмай, 1916 жылдан пьеса жазуды қолға алады. Алғашқы 5 перделі пьесасы Нұрғали Құлжановқа ұнамай, жарияланбай қалған екен. Дегенмен, белгілі театр сыншысы Әшірбек Сығай оның драматургиядағы сара жолын былай сипаттайды: “Жүсіпбек Аймауытов – Алаш арыстарының ішіндегі ең бір шоқтығы биік, ақыл-парасат жағынан озық ойлы даналарымыздың бірі. Ол 1926 жылы бірінші республикалық драматургиялық байқауда 2-орынға ие болған. Бұл орынды Жүсіпбек шартты түрде иеленген, әйтпесе оның «Шерниязы» қатысқан туындылардың, мысалы, М.Әуезовтің үкілеп қосқан «Қаракөзі», І.Жансүгіровтің «Махамбет-Исатайы» бар, осылардың ішінен ең жоғары бағаға ие болған. Жүсіпбектің санасының биіктігін, ақыл-парасатының тереңдігін қараңыз. Әділқазылар алқасы Әуезовке екінші, Ілиясқа үшінші орынды берген кезде, Аймауытов: «Маған бас жүлдені беруді ұйғарыпсыздар. Менің қуанышымда шек жоқ, сіздерге де ризамын. Бірақ сіздер байқамапсыздар. Мұхтар Әуезовтің «Қаракөзін» менің алдыма шығаруларыңызды өтінемін. Мұнда қандай поэтикалық тіл, қандай лапылдаған отты сезім, Сырым секілді сері жігіттің, Қаракөз сияқты сұлу қыздың жан дүниесін қалай әдемі берген. Олардың кеудесіндегі ғашықтық, ғаламат сезімдерін қалай ашқан» деп бірінші орынды Әуезовке беруді сұрапты”. Міне, осы бір жағдайдан-ақ Жүсіпбектің жазу өнеріндегі шеберлігімен қатар, азаматтығын да байқаймыз.

Семинарияда оқып жүрген тұста Жүсіпбек актерлік өнерде де өзін сынап көреді. Семейдің приказчиктер клубында өткен әдеби кеште «Біржан-Сараны» сахналаған жастар Біржанның рөлін Жүсіпбекке беріпті. «Айқап» журналының 1915 жылғы 5-санында жарияланған «Қазақша бастапқы ойын» мақаласындағы: «Біржан рөлін алған Жүсіпбек Аймауытов та, Сараның рөлін алған Тұрар ханым Қозыбағарова да рөлдерін ойлағаннан артық шығарды», – деген жолдар осының дәлелі. Сонымен бірге, Жүсіпбектің «Абай» журналын шығаруға атсалысып, «Сарыарқа» газетінде істейтін уақыты, алашордашыларға тілектестік білдіретін кезі де осы тұс.    

1919 жылы 1 желтоқсанда Кеңес үкіметі Семейде түпкілікті орнайды. Дәл осы уақытта семинария бітірген Жүсіпбек Аймауытов, Қаныш Сәтпаев, Ахметбек Сейсембаев секілді жастар үкіметтік қызметке тартыла бастайды. 1919-1920 жылдар аралығында Жүсіпбек Семей губерниялық атқару комитетінің бөлім меңгерушісі, «Кедей таңы» газетінің редакторы болып жұмыс істейді. 1920 жылы Коммунистік партия қатарына кіреді.  

 

Жүсіпбекке неліктен «мал жеді» деген айып тағылды?

1922 жылдары Қазақстанның бес губерниясы аштыққа ұшырап, адам қазасы көбейе бастайды. Қарапайым халыққа жәрдем берудің бір жолы ретінде аман елден мал жинап, аш елге жеткізу қолға алынады. Осы кезде Жүсіпбек мал жинау ісі тапсырылған комиссияға басшылық етеді. Кейін аштарға жиналған малды үкімет орындарына түгел өткізген оған «Жиналған малды түгел тапсырмады, өздері ішіп, жеді» деген айып тағылып, жалақорлар сотқа шағым береді. Бұл Жүсіпбек өміріндегі ең бір ауыр кезең еді. Ол “Қазақ тілі” газетінің 1923 жылғы 42-cанында “Жауап” атты үлкен мақала жазып, оқиғаның қалай болғанын баяндап: “Газет бетінде зарлаушы, мал жинаушының бірі мен екенімді ел де, үкімет те біледі. Семей губернасынан мал жиналды. Ол малды аш елге жеткізу оңай жұмыс болмады, себебі: ит өлген жер (мың шақырымнан артық), жолдағы Ақмола губернасы қирай оба, арғы жерде банды, оның үстіне ашыққан ел “барған кісіні жеп қояды” деген лақап жайылды. Қауіп-қатерді, бейнетті, ауыр міндетті білсек те, бас тартуды лайық көрмедік. Алдымен баруға разылық білдіргеннің бірі мен едім. Көп қиындықпен ай жарым жүріп, малды аш елге жеткіздік. Таратып бердік. Кімнің кім екенін бар болсақ, уақыт көрсетер. Жалғыз қынжылатын нәрсе: ауыр қызмет, ақ ниет зая кеткен сықылды “еңбегің еш, тұзың сор” деген мақалдың тап болуы”, - дейді. Даудың мұнымен де тынбай, 1923 жылы басталған пәле-жала, арандату әрекеті 1926 жылы Жүсіпбекті қамауға алдырып, сотқа тартады. Бірақ тергеу үстінде жабылған жаланың беті ашылып, сол сотта Жүсіпбектің өзін ақтап сөйлеген сөзі аңыз болып Семей жұртының аузында ұзақ уақыт бойы жүргенін жанындағы жолдастары кейін өз естеліктерінде жазды. Рас, Жүсіпбек ақталып шықты. Бірақ осы бір оқиғаның жүйкесін сергелдеңге салып, шығармашылыққа алаңсыз арнар уақытының біраз бөлігін алып кеткені анық. Ең сорақысы, күні бүгінге дейін кей адамдар осы оқиғаны алға тартып, Жүсіпбекті қаралағысы келіп тұратыны қандай өкінішті!

        

Саналы ғұмырын ұстаздыққа арнаған Жүсіпбек

Дінімізде “Кімде-кім ғылым жолына түссе, Алла тағала оның жұмаққа барар жолын жеңілдетеді” деген тамаша тәмсіл бар. Яғни, мұсылман адамға білім үйрену – парыз, ал оны үйрету – сауап. “Ең абзал садақа – мұсылманның ғылым үйреніп, сосын оны мұсылман бауырына үйретуі” деген хадисті басшылыққа алар болсақ, Жүсіпбектің бар саналы ғұмыры ұстаздыққа арналып, ғибратты жолда өткеніне куә боламыз. Белгілі сатирик Темірбек Қожакеевтің: “Ж.Аймауытов – бүкіл бітім табиғатымен, бар икем-қабілетімен, алған мамандығымен, істеген қызметімен негізінен ұстаз адам”, - деп жазуы да тегін болмаса керек. Алғашқы еңбек жолын молдалықтан бастаған Жүсіпбек кейін семинарияда оқып жүріп те елге келгенде бала оқытуын тоқтатпаған.

Ал Кеңес үкіметі орнағаннан кейін, 1922-1923 жылдары Қарқаралы мектептерінде мұғалім болса, 1924 жылы Ташкенттегі Қазақ институтында ұстаздық етеді. 1925 жылы Орынбордағы Қазақстан Атқару комитеті атындағы әскери қызметкерлер даярлайтын мектепте сабақ берсе, 1927-29 жылдар аралығында Шымкент педтехникумының директоры болады. Бар ғұмырын оқу, оқыту ісіне, мұғалімдік қызметке арнаған Жүсіпбек кейін “Тәрбиеге жетекші”, “Псиқолоғия”, “Сабақ берудің комплексті жүйе әдістері”, “Жан жүйесі мен өнер таңдау” секілді оқу құралдарын жазады. Сонымен қатар, газет-журналдарға оқу ісіндегі маңызды мәселелерді, ел ішіне сіңген көптеген теріс іс-әрекеттерді, жағымсыз жайт, жат қылық, кесірлі көріністерді, әсіресе жастардың оқып, білім алуына, ізденуіне кедергі келтіретін ата-аналарды сынға алып мақалалар жазып отырған. Оған “Қазақ тілі” газетінде жарияланған “Гәп қолағашта”, “Ақ жол” газетінде жарияланған “Пара алу тоқтала ма?”, “Әйелді мектепке алыңдар!” атты мақалалары дәлел.

Жастар қамқоршысы, балалар тәрбиешісі, ұстаз Жүсіпбек Аймауытовтың “Психология” еңбегінің орны ерекше. Жазушы бұл кітабында сол кездегі танымал ғалымдар Блонский, Бехтерев, Джеймстердің жазғандарынан дәлелдер келтіріп, “жан ілімін” жан-жақты талдайды. Сонымен бірге, кітабында діни көзқарастарды да келтіріп отырады: “Жан бар” деген нанымды бекітуге, өрбітуге мықты себеп болған нәрсе – дін. Қазіргі күллі діндерді, бұрынғы діндерді тексерсек, бәрі де дүниеде жан (рух) бар деп келген. “Жан жоқ” деушілерді дінсіз, имансыз деп санаған”, - дейді Жүсіпбек. Белгілі алаштанушы ғалым Айгүл Ісімақова да Жүсіпбектің психологияны тек батыстық ұғымда ғана емес, Алланың кітаптары тұрғысынан да түсіндіргенін айтады.

Кеңестік атеизм заманы туса да, Алаш зиялыларының әр еңбегінен құдайшылдықтарын анық байқаймыз. Әрі мұның барлығы зерттеуді қажет ететін алдағы күндердің еншісіндегі дүние.

 

Жүсіпбек шығармашылығындағы дін тақырыбы

Жоғарыда айтқанымыздай, Жүсіпбек қаламынан туған мақалалар арқылы оның дінге деген көзқарасын да анық байқаймыз. Публицист өзінің “Тәрбие” атты мақаласында: “Тәрбиеге әсер беретін нәрсе өскен орта, ата-ананың тәрбиесінен соңғы күшті, болмаса пара-пар әсер ортанікі. Адамды замандас, жолдастың азғырып, не түрлі мінез жұқтыратыны белгілі. Тәрбиеге туған жұрттің тіл, мінезі, тұрмысы да әсер қылмақ. Қысымшылық көрген, жасқаншақ болған, жалыншақ, жабыңқы елдің баласы да сондай болмақ. Ашық, көңілді, сауықшыл ел-жұрттың баласы да сауықшыл ер болмақ. Діндар елдің баласы діндар келеді. Тәрбиеге үлкен әсер беретін шарттың бірі – медресе. Баланың ақылын арттырып, білім беретін ілтипатты, табанды, талапты, ыждаһатты қылатын өмірлік азық беретін жақсы медресе болу керек”, - деп бала тәрбиесін де дінмен байланыстырады. Жастарға тәрбиеден кейін жақсы білім керектігін әр мақаласында талмай насихаттайды.

Сонымен бірге, дауылпаз ақын Мағжан Жұмабайұлы “ескішіл, діншіл” деп айыпталғанда араша түсіп, мақала жазған да осы Жүсіпбек еді. Ол: “Мағжан екі сөзінің бірінде “Алла, Жасаған, Пайғамбар, періште, иман, Құран, ғарыш, ұжмақ, ібіліс” деген сөздерді келтіреді. Осындай сөздеріне байланысып, діншілдікпен айтады десек, ол тым сыңаржақтық болады, қандай дінсіз ақын болса да, сөзді күшейту үшін дін лұғаттарын алудан қашпайды. Қазақтың, қала берсе, мұжықтың ақыны боламын деген кісі “Құдай, әулие, пайғамбар” деген сықылды күшті сөздерден құтыла алмайды. Өйткені бұқараның екі сөзінің бірі Құдайсыз келмейді”, - деп жазып, Мағжанның құдайшылдығын жақтайды. Ол уақытта мұндай қадамға барудың өзі ерлік еді. Әрине, кейін сұрақ-жауап алынып, абақтыға қамалғанында бұл сөздерінің барлығы алдынан шықпады емес, шыққан болар.

Жүсіпбектің иманын, құлшылығын жасырғанын ағасы Мәшһүр Жүсіпке жазған хатынан да көреміз. Онда: «Ынталы жүрек, шын көңілге» тірелетін әркімнің иманы ғой. «Жүрек, иман» деген нәрселер қолқаға жүрмейтін шығар. Жарылқаушыны да, қорғаушыны да өзі іздеп, өзі танып табатын шығар деп ойлап, ол сырымды жасырып отырмын. «Құлшылықты жасырып қылған қабыл» деген сөз құлағымда болушы еді, - дейді жазушы. Ары қарай 70-тен асқан Мәшһүр Жүсіпке 80-нен асса да қолынан қаламы түспеген Толстойды үлгі етіп, жаза түсуге шақырады. Жүсіпбектің бұл жерде иманын сыр ғып айтуы да Кеңес үкіметінен жасаған сақтығынан болса керек. Ағасына жазған келесі бір хатында екі жарым ай үйден шықпай, ұйқы көрмей, жаңа роман жазып бітіргенін айтады. Ол қазір бәріміз жақсы білетін “Ақбілек” романы болса керек. “Ұлтты сүю” мақаласында: “Оқығандар! Бұл уақыт жан тыныштық іздейтін, қызық қуатын уақыт емес, қызмет қылатын, еңбек сіңіретін уақыт. Ойлаңыздар: халық біз үшін емес, біз халық үшін туғанбыз, олай болса, мойынымызда халықтың зор борышы, ауыр жүгі жатыр» деп үндеу тастаған Жүсіпбек арасында айдалып, түрмеге қамалып, қым-қуыт тіршіліктің соңында жүріп, тыныштық көрмесе де халыққа қызмет етуін бір сәт тоқтатқан жоқ, қаламын бір сәт суытқан емес.

 

Ату жазасына кесілген Жүсіпбек

1929 жылы Қазақстанның сол кездегі астанасы Қызылорда қаласындағы “Еңбекші қазақ” газетіне қызметке барған Жүсіпбек, дәл сол жылдың 14-мамырында “Революцияға қарсы жасырын ұйымның мүшесі” деген айып тағылып, ұсталады. Тергеушілердің қойған сұрағына: “Өзінің жазушысын бағаламаған мемлекетте қызмет істеуге болмайды» деп жауап бермей қойыпты. Әдебиет сыншысы Серік Қирабаевтың айтуынша, «Өз әдебиеті мен мәдениетін сыйламаған елде өмір сүргім келмейді” деп те айтқан көрінеді.  Содан Жүсіпбекті Мәскеу түрмесіне әкетеді. Әкесінің түрмедегі кезі туралы ұлы Бектұр: “Әкемнен хат келіп тұрды. Алматы түрмесінде ұзақ отырды. «Таң ата бұлбұл сайрайды, соның әнін тыңдап тұрмыз», – деп жазатын марқұм. Хаттарын әйеліне – өгей шешеме орысша жазатын. 1929 жылдың жазында Алматыға бардық шешем екеуміз. Әкемізді көрейік деп. Тұтқындарды вагонға тиеп жатыр екен. Әлі есімде, жүгіріп бардым әкемнің вагонына, әкем де мені көрді, бір-екі ауыз тіл қатыстық. Ал енді Алматыдан Мәскеу түрмесіне ауыстырғанда да хат келіп тұрды. Бір хатында «у меня кровохарканье появилась» деп жазыпты. Қан қақыра бастаған ғой. Қайын енесі – өгей шешемнің шешесі, кемпір кісі «здоровье у Жусупбека было хорошее, это его там избивают, поэтому он кровью харкает» деп отыратын. Осыны білген соң біз Мәскеу түрмесіне сарымай салып жібердік. Содан бір ай өткен соң хат келді «Жусупбек Аймаутова нету в живых» деген», - деп есіне алады, талай қуғын-сүргін көріп, Қазақстанға қайтып келген уақытында. Жүсіпбек 1931 жылы 21 сәуірде Мәскеу түрмесінде атылды. Артында қалған туған-туыстары, бала-шағасы айдалып кетті. Өзінің есімі 60 жылдан астам уақыт ақталмады. Тек көрнекті сөз зергері Ғабит Мүсірепов Шәкәрім ақталғаннан кейін: «МҚК-нің бастығына телефон шалып: «Бізге ең маңызды, қажет адам Жүсіпбек Аймауытов еді. Осы кісіні ақтау жөнінде ойластырсаңыздар қайтеді? Өйткені ол – қазақ әдебиетін қалыптастыруға үлкен үлес қосқан адам», - деген көрінеді. Бірақ Ғабең көзі тірісінде ұстазының ақталғанын көре алмады. Алашордашылар тек 1988 жылы «Халық жауы» деген жаладан құтылды. Ұлтым дегенде жарғақ құлағы жастыққа тимеген Жүсіпбектің 70 жыл Татарстанда тұрған баласы Бектұр әкесі ақталған соң 2000 жылдары Қазақстанға қайтып келіп “туған жерімнен топырақ бұйырса, жаназам мұсылманша шықса” деп қарттар үйіне келіп орналасқан деседі... Елге, жерге жете алмай сүйектері айдалада шашылып қалған боздақтар қаншама?!  

Тәнге түскен жара жазылар, жанға түскен, қазақтың жанына түскен жара жазылар ма екен?!

0 пікір