Ұлы Жеңісті жақындатқандар: Оңлыбай Тоқбергенов жайында
Ұлы Жеңісті жақындатқандар: Оңлыбай Тоқбергенов жайында
9 жыл бұрын 3502
Мақсат Жеңісұлы
Тағдырлары тағылымға толы Оңлыбай Тоқбергенов 

Мыңжылқының баурайында бұйығы, тыныш жатқан Сарыжаз ауылын соғыс дүрбелеңі апалаң-топалаң етті. 1913 жылы осы ауылда өмірге келіп жастайынан жылқының жалында өскен Оңлыбай екі иығы қақпақтай, кең тынысты, көрікті жігіт болатын. Көкпар десе делебесі қозып ат айылын жиі тартар азамат еді. Оңлыбай қасиетті қарт Қаратаудың құзар шыңдарына шығып бір мезгіл аңшылық кәсіпті де қалыс қалдырмайтын. Құс салып қан сонарға шыққанды ұнататын. Лашын атты желмен жарысқан тазысын ертіп, жорғалығы су төккізбес «Жорғаторы» атты жан серігіне айналған тұлпарымен тау бөктерлеп кетіп, араға екі-үш күн салып оралатын.

Оңлыбай Тоқбергенов 

Енді міне көз көріп, құлақ естімеген өзге өңірге, соғыс өрті шарпыған майдан даласына бет алды. Өздерімен қатар Бақырлының, Сарыжаздың, Ақсүмбенің талай бірге көкпар тартысқан алпауыт жігіттері де бірге аттанды. Оның ішінде осы Сарыжаздан Беркінбайдың Асанбай, Арыстанбай, Керімбайы бар. Раңнан Тоққожаның Нұршорасы бар.

Тоқберген қарияның отбасын осы соғыстан бұрын да қанды қасап тағдыр айналып өтпеген еді. Кіндігінен тараған оңдыбай, Тілеуқабыл, Оңлыбай, Жолдыбай деген төрт ұлы, бір қызы бар еді. Жолдыбайы әйгілі Созақ көтерілісіне барып өзінің кеңестік саясаттың қыңыр жүйесіне қарсы екенін білдірмек ниетпен баяғы Қаратау бөктерінен аттанған 24 жігіттің біреу еді. Біреу білер, біреу білмес «Созақта Сұлтанбек хан теріскей өңірінен бастап сарбаз жинап, әскер жасақтап қызыл өкіметке қарсы соғысқа көтерілмекке әрекет етіп жатыр екен» деген суыт хабарды естігенде ауылдағы көзі ашық, көкірегі ояу, намысы мен ары ұшқын атқан 23 жігітке қосылып Тоқбергенің Жолдыбайы да атқа қонады. Бұл топ Ағалақтың сеңгіріне жақындап қалғанда Қызыл армияның көтерелісті басуға келе жатқан әскері қаруы сайма сай, екі жүз қаралы жазалаушы отряды суындық асуынан түсіп келе жатады. Олар дүрбімен қарап, Созаққа қарай бет алған жиырма шақты суыт жүріп бара жатқан бұларды байқап қалады. - Қоя тұрыңдар. Созаққа қарай жақындай түссін!  Қазір бізді көріп қойса кері қарай қашып кетуі мүмкін. Бәрін ту сыртынан қаршап алып жермен жексен етеміз,-деген жазалаушы отряд командирі тау бөктерін паналап сыртынан бақылайды.

- Созаққа қарай өтті. Енді кері қашуына жол бермеспіз! - деген жазалаушы отряд бір сағаттан аса уақытта 24 жігітті түгелдей қоршауға алады. Олардың қолдарындағы бар қару жарақтарын, сойыл-шоқпарларын түгел сыпырып алып, тастақты жерге әкеліп түгелімен жусатып қырып салады. Тіріліп кетердей бір адамның өзіне бірнеше мәрте оқ атып, бірнеше уақыттан кейін сүйектерін ит-құсқа қалдырып Созаққа бет алады. Осы топтың ішінде Оңлыбайдың бауыры Жолдыбай да мәңгілікке көз жұмады.

Осындай қилы тағдырдың кермек дәмін татқан отбасында  Оңлыбай сол кеткеннен Ұлы майдан даласынан оралмайды. Біз іздестіру жұмысын тоқтатқанымыз жоқ. Жақында интернеттегі Ұлы Отан соғысындағы қаза тапқан боздақтар тізімін қарап отырсам «Т» әрпінің ішінде тізім бойынша екі жерде Тоқбергенов Онлыбайдың есімі жүр. Алғашқы  №18490-шы  қатарда тұрған ФИО Токбергенов Онлыбай, дата рождения 1913 г.р, место рождения - Казахская ССР, Южно-Казахстанская обл, Сузакский район. Дата и место призыва - 30.06.1942 Сузакский РВК, причина выбытия -пропал без вести, звание - рядовой,  дата выбытия - 08.1942 г.» делінсе, тізім бойынша «№18491-шы  тұрған Токбергенов Онлыбай да тура осындай  «дата рождения - 1913 г.р, место рождения - Казахская ССР, Южно-Казахстанская обл, Сузакский район. Дата и место призыва-28.03.1942 Сузакский РВК, причина выбытия - пропал без вести, звание - рядовой,  дата выбытия - 02.1943 г делінген.

Жоғарыда бір ауылдан аттанған Беркінбаев Арыстанбай 1897 жылы сарыжаз ауылында дүниеге келген. Қатардағы жауынгер. Созақ аудандық әскери комиссариатынан 1942 жылы 16 қазан күні аттанған. 1945 жылы ақпан айында хабар-ошарсыз кеткен екен. Бұл боздақтың да аты жөні хабар- ошарсыз кеткендердің ішінде тұр. Осы жерде көзі тірі кісілердің бір әңгімесінен естігенім бар. Беркінбайдың үйінен Арыстанбай, Асанбай, Керімбай есімді  үш азаматы майданға аттанады. Арада жыл өте Сәулебай есімді осы үйдің кенжесі де шақырылады. Сол кезде артында көзі тірі бауыры қалмайтын болды деп уайымдаған Сәулебайдың әйелі күйеуінің орнына «денсаулығы жарамайды» деп Отан соғысына өзі сұранып кеткен. Сөйтіп кейін Сәулебайға Арыстанбайдың әйелін қосқан екен. Сол әйелдің аты жөнін анықтау мүмкін болмай отыр. Бұл да алдағы уақыттың еншісінде. Бір әулеттің үрім бұтағы ұрпақсыз, жетім қалатын болды деп жарының орнына өзі аттанған біздің қайран аналар-ай!

Ұрыс даласында қаза тапқан жауынгерлерді 2010 жылдың 20 мамырынан бері іздестіріп келеміз. Аталған азаматтар жөнінде 2010 жылы  аудандық «Молшылық» газетінің №46-47 санында жариялаған болатынмын. Онда Тоқбергенов Оңлыбай 1924 жылы туылған деп жазылған еді. Қазір нақты туған жылын, қай жылы шақырылғанын, қай жылы опат болғанын біліп отырмыз. Бұл да жаман емес. Ендігі міндет батырдың жамбасы тиіп, жатқан жерін анықтау. Соған жұмыс жасаудамыз. Бүгінде асыл азаматтың туыстас ағайындары, өзі соғысқа кеткенде артында қалған баласы Бәйгебай (1939 жылы туылған) мен Тәштайдың (анасының құрсағында қалған) балалары аталары Оңлыбайдың рухына бағыштап ауыл-аймағына ас бермек ниетте қамданып жатыр. Батырдың рухы асқақ, алды пейіш, арты кеніш болсын!

1 пікір