Ғалымдардың сұлтаны – Абдуллаһ ибн Мүбәрак
Ғалымдардың сұлтаны – Абдуллаһ ибн Мүбәрак
9 жыл бұрын 4339
Бақ БЕР

Абдуллаһ ибн Мүбәрак – өз заманындағы үлкен ғалымдардың бірі. Милади 736 жылы Қорасанда туылып, 796 жылы сонда қайтыс болды. Әкесі түрік, анасы Харзамдық еді. Ірі ғалым, адасқандарға жол көрсетуші, дін білгірі, Ханафи мазхабының басшысы Имам ағзамнан ілім алды. Бұдан бөлек, өз дәуірінің әйгілі ғалымдарының дәрістеріне де қатысып, хадис, фиқыһта мол ілім жинақтады. Кітаптары, көрсеткен кереметтері және шәкірттері көп еді. Бұл шәкірттерінің бірі мазхаб имамы Ахмад ибн Ханбал еді. Бір жыл саудамен айналысып, табысының бәрін кедейлерге үлестірді. Екінші жылы исламды жаю үшін болған жорықтарға да қатысты. Ілімі, фиқһы, әдебі, зүхді, тақуалығы күшті еді. Түндерін құлшылықпен өткізетін. Аз сөйлеуді өзіне әдет етті. Жұрт оған өте сенімді кісі ретінде қарайтын. Кітаптарында жиырма мыңнан астам хадис шәріптер қамтылды. Аузы дуалы, дұғасы қабыл болатын кісілердің бірі еді.

Бір күні бір соқыр кісі келіп, «Маған дұға етші, Алла көзіме саулық берсін» деді. Аллаға жалбарынып, дұға еткені сол еді, дереу соқырдың көзі ашылды.

Абдуллаһ ибн Мүбәрак табиғиннен кейбір кісілермен көріскен. Имамдардың бірқатарының дәуіріне жеткен. Көп жыл бойы Имам ағзамның сұқбаттарына қатысып, түрлі ұстаздардан фиқһ, хадис дәрістерін алған. Дін дұшпандарына қарсы әрі өз нәпсісімен күресетіндердің алдында тұрды. «Ғалымдардың сұлтаны» деп аталды.

Ілімде өз заманында жеке-дара кісі еді. Дініміздің ұлық кісілерін көріп, әңгімелесіп, олардың батасын алған. Марвта көп жыл бойы хадис пен фиқһ оқытты.

Жаман мінезді бір кісі жанына келіп тұрушы еді. Сол кісі бір күні келмей қалды. Тіпті сол күйі қара көрсетпей кетті. Бұған қатты алаңдады. Кетіп қалғанын ауыр қабылдады. Неге мұңаясыз дегендерге «Әлгі байғұс кетіп қалды. Нашар мінездерінен әлі арыла қоймап еді. Соны ойлап көңілім құлазуда. Мүмкін қасымызда әлі де бола түскенде, мінезі түзелер ме еді» деді.

Тақуалығы (харамға жоламауы) тамаша еді. Бір сапарда жолда бір жерге түнеді. Жақсы бір мініс жылқысы бар еді. Намазда тұрғанында аты бөтен біреудің жайылымынан шөп жұлып жеді. Намазын оқып болысымен жылқысын сол жайылымның иесіне сыйлады да сапарын жаяу жалғастырды.

Ол туралы айтылғандар:

Ибн Хиббан: «Ибн Мүбәрактың бойында өз заманында ғалымдардан ешкімде болмаған әсемдіктер бар еді»;

Исмайыл ибн Ияс: «Жер бетінде Абдуллаһ ибн Мүбәрак секілді адам жоқ. Алла тағала жаратқан әрбір ізгі қасиеттен оған да берген»

Абдуллаһ ибн Мүбәрактың шәкірттерінің бірі әл-Фадл ибн Мұса мен Мұхаллад ибн Хүсейін  бар, тағы басқалар бар бәрі бас қосты. «Қане, ибн Мүбәрак ұстазымыздың ізгі қасиеттерін санайықшы» десті. Содан кейін бәрі де «Оның бойында ілім, әдеп, фиқһ, наху, сөздік, ақындық, шешендік, зүхд, уәра, ынсап, түнде тұру, қажылық, жорықтарға қатысу, ерлік, бос сөйлемеу, достарына қарсы келмеу секілді қасиеттер жинақталған» деді.

Аббас ибн Мұсғаб та пікірін қосып, «Хадисті, фиқһты, арабшаны еркін білуі, ерлігі, саудасы, жомарттығы, өзі жоқта да достары оны сүйіспеншілікпен еске алуы секілді қасиеттері бар» деді.

Абдуллаһ ибн Мұхаммед Аддафиф «Мен Ибн Мүбәракты тыңдадым. Ол біздің ойымызша, адамдардың ең ұлығы, олардың арасында осы дәуірдегі таластарды жақсы білетіні»

Шуайб ибн Харб «Абдуллаһ ибн Мүбәракпен кім кездессе, абырой табады. Өйткені ол өз дәуіріндегілердің бәрінен жоғарғы қасиеттерге ие адам».

Суфиян Саури «Өмірімнің ең болмаса бір жылында Абдуллаһ ибн Мүбәрак секілді болуды қатты қаладым. Өкінішке қарай, үш күн де ондай болуға шамам жетпеді»

Яхьия ибн Маин «Абдуллаһ ибн Мүбәрак ақылды, дәл анықтайтын, сенімді (сиқа), хадистері сахих ғалым еді. Риуаят етіп жазған хадистері жиырма не жиырма мыңнан астам» деген.

Бір күні Абдуллаһ ибн Мүбәрак Шамға баруға жолға шықты. Кетіп бара жатып өліп жатқан бір жануарды көрді. Қасында бір кедей кісі жылап тұр екен. Абдуллаһ ибн Мүбәрак одан неге жылағанын сұрады. Кедей «Мен тақыр кедей едім. Бала-шағам бар. Мына жануарды үш жүз дирхамға алған едім. Енді не істеймін деп ойлап, қиналып тұрмын» деді. Абдуллаһ ибн Мүбәрак: «Сен бұны тірі кезінде үш жүз дирхамға алыпсың. Мен сенен оны ерімен бес жүз дирхамға алайын» деп, қолына санап тұрып без жүз дирхам ұстатты. Сол түні әлгі кедей түсінде махшарды көріпті. Қараса, бау-бақшаның ішінде өзінің жануары жүр. Айыл-сайманын алтынмен аптап, күміспен күптеп тастаған екен. Жанында бір періште былай деп жар салып жатыр екен: «Осыған мінген адам бақытты!» Кедей бұны естігенде періштенің қасына жақындап: «Бұл менің өлген малым еді. Оны өзіме бер»

– Иә, ол сенікі. Бірақ өлгеніне сабыр ете алмағаның үшін енді басқа біреудікі болды. Қарасаңшы, жүгенінде не деп жазылып тұр?

Кедей жүгенге қараса «Бұл Абдуллаһ ибн Мүбәрак хазіретттің мінісі» деп жазылып тұр екен. Кедей ұйқыдан тұра салысымен еңіреп жылап жіберді. Өз-өзіне «Қап, бекер істедім. Неге малымның өлгеніне сабыр етпедім» деп күйінді. Дереу бес жүз дирхамын алып Абдуллаһ ибн Мүбәракқа барды. Ақшасын қайтарып бергісі келді. «Мен саудамнан бас тартамын» деді.

«Сен түндегі көрген түстен кейін келіп тұрсың. Мен де бас тарттым. Бес жүз дирхамды саған сыйладым» деді.

Сәхл ибн Абдуллаһ Абдуллаһ ибн Мүбәрактың сабақтарын тастамайтын. Бір күні «Енді сабағыңызға бармаймын. Неге десеңіз, бүгін келе жатқанымда, қыздарыңыз тамның төбесіне шығып алып, «Менің Сәхілім», «Менің Сәхілім» деп мені шақырып жатты. Оларға тәрбие бермейсіз бе?» деп реніш білдірді. Абдуллаһ ибн Мүбәрак сол түні өзге шәкірттерін жинап, «Сәхлдің жаназа намазын оқуға барайық» деді. Барғанда, расында қайтыс болғанын көрді. «Қайтыс болғанын қалай білдіңіз?» деп сұрағанда, «Менің қол астымда күңдерім жоқ. Оның көргені жұмақтағы хор қыздары ғой. Сәхілді жұмаққа шақырыпты» деді.

Абдуллаһ ибн Мүбәрак кісі ақысына ерекше мән беретін. Былай дегені бар:

«Біреудің бір дирхамын қайтару мың дирхам садақа бергеннен артық»

«Егер ғайбат айтсам, ата-анамды ғайбаттар едім. Өйткені сауаптарымның сол кісілерге берілгені әлдеқайда қайырлы»

Ғылымға қатты мән беретін. Былай дегені бар:

«Мұстахабтарды орындауда босаңдық танытқандар сүннеттерді атқара алмайды. Сүннеттерде босаңсу парыздарды орындауды қиындатады. Парыздарға қиналғандар мағрифатқа, Алланың разылығына қол жеткізе алмайды»

«Адамдардың ең төмені дүние табу үшін дінді қолданғандар»

«Дүние байлыққа алданба! Қарныңды лайығынан артық қампитпа. Ілім ретінде тек өзіңе керегіңді ал, жеткілікті»

Тағы да былай деген: «Дәл қазіргі уақытта әдеп діннің үштен екісін құрайтындай шамада»

Абдуллаһ ибн Мүбәрак (р.а.) ажалы жақындағанда, бүкіл дүниесін кедейлерге таратты. Қызметіндегі бір шәкірті: «Мырзам, үш ұлыңызға мұра қалдырмайсыз ба?» дегенде,

«Оларды Аллаға аманаттадым. Егер ұлдарым ізгі жандар болса, Алла оларға күтпеген жерден несібе береді. Жоқ, пасық болса, мұрамның нашар адамдарға қалғанын қаламаймын» деп жауап қатты.

Қайтыс боларында көзін ашты, күлді де (Саффат сүресінің 61) «Амал еткендер осы мәңгілік нығметке қол жеткізу үшін еңбектенсін» деген аятты оқыды.

Өз дәуірінің ғалымдары Абдуллаһ ибн Мүбәракты мақтап, оның бағасын берген.

Халид ибн Маданнан риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с.) «Шейіттер Алланың сенімді еткен пенделері. Мейлі өлтірілсе де, мейлі төсекте өлсе де» деді.

Әбу Хұрайрадан риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз былай деген: «Маған жұмаққа кіргендер мен тозаққа тасталғандардың алғашқы үшеуі көрсетілді. Жұмаққа баратын алғашқы үш кісі: 1) Шейіт, 2) Аллаға құлшылық жасаған, қожайынына бағынған құл, 3) Бала-шағасы көп, соған қарамастан нашар қылық пен жаман сөзден бойын алыс ұстаған арлы әйел. Тозаққа тасталатындардың алғашқы үштігі: 1) Озбыр басшы, 2) Дәулеті болып зекетін бермеген бай, 3) Аллаға қарсы келген кедей» деген.

Еңбектері:

Китабул жихад. Жихад тақырыбына жазған алғашқы кітабы. 1971 жылы жарияланған.

Китабуз зухд уәррақиқ. Тасаууыф (суфизм) жайлы қолға алған алғашқы еңбегі.

Китабус сунан фил фиқһ. Фиқһ баптарына қарай жүйеленген хадис кітабы. Китабул бирр уәс сыла. Бұл да тасаууыфқа қатысты.

Китабут тафсир.

әл-Арбаин.

0 пікір