Екінші дүниежүзілік соғыстың басталуына Әмір Темір әсер етті ме?
Екінші дүниежүзілік соғыстың басталуына Әмір Темір әсер етті ме?
6 ай бұрын 6676
Марфуға ШАПИЯН

Өзбекстанның ажарлы, көрікті тарихи қалаларының бірі Самарқанға аяғымыз тиісімен өздері “Гур Эмир” деп атайтын Әмір Темір кесенесін көруге құмарттық. Жалпы мұнда келгелі байқағанымыз, біздің қазақ “Ақсақ Темір” деп баға берген даңқты билеушіні өзбектер тым әспеттеп, төбелеріне көтереді екен. Біздің жолбасшымыз да кесенеге жеткенімізше “Әмір Темір – әлемдегі ең ұлы қолбасшы. Өздеріңіз ойлаңыздаршы, Шыңғысханның өзі бірнеше рет жеңілген. Ал Әмір Темір соғыста ешқашан жеңілмеген” дегенді қайта-қайта айтты. Үнсіз тыңдап келеміз. Өйткені, біздің ұғымымыздағы Әмір Темір – тым қарама-қайшылыққа толы тұлға.

Сталинның Әмір Темірге қызығушылығы

Әмір Темір – астанасы Самарқан қаласы болған ірі мемлекеттің билеушісі, Орта Азияда 1370-1507 жылдары билік құрған тимуридтер династиясының негізін қалаушы болды. Жарты әлемге билік жүргізді, қиян-кескі соғыстар жасады, жер бетін қызыл қанға бояды. Әмір Темір Алтын Орданың билігін әлсіретіп, орыстың күшеюіне ықпал жасағаны үшін, Осман империясын күйретіп, Еуропаның алға кетуіне әсер еткені үшін көптеген тарихшылардың оған өкпесі қара қазандай. Сонымен қатар, ол өркениетке ұмтылды, Самарқанды әлемнің астанасы етуге талпынып, небір тарихи ескерткіштер, мешіттер мен медреселер салдырды, қаланы бау-бақшаға толтырды. Ол сәулет өнерін жоғары бағалады, көркем әдебиетті жанындай жақсы көрді, шешендікті ерекше қадірледі.

Әмір Темір Құдайдан қатты қорқатын. Дін ғұламаларына өзгеше құрмет көрсетіп, өзі де Ислам қағидаларын барынша ұстануға тырысатын. Мемлекетін де шариғат негіздеріне сай басқаруға талпынды.

Ал біздің қазақ топырағы бүгінде Ақсақ Темір өткізген қиян-кескі ұрыстарды ұмытқан. Оның бәрі тек тарихи кітаптарда қалған. Жаңа ұрпақ санасы бұл қолбасшыны Түркістан қаласындағы Ахмет Яссауи кесенесін салдырған адам ретінде біледі...

 

Біздің тарихи мұраларға ерекше қызығушылығымызды байқаған жолбасшымыз: “Сендерге өздерің бара жатқан Әмір Темір кесенесімен байланысты қызық оқиға баяндап берейін”, – деді. Бұл оқиға бізге баяғыдан таныс болса да, құлағымызды түре қалдық:

«Кеңес үкіметінің қандықол билеушісі Сталин ұлы адамдардың өмірбаянын оқығанды, олар туралы білгенді жақсы көріпті. Шамасы, өзі де ұлы болмаққа ұмтылса керек. Оны әлемді моңғол-татар басқыншыларының езгісінен құтқарған Әмір Темірдің тұлғасы қатты қызықтырыпты. Бірақ Темір деген сөзді өз атына тіркей алмасы анық. Сосын оның синонимі «болат» сөзінің аудармасы «сталь» дегенді өзіне фамилия етіп алады. Сөйтіп, Әмір Темірге шын пейілімен ұқсағысы келген Джугашвилидің есімі тарихта Сталин болып қалды. Әмір Темірге деген қызығушылық мұнымен де аяқталмайды. Өзі басқарып отырған алып империяның бір түкпірінде Әмір Темірдің жерленгенін естіген Сталин оны қаздырып алып, түр-келбетінің қандай болғанын білмек болады. Ол үшін алдына белгілі атрополог-ғалым, мүсінші М.Герасимовты шақырады. Герасимов қатал басшыдан қатты қорқады. Әмір Темірге бармас бұрын өзінің шын шебер екенін дәлелдемек болып, Сталинге өзі ғана білетін бір адамның бассүйегін беруді өтінеді. Сталин оған кезінде түрмеде болғанында күзетшілік жасаған, кейін қайтыс болған, өзі ғана қай жерде жерленгенін білетін қарттың бассүйегін алдырады. Герасимов бар өнерін салып, күзетшінің мүсінін жасап шығады. Оны көрген Сталин тірі күзетшінің өзін көргендей болыпты деседі. Антропологтың өтірік жасамайтынына көзі жеткен соң, Самарқанға арнайы экспедиция жібертеді.

 

Әмір Темірдің қабірі қалай қазылды?

Антрополог Михаил Герасимов, шығыстанушы Александр Семенов бастаған ғылыми экспедиция құрамында академик Қараниязов, кинооператор Мәлік Каюмов пен қолбасшының өмірі туралы кітап жазғысы келіп жүрген тәжік жазушысы Садриддин Айни да бар еді. 1941 жылдың мамыр айында Самарқанға аттанған экспедиция қалаға маусымның басында жетіп, «Гур Эмир» кесенелер кешенін зерттеу ісіне кіріседі. Алдымен Темірдің ұлы Шаһрухтың қабірін үш күн қазады. Одан кейін қолбасшының немересі, атақты астроном ғалым Ұлықбектің қабірін қазып, оның бассүйегінің бөлек жатқанын көреді. Тарихи деректер оның кісі қолынан қаза болғанын, басының қылышпен кесілгенін айтады. Қабірдегі сүйек те сол деректі дәлелдей түседі. 17 маусым күні академик А.Семенов Әмір Темірдің аты-жөні мен Құран аяттары жазылған үлкен көк тастағы жазуды оқиды. Онда араб әріптерімен «Біздің барлығымыз өлеміз, уақытымыз келгенде біз де о дүниеге кетеміз. Бізге дейін де ұлы адамдар болған және бізден кейін де болады. Егер кімде-кім өркөкіректікке басып, өзін басқалардан биік қойса немесе ата-баба қабірін ашып, әруақтың тыныштығын бұзса, онда оны ең сұмдық қарғыс атсын!» – деп жазылған еді. «Қарғыс атсын!» деген сөзден экспедиция мүшелері де шошып кетеді. Араларында жұмысты тоқтатсақ па деген де сөздер болады. Жұмысшылардың жартысы «мұсылмандықтарын» айтып кетіп қалған. Өйткені, ел ақсақалдары да орыстардың Әмір Темір қабірін қазғалы жатқанына наразы болатын. Келіп, қарсылықтарын да білдіріп кеткен. Бірақ оларды Өзбекстанның сол кездегі басшысы Юсуповтың өзі келіп, мұның тарих үшін керек әкенін айтып, әрең тоқтатқан болатын. Себебі, Сталиннің сөзін жерге тастау – әруақтан қорқудан да қауіпті болатын.  

Салмағы үш жарым тонна көк тасты көтеру оңай болмады. Қабір қазушылардың істемеген амалы қалмады. Ақыры тас тақтаның астына бөрене салып, сонымен домалатуға кіріседі. Кесененің қабырғаларының қирағанына да қарамайды. Ақыры, тас жылжыды-ау. Бірақ тастың астында мәйіт жоқ еді. Бірақ кесене ішіне бір жұпар иіс тарап кетеді. Сөйтсе, тағы бір тас тақта қойылған екен. Енді соны ашпақ болғанда, электр жарығы сөніп қалады. Әбден әбігерге түскен жұрт үзіліс жариялап, шәй ішуге далаға шығады. Камераға түсіріп жүрген өзбек кинооператоры Мәлік Каюмов шайханаға келсе, ашулы үш ақсақал арабша кітапты парақтап отыр екен. Олар бірден Мәліктен: «Сен де мына орыстармен бірге жүрсің бе?» – деп сұрайды. Әзілдегісі келген Каюмов: «Мен олардың бастығымын ғой», – деп жауап береді. «Онда мына кітапты оқы! Егер кімде-кім өлген адамның моласын қазып, кебініне қол салса, ол Құдайдың қарғысына ұшырайды. Егер Әмір Темірдің көрін ашатындарың рас болса, айтпады демеңдер, қырғын соғыс басталады!» – дейді әлгілер. «Соғыс басталады» деген сөзден сескеніп қалған Каюмов болған оқиғаны экспедиция мүшелеріне баяндайды. Александр Семенов та жаңағы жазуды оқып шығады. Кеңес идеологиясы бойына әбден сіңген жазушы Айни ештеңеге қарамастан шалдарды балағаттап, қуып шығады. Абдырап қалған Каюмов түсіріп алмақ болып, қариялардың соңынан қуа жөнелгенде таппай, қайтып келеді. Ең кереметі сол, осыдан кейін кітап та қайта көзге түспеген, ақсақалдарды да ешкім көрмеген.

 

 

Қабір қазылғандағы адам сенгісіз оқиғалар

 

Қарғысқа ұшыраудан қанша қорықса да ғалымдар Әмір Темірдің қабірін үлкен қиындықпен ашады. Сөйтсе, қолбасшы табытқа салыныпты. Алғашында ғалымдар түсінбей бір-біріне қарасады. Содан кейін ғана Әмір Темірдің Отырарда дүниеден өткенін, Самарқанға табытпен әкелінгенін естеріне алады. Ағаш тақтайшалар ашылған кезде ғажап бір жұпар иіс бұрқ ете қалады. Қабірден мұндай иіс шығуы таңғаларлық еді. Сүйекті көзімен көрген Мәлік Каюмовтың айтуынша, көрде бойы 180-190 см болатын адамның сүйегі жатыр еді. Басы да ерекше үлкен көрінеді. Герасимов мәйіттің аяқ сүйегінің жарақаты барын, оң қолының саусақтары кемдігін анықтайды. Айни өзінің жорамалы расқа шығып, Әмір Темірдің сүйегі екеніне көзі жеткенде қуанғаннан айқайлап жібереді. Өйткені, оған дейін қолбасшы сүйегі Ахмет Яссауи кесенесінде немесе Шахрисабз қаласында да болуы мүмкін деген дерек бар еді. Ақыры не керек, ғалымдар кешке дейін Әмір Темірдің сүйегін жоғарыға шығарып болады. Ал ертеңіне 22-маусым күні «Әмірдің Темірдің сүйегі табылды» деген сенсациялық жаңалықпен бірге соғыстың басталғаны туралы хабар әлемді дүр сілкінтіп еді. Үн-түнсіз бұрышта отырып қалған Садриддин Айни осыдан кейін жоспарлаған кітабын жазбаған деседі. Олардың бәрінің көкейінде соғыстың басталуына көрді қазғандары себеп болғаны жөнінде күдік жатқан болатын. Сонымен Герасимов Әмір Темірдің сүйегін алып, Мәскеуге ұшып кетеді. Мәлік Каюмов соғысқа аттанады. Ол Ржев қаласында маршал Жуковпен кездесіп, соғыстың басталуына Әмір Темірдің сүйегін қазғандары себеп болғанын, оны дереу жерлеу керектігін айтады. Былай қарасаң, сенімсіз оқиға секілді, бірақ Жуков та Каюмовтың айтқанына сеніп, мәселені Сталинге жеткізеді. Ал 1942 жылдың 22 желтоқсаны күні Әмір Темірдің сүйегі өз орнына қайта жерленеді. Жерленгенде де жай көме салмай, мұсылмандық дәстүрмен арулап көмдіреді. Осыдан кейін екі күннен соң Кеңес әскері алғашқы жеңістеріне жетеді. Міне, осындай ғажап оқиға орын алған», – деп әңгімесін аяқтады жолбасшымыз. Жолбасшымыздың сөзіне біз де өз білгендерімізді қосып, сіздерге қаз-қалпында баяндап отырмыз. Бұл не жағдай? Өмірде мұндай адам сенгісіз оқиғалар болуы мүмкін бе?  

        

Ең қызығы, Сталинград шайқасы жеңіспен аяқталған соң Сталин «Гур-Эмир» патшалар моласын қайта жөндеп, реставрация жасауға бір миллион рубль ақша бөліпті. Яғни, Сталиннің өзі бұл оқиғаға сенген болды ғой.

Ал белгілі ғалым Дархан Қыдырәлі «Аңыз адам» журналының Әмір Темір туралы санына берген сұхбатында бұл оқиға туралы: «Иә, бұл туралы оқығаным бар. Бұл ретте, біз ең әуелі тағдырға, Алланың қалауы мен құдіретінің шексіздігіне шүбәсіз иман келтіреміз. Біздің ұғымымызда кездейсоқтық дегенге орын жоқ. Сондықтан «Әмірдің рухы соғысқа себеп болыпты» деген сөз біздің мұсылмандық қисынымызға сәйкес келмейді. Екіншіден, біздің тарихымызда Жаратқанның рұқсатымен болашақты болжап, кейінге ишара қалдырған оқиғалар аз кездеспейді. Бұл бойынша ишара-тылсым сөздер сандық таңбаға айналдырған сәтте оқиғаның жылы мен күні шығады. Мұны біз «Әбжад есебі» деп атаймыз. Мәселен, Әз пайғамбарымыздың Стамбұлдың азат етілуі жөніндегі хадисінде сөздер санға айналдырылған сәтте Сұлтан Мехмед ханның Стамбұлды бағындырған уақыты шыққан. Сол сияқты әйгілі тақуа Мұхиддин ибн Араби өз қабірі Сұлтан Селим ханның Шамға кіруімен бірге табылатынын тылсымдап кеткен. Осы қисынға салсақ, заманында руханият өкілдерімен тығыз араласқан Әмір Темір қабірінің қай кезде ашылатыны да иша ра арқылы болашаққа жеткізілген болуы мүмкін. Бұл да соғыс басталған күнге тұспа-тұс келген сияқты», – дейді. Осы сөз қисынға келетін секілді.

Бұл оқиға қалай болғанда да Әмір Темірдің тегін адам болмағанын көрсетеді. Ал жаңағы жайттың ақиқатында қалай болған тек Аллаға ғана мәлім!

 

Әмір Темірдің сырт келбеті қандай болған?

Толассыз жауған жаңбырға қарамастан Әмір Темір кесенесіне келіп жеттік. Есік алдына үлкен тас қойылыпты. Бұл да Әмір Темір заманының ескерткіші. 

«Аспанда бір-ақ Құдай бары сияқты, Жерде де бір ғана патша басқаруы керек» деп ұрандатқан, әлемді жаулап алмаққа ұмтылған ұлы қолбасшы осында тыныштық тауып жатыр.


Кіре берісте-ақ қолбасшының жорықтары бейнеленген карта ілініпті. Ал кесене есіктерінде «Мұнда әйгілі әрі аяусыз әмірші, ұлы билеушілердің бірі, ең қаһарлы сарбаз, жер жаһанды жаулаған Әмір Темір жерленген», – деген жазу бар деседі.

Жоғарыда айтқанымыздай, М.Герасимов Сталинның арманын орындады. Бір жыл ішінде Әмір Темірдің бассүйегіне қарап отырып, мүсінін жасап шықты. Көзі тірісінде қолбасшыны көрген Арабшахтың жазбасында: «Темір – ұзын бойлы, жауырыны қақпақтай, денелі адам. Қол-аяғы ұзын, кең маңдайлы, сопақша жүзді», – делінген. Герасимов жасаған мүсін де осыдан алыс емес. Оның сол келбетінен қаһарлы, қату қолбасшыны байқауға болады. Қызығы, кесене жанындағы бір бөлмеде, сол сурет сауда көзіне айналыпты. «Әмір Темірдің өз суретін алыңыздар», – деген өзбектер соңымыздан әрең қалды. Ал бізді кесененің ішкі көрінісі қызықтырып тұр еді.  

 

Ақсақ Темір неге ұстазының аяқ жағында жатыр?

Қабір қазылған кезде қабырғалардың құлағаны туралы естіген едік қой. «Гур Эмирдің» қазіргі көрінісінде оның ізі де қалмағандай. Қайта қалпына келтіру жұмыстары өте сәтті жүргізілген. Реставрацияның өзіне 5 келіге жуық алтын кетіпті.

Ішіне ендік. Кесенені Әмір Темір өзіне емес, сүйікті немересі Мұхаммед Сұлтанға арнап салдырған. Мұрагері санап жүрген немересінің өлімі қолбасшының жанына қатты батқан секілді. «Гур Эмир» аталуының өзі де сонымен байланысты екен. Яғни «Гур» сөзі «көр» дегенді білдірсе, аудармасы «Әмірдің көрі» дегенді ұқтырады. Кесененің шығыс жағында онымен жапсарлас салынған мешіт, ал батысында діншілдер бөлмесі, яғни ханака болған.

Мұнда кейін Мұхаммед Сұлтаннан басқа Әмір Темір мен оның ұлдары Мираншаһ, Шахрух және немересі Ұлықбек жерленген. Олардың құлпытастарының барлығы мәрмәрдан, нефриттен жасалған. Әмір Темірдің өзі рухани ұстазы мәдиналық Мир Саид Берекенің аяқ жағында жатыр екен. Мұнысы ұстазына деген құрметтен дейді.     

 

 

Неліктен Ақсақ Темір атанған?

Әмір Темір аяғын сылтып басатын жан екен. Оның қалай ақсақ болғаны жөнінде түрлі дерек кездеседі. Бірінде Түрікменстан жақтағы кезекті соғыста оң аяғынан ауыр жарақаттанып, кейін соның салдарынан аяғын сылтып басатын болды делінсе, енді біреулер оның ақсақтығын балалығымен байланыстырады. Ал Темірдің өзін көрген онымен сұхбаттасқан Испан королі ІІІ Генрихтың Темір сарайына жіберген елшісі Рюи Гонсалес де Клавихо: «1363 жылы Темір Сеистанға (Шығыс Ирандағы облыс) барғанында бір қора қойға түседі. Сол уақытта Сеистан адамдары келіп қалады да, Темір мен оның серіктеріне бас салады. Біраз адамды өлтіреді, ал Темірді атынан құлатып, өлдіге санап тастап кетеді. Сол жолы оң аяғынан жараланып, кейін ақсақ болып қалады және оң қолынан жарақаттанып, екі саусағынан айырылады. Темірді өлімнен көшпенділер құтқарады», – деп жазады. Аңыз әңгімелер мен ертегілер болса, ол құрсақта жатқанда жау анасының ішін жарғанда, аяғына қылыштың ұшы тиіп кеткен дейді.

Қалай болғанда да Әмір Темірдің ақсақ болғаны анық. Әлем оның Темір атына парсышадан аударғанда «ақсақ» дегенді білдіретін «лан» сөзін қосса, қазақ "Ақсақ Темір" деп таниды.  

 

 

Әмір Темір Исламды жақтаушы ма, даттаушы ма?

Деректер Әмір Темір әкесінің діндар, тақуа адам болғаны айтылғанмен, өзінің нақты діни білім алғандығы туралы ақпарат жоқ. Десек те, үлгі тұтқан ұстаздары болғанына қарағанда, Темірдің өзі де діннен алыс болмаса керек. Самарқанға түрлі өнерпаздарды жинап, небір сәулетті мешіттер мен медреселер салдыруы – соның айғағы. Шығыстанушы ғалым Әшірбек Мүминов бұл туралы «Қанша қатыгез болғанымен, Әмір Темір халықпен есептескен. Есептескеніне дәлел ретінде хан ұстағанын, өзін «гурган» деп атағанын айтуға болады. Шариғат заңдарын сақтаған. Суфий шайқыларын өзіне пір тұтқан. Үлкен саясаткер болған. Өзі туралы жағымды пікір таратқан. Тағы бір қызық нәрсе – жорыққа шығар алдында «Шайқаста жеңем бе, жеңілемін бе?» – деп Құранның көмегімен бал ашқызған. Балшы (Фалбин) Құранның кез келген бетін ашып жіберіп, аятын оқып, соған қарай жеңетін, жеңбейтінін айтқан. Бірақ, бір таңғаларлығы, Әмір Темір билікке келгеннен кейін бірде-бір шайқаста жеңілмеген. Темір өз ұрпақтарына көп көңіл бөлген. Оларға тәлім-тәрбие беруді мемлекеттік іс деп қараған. Темір ұрпағы дүниеге келісімен анасынан айырып алынып, бала бағуға арнайы тағайындалған адамдарға тапсырылған. Бала оқитын жасқа келгенде тәрбиешіге (атабекке) табыстаған», – деп жазады. Содан да болар Темір ұрпақтарынан күллі мұсылман әлемінің мақтанышы болған Ұлықбектей ұл, Бабырдай перзент дүниеге келді.

Дінтанушы ғалым Зікірия Жандарбек: «Әмір Темір өзін таққа отырғызған, мемлекеттік билікті қолына ұстатқан тұлғалардың өзіне тапсырған міндетін ешқашан ұмытқан емес және ол мемлекеттің негізгі тірегі дін екендігін толық мойындаған. Ол «Темір түзіктері» («Уложение Тимура») атты шығармада дін туралы былай дейді: «Маған тәжірибе көрсетті. Дін мен заңға бағынбаған мемлекет ешқашан өзінің күші мен қуатын сақтай алмайды... Дінсіз мемлекетті шатыры жабылмаған, есіксіз, қоршаусыз, кез келген арам пиғылды адам кіре беретін қорғансыз үймен салыстыруға болады. Мен сондықтан өзімнің ғимаратымды ислам дінінің ұлылығына негіздедім. Оған ережелер мен заңдарды үйлестірдім және оларды өзім билік жүргізген кезімде сақтап, мойынсұндым». Бұл Әмір Темірдің мемлекетті басқаруда дін мен дін өкілдеріне арқа сүйегендігін көрсетеді», – деп жазады. Егер бұл дерек негізді болса, Әмір Темірдің дінге құрылған мемлекет құрғысы келгенінің айғағы емес пе?!

Әмірдің өзі де соңғы өсиетінде: «Құдай күнәм көп болса да кешеді ғой деп үміттенемін. Көңіліме медет болатыны – патшалық құрған уақытымда әлсізді әлдіге талатқан жоқпын», – деген үмітпен демі үзілген. Бірақ оны дінге іріткі салушы ретінде бағалайтындар да жоқ емес. Әсіресе, Осман империясын күйреткенін көптеген мұсылмандар күні бүгінге дейін кешіре алмай келеді. Ал Әмір Темірдің өзі қолын: «Мен – Темір Алланың құлы» деп қана қол қойған деседі.

 

Әмір Темір неліктен Осман империясына шабуыл жасады?

Темір қолбасшы 1398 жылы Үндістанды, кейін Сирия мен Палестинаны да өзіне қаратады. Ал 1402 жылы Анкара түбіндегі шайқаста үлкен соққы бере отырып, Осман империясының сұлтаны Йылдырым Баязидті жеңеді. Жеңіп қана қоймай, қалаларын аяусыз тонап, билігін оның ұрпақтарына қалдырып кетеді. Ал  соңында қалған сұлтанның ұлдары өзара билікке таласып, ақырында алып Осман империясы құлайды. Бұл жөнінде тарихшы Талас Омарбеков: «Әмір Темірдің жеке басына келсек, ол – ұлы харизматикалық тұлға. Бүкіл түркі әлемінде мұндай ұлы қолбасшы болған емес. Ал бірақ қазақ жері, Алтын Орда үшін ол – басқыншы. Мынаны ескеруіміз керек, Алтын Орданы күйреткен – Әмір Темір. Ол болмағанда орыс мемлекеті бізді отарлайтындай биікке көтеріле алмайтын еді. Әмір Темір арнайы барып Алтын Орданың ең соңғы ханы, жарты миллион әскер жинаған Тоқтамысты екі рет күйретті. Астанасы Сарай-Беркені жермен-жексен етіп өртеді. Ал түріктердің көсемі Йылдырым Баязидті өлтіру арқылы Константинополь қаласын басып алуды 50 жылға шегеріп тастады. Егер де Әмір Темір Баязидпен бірігіп, Еуропаға қосыла шабуыл жасағанында Еуропаның үлкен бөлігі мұсылмандықты қабылдайтын еді. Сосын Йылдырым Баязидті қолдап, қалай болғанда да, онымен келісімге келуі керек еді. Әмір Темір, шынын айтқанда, Йылдырым Баязидке бірден тиісе алмаған. Өйткені екеуі де мұсылман. Баязид оның үстіне кресшілермен, еуропалықтармен соғысып жатқан. Әмір Темір де сол сияқты кәпірлермен соғысып жатты, мысалы, Үндістанды жаулады. Алайда Әмір Темірдің стратегиялық мақсатына Баязид кедергі болды, Әмір Темірдің мақсаты баяғы Шыңғыс хан империясы сияқты бүкіл түркілердің басын қосатын, бүкіл мұсылмандар дүниесін біріктіретін ұлы мемлекет құру болатын. Харизматикалық ұлы тұлға болғандықтан, бүкіл мұсылмандарды ұлы державаның астына біріктіруге Әмір Темірдің қабілеті де, мүмкіншілігі де толық жететін еді. Ұлы қолбасшының мықтылығы мынада: ол көбіне екі жүз мың қолмен соғысты. Екі жүз мың адаммен ол Тоқтамыстың жарты миллион әскерін екі рет талқандады. Баязидтің әскері де Әмір Темірдің әскерінен көп болатын», – дейді.

Тарихшы Қойшығара Салғара да Әмір Темірдің біздерге тигізген зардабын суреттеп: «Әмір Темір Еуропа мен Азияға билік жүргізген Осман империясын талқандады. Бірақ империя Әмір Темірсіз де құритын еді.

Ол тарихтан белгілі. Кез келген өркениет, кез келген империя жанды ағза сияқты. Ол туады, өседі, ержетеді, ыдырайды, құриды. Македонский, Осман империясы да сол заңдылықпен құрып кетті. Ал Әмір Темір Тоқтамысты барып екі рет талқандамағанда әлем қазір ағылшын тілінің орнына түркі тілі мен қыпшақ тілінде сөйлеп жүрер еді. Осыдан-ақ Әмір Темірдің бізге қандай зиян әкелгенін байқаған боларсыз», – дейді. Керісінше, Баязидтің бітімге келмегенін, кінә өзінде болғанын айтатын Исраил Сапарбай секілді ақындар да жоқ емес. Ол: «Әмір Темір ел шабуға барғанда бірден «қиратамын, жайратамын» демеген. Барған мемлекетінің жанына келіп қосынын тігеді екен. Сосын «Мен келдім" деп хат жазып елші жібереді. Оның осы бір ауыз сөзі – әлгі елдің не соғысқа шығып, күш сынасуына немесе жеңілетінін мойындап, айтқанына көнуіне ерік бергендігі. Яғни соғыссыз, қантөгіссіз берілуіне мүмкіндік тудырған. Мәселен, ол түрік сұлтанына үш рет хат жазған. «Сен де түріксің, мен де түрікпін, сен Еуропаны бағындырып, алым-салық алып отырсың. Мен шығысты бағындырып келе жатырмын. Екеуміз кездесейік, келісейік, соғыспайық. Екеуміз біріксек, бүкіл әлемді түрік жұрты билемей ме?» – деген. Оған Йылдырым Баязид: «Мен Еуропаны бағындырып отырмын. Сен менің алдымда кімсің?» – деп Әмір Темірдің намысына тиетін хат жолдаған. Әмір Темір содан кейін ғана «Ондай болса, тұрысатын жеріңді айт!» деп соғысты бастап кеткен. Бұл – тарихи дерек. Үш күннің ішінде жеңді», – дейді.


Байқағанымыздай, Әмір Темірдің сол әрекетін жақтайтындар да, даттайтындар да көп. Анығында қалай болғанының бағасын тек тарих қана берер.

 

Темірден қалған өсиет

Әйгілі композиор Ақан серінің өзі «Жігіттің падишасы – Әмір Темір, Бозбала, әнге салсаң қайғың кемір» деп әніне қосқан қолбасшының бізге аңыз ғұмыры жеткен. Әмір Темір Қытайға 1404 жылдың 24 қарашасында 200 мың қол әскермен кетіп бара жатып, екі айдан соң Отырар қаласына аялдайды. Міне, сол жерде қытай деректері бойынша іш сүзегінен, енді бір деректерде суық тиіп 68 жасында қайтыс болады.

Артында ұзын-сонар өсиеті қалған қолбасшы: «Алла тағаланың қалауы мен Мұхаммед Мұстафаның шариғатына бас иіп, әр уақытта Ислам дінін қолдап қуаттадым», – деген күйі бұл өмірмен қош айтысты. Бүгінде Самарқанның төріндегі осы бір кесенеде жатыр. Кесенеге келген бетте жолбасшымыз: «Бұл кесененің неліктен 8 бұрышты екенін білесіздер ме?» – деп бізден сұрады. Біз білмейтінімізді айттық. Сонда ол «Жәннаттың 8 қақпасы бар емес пе? Әмір Темір бұл кесенесін немерем 8 қақпаның бәрінен енсе екен деген ниетпен салдырған ғой», – деді жымиып тұрып. Мұны естігенде ерекше толқып кеттім. Іштей Алла тағалам Әмір Темірдің де күнәларын кешіріп, өзі сондай армандаған жәннатты нәсіп еткей деп тілей бердім.

 

Фотосуреттерді түсірген Әйгерім БЕГІМБЕТ

0 пікір