Теңізді толқындатқан алып кемелер
Теңізді толқындатқан алып кемелер
2 жыл бұрын 2061 aikyn.kz
Қайыржан Төрежан

Нұқ пайғамбардың заманынан бастап бүгінгі күнге дейін адамзат теңіздің дүлей күшін, түпсіз тұңғиықтарды бағындыру үшін кеменің неше түрін жасады. Алайда адамдар алдымен соғыс кемелерінің ірі, жүрдек, қуатты және шыдамды болуына қатты көңіл бөлді. 

Нейтралды суларда кімнің кемесіндегі қару күшті, сол билігін жүргізеді. Сондықтан әлемдік мұхиттарды ерсілі-қарсылы кезіп жүрген мыңдаған кемелердің ішіндегі ең ірісі, ең айбаттысы әскери авиатасығыштар болуы заңды. Бұлар – ұшы-қиыры жоқ әлемдік суларда әмірін жүргізетін нағыз теңіз тәңірі. Ұзындығы 300 метрден асатын заманауи авиатасығыштар жауынгерлік жорыққа шыққанда бортына 20-дан 70-ке дейін – жойғыш, шабуылдаушы, әуеде жанармай құятын, барлаушы, қашықтан радилокациялық бақылау жүргізетін, сүңгуір қайықтарға қарсы қолданылатын ұшақтарды және он шақты әртүрлі мақсатқа пайдаланатын тікұшақты алып жүруге мүмкіндігі бар. Алып кеменің теңізде атқаратын негізгі міндеттері – теңіз құрамаларын әуе шабуылдарынан қорғау, жағалау маңындағы құрлықтағы әскерлерге әуеден қолдау көрсету, жаудың әуе қорғанысы күштерін жою, белгіленген ауданның аспан кеңістігінде үстемдік жасау, жаудың әскери кемелерін жою.

Бүгінгі күні әлемнің он елінде ғана авиатасығыштар бар. Өйт­кені қандай бай мемлекет бол­масын, оны жасау да, жүргізу де өте қымбатқа түседі. Қазіргі кезде ядролық қозғалтқышпен жүретін бір ғана авиатасығышты жасау үшін 4-6 миллиард АҚШ доллары жұмсалады. Алып кемеге ай сайын кететін шығын, ондағы ша­мамен 3-5 мың әскери қызмет­шіге төленетін жалақыдан тыс, 10 млн. долларды құрайды. Авиа­тасығыштарды жасау бойынша АҚШ қашанда алда келеді. Қазіргі кезде «Джеральд Форд» жоба­сындағы үш авиатасығышты жа­сап жатыр. Ұлыбритания зама­науи екі кеме жасауда, HMS Queen Elizabeth сериялы бас корабль жыл аяғына дейін суға түсірілмек. Үндістан мен Қытай да жасап жатыр. Ресей де сыйым­дылығы 50 мың тонналық атом авиатасығыштарын жасауды жоспарлап отыр. 

Алайда миллиардтаған қар­жыға жасалатын авиатасығыштар өзін-өзі көбінесе ақтамайды. Өзінің теңіздегі әскери қызметін не­месе техникалық ресурсын аяқ­таған соң, олар металл сынығы ретінде арзан бағаға сатылады немесе басқа мақсатқа пайдала­ны­лады. Мысалы, АҚШ-тың «Хорнет» авиатасығышы Аламида қаласында, 2004 жылы «Дала бораны» операциясына қатысқан «Мидуэй» кемесі Сан-Диего қаласында теңіз авиациясы музейі болып тұр. Сондықтан Ресей құны қымбат, шығыны көп авиатасығыштардан гөрі сүңгуір қайыққа көбірек көңіл бөліп отырған сияқты.

КСРО әскери теңізшілері ара­сында тозығы жетіп, әрең жүретін ескі кемелерге қатысты «инеге өткізу керек» дейтін әзіл сөз болатын. Әзіл болғанмен, оның астарында шындық жатыр. Сексенінші жылдарда Камчат­кадағы Авача шығанағына кір­генде оң жақ қалтарыста істен шыққан көптеген ескі кемелер қаңтарылып, су бетінде қалқып тұратын. Кейбіреулерін буксир­мен сүйреп бір жаққа әкетіп жа­тады. «Жапонияда қазба байлық­тар жоқ, мына темірді бізден са­тып алады да, ине жасап өзімізге қайта сатады» дейтін командирі­міз. Бүкіл корабльдің темірін инеге айналдырмаса да, қазір дүние жүзіне таралған жапондық көліктер осы кемелердің темірі­нен жасалып жатқан шығар деген ой келеді. Сол тұста Кеңес Одағы жоғарғы технологиялық қару­лар­ды Оңтүстік-Азия елдеріне темір сынықтарының бағасымен арзан­ға жөнелтіп жатты. 

Қазір Ресей Федерациясының әскери-теңіз флотында КСРО-дан қалған Тбилиси (қазір «Адми­рал Кузнецов» деп аталады) ауыр авиатасығыштар крейсері (ТАКР – тяжелый авианесущий крейсер) ғана қалды. Біз көрген бес палу­балық «Минск», «Киев» авиата­сы­ғыштары «инеге» сатылды не­месе музей болып кетті. Ең бі­рінші 1992 жылы, КСРО ыдыра­ғаннан кейінгі экономикалық ауыртпалық кезде «Ульяновск» авиатасығышы стапельде бөл­шектеніп, тарап кетті. 

«Киев» авиатасығышын 1996 жылы қытайлар сатып алды. 2011 жылдан бері Қытайдың Тянь­цзинь қаласындағы қонақүйге айналған. Қытайлар оған 15 млн. доллар бөліп, қалталы қонақтар жайғасатын президенттік клас­тағы 148 номер жасапты. Матрос­тардың каюталары қарапайым қонақтарға арналған. «Минск» ТАКР алғашында 1995 жылы Оңтүстік Кореяға металл ретінде сатылған, қазір оны да қытайлар сатып алып, Шеньчжень қала­сында «Минск әлемі» деген аттрак­цион жасап қойыпты. «Новороссийск» авиатасығышы 1994 жылы Оңтүстік Кореяның «Янг Дистрибьюшн Компани» фирмасына 4,314 млн долларға сатылған. 1996 жылы Пусан пор­тында бөлшектеніп, темірі «ине жасауға» жіберілген. 

«Баку» авиатасығышы КСРО тарағаннан кейін «Адмирал Горш­ков» деп аталды. Одан кейін оны қайта жөндеуден өткізіп Ресей Үндістанға сатып жіберді. Қазір ол «Викрамадитья» деген атпен Үнді мұхитында жорықта жүр. Орыс теңізшілерінің рухын көтеретін «Врагу не сдается наш гордый «Варяг» деп басталатын ән-ұранға арқау болған (І дүние­жүзілік соғыс кезінде Цусима орыс-жапон шайқасында «Варяг» крейсерінің экипажы жау қолына түспес үшін өз эскадрасындағы кемені зеңбірекпен атып суға батырады, «Варягты» да жарады) «Варяг» авиатасығышын (суретте) 1998 жылы қытайдың Chong Lot Travel Agency Ltd компаниясы казиносы бар ойын-сауық орталығын жасау үшін 20 млн долларға сатып алған. Қазір ҚХР әскери-теңіз флотында «Ляонин» деген атпен қызмет етіп жүр. 

АҚШ ІІ дүниежүзілік со­ғыстан бастап бүгінге дейін әр­түрлі қарулы қақтығыстарда (Вьетнам, Ирак, Ауғанстан, Ко­сово) авиатасығыштарды пай­да­ланды. Тіпті Украинадағы соңғы президент сайлауы қарсаңында авиатасығыш Босфор арқылы Қара теңізге келді. Ұлыбритания әскери-теңіз күштері Фолкленд аралдары үшін соғыста, НАТО-ның Югославияға қарсы жоры­ғында авиатасығыштарын шығар­ды. АҚШ ең алғашқы ядролық авиатасығышын 1961 жылы суға түсірді. Ұзындығы 342.3 метр «Энтерпрайз» сол кезде әлемдегі ең үлкен әскери кеме болды. 

КСРО авиатасығыштың ал­ғашқы жобасын 1943 жылы жа­саған екен. Әскери-теңіз фло­тының бас қолбасшысы адмирал Н.Г.Кузнецов 1955 жылы кеткеннен кейін жаңа басшы С.Г.Горшков жобаны жауып тастаған. Брежневтің тұсындағы Қорғаныс министрі А.А.Гречко 1967 жылы  авиатасығыш жасауды қайта қолға алады. Нәтижесінде «Минск», «Киев», «Новорос­сийск» жасалды. 

Қазіргі Ресей флотының флаг­маны «Совет одағы флотының адмиралы Кузнецов» авиата­сығышы 1985 жылы суға түсіріліп, 1991 флоттың қарамағына қа­былданды. Алғашында Бас хатшы қайтыс болғаннан кейін «Леонид Брежнев» деп аталды. 1987 жылы «Тбилиси» деген ат берілді. Содан кейін «Адмирал Кузнецов» деген атқа ие болды. 1989 жылы 1 қарашада қазіргі космонавт, сол кездегі ұшқыш сынақшы Тоқтар Әубәкіров Миг-29К жойғыш ұшағымен осы авиатасығыштың палубасынан әуеге көтеріліп, ұшақты да авиатасығышты да алғашқы сынақтан өткізді. Крейсер 1990 жылы мемлекеттік сынақтан өтті.

 

«Совет одағы флотының адми­ралы Кузнецов» авиата­сығышы шын мәнінде өте алып кеме. Оның ұзындығы – 305,0 метр, ені – 72 метр, су астындағы бөлігі – 10 метр, толық сыйым­дылығы 55-58,6 мың тонна, бу турбинасы – 50 мың аттың күші, қазандығы – 8, винт – 4, жүзу қа­шықтығы – 29 узел жылдамдықпен 3850 миль, ал 18 узел жылдам­дықпен 8000 миль, автономды жүру – 45 күн. Дәл қазір оның бортында 20 ұшақ және 17 тікұшақ қонақтап отыр. Бұ­лардан басқа да бес қаруы бойында: 12 × ПКРК 4К80 «Гра­нит», 24 × ПУ ЗРК (зениттік-ракеталық кешен) «Кин­жал» (192 ракета), 8 × ЗРАК 3М87 «Кортик» (256 ракета), 2 × РБУ-12000 «Удав» (60 тереңде жарылатын бомба) атыс қондыр­ғыларымен жарақ­танған. Экипаж – 1960 адам, авиаторлар – 626 адам, басшылық құрам – 55 адам. Ресей Федера­циясының ең мық­ты кемесі Мур­манск облысындағы Видяево портына тіркелген.  2000 жылы иамызда К-141 «Курск» атом сүң­гуір қайығы апатқа ұшы­рағанда оның қасында «Адмирал Кузне­цов» жүрді.

0 пікір