Атына заты сай Кәрім Бензема
Атына заты сай Кәрім Бензема
2 жыл бұрын 2278
Марфуға Шапиян

Футболдан дүбірлі дода – Әлем чемпионатының басталғанына да біраз күн өтті. Чемпионаттағы алғашқы кездесулерін өткізіп жатқанына қарамастан, көптеген құрамалардың мүмкіндіктерін байқап үлгердік. Сол секілді қарсылас қақпасына доп домалатып, өздерінің баптарында екенін дәлелдеп, көзге түсіп үлгерген футболшылар да аз емес. Франция ұлттық құрамасының мұсылман ойыншысы Кәрім Бензема міне, сол қатардан. Франция мен Гондурастың алғашқы ойынында командасына жеңіс әкелген екі голдың иесі де осы Бензема. Қарсылас команданың қақпашысының қолына тиіп, қақпаға қайта беттеген үшінші доп та осы Бенземаның себебінен кірді. Рас, енді Франция футболшыларын Швейцария, Эквадормен маңызды кездесулер күтіп тұр. Бұл жолғы француздардың үкілеген үміті тағы да Бензема болмақ.

 

«Сендердің орындарыңды басу үшін келдім»

Франция ұлттық құрамасының ойыншысы, испандық «Реал Мадрид» клубының шабуылшысы Кәрім Мұстафа Бензема 1987 жылы 19 желтоқсанда Францияның Леон атты қалашығында көп балалы отбасында дүниеге келген.  Алжирден ауып келген Хафид пен Мәлика кедейліктеріне қарамастан бес қыз, төрт ұл тәрбиелеген үлгілі ата-ана.

Өзге атақты футболшылар секілді Кәрім де бала кезенінен доп қуды. Сегіз жасынан «Брон Терралион» клубында өнер көрсеткен Бензема туралы алғашқы бапкері Серж Патриарка: «Кәрім алысқа шабады. Бірақ мені оның үздік болмақ түгілі, тірі шығуы мүмкін еместей көрінетін ауданнан оқ бойы озып шыққаны таңғалдырады», - деген болатын. Бапкер Кәрім тұратын ауданның әлеуметтік жағдайының тым төмендігін меңзесе керек.

Бала кезінде Бенземаның оқуға аса қызығушылығы байқала қоймайды. Санасын футбол жаулаған кішкентай Кәрімнің бар арманы, өзінің кумиріне айналған Зидан мен Роналдодай болу еді. Атақты «Лион» клубына келгенде оның жасы небәрі 9-да болатын. Ал 17 жасында осы команданың ең үздік ойыншысына айналған Кәрім 2004 жылы негізгі құрамға ауысып, 2005 жылдың 15 қаңтарында Франция чемпионатында өнер көрсетіп, «Жерлан» стадионында атой салады. Бенземаның «Лионға» келгендегі алғашқы сөзін жанкүйер қауым әлі күнге дейін аңыз ғып айтады. Эрик Абидаль, Джовани Элбер, Майкл Эссьен секілді француз футболының үздіктері командаға жаңадан қосылған Бенземаның өзін таныстыруын тыңдаған соң, қалжыңдап бірер сөз айтып, күліссе керек. Аға буынның әрекетіне шамданып қалған жасөспірім Кәрім болса: «Күлмеңдер! Мен мұнда сендердің орындарыңды басу үшін келдім», - деген көрінеді команданы таңғалдырып.  Кәрім сөзінде тұрды. Бүгінгі Әлем чемпионатында Франция құрамысының көшін алға бастап, жасыл алаңда жарқырай көрініп жүрген осы Кәрім емес пе?!

                                                 

«Тек Франция үшін өнер көрсетемін»

Кәрімнің алғырлығын байқаған Алжир федерациясы 2006 жылы футболшының 18 жасында оған Алжир құрамасында ойнауға ұсыныс жасай келеді. Бірақ Кәрім: «Менің ата-анам Алжирде дүниеге келген. Сондықтан ол елді Отаным ретінде жүрегімде мәңгі сақтаймын. Ал мен Францияда туылдым. Футболдан тек Франция құрамасында өнер көрсетемін» деп жауап берген болатын.

«Лионда» 149 ойын өткізіп, 66 гол салған Бенземаға еуропалық үздік клубтардың назары ауып, көптеген ұсыныстар түседі. Ол 2009 жылдың 1 шілдесінде испандық «Реал Мадридтің» ұсынысын қабыл алып, алты жылдық келісімшарт жасасады. Футболшының бұл клубтағы жылдық табысы  6,5 миллион еуроны құрайды.

Клубқа алғаш келген 2009-2010 жылғы маусымда 33 ойын өткізген Бензема 9 гол салады, оның 8-і Испания чемпионатында болатын. Даңқты клубтағы қадамын сәтті бастаған жас футболшыны бүгінде әлем  үздік шабуылшы ретінде жақсы таниды. Ол бүгінгі таңда күні кеше Чемпиондар Лигасының жеңімпазы атанған «Реал Мадридте» өнер көрсетуде. Оның футболдағы жұлдызды сәттерінің алда екеніне сенімдіміз.

 

Бензема - мұсылман

Кәрім өзінің ата тегін, мұсылмандығын мақтан тұтады. Бір кездері футболкасына фамилиясына қоса, мұсылманша атын да жаздырғысы келген екен. Бірақ оған рұқсат берілмеген көрінеді. Ендігі жерде Бензема қолының ашықтығымен үлгілі мұсылман атанып жүр. Жағдай төмен отбасыларға көмек қолын созудан еш аянып қалған емес. Және ол өзінің туған қаласы Леонда мешіт құрылысының басталғанын естіп, ойланбастан 3 млн. еуросын игі бастаманы қолдауға жұмсады. Мешіт Бенземаның ата-анасы тұратын үйден алыс емес жерде бой көтеретін көрінеді. Ал мешіттің барлық шығынының көлемі 6 млн. еуроны құрайды екен.

 

Зидан: «Франция құрамасының капитандығы да Бензема үшін алыс емес»

Кәрім әріптестері арасында өте сыйлы. Оны барлығы жақсы көреді, құрметтейді. Тіпті қарсылас команда ойыншылары да ол туралы «Кәрім – әлемдегі ең үздік шабуылшы» деген секілді сөздерін аянып қалған емес.

Франк Рибери мұсылман бауыры Кәрім туралы: «Кәрім – менің досым. Алаңда бір-бірімізден көмегімізді аямаймыз. Оның басына қиын күндер туғанда барынша қолдау көрсеттім. Ол күндердің барлығы артта қалды. Қазір Кәрім бабында», - дейді Бенземаға Әлем чемпионатында үміт артатынын меңзеп.

Ал Зиданның Кәрімге қамқорлығы өз алдына бөлек әңгіме. Зиданды өзге мұсылман футболшылар секілді Кәрім де аға тұтады. Кішкентайынан Зинединға қарап өскен оны Францияның бір түкпірінен «Зидандай болсам» деген арман алып шығып, алаңға жетелеген еді. «Реалға» екінші бапкер болып келген Зидан Бенземаның клубтағы кезінде де үлкен қолдау көрсетті. Соңғы сәттері сағы сынып жүрген футболшының өзіне деген сенімін қайтарды. Ол туралы атақты футболшы: «Кәрім «Реалда» жаңа сатыға көтеріліп, көшбасшыға айналуы тиіс. Франция құрамасының капитандығы да Бензема үшін алыс болмаса керек. Өйткені ол басқаларға қарағанда командамен жақы тіл табысады», - дейді.

Ағалары ерекше сенім артқан Кәрімге біз де жеңіс тілейміз. Осы бір томаға тұйық мұсылман футболшысының жасыл алаңдағы жұлдызды сәттері әлі де алда деп ойлаймыз.

1 пікір
  • Кәрім Бенземаның Франция құрамасында қатардағы ойыншы емес алдыңғы қатарлы, үздік шабуылшы екендігі қуантады. Мұсылман адам осылай өз ісінің шебері болу керек қой. Солай ғана біз дінімізді шынайы таныта аламыз. Марфуға қарындасымыздың осы соңғы мақалаларын оқып отырып байқағанымыз ала доптың шеберлерінің қатарында да мұсылмандар баршылық екен. Бұл әрине мақтаныш. Мақала иесіне көп рахмет!
    2 жыл бұрын