Түсті кімге айту керек?
Түсті кімге айту керек?
6 жыл бұрын 9151 muftyat.kz www.masrawy.com

Әбу Саид Алла елшісінің (с.а.у.) шынайы түстердің таңға жуық уақытта енетінін айтқанын жеткізген. (Тирмизи)

Ибн Хажар әл-Асқалани: «Таңға жуық уақытта көрген түс жорылған сәтте орын алады»- деп жазады. Сонымен бірге, бұл жерде ер мен әйел адамның түсінде айырмашылық болмайтынын көрсеткен. (Фатх, 12\390).

Әбу Һурайра Пайғамбарымыздың (с.а.у.): 

«Тек шындықты сөйлейтін адамның түсі де шынайы болады»,- деп айтқанын жеткізеді.  (Ибн Мәжә)

Әбу Разин Алла елшісінің (с.а.у.): «Түс жорылғанға дейін аспан мен жердің ортасында қалқып тұрады. Қалай жорылса, солай жерге түседі. Сондықтан да, түстеріңді жақсы көретін адамдарыңа ғана айтыңдар»,- дегенін жеткізген. (Тирмизи)

Бұл жерден көрген түсті өзіңізді ұнатпайтын немесе қастық ойлайтын адамдарға айтудың қажеті жоқ екенін аңғарамыз.

Әбу Һурайра Алла елшісінің (с.а.у.): 

«Түстеріңді ғалым адамға немесе сізге тек жақсылық тілейтін адамнан басқаға айтпаңдар»,- деп айтқанын жеткізеді.  (Шамаил Кубра)

Сондықтан да көрген түсіңізді барлық адамдарға айта беруге болмайды. Түсті жори алатын әрі тақуалығымен танымал болған ғалымдарға айтқан жөн. Егер түс жаманшылықа қарай жорылатын болса, онда түс көрген адам сол жамандыққа ұшырауы мүмкін. (Фатх, 12\369)

Түс жору – өте нәзік ғылым, ол үлкен тақуалық пен ақылды, сонымен қатар, ардақты пайғамбарымыздың (с.а.у.), сахабалардың түс жору ілімінен хабары бар болуды талап етеді.

Жоғарыдағы айтылғандардан түс жорудың нақты әрі қатып қалған қағидасы жоқ екенін аңғаруға болады. Ал түс қалай жорылса, солай орындалады, сондықтан да кейбір қарапайым адамдар айналасындағы орын алып жатқан жайттарды түсімен байланыстыра береді, ал мұның пайдасынан зияны көп.  

Егер түс жори алатын адамды нақты білетін болса, оған барып түсін жорыта алады, алайда танымайтын адамға барып жорыту өте қауіпті.

 

0 пікір