Әбу Ханифаның айла-шарғылары
Әбу Ханифаның айла-шарғылары
5 жыл бұрын 3232
Мұхан ИСАХАН

Біздің би-қазыларымыздың шешендік және тапқырлықпен үкім айтуы - Ханафи мәзһабындағы «хила» әдісіне негізделген. «Хила» әдісімен үкім берудің түп-негізі Құран-Кәрімнен бастау алады. Бірде, Аюп (с.а.у) пайғамбар бір жағдайға байланысты әйеліне жүз дүре соғуға өз-өзіне уәде береді. Бірақ, артынан райынан қайтып, жұбайына аяушылық танытқысы келеді. Сонда, Алла Тағала Аюпқа тығырықтан шығудың жолын көрсетеді. Бұл туралы Құран Кәрімде: «Қолыңа бір топ ши алып, сонымен бір ұр. Сертіңнен қайтпа!» (Сад, 44) – деп бұйырылады.  Аюп (с.а.у) жүз бұтағы бар бір шиді алып, бір рет әйеліне дүре соғады. Яғни, Жаббар Хақ нұсқаған хиламен Аюп (с.а.у) өз сертін орындайды. 

Ал, шариғат құптаған хилаға сүннеттен дәлел келтірер болсақ, бірде өлім аузында жатқан бір сахабаның «Лә иллаһа иллалаһ» деп айтуға әл-дәрмені болмайды. Алла Елшісі (с.а.у) оның себебіне үңілгенде, қал үстіндегі сахабаға анасының разы болмағандығын естіп біледі. Хақ Елшісі (с.а.у) дереу сахабаның шешесін шақыртып: 

– Мына жерде алаулап жанып тұрған от: «Ұлыңа шапағатшы болсаң, отқа қақталудан аман қалады. Шапағат етпесең, ұлың өртке түседі» десе, не деп жауап берер едің? – дейді. 

Шешесі естіген бойда: 

–Онда ұлымның шапағатшысы «мен боламын» деп жауап берер едім –  деп, жалма-жан Алла Тағала мен Оның Елшісіне (с.а.у) куә келтіріп, ұлына кешірім бергенін паш етеді. Іле-шала жанын бере алмай қатты қиналған ұлы тілін кәлимаға келтіріп көз жұмады. Осы оқиға да зер салып қарасақ, Алла Елшісінің (с.а.у) хиламен ұлына анасының кешірімін алып бергенін аңғарамыз.   

Құран мен Сүннетке сай хила жасауды Имам Ағзам Әбу Ханифа фиқһтық мәселелерде кеңінен қолданған. Айталық, бірде, Куфадағы бір кісінің сұлу әйеліне бір жігіт ғашық болады. Жігітке әлгі әйел де ғашық болып, екеуі бір-бірін ерлі-зайыптымыз деп жариялайды. Әйелдің шын күйеуі бұл бассыздықты тоқтату үшін Әбу Ханифаға жүгінеді. Имам Ағзам серіктерін ертіп арызданушының үйіне келеді. Ол үйдің иттері оларды бөтенсіп, әупілдеп үре бастайды. Осы кезде Әбу Ханифа бойына желік кірген әйелді шақыртады. Әйел үй ауласына бас сұққанда, жаңа ғана айбаттанып, әупілдеп үрген иттер, үй иесін танып, құйрықтарын бұлғаңдатып үруін сап тияды. Әбу Ханифа жұрт куә болған жәйтті нұсқап: 

– Мәселенің шындығы белгілі болды – деп, сұлу әйелді шын күйеуіне қайтарып бергіздіреді. 

Тағы бірде, бір жігіт үйдің төбесіне шығуды әдетке айналдырған әйеліне: 

–Енді сатымен жоғары көтерілсең де, төмен түссең де талақ боласың, – дейді. 

Әдетін тия алмаған әлгі әйел тағыда үй төбесіне шықпақ болып сатыға мінеді. Көтерілгенде барып күйеуінің ескертуі есіне түседі. Әйел не жоғарын білмей, не төмен түсерін білмей абдырап тұрып қалады. Оны көрген күйеуі де не істерін білмей қатты сасады. Бұл тығырықтан шығудың жолын іздеп Имам Ағзамға келеді. Ол: 

– Сатыны әйелмен қосып көтеріп, жерге қоясыңдар. Сонда ол сатымен жоғары көтерілген де, төмен түскенде саналмайды, –  деп үкім айтып күйеуін талақ айтудан құтқарады. 

Қазақтың әдет заңындағы билердің сот прецедентіне негізделген тапқырлық пен даналыққа сай үкім кесуі Имам Ағзам қолданған хила әдісімен жан-жақты сабақтасады. Кеңес дәуірінде Исламды құндылық ретінде мойындауға шектеу қойылғандықтан, құқықтанушылар әдет-ғұрып заңының түп-негізін басқа қайнар-көздерден іздеуге мәжбүр болды. Ал, шындап келетін болсақ, билердің даналықпен үкім беруіне – Ханафи құқығындағы хила әдісі әсер еткен еді. Демек, би-қазыларымыздың хила әдісіне жүгінген болса, онда біз дәстүрлі әдет-ғұрып құқығымызды Ханафи мәзһабының ажырамас бөлшегі ретінде қарастыруға тиістіміз. Яғни, Ханафи мәзһабы - Қазақ  халқының табиғи бітім-болмысының сақталуына және көшпелілердегі қоғамдық қатынастың оң реттелуіне мол мүмкіндік бергендіктен де бабаларымыз бұл мектептің канондық негіздерін өмір сүрудің үлгісі ретінде таңдап алды деп айта аламыз.

 

0 пікір