Ұнжырғаңыз түскенде көмектесетін Құрандағы үш оқиға
Ұнжырғаңыз түскенде көмектесетін Құрандағы үш оқиға
5 жыл бұрын 6300 islam.plus
Аударған Меруерт БАҚДӘУЛЕТҚЫЗЫ

Әрбір адамның жүзеге асырғысы келетін аңсаған асыл арманы бар, мәселен, кітап жазу, қызықты жоба жасау, отбасын құру және сонымен бірге  мансапқа қол жеткізу, тағысын тағылар. Адам баласы әрдайым марапат алуға әрі болашақ ұрпаққа пайдалы болатын құнды, маңызды нәрселерді қалдырғысы келеді. Бірақ үлкен мақсаттарға жету жолында үлкен ұмтылыс пен мақсатқа бағдарланған күш қажет. Бұл жолда ауру, басқалар тарапынан қиындықтар, сәтсіздіктер араласуы сөзсіз. Мұндай жағдайда адамның еңсесі түсіп, жаны жабырқап, өмірге деген  күресі мен қызығушылығын жоғалтып жатады. Осындай бұзылғыш, айнымалы сезімді адамды ынталандыруға соны серпін беріп, жан мен тәннің дәрісі болып табылатын Құранды оқи отыра жеңуге болады. Оны тек қана құрметпен, үмітпен және сақтықпен қабылдаған жөн. Бұл жерде Құрандағы  тағылымды үш оқиғаның қысқаша мазмұнын ұсынамыз.

1. Жақыптың (ғ.с.) оқиғасы

Жақып пайғамбарға өз балалары сатқындық жасады. Оны әдейі кіші ұлы Жүсіптен (ғ.с.) айырды. Дегенмен, ол ешқашан Алладан үмітін үзбей, ұлымен бірге болуды, оның оралуын армандады, бұл оның сөздері мен істерінен дәлелденді. Пайғамбар ұдайы Аллаға жалбарынды. (Жақып ғ.с.): “Мен күйзелісімді де күйінішімді де Аллаға ғана шағамын. Әрі Алладан сендер білмеген нәрсені білемін”,- деді (Құран, 12: 86).

Яғни, ол дұрыс білім мен тақуалықтан үміт еткен. Кейде оған шарасыздық пен қайғы-қасіреттен  жылауға тура келсе де, Жаратушыдан үміт етіп, алған жолы мен үмітінен бас тартпады. Алайда аталған азаптар тіпті оның Аллаға деген ақ үмітінен алыстатпады. Осы оқиға оның жұбанышы болып, алға қарай қадам басуына мәжбүр етті.

 Қорытынды: жүрегіңізді ашыңыз! Игі мақсаттарыңызға барар жолда өзіңіздің арманыңызды  орта жолда қалдырмаңыз, тіпті түрлі қиындықтарды, күшіңіз бен қызығушылығыңызды жоғалтқан сәттерде де үміттің асыл жібін үзбеңіз. Өзіңіздің әлсіздігіңіз бен дәрменсіздігіңізді Алла алдында мойындап, жәрдем сұраңыз. Алла алдында ойыңызды, жүрегіңізді ашып, қайта-қайта сұраудан жалықпаңыз, орындаңыз.

2. Жүніс пайғамбардың (ғ.с.) оқиғасы

"Балықтың иесі" деп аталған Жүніс пайғамбар өзінің халқын тура жолға шақырды. Өзін ренжіткен еліне ашуланып, оларды тура жолға шақырудан бас тартып, сол елден кетуге шешім қабылдады. Ол бұл бағытта кейінірек өзінің әлсіздік жасағанын түсінді. Жүніс (ғ.с.) қайғы-мұңға душар болып, артынан істеген әрекетіне өкінді. Пайғамбар мұны қалай жасады? Алайда өзінің қателігін мойындауға әрі оны түзетуге күші бар еді. Ол Алла Тағалаға бұрылып, одан көмек сұрады.

   "Жүністі есіңе ал. Сол уақытта ашуланып, кетіп қалды да біздің еш тарлық қылмауымызды ойлап, сонда қараңғылықтар ішінде (балықтың қарнында): “Сенен басқа ешбір тәңір жоқ. Пәксің!  Шын мәнінде, мен қателесушілерден болдым”-деп  жалбарынды. Тілегін қабыл етіп, оны қайғыдан құтқардық. Міне, иман келтіргендерді сөйтіп құтқарамыз"  (Құран, 21: 87-88).

Қорытынды: өз қателіктеріңізді мойындаңыз. Сіз қателіктер жіберген сайын уақыт өте келе төмендеп, рухани  құлдырай бересіз. Бірақ мақсаттарыңызды ұмытып кетпеңіз әрі ең бастысы - сіздің әрбір ісіңіз бен амалыңыз Жаратушының разылығына сәйкес болуы міндетті.

  Қайғы-қасіреттің тереңдігінде тұрғаныңызда, сіз Алладан ғана ең бірінші  жәрдем сұраңыз. Әрбір қадам басқан сайын одан көмек сұрап,  Алланы ұлықтаңыз әрі осы әрекетті жалғастыра беріңіз. Егер  оны балықтың ішегінде тұрғанда қалың қиындықтан ​​құтқарса, Жаратушы сізді кез келген жағдайда құтқара алады.

3. Аюбтың (ғ.с.) оқиғасы

Аюб (ғ.с.) ауыр сынақтарға ұшыраған: мүлкін, денсаулығын және отбасын жоғалтты. Егер сіз оның орнында болсаңыз, қайғы-қасіреттің қандай болатынын елестетіп көріңіз. Алайда Аюб пайғамбардың Алланың мейірімінен үміті үзілмей шыдамдылық танытып, Алланың шексіз мейіріміне әрі өзінің жағдайын жеңілдететініне сенді. Оның шыдамдылығы үшін марапатталған уақыт келді. Бір кездері Аюбтың (ғ.с.) жоғалтқандары, тіпті одан да артығымен өзіне қайтарылды.

Шайтан оған жаман ойлар туғызуға тырысты, ал оның әйелі - оның қасында қалған соңғы адам еді. Алайда Аюб пайғамбар әр уақытта сабырлық, шыдамдылық танытты. (Мұхаммед  (ғ.с.) құлымыз Аюбты (ғ.с.)  есіңе ал. Сол уақытта Раббына: “Рас мені шайтан бейнет және қинауға ұшыратты” деп жалбарынды (Құран, 38: 41).

Қорытынды: шыдамды болыңыз. Ауырсыну мен  ренжітулерді мойындаңыз, ақыр аяғында, сіз тек адамсыз. Бірақ ешқашан сабырлықты  жоғалтпаңыз! Кейбір кезеңдерде бәріне қолыңызды бір сілтеп, базынадан баз кешіп кетіп қалғыңыз келетіні шындық. Бәлкім, сіз өмірде жаныңызға жарақат аласыз  әрі бәрінен бас тартқыңыз келуі мүмкін. Жалғыз дәрі - бұл шыдамдылық, яғни барлығын көруші Алла сіздің жағдайыңызды жақсы біледі әрі ерте ме, кеш пе бәрін түзетеді, ретке келтіреді. 

Күнделікті жұмыс

Осы  оқиғаларға үңіліп, олардың мазмұны жайында ойланып, өміріңізбен салыстырыңыз. Сізге ерекше әсер қалдырған барлық нәрселерді жазыңыз, мысалы, Аллаға деген сөздеріңіз, орындалатын уәдені, шабыттандыратын сәтті немесе бақытты аяқталуды. Сіз, әрине, жеңілдікті сезініп, бойыңыз қуатқа толып, өзіңіздің мақсатыңызға қарай қарышты қадам жасағыңыз келеді. Баяндалған ескертпелер әрдайым сізбен болсын, бұл төңірегінде  үнемі ойланыңыз. Алайда оны Құран оқумен ауыстырмау керек. Ол бүкіл Құранға барар жолдағы соған бағыттайтын тыныс алуыңызға қажетті жолсерік болсын. 

 Өмірлік сынақ

Бұл өмір толық сынақтардан тұрады. Олар материалдық шығындармен, ұнжырғамыз түскенде, достар мен жақындардың сатқындығында және сананы жаулаған теріс ойлар арқылы көрініс табуы мүмкін. Мұның барлығы қалыпты жағдай.

Елестетіп көріңізші,  Жақып (ғ.с.) кенеттен ұлын жоғалтып алғанда, Жүніс (ғ.с.) терең теңіздегі балықтың ішіне тап болғанда, Аюб (ғ.с.) өзіне қымбат нәрселерін біртіндеп жоғалтқан кезде қандай күйде болды? Сіз осындай нәрсені бастан кешірсеңіз, не болатынын елестете аласыз ба?

Олар мұндай қиындықтан қалай шыға білді? Аллаға деген шынайы сенім,  тәуекел, Аллаға ризашылық сияқты рухани кемел  қасиеттерінің нәтижесінде олар Жаратушы алдында жоғары дәрежеге жетті. 

Ары қарай...

Кейбір кезеңдерде бойыңызда күш-қуатыңыз қалмай, мақсатыңыздың ешқайсысына қызығушылықты сезінбеген сәттерде ғұсыл құйынып, қолыңызға қасиетті Құранды алыңыз. Жақып, Жүніс және Аюб пайғамбарлардың қиссаларын қайтадан оқып шығыңыз әрі күнделікті қарапайым қадамдармен мақсатыңызға қарай қарыштаңыз. Ең бастысы, қателіктеріңізді мойындау, өзіне және жағдайға төзімді, шыдамды болу.

Аллаға әрдайым бет бұрып,  саналы, жүрекпен сезінген түрде дұға ету-сіздің жан дүниеңізге әрқашан шуақ түсіріп, өмірге, ізгілікке деген құлшынысыңызды арттырып, рухыңызға жеңілдік сыйлайтыны ақиқат. Өйткені, Ұлы Жаратушы сіздің алға жылжуыңызға күш-қуат береді, тілек пен үмітке серпін беріп, молынан сый береді.

 

0 пікір