Дембі қағу (таяммум соғу) туралы
Дембі қағу (таяммум соғу) туралы
4 жыл бұрын 3778
Шәкәрім Құдайбердіұлы

Тайаммам (таяммум) дегенді біздің қазақ тілі келмей «дембі» дейді. Далада сусыз жерде дәреті жоқ кезде намаздың уақыты болып қалса, жеткенше намаз өтіп кететұғын болып, тура мың кезден жақын жерде су жоқ болса – дембі қағып намаз оқиды.

Дембі деген таза жерге екі алақанын бір соғып, соныменен бетін жуатұғын жерін сипайды және бір соғып, екі қолын тірсегіне шейін жуатұғын жерін сипайды.

Бұл дембінің парызы:

  • Әуел ниет қылмақ,
  • Онан соң жер таза болмақ. Қоралы тезекті жер, оттың орны, көлдің үсті жарамайды.
  • Онан соңғы парызы бетін сипамақ жерге соғып һәм және бір соғып, қолын сипамақ. Білегін жалаңаштап сипамаса болмайды және анық таза жер болсын.

Бұл дембіні дәретті бұзатұғын нәрселер бұзады және суға жолыққанда бұзылады. Біреудің біраз ғана суы болып, оныменен дәрет алайын десе, не өзі, не көлігі шөлдеп өлетұғын болса, дәрет алмай дембі қағады, яки су бар да болса құдық тереңдіктен, яки, басқа себеппенен суды алуға құдіреті жетпесе, яки, бір науқасы болып, оған су тисе науқасы ұлғайып кететұғын болса, мұндайлардың бәрінде де су жоққа есеп болып, дембі қағып оқиды.

Ғұсыл, дәрет, дембі үшеуінде де ниет қылу керек. Ғұсыл қылуға ниет қылдым жұныбылықтан[1] тазармақ үшін яки таһарат [2] яки таяммум қағуға ниет қылдым, хайыздан тазармақ үшін дегендей және бұл ғұсыл, дәрет, дембі үшеуін де жоғарғы айтылған ретін бұзбай, ауыстырмай істеу керек. Мәселен бір кісі дәрет алғанда бір жерде бетін жуып, онан соң өзге жерде яки сол беті кеуі құрғап кеткен соң бір заманда білегін жуса, ол дұрыс дәрет болмайды[3].

Бұл ғұсыл, дәрет, дембі үшеуін де жұнып болған бұзады. Ол жұнып деген қайтсе болатұғын жоғарыда айтылды[4].

Дәрет пенен дембіні түзге отырған, бір жері қанап қан, ірің, сары су шыққан бұзады.  Ұйықтаған, осырған, жынданған, талған, мас болған, тісі қанаған, намазда тұрып дыбысы шығып күлген (намаз оқып тұрып біреу еститіндей дауыс шығарып күлген), қан құсқан, ауыз тола өзге нәрсе құсқан – осылардың бәрі дәрет пенен дембіні бұзады. Дембіні бұлардан басқа су тапқан, суға құдіреті жеткендік бұзады. Жұныб кісі де су таба алмаса дембіменен намаз оқи береді, су табылғанша және су жоқта денеге яки киімге бір нәжіс тисе, топырақтан шамасы келгенше кетер еді (?). Намазда дыбысы шығып күлген кісінің намазы да бұзылады, қайта оқиды. 

"Шәкәрім", 2 том. Алаш мұрасы.
(Сілтемелерді берген: islam.kz)


[1] Жүніп - Жүніп - ерлі-зайыптылардың қатынасқа түскеннен кейінгі немесе ләззатпен шәуәт бөлінгеннен кейінгі туындаған ғұсылсыздық күй.
[2] Таһарат – тазалық.
[3] Автордың айтып отырғаны «әл-Уилә» мәселесі. Әл-Уилә деген: дәретте жуылған жер кеуіп қалатындай уақыт үзіліс берместен жуылуы керек ағзаларды бірінен соң бірін жуып отыру дегенді білдіреді. Ханафи мәзхабындағы үкімі «сүннет» амалға жатады, дәреттің шарты емес. Яғни, дәрет алу барысында жуылған ағза кеуіп қалатындай арада үзіліс орын алса да дәретті жалғастырып алуына рұқсат. Дәреті саналады. Әл-Уиләні дәреттің шарты деп санайтындар - Мәлики мәзхабындағы ғалымдар. Мәлики мәзхабы бойынша, әл-Уилә жүзеге аспаған жағдайда, дәретті қайта алу ләзім. («Дәрет алғанда жуылған жер кеппей тұрып, екінші ағзаны жуып үлгеру шарт па?» атты жазбадан. Авторы: А.Қасым).
[4] «Адамды жұнып қылып ғұсыл құйынуды парыз қылатұғын нәрселер – ұрғашыға жатса да, ихтиләм (түс көріп) болса да, не себептен болса да адамның бойынан (шәует) кетсе, яки, бойынан кетпесе де, жұмсақ басы кірсе, еркекке де, ұрғашыға да ғұсыл парыз болады». Ш.Құдайбердіұлы.

0 пікір