Бір сахабаның махаббат сезімі себепті түскен аят
Бір сахабаның махаббат сезімі себепті түскен аят
4 жыл бұрын 16067
Абдусамат Қасым

Махаббат сезімі адам табиғатында бар нәрсе. Бірақ, мұсылман адам ол сезімін ақылына бағындырып, оны шариғи қағидаттар шеңберінде реттеуге тырысады. Бұл тұрғыда да Пайғамбарымыздың сахабалары бізге үлгі болмақ.

Пайғамбарымыздың заманында Мәрсәд ибн Әбу Мәрсәд есімді бір сахаба болған. Ол Ислам дінін қабыл етпей тұрып «Анақ» есімді жеңіл жүрісті жезөкше бір әйелге ғашық болады. Кейін Мәрсәд Ислам дініне өткеннен кейін Мәдина қаласына көш етті де, ғашығы мұсылман болмай Меккеде қалып қойды.

Мәрсәд - өте қаһарман, батыр жігіт етін. Ол мұсылман болғаннан кейін Мекке мүшриктерінің қолындағы мұсылман тұтқындарды жасырын қашырып, Меккеден Медине қаласына алып келумен айналысатын. Сондай түнгі жорықтарының бірінде басынан өткен оқиғасын Мәрсәд (р.а.) былай деп әңгімелейді: 

«Меккедегі бір адамға оны құтқарып, өзіммен бірге алып кетемін деп уәде берген едім» - деп бастайды әңгімесін Мәрсәд. – «Уәдемді орындайын деп Меккеге келдім. Айлы түн еді (түн жап-жарық). Меккедегі дуалдардың бірінің қараңғы көлеңкесінде (жасырынып) тұрғанымда, Анақ келді (бұрынғы ғашығы). Дуалдың жанында, қара көлеңкеде тұрған мені көрген ол, жақындап келіп, мені таныды да:

- Мәрсәдсың ба? – деп сұрады.

- Мәрсадпын – дедім.

- Қош келдің! Кел, түнді бізде өткіз! – деді ол.

- Анақ, Алла Тағала зинаны (ойнасты) харам етті, - дедім.

- Тек бір түн ғана.

- Құдай сақтасын. Мен Алладан қорқамын.

- Егер, қонбасаң, қазыр жар саламын, - деді де: «Ей, шатырдағылар! Мына еркек тұтқындарыңды алып кетпекші» деп айқай салды.

Содан ізіме сегіз адам түсті. «Хандама» тауына қарай жүрдім. Бір үңгірге келіп, сонда жасырындым. Қуғыншылар да сол жерге келіп жетті. (Мен жасырынған үңгірге келіп) Дәл төбемде тұрып, дәреттерін сындырды. Зәрлері басыма ағып жатты.  Бірақ, Алла Тағала олардың көзін мені көре алмайтындай перделеп қойды. Олар мені таба алмай, кейін қайтты. Көп ұзамай мен де (тұтқын) жолдасыма қайта оралып, оны өзіммен бірге алып кеттім. Салмағы ауыр адам еді. Меккенің шетіндегі қамыстарға келіп, оның кісенін шештім. Оны алып, шаршап-шалдығып Мединеге жеттік.

Мединеге келгеннен соң Алла елшісіне:

-Уа, Расулаллаһ! Анақпен үйленсем қалай болады?  – дедім. Алла елшісі үндемеді. Пайғамбарымыз (с.а.у.) аят түскенге дейін ләм-мим демеді. Кейін ««Зинақор еркек тек зинақор әйелге немесе пұтперес әйелге ғана үйлене алады. Зинақор әйелді тек зинақор еркек немесе пұтқа табынушы еркек қана ала алады. Ол нәрсе мүміндерге харам», - деген аят түсті.  Пайғамбарымыз мені шақырып алып: «Мәрсәд, зина етуші еркек тек зинақор әйелге немесе мүшрік әйелге ғана үйлене алады. Зина етуші әйелді тек зинақор еркек қана немесе мүшрик еркек қана ала алады. Сен оны(Анақты) некеңе алма» деді»[1].

Осылайша сахабаның махаббат сезімі бір аяттың түсуіне себеп боп, ондағы үкім бүкіл мүмін-мұсылмандар үшін жар таңдауда өмірлік шамшырақ болды.


[1] Аталмыш риуаят бірнеше хадистер жинақтарында келтірілген: Имам Тирмизи: «Сүнән» - Әбуәбу тәфсириль Құран. №3248 хадис; әл-Хаким: «әл-Мүстәдрак»; әл-Бәйһақи: «әс-Сүнәнуль Кубра».

0 пікір