Футболдағы ең мейірімді адам атанған Мұхамед Салах
Футболдағы ең мейірімді адам атанған Мұхамед Салах
3 ай бұрын 11415
Марфуға ШАПИЯН

Төрткүл дүниенің назары футболдан Ресейде өтіп жатқан әлем чемпионатына ауғанына да бірнеше күн өтіпті. Мұншалық не құдірет бар екенін кім білсін, бірақ дәл футбол секілді жанкүйер жинайтын спорт түрі жоқ шығар. Баяғыда танымал Кеңес кино режиссері Сергей Эйзенштейн: “Ешқандай фильм футбол секілді дәл мұнша көрермен тарта алмайды” деген екен. Сол сөздің ақиқатына көз жеткізгендейміз. Қай жағымызға қарасақ та, кезекті футбол додасын қызу талқылап жатқан жанкүйердің үстінен түсеміз. Ондайда шотландиялық атақты бапкер Билл Шенклидің “Футбол – өлім не өмірдің сұрағы емес, бұл одан да маңыздырақ!” деген атақты пікірі еріксіз еске оралады.

Байқап қарасам, биылғы әңгіменің ауаны бөлек. Әдетте Роналду мен Мессидің айналасында өрбитін таласқа жаңа есім қосылған. Ол – футбол әлемінің жаңа жұлдызы, биылғы жылдың жаңалығы мысырлық Мұхамед Салах. Жоғарғы екеуіне алтын допта бәсекелес болатын да осы футболшы көрінеді. Ал күні кеше Мысыр мен Уругвай кездесуінде команда бапкері жарақатына алаңдады ма, Салахты ойын алаңына жіберген жоқ. Бұл шешімге наразы болып, реніш білдірмеген жанкүйер қалмаған шығар. Өйткені, осы бір орта бойлы, жылы жүзді футболшыны шебер ойыны үшін ғана емес, көркем мінезі үшін де бәрі жақсы көріп кеткен-тұғын. Оны бүгінгі Исламның бет-бейнесі көретіндер де аз емес. Ендеше, футболдағы ең мейірімді адам атанған Мұхамед Салахтың жасыл алаңдағы ойынына емес, көпке үлгі боп жүрген іс-әрекетіне тоқталып кетейік. Оның айналасына жақсылық жаю жолындағы амалы біреуге жол көрсетер, біреуді ынталандырар, ал енді біреудің жүрегіне сәуле құяр...

 

Жаттығу үшін күніне 200 шақырым жол жүрген Салах

Мысыр футбол құрамасының ойыншысы, “Ливерпуль” клубының шабуылшысы Мұхамед Салах 1992 жылы 15 маусымда Александрия қаласына жақын жердегі Нагриг атты кішкентай ғана ауылда дүниеге келген. Футболды алғаш жеті жасында үйдегі ескі теледидардан көріп, Роналдо мен Зиданның, Тоттидің ойынына еріксіз сүйсінген бала Мұхамедтің көкірегінде де “футбол ойнасам” деген арман пайда болады. Ауылда футбол ойнай қоятын доп болмағаннан кейін достарымен шұлықты орап-орап, бір-біріне жабыстырып доп жасап, сабақтан кейінгі уақытын футбол алаңында соны қуумен өткізеді. Ал 14 жасқа келгенде PepsiCo ұйымдастырған мектеп турнирінде оны каирлық клуб “Араб Контракторс” байқап қалып, келісімшарт жасасады. Алайда Мұхамедке жаттығуға барып тұрудың өзі оңай соқпайды. Футболшының өзі бұл туралы: “Мектептен ерте қайтуыма тура келетін. Сағат тоғызда сабаққа барып “Мұхамед 14.00-дегі жаттығуға үлгеру үшін сабақтан ертерек босатылсын” деген клубтың рұқсат қағазын шығарып, бірнеше сағат қана сабақ оқып, босаған соң Каирге тартатынмын. Жолай үш-төрт автобус ауыстырып, төрт сағат жүріп, аптасына бес рет болатын жаттығуыма жететінмін. Жаттығу 14.00 мен 18.00 аралығында өтеді. Үйге 22.00-ге жуық әрең келемін. Осы жағдай төрт жыл қайталанды”, - деп еске алады. Осынша табандылығы Салахтың футболға деген ерекше сүйіспеншілігін көрсетсе керек. Әйтпесе, басқа қала тұрмақ, үй жанындағы жаттығу залына жете алмай жүргендер қаншама?!   

 

“Ливерпуль” тарихындағы алғашқы мысырлық ойыншы 

Әрине, Салахтың толассыз жаттығуы өз нәтижесін беріп, ол 19 жасында Мысыр футбол құрамасының қатарына енді. Құрама “Африка – 2012” кубогына дайындық барысында “Базельмен” жолдастық кездесу өткізеді. Мысырлықтар 4:3 есебімен жеңеді. Әрине, ойын барысында Салах жарқырап көзге түскен еді. Оның ойынына швейцариялықтардың сүйсінгені сондай, бірнеше күн ішінде Мұхамедті Еуропаға алып кетеді. “Алғашында өте қиын болды. Жасөспірім шағыңда өзге құрлыққа көшу оңай емес еді. Мен Мысырда өскенмін, оның түкпір-түкпірін жатқа білемін. Ал Швейцария маған соншалықты жат еді. Ағылшын тілінен бір ауыз сөз білмеймін. Тіпті тамақты қайдан алуға болатынын, қалай сұрайтынын, өзге де қарапайым нәрселерді айта алмайтынмын”, – дейді футболшының өзі бұл кезең туралы. 

“Базельде” өткен маусым Салах үшін жемісті болды. Швейцария чемпионы атанды. “Базельдің” УЕФА-2012/13 Чемпиондар лигасының жартылай финалына жетуіне көмектесті. Ал УЕФА-2013/14 Чемпиондар лигасында англиялық «Челси» командасының құрамында өнер көрсеткен еді. 

Бірақ неге екенін, «Челсиде» Салахтың ойыны сәтті болмады, 13 матчте бар-жоғы екі-ақ гол салды. Кейін Жозе Мауринью футболшыны «Фиорентинаға» жалға берді. Жаңа клубта футболшы Порт-Саидада құрбан болған 74 боздақты еске алу мақсатында 74 нөмірін таңдап, сол нөмірмен ойнады. 2015 жыл “Рома” клубына көшкен Салах клубтағы екі жылда айтарлықтай жоғары деңгейде ойын көрсетті.

2017 жылдың тамызында оны ағылшынның “Ливерпуль” клубы қыруар ақшаға, яғни 42 миллион еуроға сатып алды. Ағылшын клубының үміті ақталды. “Ливерпульдегі” 52 матчтың 44 голын Мұхамед салды. Бұл “Ливерпуль” тарихындағы екінші көрсеткіш. Рекорд 1983-84 жылғы ойында 47 гол салған Иан Рашқа тиесілі екен. Биылғы Чемпиондар лигасында финалға жеткен “Ливерпульдің” ойынында Салах иығынан жарақат алып, алаңнан кетуге мәжбүр болды. Нәтижесінде команда1:3 есебімен жеңіліп қалды. «Ливерпульдің» жеңілісін Салахпен байланыстыратындар да жоқ емес. 

Ал биылғы жылғы Әлем чемпионатына Мысыр құрамасы Салахтың арқасында ілікті. Оны бас бапкердің ассистенті Махмұд Файез да: «Ресейге жолымызды ашқан жеті голда да Салахтың үлесі бар. Бесеуін өзі салды, екеуін шығарып берді», - деп мойындап отыр. Мысыр құрамасы соңғы рет Әлем чемпионатында 28 жыл бұрын өнер көрсеткен екен.   

        

Мұхамед Салах – бүгінгі күннің ең үздік футболшысы

Мұхамед Салах – бүгінде ең танымал футболшылардың бірі, “Ливерпульдің” негізгі шабуылшысы. Оның ойын алаңындағы жылдамдығына көз ілеспейді. Голды оңынан да, солынан да салып жатады. Спорт комментаторлары оның ойынын суреттеуге сөз таппай, тамсанып: “Мысырда екі ғажайып бар, бірі Хеопс пирамидасы болса, екіншісі – Салах” дейді, ал жаттықтырушылар: “Салахқа мүмкіндіктің керегі жоқ, ол қақпаға қарай доп тепсе болды, гол соғылады” деп баға беруде. Талай жанкүйердің жүрегін жаулаған Салахтың “Перғауын”, “Мысыр патшасы” деген лақап аттары да бар. Ал халық оны “Мо” деп еркелетеді. Болжамшылар Мұхамедтің Англияның ғана емес, Еуропаның үздік ойыншысы атану мүмкіндігі барын айтады. Ал Роналду Месси екеуінен кейін “Алтын допқа” бірден-бір үміткер футболшы осы Салах дейді. Бір кездері өзі үлгі тұтқан Зинедин Зидан Мұхамед туралы: “Ол мықты ойыншы. Оны “Ромада” да дәлелдеген, енді “Ливерпульда” көрсетіп жүр. Салах әр матч сайын өсіп, дамып келеді. Ол футболға көп нәрсе беруі мүмкін. Біз әдетте футболшылар туралы бұлай айтпаймыз, бірақ сізге айтайын “Иә, Салах маған өте қатты ұнайды”, - депті бір журналистің сұхбатына. 

Футболшының өзі де: “Спорттағы мансабымның басында-ақ футболшы жететін барлық жетістіктерге жетуді армандадым. Мысыр тарихында ең үздік футболшы болуды үміт етемін әрі сол жолда әрекет етудемін”, - дейді бір сұхбатында. Мұхамед Салахтың арманына жетуіне біз де тілекшіміз. 

 

Көркем мінезді, қолы ашық Мұхамед Салах

Атақ-даңқ, ақша жан-жағынан ағылып келіп жатса да Салах қарапайым қалпынан танған жоқ. Сұраған жанның бәріне автограф беруге тырысады, жүзі жарқырап, жымиып, кейде ерекше көңілмен тісін ақсита күліп жанкүйерлерімен фотоға түсіп жатады. Бір кездегі Пайғамбар [с.а.у] насихаттаған көркем мінездің үлгісін бүгінгі Салахтың бойынан көргендей боласың. 

Мұхамед Салах өзі шыққан аядай ауыл Нагригті бір сәт те есінен шығарған емес. Қолынан келген көмегінің бәрін ауылына жасап келеді. Талайына жазылған есепсіз ақшаны ауылына көмек беруге туған мүмкіндік деп ұққан Салах біраз қаржыны сонда аударды. Мектеп салдырып, жабық футбол алаңын жасатты, спортзалдарға қажетті құрылғылар әперді, су құбырын жүргізіп берді. Ауыл әкімі Махер Шетия Мұхамедке деген шексіз алғысын білдіріп: “Салахтың біздің ауылды әлем картасынан ерекшелегені аздай, оның дамуына да үлес қосып келеді. Ол Базин ауруханасына қомақты қаржы беріп, препараттар мен жедел жәрдем көлігін алуға көмектесті” – деп еске алады. 

Ал Салахтың өзі әр Рамазан сайын Нагригке барып, балаларға сыйлық таратады, олармен үстел теннисін, футбол ойнап, автограф беріп, суретке түседі екен. Бұл туралы футболшының бала күнгі досы Басюни сүйсініп айтқан көрінеді. Туған ауылына деген шексіз махаббатына жауап ретінде ауыл тұрғындары мектепке Мұхамед Салахтың есімін беріпті. 

Сонымен қатар, атақты футболшы қаржылық қиындықпен некеге тұра алмай жатқандарға да үйлену тойын өткізуге көмектесетін көрінеді. Салахтың жомарттығы мен мәрттігіне дәлел оқиғалар саны көбеймесе азаймақ емес. Жергілікті басылымдар күнделікті біреуін аңыз ғып жазуда. Ал Салахтың осы бір мінезі маған Пайғамбарымыздың [с.а.у.] сахабасы Абдурахман ибн Ауфтың әрекетін еске түсірді. Ол сахабаның “Жәннатқа түрегеп кіргім келеді” деп бар байлығын садақа еткен сайын, ризығы арта беруші еді ғой. Мұхамед Салахқа да Алла жәннатты нәсіп еткей!

 

  

Үйіне түскен ұрыны кешіріп, оған жұмыс тауып берген Салах

Бір сұхбатында Салах ағылшынның “love” деген сөзін жақсы көретінін айтады. Орыс басылымдарының бірі футболшының өтірік айтпағанын, яғни оның айналасы тек мейірім мен махаббаттан тұратынын, ал өзі аңыз кейіпкеріне ұқсайтынын жазыпты. Шынымен де, оның іс-әрекетінен тек мейірімнің жылы лебі еседі.

Оған дәлел– 2017 жылдың қарашасында болған оқиға. Мұхамед Салах сол күні Мысыр құрамасында Конгомен матч өткізіп, командасына Ресейдегі чемпионатқа жолдама алып берген болатын. Есесіне сол түні әкесінің үйіне ұры түсіп, тонап кетіпті. Ұрлықшы бірнеше күннен кейін бірден ұсталды. Салахтың әкесі оның ісін сотқа тапсырады. Алайда оқиғаны естіген Салах басқаша әрекет етті. Арызды әкесіне қайтарып алғызып, өзі ұрымен кездесті. Оған аз-маз ақша беріп, жұмысқа тұруына көмектесті, “енді ұрлық жасамаймын” деген уәдесін алды. Мұхамедің бұл әрекеті Құран Кәрімнің Әли Имран сүресінің 134-аятында келген: “Сондай-ақ олар ашуларын жеңушілер, адамдарға кешірім етушілер. Алла тағала жақсылық істеушілерді жақсы көреді” деген аяты еске түседі. Ұрының алдында ашуын тежеді, оны кешірді, оған жақсылық жасады. Пайғамбарымыз [с.а.у.]: «Сендерге Алла Тағала дәрежені көтеретін амалды айтайын ба? Олар: «Саған жауластық қылғанға сабыр етуің, зұлымдық қылғанды кешіруің, бермегенге беруің, сенімен қарым-қатынасты үзген адаммен байланыс орнатуың»,- деген болатын. Ендеше Алла тағала Мұхамед Салахты да риядан сақтап, дәрежесін көтерсін!

 

 

Өтірік айтпайтын Салах

Мысыр құрамасының Әлем чемпионатына жолдама алғанын естіп, қатты қуанған мысырлық кәсіпкер Махмұд Аббас Салахқа зәулім вилла сыйламақшы болады. Бірақ сыйлықтан бірден бас тартқан футболшы «Егер маған сыйлық істегіңіз келсе, ақшаны ауылым Наргигтің дамуына жұмсаңыз» деген көрінеді. 

Салахтың бұл әрекеті 2017 жылдың соңында орын алған мына оқиғаның жанында түкке тұрмайды. Мысыр ақша қоры дағдарысқа ұшырап, ел экономикасы қыл үстінде тұрғанын, оны тек шетел валютасы құтқаратынын естіген Салах мемлекет қазынасына бірден 210 мың ағылшын фунтын аударып, мысыр валютасын құлдыраудан сақтап қалады. Кейін Мысырдың футболшы-ардагерлер фондына 27 мың фунт аударады. Салахтың ақшасы бүгінде айлық табысы 16, 65 фунттан аспайтын 120 отбасыға көмектесіп отыр. Бір адам бір халықтың тағдырына осылай да әсер етеді екен ғой... Бір адам бүкіл бір халыққа емес, әлемге ізгілік дәнін себе алады екен. Бір адамның қолынан көп нәрсе келетінінің дәлелі бұл. 

Салах сұхбат бергенді жақсы көрмейді. Liverpool Echo атты танымал чатта 12 сұраққа бар-жоғы 109 сөзбен жауап берген. Ондағы «Соңғы рет қашан өтірік айттыңыз?» деген сұраққа «Мен ешқашан өтірік айтпаймын» деген Мұхамедтің жауабы тағы Пайғамбарымыздың [с.а.у]: «Мұсылман қорқақ болуы мүмкін, күнә жасауы мүмкін, бірақ ешқашан өтірік айтпайды» деген сөзін еске түсіреді. 

 

Исламның бүгінгі бет-бейнесіне айналған Мұхамед Салах

Мұхамед Салах ойынға алақанын жайып, дұға етіп кіреді, қақпаға енген әр гол сайын басын сәждеге қойып, шүкіршілік айтады. Клубта да оған арнайы халал тамақ әзірленеді. Ол әлемге Исламды тек жақсы қырынан көрсетіп келеді. Ол туралы батыс басылымдары “Салах қолға алған істен гүлдің иісі шығады” деп жазады. Оны барлығы жақсы көреді. Тіпті Сауд Арабиясының билігі Мұхамедке Меккеден жер сыйлаған екен. Бұл жөнінде Мекке қаласы басшылығының бірі Фахд әл-Роук: “Аталған сыйлық өзінің жомарттығы әрі көркем мінезімен көзге түскен Мысыр жұлдызына құрметпен сыйланып отыр. Сонымен қатар оның Британияда мұсылмандардың дәрежесін көтеріп жүргеніне ризамыз. Ол – біздің дініміздің Батыстағы бет-бейнесі”, - дейді. Мұхамед Салах аталған жерді әл-Харам шекарасынан тыс жерден таңдап ала алады әрі оны сатуға немесе мешіт салуға құқы бар.  

Мұхамед Салахтың Маги атты әйелі, Макка атты қызы бар. Қызының есімін қасиетті қаланың құрметіне “Мекке” атағысы келген екен. Алайда кейін бір әріпін өзгертіп, “Макка” атапты. Расымен “Мәдина” атты қыздар көп, бірақ “Мекке” неліктен қойылмайды екен?

Мұхамед Салахты футболшы достары да, жанкүйерлері де, бапкерлері де ерекше жақсы көреді. Антонио Рюдигер: «Шынын айтсам, футбол әлемінде Салахтай сыпайы жанды кездестірмедім. Ол керемет адам» деп тамсанады. Өзге де жандар оның футболдағы ойыны өз алдына, адамдығын бірінші айтады. Адамның қолы ашық болуы мүмкін, кешірімшіл болуы мүмкін, бірақ көркем мінез-құлықты, жақсы адам болу бәрінің қолынан келе ме?! Әй, келе бермес… 

1970 жылы Пеленің жасыл алаңдағы шеберлігіне таңдай қаққан чех журналисі «Кеудесінде жаны бар бірде-бір адам Пеленің ойынын көру мүмкіндігін жіберіп алмауы керек» деп жазған екен. Сол секілді біз де Пайғамбарымыздың [с.а.у.] сүннетін берік ұстанып, әлемге ізгілік нұрын шашып жүрген, ғажап футболшының замандасы болғанымызды мақтан тұтып, әр ойынын жіберіп алмауымыз керек-ау...

 

0 пікір