Вегетариандық болу мұсылманшылыққа жата ма?
Вегетариандық болу мұсылманшылыққа жата ма?
2 жыл бұрын 2337
Қанат Тілеубектегі

Вегетариандық – өзін барлық жан-жануардың етін жеуден тыятын адам. Сонымен қатар, оның күрделірек «вегандық» деген түрі бар. Олар  жануарлардан алынатын барлық тағам түрлерін жемейді, ол аз болғандай-ақ жануарлардан алынатын тұрмыстық заттардан (мысалға, жүн, тері, былғары) да қара басын ала қашады.

Вегетариандықтардың ет жемеуінің бір себебі, олар жануарларды сойып жеу, оларға көрсетілген зорлық, жәбірлеу, қиянат деп түсінеді екен. Бұл буддизм, индуизм, жайнизм деген ағымдардың діни түсінігінен шыққан деседі. Алла Тағала бұл дүние тіршілігіндегі барлық жандыны жаратып, солардың ішіндегі жеуге рұқсат еткендерін неге жемеске?! Егер де малды сойып жеу адамға зиян болса, онда сөзсіз Алла Тағала одан бізді қайтарар еді. Өздеріңіз білетіндей кез-келген жануардың, аңның еті адал бола бермейді. Тістері сояу пішінді, соқа тәрізді, жыртқыштық айбатынан адам шошитын т.б. белгілі аң-құстарды жеуге болмайды. Ал, олардың ішінде өзіміз асырайтын үй малдарын жеуге толығымен болады.

Еуропалықтар түрлі себептермен вегетариандық атанады екен. Мысалға, ет жемейтін адамдарда қатерлі ісік, атеросклероз, жүрек, асқазан аурулары аз кездеседі. Бірақ бұл аталған аурулар ет жеудің себебінен деген қате пікір қалыптаспау керек. Бұған нақты дәлел жоқ. Тағы бір себебі, алдында айтқанымыздай жануарларға жәбір көрсетпеу. Одан кейін экономикалық жағын ескеріп, ақшаны үнемдеу мақсатымен көп адамдар вегетариандық атанып жатыр. Америкалық диетология ассоциациясының мамандары вегетариандық жолмен арықтаудың тиімді екенін алға тартып отыр.

Пайда ма, зиян ба?

Вегетариандық тақырыбы соңғы он жылдың ең өзекті мәселесіне айналып үлгерді. Бұл зиянды ма, пайдалы ма? Осы тұста адамдар екі түрлі пікір қалыптастырады. Екі жақтың да айтар дәлелдері жетерлік.

Вегетариандықтар жеміс-жидекті талғажау етіп, басқа да тағамдармен қоректенеді. Дененің қандай да бір жеріне тұз жиналу дерті бар. Осындай жағдайлардың алдын алу мақсатында вегетариандық атанып жатқандардың сөзі бұл. Себебі, вегетариандық тағамдарда тұз мөлшері әлдеқайда аз болады. Сондай-ақ вегетариандықтардың терілері ақшыл, әрі жылтыр болып тұрады-мыс. Бұдан басқа да айтар уәждері бар.  

Ал, енді ет жейтін есі дұрыс кісілердің айтар дәлелдеріне құлақ түрейік. Ет жемейтіндер В12 витаминінің жетіспеушілігінен қатты зардап шегеді. В тобындағы дәрумендердің жетіспеушілігінен адамдар жүйке ауруларына көбірек шалдығатын көрінеді. Жасушалардың өсуінің тежелуі, қан айналымының нашарлауы В дәрумендерінің жетіспеуінен болады.

Вегетариандықтарда темір, кальций, цинк секілді дәрумендер тапшы. Ал, оларды басқа өсімдіктерден алу мүмкін емес екен. Сонымен қатар, рибофлавин жетіспейді. Рибофлавинді де жеміс-жидектен кездестіре алмайсыз. Еттен ғана кездестіреміз деп айтуға болады.

«Кәусар» сүресінің 2-аятында: «Раббыңа құлдық ет және құрбан шал (түйе сой)!» - делінеді. Жылда қасиетті Құрбан мерекесінде мұсылмандар шамасы жеткенше құрбандыққа мал шалады. Ол құрбандықтарынан өздері жейді, кедей-кепшікке, жақын туыстарына таратады. Осы мереке қарсаңында әлемде ең көп ет желінеді. Бұдан біз қандай пайда табамыз? Осы мезгілде құнарлы тамақтан сирек дәм тататын жарлы-жақыбайлардың бір іші майланып қалады. Хадистерден білетініміздей пақырларды тамақтандыру үлкен сауап болады. Адамдар құрбан шалу арқылы Раббысына жақындай түседі, тақуалықтары артады. Көріп тұрғандарыңыздай еті желінетін жануарларды құрбандыққа шалу арқылы Аллаға жақындайды дедік, ал, одан кейін шалынған малдың еті қайда кетпек? Әрине, оны ет пен сүйектен жаралған Алланың құлдары жейді. Демек, ет жеуден бізді Раббымыз тыймаған екен. Егер де етті тағамдар адам баласына зиян болатын болса, онда одан Алла Тағала бірден тыяр еді. Сонда вегетариандық болу қандай әурешілік екенін түсінбейсің.


Уақытша вегетариандық атану қалай болады?

Мұсылман баласы тамақтың адалын, тазасын жеуге тырысады. Күмәнді болған тамақты жемейді. Көшеде қанша жерден халал деп бақырайтып жазып қойса да, айтып тұрса да тақуа кісілер ондайларға сеніңкіремейді. Не етті өзі сойып немесе сойдырып жейді, не болмаса мүлде жемейді. Алыс сапарда жүрсе күмәнданған жерінен етті тағамдарды жеуден өзін уақытша тыяды.

Кезінде хазреті имам Ағзам Әбу Ханифа ауылында бір қой ұрланыпты деген хабарды естігеннен кейін 7 жылға дейін қой етін жемеген көрінеді. Уақытша вегетариандық атану деген осы болса керек. Ал, өмір бойы өзін еттен тыю деген сорақы нәрсе секілді. 

1 пікір
  • Салам Алейкум Абдусамат Касым ага! Осы такырыпта бир сурагым бар еди, оразанын турлери бар екен, солардын биреуи хайуаннан алынатын нарселерден тыйылу екен, мысалыга ет,сут,май тагы баскалары, жане ол ораза 40 кунге созылады екен ол ораза Риязат деп аталады деп естиген едим сол жонинде жазып берсениз! Алла сизден жане сиздин жакындарыныздан разы болгай!!!
    2 жыл бұрын