Ұлының кегін қайтарған әке
Ұлының кегін қайтарған әке
2 жыл бұрын 1741

Созақ ауданы деп ауданымыз атын иеленген Созақ ауылы өзінің басқа ауыл әкімшіліктеріне қарағанда көнелігімен тарихи ерекшелігімен еленіп соның арқасында ауданымыздың айшықты атауын бауырына тығып жатқан тыныш ауыл. Сан ғасырлық қуғын-сүргін, шапқыншылық астан-кестен төңкерістер мен көтерілістерден қалжырап жатқандай, тым-тырыс күйде.

Созақ шаhарының тарихында есімі алтын әріппен жазылуға тиісті азаматтар туралы ой қозғап олардың елге сіңірген игі істерінен келешек ұрпаққа өнеге болар қырларын аша түсу біздің ұрпақтар сабақтастығына қосар үлесіміз болмақ.

Бұл кейіпкеріміз жергілікті қаламгер Есіркеп Өмірбековтің, Асқар Манабаевтың, Ескермес Жақсымбетовтің, Рахманберді Жаппарқұлдың, Құлтай Әміреев пен Тілеш Файзуллаевтың, Өтеш Қырғызбаев пен Сүлеймен Тәбріздің шығармаларында есімі қағазға түсіп ел аузында жүрген тұлға, батыр майдангер, Ұлы Отан соғысына қатысушы Тұрсын Төреханов туралы болмақ.

Тұрсын Төреханұлы

 

Тұрсын Төреханұлы – Ұлы отан соғысы басталғанға дейін Созақ даласындағы оқу-ағарту жұмысын жандандырумен қатар, халықтың әлеуметтік жағдайына араласып, кедей-кепшік, жетім-жесірге  қол ұшын беруді азаматтық парызым деп түсіне білген азамат болды.

Тілге шешендігі, қазақ ауыз әдебиетінен терең сусындап білген ол тек қана заман ықпалына сай саяси науқаншылыққа қана қатысып шектелмей сан салалы ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығында жетік меңгерген жан.

Октябрь Революциясынан (1914 жылы) бұрын дүниеге келген Тұрсынның бар арман мақсаты қараңғы қапаста қалған қазақ ұлтының көзін ашу көкірегін ояту болды. Мағжан, Сәкен, Бейімбет шығармаларын жата жастана оқып. Зұлымдығы басым заманға қарсы тұра білуге іштей дайындала бастады. Әкесі Төрехан Баймұратұлы орта шаруасы бар кісі болды да кейін 1928 жылғы кәмпескеден кейін шаруасы оңала бастайды. Елдегі саяси ахуал сәл оңалған 1927 жылы наурыз айында Тұрсын Ленин комсомолы қатарына өтеді. Оның сол қуанышты сәтіне дейінгі оқыған білімі, ел ішіндегі жаппай сауаттандыру мектебін тауысқаны ғана еді, соны сезген бала Тұрсын 1928 жылы Ленин атындағы жеті жылдық мектеп ашылғанда соның алғашқы шәкірттерінің бірі болады. Осы жеті жылдық біліммен Жартытөбе, Молотов, Қозмолдақ мектептерінде бастауыш мектеп мұғалімі болады да, 1932 жылы Тұрсын Төреханұлы арнайы жолдамамен Қостанай қаласындағы мұғалімдерді қайта даярлайтын курсты оқып келіп өзі түлеп ұшқан Ленин атындағы мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен дәріс береді. 1935-38 жылдар аралығында Жамбыл қаласындағы педучилищесін үздік бітіріп келгенде аудандық партия комитеті Ленин атындағы орта мектепке директор етіп жібереді.

1938 жылдан 1957 жылға дейн Ленин атындағы орта мектепті үзбей 19 жыл басқарады.

1931 жылдың қыркүйек айы мен 1932 жылдың сәуір айы аралығында Созақ ауылындағы “балалар үйінің меңгерушісі” болып жүргенде аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі Жұмабеков Ыбрахым сүйікті ұстазы, бірге қызметтес болған аса сыйлайтын адамы Уәлиев Зәйнішті жазықсыздан жазықсыз “ишанның баласысың” деп балағаттайды. Ұстазына тиіскеніне шыдай алмаған Тұрсын бөлмеде тұрған орындықпен оқу бөлімінің бастығын жіберіп ұрады. Содан артына шылбыр түсіп қуғындау басталады да, әкесі Төреханды Созақ көтерілісіне (Аллахудан) қатысқан деп сұраусыздан сұраусыз  саяси қуғындалуға ұшыратады. Содан жала жауып Қарағанды қаласындағы саяси тұтқындар лагеріне айдатып жібереді. Сонда ұстазы Зәйніш болашағынан көп үміт күтетін шәкіртінің жазықсыз жапа шеккеніне аяушылық білдіріп: “Шырағым Тұрсынжан үндемеген үйдей бәледен құтылады деген, менің нем кетті жазықсыз боқтады. Ұрысты бастаған өзі сол себепті күнәһар өзі болатын еді. Сен мен үшін қызметтен қалып, жеп отырған наныңнан қағылдың ғой” деген екен. Ұстазына күлімсірей қараған Тұрсын: “Зәйніш аға мен сіз сияқты қадірменді ұстазыма тіл тигізгенін көріп, біліп тұрып үнсіз қалсам менің шәкірттігім қайда, екіншіден менің де өз шәкірттерімнің білімді, әділ, талапшыл болуын қалай отырып, өзім сондай үлгі көрсетпесем нем ұстаз” деген екен. Содан қызметтен босап ауылға келген оны колхозшылардың жалпы жиналысы  әділдігі мен адамгершілігін бағалай отырып (продпомощь) аш-жалаңаштарға быламық таратуға бастық етіп сайлайды. Арада бес ай уақыт  өткенде әкесі Төрехан Қарағандыдан ақталып келеді де қайтадан балалар үйіне бастық болады. Талай тәрбиеленушілерді Түркістандағы балалар үйіне жіберіп, талай сәбилерді аштықтан арашалап қалады. Қиын шақта  Тұрсынның сөз жәрдемі мен қол жәрдемін көрген олар кейінге дейін  хат жазып хабарласып, ағалық парызын көрсеткен Тұрсын Төреханұлына шынайы сезімдерін білдіріп тұрды.

Сондай аштық тауқыметіне ұшыраған балалардың бірі Күмісті мен Көктөбенің арасындағы сүрлеу жолдың бойында аштықтан ажал құшқан анасының төсін еміп, жанында жылап отырған жас баланы тауып алған бір жолаушы оны Созақтағы Тұрсын басшылық ететін балалар үйіне әкеліп өткізеді. Тұрсын осы балаға Мәлібек деп есім қояды. Ол баланы өз атына жаздырып алып өз балаларынан кем көрмей қамқорлық танытып тәрбиелейді. Мәлібекті ержеткен соң Шымкент қаласындағы қорғасын зауыты жанындағы кешкі мектепке оқуға түсіреді. Осы мектепті үздік аяқтаған Мәлібек Төреханов Ұлы Отан соғысына өз еркімен аттанып, 1942 жылы қанды майданда ерлікпен қаза табады.

Мәлібек Төреханов

 

Артынан келген қаралы қағазда: «Құрметті Тұрсын Төреханұлы! Сіздің ұлыңыз Мәлібек Тұрсынұлы Төреханов неміс басқыншыларымен болған кезекті қанды шайқаста ерлікпен қаза тапты» деген тілдей хабар болады.

Тура осы жылы Тұрсын ұлы Мәлібектің кегін қайтару үшін өз еркімен майданға сұранып 1942-45 жылдары Румыния, Польша, Германия, Чехославакия елдерін азат етуге қатысып, “орта дәрежелі” контузия алады.

«За боевой заслуги»,  «За трудовой отличие», «Праганы азат етуге», «Ұлы Отан Соғысы 1941-1945 ж.ж.»,  «За доблестный труд» медальдарымен, Сондай-ақ  №5144 хирургический полевой подвиженый госпиталдің бастығы Рухедзаде Құрмет грамотасымен марапаттайды. Госпитальда партия ұйымының жетекшісі (парторг) болып жұмыс атқарады.

 

1935 жылы Қазақстан оқытушылар съезінің делегаты болып қатысады. Жамбыл педучилищесінің де комсомол ұйымының хатшысы болып қосымша қызмет атқарады. 4 рет құрмет грамотасымен, бірнеше рет бағалы сыйлықтармен  марапатталады.

Тұрсекең Созақ ауданының алғашқы ағартушылардың бірі. Ленин атындағы орта мектептің тұңғыш директоры. Аудандық партия Комитетінің бірнеше жыл пленум мүшесі. Аудандық советтің  депутаты Созақ селосындағы көп партия ұйымының хатшысы, облыстық соттың заседателі, Сайлау комиссиясының тұрақты председателі, селолық үгітшілер тобының жетекшісі болып өмірінің соңына дейін партия жұмыстарына белсене араласты.

Тұрсекең жастайынан таланты, өткір көпшілікпен тіл табыса білетін, қоғамшыл ерекше дарын, оратор ( шешен) кісі еді. Тұрсын көкеміздің жан жары Шырынкүл апамыз бұл күнде 96 жаста. Тыл ардагері. Созақ ауданы Қозмолдақ ауылында тұрады. Бағила, Зағипа, Сапура, Қонысбай, Сейітзада, Мағрипа, Нағима атты ұл-қыхдарынан немере, шөбере, шөпшек  сүйген ардақты әже.

Тұрсынханның жары 96 жастағы Шырынкүл әже

 

Ұлы отан соғысынан оралғаннан кейін 1945 жылы елге келгендегі суреті. Ортада қызы Бағиламен отырған Тұрсын көке. Бағила бұл күнде 70-тің үстінде.

 

Тұрсын көкемді РСФСР Оқу Министрлігінің инспекторы  соғыс алдын елге келгенде “Талантливый, молодой сельский учитель”-деп еңбегін айрықша бағалаған іс-құжат облыстық оқу бөлімінің мұрағатында сақтаулы екен. Міне менің нағашым осындай азамат болған деп мақтана аламын.

Мақсат Жеңісұлы,

Созақ ауданы 

0 пікір