Тұрмысқа шыққысы келетін қыздарға кеңес
Тұрмысқа шыққысы келетін қыздарға кеңес
5 жыл бұрын 5955
Хадиша ЕРМЕКҚЫЗЫ

 Әрбір адамның неке туралы ойлап, дайындала бастайтын уақыты келеді деп ойлаймын. Менің де сол уақытым жеткен еді. Іштей өзіме қандай жар керек екені туралы ойлай бастадым. Қандай жар керек екенін шешу оңай, тек оны табу қиын еді. 

Болашақ жарым тақуа, Құран жаттаған қари болса, Ислами ілімі жоғары, мінезі көркем болса, ата-енем де намазхан адамдар болса, осылай-осылай жалғаса береді...

Жұмыстан, күнделікті көптеген ер адамдармен автобустарда бір болудан, пәтерақы тағы-тағы дүнияуи нәрселерден қатты жалығып кеттім. Сондықтан  махрамсыз көшеде жүруге рұқсат бермейтін, жұмыс жасатпай, тек қана ілім алып үйде бала тәрбиесімен айналысып отырасың дейтін адамды Алладан тіледім. Тәхажудтерімде дұға етіп, періштелер қанатын аяғымның астына жайғанда тілеген дұғамды Алла қабыл етіп қалар деп медресеге әдейі жаяу баратын едім. 

Шынымды айтсам мен тілеуін тіледім, бірақ осы қасиеттердің барлығы болмаса да кейбірі болса деп шын үміттендім. «Нәбә» сүресінің:

وَخَلَقْنَاكُمْ أَزْوَاجًا «Сіздерді жұп-жұп етіп жараттық» деген мағынадағы және «Мүминун» сүресінің:
                                                                           
وَقَالَ رَبُّكُمْ ادْعُونِي أَسْتَجِبْ لَكُمْ إِنَّ الَّذِينَ يَسْتَكْبِرُونَ عَنْ عِبَادَتِي سَيَدْخُلُونَ جَهَنَّمَ دَاخِرِينَ

«Сұраңдар жауап беремін!» деген аяттарын оқып, жылап кейде тек іштей қуанып үмітім ақталатынына шын сендім. Себебі мен барлығына күш-құдіреті жететін, Әлемдердің Раббысынан сұрап жүрмін ғой.                   

Осы кезде түйгенім негізі әйелдің нәзік табиғаты базарда сауда жасауға, көлікте азаннан кешке дейін айқайлап кондуктор болуға, бөтен ер кісілермен араласып өмір сүруге емес, керісінше күйеуіне қызмет етіп, мұсылман үмметін көбейтіп, балаларыңа жақсы тәрбие беріп үйде отыруға арналған екенін түсіндім.

Күндер өте берді мен әлі дұғадамын. Бір күні таныс отбасы некеге ниетті бір кісімен таныстырды, сол күннен бастап истихараны үзбей 7 күн оқып, түс көрдім. Түсімде бір іс көрдім. Болашақ жарыммен бір үлкен қарт атаға қамқорлық жасап, екі жағынан сүйеп жүргізіп келе жатқанымызды көрдім. Ешқандай сезім болмады, бірақ Алланың разылығы үшін ғана келісіп, неке қидым. Сезімді де, отбасылық бақытты да, сүп-сүйкімді перзентті де жалпы әйел бақытына керек нәрсенің барлығын берді, Раббым Алла! Әлһамдулиллаһ!

Ең бастысын айтайын ба?! Түннің соңғы үштен бірінде жасаған дұғалар шын мәнінде қайтарылмайды екен. Жолдасым - қари, шариғи ілімі бар, көркем мінезді, махрамсыз мені ешқайда жібермейтін, әйел адамның үйде отырып бала тәрбиесімен айналысқанын дұрыс көретін кісі екен. Некелесіп жаңа отбасы бола бастағанда Аллам маған осындай адамды қай жақсылығыма қарап бердің деп қатты таң қалдым. Бірақ бұл менің жақсылығымнан емес, бұл Алланың уәдесі және кеңшілігі.             

Некеге ниет еткендерге айтатыным, ең бастысы, әрине, ниет. Некеге Алла үшін деп ғана тәуекел етіңіздер. Жарың жақсы болса – ЖӘННАТЫҢ! Ал, жәннатта тәрбиеленген ұрпақ салиқалы, тақуалардың тақуасы болуы әбден мүмкін. Екінші, истихара яғни Алламен кеңесіп алыңыз. Үшінші, қандай екенін танып алайын деп ұзақ уақыт сөйлеспеген дұрыс. Ең бастысы иманды, намазына ықтиятты, тақуалықты ұстанатынын достары арқылы сұрастырып алыңыз. Төртінші, үйі жоқ, жалақысы аз, көлігі жоқ деген нәрселерге мән бермеңіз. Ризық Алладан! Егер мән берсеңіз, онда тәуекел дүниеге болуы мүмкін т.с.с.

Мен әр мұсылманның өзім сияқты бақытты болғанын тілеймін, сондықтан басымнан өткен осы оқиғаны жаздым. Жақсы жар тауып, дүниеде де, ақыретте де бақытты болуға бірге атсалысуларыңызды тілеймін! Әмин!
 
ЕСКЕРТУ: Бұл жерде мен тек өз пікірімді жаздым. Жазғандағы мақсатым, міндетті түрде қариға шығу немесе үйде отыруды үгіттеу емес,  бұл менің өз арманым болған. Егер сізге отбасы мен жұмысты алып жүру ұнаса, Раббымыздан солай тілеңіз. Қари болуы шарт емес, Алладан қай деңгейде қорқуы маңызды.

1 пікір