Ашқан жаңалығы әлемді өзгерткен 5 мұсылман ғалым
Ашқан жаңалығы әлемді өзгерткен 5 мұсылман ғалым
4 ай бұрын 2883
Хадиша ЕРМЕКҚЫЗЫ

      Ахмед ЗЕВЕЙЛ

Египетте дүниеге келген Ахмед Зевейл – әлемдегі ең танымал химик ғалымдардың бірі саналады. Ол 1946 жылы 26 ақпанда Александрия қаласына жақын жердегі Дисук елді-мекенінде дүниеге келген. Бала күнінен жүрегі мешітке байланған Ахмедтің мектептегі оқу үлгерімі де жоғары болады. Кейіннен Александрия университетінен бакалавр, магистр дәрежесі бойынша біліп алып, онда да үздіктердің қатарынан көрінеді.

Кейін оқуын жалғастыру мақсатында жұбайы Мерватпен Америкаға кетіп, онда докторлық дәрежесін алып, Калифорния университетінің профессоры атанады. 1982 жылы Америка азаматтығын алады. Ол әлемдік алты университеттің құрметті профессоры әрі көптеген атақ-дәрежелердің иегері. Ал 1999 жылы химия саласы бойынша фемтосекундтық әдіске жүргізген зерттеулері үшін Нобель сыйлығының лауреаты атанады. Екі некесінен төрт баласы бар. 2016 жылы 2 тамызда Америкада дүниеден өткен ғалымға топырақ өз Отанынан бұйырған екен. Каирде өткен жерлеу рәсіміне Мысыр елінің басшылары түгел қатысты.

 

Фаруқ әл-БАЗ

Доктор Фаруқ әл-Баз 1938 жылы 2-қаңтарда Мысырдың Заказик атты қаласында, Нілдің жағалауында дүниеге келген. 20 жасында Каирдегі Айн-Шамс университетін химия және геология саласы бойынша бітіріп шығады. 1961 жылы Миссури ғылыми-технологиялық университетінің магистратурасын тәмамдап, 1964 жылы геология саласы бойынша сол университеттің докторлық дәрежесін алады.

Доктор Фаруқ әл-Баз 1989 жылы Жаңа Англия Колледжінің құрметті докторы атанса, 2002 Миссури университетінің құрметті профессоры болады. Ол NASA-да қызмет етті, “Аполлон” әуе кемесінің қонатын орындарын анықтады. Сонымен қатар астронавттарға Айды зерттеу, фотоға түсіру әдістерін үйретті. Бүгінде ғалым Американың Бостон университетіндегі ғылыми орталықтың директоры әрі Америка Геологиялық Қоғамдық фондының, Америка Ұлттық ғылыми академиясының мүшесі. Әрі өз отаны Мысырдағы Айн-Шамс университетінің геология факультетінің доценті.


 

 

Хулуси БЕХЧЕТ

Бехчет – есімі медицина тарихында алтын әріптермен жазылып қалған атақты түрік дәрігер-дерматологы. Ол кейін өз атымен аталған белгісіз ауруды анықтаған жан.

Хулуси Бехчет 1889 жылдың 20-ақпанында Ыстамбұл қаласында дүниеге келген. Кейін оның отбасы әкесінің қызмет бабымен Дамаск қаласына көшіп барып, Бехчет балалық шағын сонда өткізеді. Бастауыш білімді Дамасктан алған, болашақ дәрігер сол кездің өзінде француз, неміс, латын тілдерін еркін меңгереді. Білімге деген құштарлық дәрігерлік мамандықты таңдауына алып келді. Осман империясы кезінде арнайы медицина университеттері болмағаннан кейін, ол 16 жасында Гюлхандағы әскери-медициналық академияға түседі. Оны 1910 жылы 21жасында бітіріп, дерматология, венерология салаларында мамандана бастайды. Бехчет 1914-1918 жылдары Эдриндегі Әскери госпитальде дерматология саласын бойынша қызмет істей бастайды. Соғыстан кейін, 1918-1919 жылдары алғаш Еуропаға барып, Берлиндегі ауруханадан тәжірибеден өтеді. 1920 жылы Түркияға оралған дәрігер адамдарды емдеуін жалғастыра береді. 1923 жылы ол Ыстамбұлдың атақты аудандарының бірі Хаскойдағы аурухананың бас дәрігері блолып тағайындалады.

Түркия Республикасының құрылуымен ол Ыстамбұл медициналық университетінің дерматология бөлімінің жетекшісі болады. Доктор Хулуси Бехчет медицина саласында профессорлық, академиктік дәрежесін алған бірінші түрік саналады. Көптеген тілдерді жетік меңгергенінің әрі ғылымға деген ерекше қызығушылығының арқасында ол көптеген халықаралық конференцияларға қатысты. Нәтижесінде, түрік халқына ғана емес, әлемге де таныла бастады. Ғалым 1925 жылы 23 бетінде лейшманиозды диатермиямен емдеудің жаңа тәсілі жазылған кітабын шығарды. Бехчеттің әлем мойындаған «Clinical and Practical Syphilis, Diagnosis and Related Dermatoses» атты монографиясы 1940 жылы жарық көрді. Күні бүгінге дейін құндылығын жоймаған монографияда тері ауруларымен қатар сифилис ауруының пайда болуына қатысты көптеген дүниелер бар. Кейін өз атымен аталған аурудың сипаттамасын бергені әлемдік жаңалық болды. Бұл зерттеуді бір дертке ұшыраған үш науқасты ұзақ уақыт бақылау арқылы жүргізген еді. 1947 жылы Женевада өткен Халықаралық медицина конгресінде жаңа ауру мойындалып, оған “Бехчет ауруы” деген атау берілді.

Хулуси Бехчеттің 126 ғылыми зерттеуі жарық көрген. Оның 52-і Еуропаның елеулі басылымдарына шықты. Дәрігер 1948 жылы 8-наурызда жүрек талмасынан қайтыс болады. Түркиядағы көптеген зертханалар мен кітапханалар осы бір ғалымның атында.

 

Хайат СИНДИ

Хайат Синди – дәрігер және Сауд Арабия Корольдігі Кеңесінің алғашқы әйел мүшесі. Ол диагностика әдісі мен медициналық көмек көрсету ісі бойынша көптеген зерттеулер жүргізген жан. Arabian Business журналы оны әлемдегі ең ықпалды арабтардың қатарына жатқызып, жалпы есепте 19, әйелдер арасында 9-орында деп көрсетті.

Хайат Синди 1967 жылы Мекке қаласында дүниеге келген. Ол 1991 жылы білім іздеп Ұлы Британияға аттанады. Онда жалғыз баруға отбасын көндіру де оңай болмаған еді. Англияда бір жыл ішінде ағылшын тілін жоғары деңгейде меңгерген Хайат Лондонның Кингс-колледжіне қабылданып, оны фармакология саласы бойынша 1995 жылы бітіріп шығады. Оқып жүрген жылдары аллергия туралы еңбегі үшін Анна ханшайым атындағы премияның иегері атанады. Оқуын жалғастырған Синди 2001 жылы Ньюнхем-колледжден (Кембридж) докторлық дәрежесін алып шығады. Ол солай Кембридж университетінде биотехнология саласы бойынша білім алған алғашқы саудиялық әйел атанады. Сонымен қатар бұл сала төңірегінде доктор атанған да бірінші араб әйел болатын.

Хайат Синди кейін Гарвард университетіне ғылыми қызметкер ретінде жұмысқа шақырылады. Одан кейін де түрлі ғылыми жұмыстармен Джидда, Бостон, Кембриджде жұмыс істеген ғалым қазір түрлі конференцияларға қатысып тұрады. Оны мұсылман әлеміндегі әйелдердің жай-күйі қатты алаңдатады. Осы бағыттағы форумдардың шақыртуынан да қалған емес. 2010 жылы Синди Сауд Арабия ханзадасы Халид ибн Фейсалдың қолынан Mekkah Al Mukaramah премиясн алды. Ал 2012 жылдың 1-қазанынан Синди ЮНЕСКО-ның өкілі атанды.

 

Мұстафа әл-САИД

 Мұстафа әл-Саид – белгілі физик ғалым, Флорида университетінің ғылыми қызметкері. Сонымен қатар Йель, Гарвард, Калифорния университеттерімен қызметтік байланыста. Ол нанотехнология, наноғылым, биофизика, химия салаларында түрлі зерттеулер жүргізген. Белгілі ғылыми басылым Science Watch оны өз саласы бойынша мықты ғалымдардың төртінші орнына қойған. Ол ғылымға сіңірген еңбегі үшін 2007 жылы Ұлттық премияны алса, 2009 жылы Египеттің медалімен марапатталған.   

 

 

 

1 пікір