Ғалым сахаба – Әбу Хұрайра (р.а.)
Ғалым сахаба – Әбу Хұрайра (р.а.)
2 жыл бұрын 2121
Алау Шайқымұлы

Ислам әлеміне аты әйгілі Әбу Хұрайра – Йеменнің Дәус тайпасынан шықты. Хижраның жетінші жылында Исламды қабылдап, нұрлы Мәдинаға көшкен. Алла елшісінің (с.а.у.) жанында төрт жыл тұру бақытына ие болған қадірлі сахабалардың бірі. Көптеген хадистердің кейінгі ұрпаққа келіп жетуіне сүбелі үлес қосқан. Діни үкімдердің жартысына жуығы осы асыл тұлға арқылы біздің заманымызға келіп жеткен.

Пайғамбарымыздың (с.а.у.) қонақжайлылығы мен жомарттығының арқасында мешітте тек қана ғибадат етіп, ілім үйренген, исламның негізгі қағидаларын сақтап қалу жолында үлкен ыждағат көрсеткен сахабалардың бірі.

Тайпа басшысы Туфәйл ибн Амр мұсылмандықты қабылдар-қабылдамас өз руластарының арасында Ислам нұрын таратуға құлшына кіріседі. Оның себепкерлігімен ұшқын шашқан иман шоғы руластарының жүрегінде жалынға айналады. Әбу Хұрайра да Туфәйл ибн Амрдың себепкерлігімен Ислам шуағына шомылған. Жүрегіне иман ұялаған ол Ардақты елшіні (с.а.у.) бір көруге ынтығады.

Әбу Хұрайра Мәдинаға табан тірегенде, Алла елшісі Хайбар жорығында болатын. Расулалланың нұрлы дидарын көруге асыққан ол кідірместен бірден Хайбарға тартты. Діттеген жеріне де жетіп, Алланың Сүйікті елшісімен (с.а.у.) жүздеседі. Пайғамбарымыз оның атын сұрағанда «Әбдушшәмс» деп жауап қатады. Алла елшісі «Адам баласы айдың, күннің құлы бола алмайды: сен – Әбдуррахмансың» деп, оған Алланың құлы мағынасына саятын осы атты еншілейді. Алайда ол «Әбу Хұрайра» деген атпен танымал болды. Күндердің бір күнінде Алла елшісі оның мысықтарға айрықша мейірімділігін көріп, «Уа, Әбә ирр» (мысықтың әкесі, иесі) деп оны бұдан былай осы атпен шақыратын болды. Содан кейін Әбу Хұрайра деп аталып кетті. Қарапайым да кішіпейіл ол өзі де Алла Расулының қойған атын өзіне лайық деп тауып, осылайша шақырылуын ұнататын. Бұл оның Аллатың Елшісіне деген сүйіспеншілігінің белгісі еді.

Әбу Хұрайра ең алдымен Аллаға иман келтіруді өз жақынынан бастағанды жөн көреді. Ол Ислам уызының ләззатынан анасының да мақұрым қалмауын қалады. Жөргегінен әлпештеп, аялап, әкесіздікті сездірмей тәлім-тәрбие берген анасының Исламды қабылдауы үшін қолынан келгенін аямады. Алғашында анасы қас қылғанда, қасарысып бақты. Әбу Хұрайра Исламның әсемдігін айтқан сайын, ол Пайғамбарымыздың мүбарак атына тіл тигізіп, ауыр сөздерді қарша борататын. Көп уақыт осылай өтті. Жанындай жақсы көретін анасының қараңғылықтың тар қапасында қалуы оның жүрегіне инеше шаншылып, шөңгеше қадалды. Қалай айтса да, анасын көндіре алмады. Амалы таусылған Әбу Хұрайра тілектері сөзсіз қабыл болатын Аллатың сүйіктісіне уайымын ақтарып: “Расулалла, анамды қаншама рет Исламға шақырдым, иілетін түрі жоқ. Онысымен де қоймай, сіздің қасиетті атыңызға ауыр сөздер айтады. Бұдан былай шыдай алар емеспін. Анамның тура жолға түсуі үшін Аллақа дұға етуіңізді өтінемін”, – деді.

Адамзаттың Ардақтысы (с.а.у.) оның өтінішіне құлақ асып, дұға жасады. Оның дұғасын Алла тағала аяқасты етпейтінін жақсы білген Әбу Хұрайра үйіне құстай ұшып жетіп, есікті қағады. Іштен анасының “күте тұр” деген жарқын даусын естіп, жүрегі атша тулап бөгеліп қалады. Иман келтіргеннен кейін бой дәрет алу керектігін де үйренген анасы осыларды орындап болған соң ұлына есік ашып, “Балам, мен де сенің айтқандарыңды қабылдаймын; Лә иләә илләлла, Мухаммадур-Расулулла” деп тілін кәлимаға келтіреді. Мұны естіген Әбу Хұрайраның төбесі көкке жетті. Бір сағат бұрын Алла Расулына (с.а.у.) мұңын төгіп жыласа, енді  сүйінші сұрау үшін Оған қарай тұра жүгірді. Пайғамбарымыздың дұғасының қабыл болғанын айтып, толқыған күйі тағы өтініш қылады:

– Уа, Расулалла, бүкіл мүминдер мені және анамды жақсы көрсін деп дұға етсеңіз, – дегенде, Алла Елшісі алақандарын көкке жайып:

– Аллам, Әбу Хұрайра мен анасын бүкіл мүминдерге сүйікті ет!” – деді.

Әбу Хұрайраның айтуы бойынша, осыдан кейін оны жақсы көрмеген ешкім қалмаған еді. Қазір де оны таныған адамның сүйері сөзсіз.

Ол керемет ақылды әрі алғырлығымен ерекшеленді. Хадис үйренуге деген құштарлығы шексіз еді. Бұл мәселеде оған ешкім тең келмеді. Бұл ерекшелігін Пайғамбарымыз жиі-жиі айтып отыратын. Бір ретінде Пайғамбарымыздан:

– Қиямет күні сіздің шапағатыңызға аса лайық болатын кім? – дегенде, Пайғамбарымыз:

– Ей, Әбу Хұрайра, сенің хадис үйренуге деген құштарлығыңның шексіз екенін білгендіктен, мұны сенен бұрын ешкімнің сұрамайтынын, шынында да, сезген едім. Қияметте шапағатыма аса лайық болатын шын жүректен “лә иләә илләлла” деген адам” – деп жауап берген еді.

Ол: “Расулалладан әдемі, одан нұрлы ешкімді көрмедім. Жүзі атқан таңдай арайланып, күндей жарқырайтын”,– деп, Пайғамбарымызға (с.а.у.) деген сүйіспеншілігін осылайша білдірген еді.  

Пайғамбарымызды қаншалықты жақсы көрсе, ілімге деген құштарлығы да сондай-ды. Оның ең асқақ арманы – ілім еді.

Түннің үштен бірінде ұйықтап, үштен бірінде құлшылық етіп, дұға оқитын. Қалған үштен бөлігін жаттаған хадистерін санасына сіңіріп, ұмытпас үшін үнемі қайталайтын. Ол үлкен ғалым, фақи және хадис хафызы (хадистерді жатқа білуші) болды. Бір күні мешітте оның: “Иә, Алла, маған еш ұмытылмайтын ілім нәсіп ет” деп дұға етіп жатқанын естіген Пайғамбарымыз зор даусымен ауаны жаңғыртып “Уа, Алла, әмиин!” – деді.

Әбу Хұрайраның көп хадис жаттауына Пайғамбарымыздың (с.а.у.) осы әмин деуінің де үлкен септігі тиді. Бір реті келгенде ол Пайғамбарымызға келіп: “Уа, Алланың Елшісі! Сенен естіген нәрселерімнің ешқайсысын ұмытуды қаламаймын”,– дейді. Пайғамба-рымыз (с.а.у.): “Шапаныңды шешіп, жерге төсе”, – деді. Содан кейін қолын көкке көтеріп дұға еткеннен кейін, алақанына көктен шуақ уыстап алғандай шапанының үстіне төкті. “Шапаныңды орап кеудеңе бас”,– деді Пайғамбарымыз. Әбу Хұрайра айтқанындай істеді. Осыдан кейін Алла Расулынан естігендерінің ешбірін де ұмытпаған екен.

Оның хадисті көп риуаят еткеніне тәнті болып, “хадисті көп риуаят етесің” дегендерге, адал да пәк көңілмен  “муажир бауырларым базарда саудамен, ансарлар бау-бақшада шаруашылықпен айналысқанда, мен қарным тоқ болып Пайғамбарға қызмет ететінмін” деп жауап беретін еді. Әбу Хұрайра Пайғамбарымыздың (с.а.у.) көлеңкесі сияқты үнемі қасынан табылуды қалайтын. Ілім үйрену үшін неше күн аш қалып ораза ұстайтын. Тіпті үш-төрт күн қатарынан ауыз ашарға тісіне сыздық қылар нәр таппай, ертеңгі күнгі оразаға Аллаға көзжұмбайлықпен ниет еткен күндері де көп болды. Бұрай соққан аштықтан жатқан жерінен қарны қабысып тұра алмай қалатын, тіпті қарнына тас байлап та жүретін. Өткен-кеткенге аштығын білдіріп біреу-міреу “маған Құран оқып берер адам бар ма?” деп, осылай қолқа салып үйіне шақырар деп үміттенетін. Алайда бәрі оны жөнді түсіне бермейтін. Жафар ат-Тайяр оның бұл халін жақсы білгендіктен, көбіне сол үйіне апарып тамақтандыратын. Кейде Пайғамбарымыздың өзі үйіне апарып қарнын тойғызатын.

Ілім қазынасы Әбу Хұрайра Алланың адамзатқа рақым етіп жіберген асыл тұлғасының аузынан шыққан әрбір сөзді қағып алып кейінгі ұрпақтарға аманат етуде айрықша қызмет көрсетті. Мұның себебін ол:

“Негізінен біз Кітапта ап-ашық үкімдерді әрі тура жолды адамдарға баян еткеннен кейін оны жасырған-дарды Алла лағынет етеді әрі барлық лағынет ету-шілер оған қарғыс айтады” деген Құрандағы “Бақара” сүресінің 159-шы аяты болмағанда, мен хадис риуаят етпес едім, – деп түсіндіретін. Пайғамбарымыздың қасында төрт жыл бойы жүрудің өзі сахабалар арасында оның қадірін арттырды.

Алла елшісінің (с.а.у.) «Ақаба» келісімінде алғаш қолын қысқандардан және оны Мәдинада сегіз ай бойы құтты қонақ еткен қадірлі сахаба Әбу Әйюб әл-Ансаридің өзі де Әбу Хұрайрадан хадис риуаят ететін. Одан: “Сен одан бұрын мұсылман болдың және сен де Алла Елшісінің сахабасысың”, - дегендерге: “Ол біз есті-меген көптеген нәрселерді естіді”, - деп, Әбу Хұрайраның ерекшелігін атап кеткен еді. Сонымен бірге сахабалар арасында Абдулла ибн Омар, Хибрул-Умма Абдулла ибн Аббас, Жабир ибн Абдулла әл-Ансари, Әнәс ибн Мәлік және Уасилә ибн Әсләм сынды хадис ғылымының негізгі тіректері және Табиундардың арасында да аттары әйгілі Хасан Басри, Зәйд ибн Әсләм, т.б. белгілі хадис ғалымдарының көбі Әбу Хұрайрадан хадис риуаят еткен. Осы сияқты сегіз жүзге жуық белгілі кісілер одан хадис алған.

Пайғамбарымыздың қасында төрт жыл жүріп, хазіреті Әбу Хұрайра бес мыңнан аса хадис риуаят етті. Оның көп хадис риуаят етуінің себебі, ол бүкіл ғұмырын Алла елшісінің (с.а.у.) жолында сарп етуінде еді. Апталап аш қалса да, Алла расулының (с.а.у.) қасында болып, Пайғамбарымыздан исламның жаңа үкімдерін үйреніп, жаттау оның ең қымбатты ісіне айналған.

Әбу Хұрайра (р.а.) Пайғамбарымыздың мейірімі жайлы былай дейді:

“Бір шайқаста Пайғамбарымыздан кәпірлердің тып-типыл құруы үшін дұға етуін сұрағанда, Ол: “Мен лағынет айтып, елге азап беру  үшін емес, қайта жақсылық жасап, оларды бақытты ету үшін жіберілдім”, – деп “Әнбия” сүресінің “Сені әлемдерге рақым етіп жібердік”деген 107-аятын дәлелге келтіреді.

Жоғарыда атап өткендей, оның есте сақтау қабілеті өте күшті болатын. Оның бұл қабілеті өз дәуірінің қатал сыны мен сынағынан сүрінбей өткен-ді. Бірде Әбу Хұрайра Мәруанның алдында хадис риуаят етеді. Кейбіреулер оған білдірмей айтқан хадистерін жазып алады. Мәруан келесі жылы Әбу Хұрайраға жолығып, өткен жылы айтқан хадистерін қайтадан айтуын өтінді. Әбу Хұрайра “Бисмилла” деп сол хадистерді айна-қатесіз, бір сөзін де өзгертпей қайталап айтып беріпті.

Хазіреті Әбу Хұрайра Муғауия ибн Әбу Суфиянның кезінде бірнеше рет Мәдинаға әкім болып тағайындалды. Ел билеген кездің өзінде қарапайымдылығы мен кішіпейілдігін сақтап, арқанын асынып, құшақ-құшақ отын таситын.

0 пікір