Бүкіл әлемді теледидарға телмірткен "Ертұғрыл" телехикаясындағы Ертұғрыл батыр кім болған?
Бүкіл әлемді теледидарға телмірткен "Ертұғрыл" телехикаясындағы Ертұғрыл батыр кім болған?
3 ай бұрын 8184

Қаһармандар жайлы тарихи киноларды көру бала кезімнен ұнайды. Ондай фильмдерден әлі күнге дейін ерекше әсер аламын. Бірақ жалпы сериал көрмейтінмін. Соңғы рет 12-13 жыл бұрын 12-13 жасымда кәрістердің «Жумоң ханзада» телехикаясының бір бөлігін (толық емес) көргеннен кейін, мейлі тарихи жанрда болса да, мүлде сериал қараған жоқпын. Уақытымды зая кетіргім келмейтін.

Былтыр «Qazaqstan» Ұлттық арнасында көрсетілген «Ертұғырыл» телехикаясының 10-15 минуттық үзіндісін теледидардан 2-3 рет кездейсоқ көріп қалдым. Мен қарағанда, нағыз әсерлі тұстары көрсетіліп жатыр ма еді, білмеймін, бірақ бұл кинотуынды бірден жүрегімді шымырлатты. Сол 10-15 минуттық үзіндіні 2-3 рет көргеннен-ақ, Ертұғырылдың асыл қасиеттері мені тәнті етті. Әйтеуір, бір көру керек деп ойлап жүретінмін.

Сөйтіп, реті келіп, 3,5 ай бұрын «Ертұғырылды» көре бастадым. Бұл телехикаяның әрқайсысы 30 сериялық 5 маусымы бар. Сонда жалпы – 150 серия. Әр серияның ұзақтығы – 2 сағаттың ар жақ, бер жағы. Осыншалықты ұзақ болса да, соңына дейін көргеніме өкінбеймін. Өйткені, мұнда біраз тағылымды дүние айтылады. Жан дүниемде, жүрек әлемімде рухани жаңғыруды сезіндім. Қысқасы, телехикая маған ұнады.

Сонымен, Ертұғырыл кім?

Ол – моңғол басқыншыларынан ығысып, Анадолы өлкесіне көшіп барған түркілердің Кайи деген тайпасын басқарған көсем Сүлеймен шахтың үшінші ұлы. Яғни, текті әулеттен шыққан. Асылдың сынығы, тұлпардың тұяғы. «Болар бала боғынан» демекші, тектілігі балалық шағынан бастап білінеді. Кішкентай кезінде әлденені ойға алса, орындамай қоймайтын бала болады. Бойындағы әділдік, тазалық, адалдық қасиеттер бозбала шағынан-ақ көзге ұрып тұрады.

Дүниедегі зұлымдық пен қараулықтан әбден ашынған Ертұғырыл ержеткенде, бүкіл ғұмырын туралық үшін күреске арнауға бел буады. Залымдарға ажал, ал әлсіздерге қорған болуға бекінеді. Мұндағы мақсаты – аста-төк қазынаға, мол алтынға кенелу емес; атын шығарып, атақты болу да емес; билікке қол жеткізу де емес. Оны тақ та, мансап та, билік те, байлық та қызықтырмайды. Жүрегіндегі жалғыз ниеті – Алла разылығы үшін. Мұраты – Алланың ақ жолымен жүріп өту және осы ауыр даңғылда дұрыстық үшін айқасып, арпалысу.

Мұрты енді тебіндеген балаң жігіт шағынан-ақ алдына осындай биік мұрат қойған ол бұл жолда көптеген қиындыққа, сатқындыққа кезігеді. Бірақ соның бірі де батырды ізгі арманынан бас тартқыза алған жоқ. Өйткені, ол – айтқанынан қайтпайтын қайсар әрі сынақтарда сынбайтын өжет жан. Ақиқат жолында ол жалғыз қалса да, төңірегіндегілердің бәрі оған қарсы болса да, туралықтан таймайтын, дұрыс ұстанымынан айнымайтын. Ертұғырыл үшін бастысы көппен бірге күшті болу емес, ол үшін маңыздысы – мейлі аз болсаң да, дұрыстық жағында болу.

Ертұғырылдың айналасын түгел сүйсінткен қасиеті – адалдық. Түркілер о баста Анадолыға көшіп барғанда, онда Селжүк мемлекетінің дәурені жүріп тұрған еді. Селжүк сұлтаны түркілерге жер беріп, құшақ жая қарсы алғанын бағалай білген Ертұғырыл қаншама сұлтан ауысса да, Селжүк сұлтандығына адал болды. Мемлекеттің дұшпандарына қарсы жан аямай шайқасты. Мемлекетке адал болып қана қойған жоқ, жалпы, екі сөйлемейтін, уәдесіне берік адам еді. Уәде берсе, мейлі, оны орындау қанша қиын болса да, сертін бұзбайтын.

Селжүк сұлтанатының батысынан крест жорықшылары, шығысынан моңғолдар көз алартып, қауіп төндіргенде, саны да басым, әскері де мықты жаудан қаймықпаған Ертұғырыл жылдар бойы тайпасын бастап күрес жүргізді. Ол – дарынды қолбасшы еді. Дұшпаны қанша күшті әрі көп болса да, ақылымен, айлакерлігімен әрдайым оларды жеңіп шықты.

Өзіне көмек сұрап келгендердің Ертұғырыл кеудесінен итермейді. Панасына алып, қолынан келгенше көмектеседі. Мұнысы өзіне шоқпар болып тимеген де жоқ. Оның мейірімділігін пайдаланған талай дұшпан мүсәпір кейпінде жәрдем сұрап келіп, сеніміне кіріп, кейін арқадан пышақ салған жағдайлар көп болды. Әйтсе де, Алла бәрін көріп тұр. Арамзаның қулығы әйтеуір бір күні әшкере болатыны шүбәсіз. Содан соң, ондайлар «сыбағасын» алады. Мұндай кісілер бар екен деп Ертұғырыл жақсылық жасауын тоқтатпайды. Мұқтаждарға үнемі қол ұшын созады. Тек бұдан кейін сақ әрі қырағы болуға аса мән береді.

Ертұғырыл парасатты, көреген әрі қара қылды қақ жарған әділ басшы болатын. Егер қарамағындағылардың біреуі ағаттық жасап, әскердің шайқаста жеңілуіне, не болмаса, көздеген мұраттың орындалмауына себеп болса, лайықты жазасын береді. Мейлі, ол туған інісі болса да, бала кезден бірге өскен андасы, жан досы болса да, тіпті, туған ұлы болса да, әркімді қателігіне сай жазалайды: «бей», «қолбасы» немесе «сарбаз» деген шенінен, лауазымынан айырады , жер аударады т.б. Бірақ мұның бәрі уақытша ғана. Егер кінәлі кісі айыбы үшін шын өкініп, бүкіл халыққа пайдасы тиетіндей үлкен ерлік жасаса, Ертұғырыл оны кешіріп, бұрынғы лауазымына қайта тағайындайды. Ол – кешірімді, кеңпейіл адам. Ертұғырыл ешқашан кешірмейтін жалғыз нәрсе – опасыздық. Ол жанында сенімсіз, солқылдақ кісілерді ұстамайды.

Ертұғырыл Моңғол империясының ханы Үгедейдің, кейін Алтын Орда ханы Беркенің шатырында болып, келіссөз жүргізгені; мәмлүктердің билеушісі Бейбарыс сұлтанмен байланысқа шыққаны; Византия империясының императоры оған елші жібергені тарихи шындыққа жанаса ма, жоқ па, мен нақты білмеймін. Бірақ Сюгут деген кішкентай ғана өлкені басқарған тұлғаны, бабасын түріктер тым әсірелеген де болуы мүмкін. Алайда бұлай екен деп түріктерді айыптауға да болмайды. Олай жасауға әр халықтың құқығы бар. Америкалықтар да, орыстар да, қытайлар да, кәрістер де – барлық жұрт өз батырларын киноларында әсірелеп дәріптейтіні ақиқат.

Ертұғырыл шағын өңір – Сюгутті билегенімен, оның ұлы Осман алып империя құрды. Демек, Ертұғырыл жақсы әке де бола білді. Ол ұлдарына өнегелі тәрбие берді. Құнанбайдай әке болмаса, Абайдың Абай болуы екіталай еді. Сол секілді Ертұғырылдан туған Осман да ұлы тұлғаға айналды. Ол әке ісін одан әрмен жалғастырып, тіпті, әкесінен асып түсті. Осман империясы 6 ғасыр бойы мұсылман әлемін өзге дін өкілдерінің шабуылынан қорғап келді. Крест жорықшылары, бүлікші парсылар жүз мыңдаған әскермен мұсылмандарды жер бетінен біржола жойып жібермек болғанда, Мұхаммед пайғамбардың (с.а.у.) зиратын талқандамақ пиғылмен жорыққа аттанғанда, оларды үнемі тоқтатып отырған Осман империясының жер қайысқан қалың қолы еді.

Мен түріктердің тарихын киносы арқылы білдім. Қазақта да небір қаһармандар өткені баршаға аян. Әттең, солардың өнегелі өмірін, ерен ерлігін насихаттай алмаймыз ғой. Жоқ, керемет-керемет әдеби шығармалар жазылды. Мұны жоққа шығаруға болмайды. Бірақ қазір халық кітап оқымайтыны рас қой. Бүгінде идеология құралы, тәрбие тетігі – кино. Әлем елдері тарихын кино арқылы танытып, жаһанға паш етіп жатыр. Ал біздің тарихи киноларымыз әзірше әлсіздеу. Өзге халықтардікімен салыстыруға келмейді. Әйтсе де, бірте-бірте дамып келе жатқандай. Жақсылықтан үміт етейік.

Ертұғырылға қайта оралайық. Оның әділдігін, адалдығын, сабырлылығын көрген кей дұшпандары да Ертұғырыл тура жолда екенін еріксіз мойындап, жүрегі ақиқат нұрына ашылып жатты. Баһадүрдің кей жаулары Ислам дінін қабылдаған еді. Дін мен дәстүрін берік ұстанған тұлға расында да үлгілі ғұмыр кешті.

Алпамыс Файзолла 
Abai.kz

0 пікір