Тазалық сақта, өмірің ұзарады
Тазалық сақта, өмірің ұзарады
2 жыл бұрын 2455

Батыстықтар дәрет, ғұсыл, тазалану, тырнақтарды алу, мұртты басу, т.б. осы секілді тазалықтардың сырын көп уақыт біле алмады. Тіпті Испаниядағы инквизиция соты ғұсыл құйынған, сумен тазаланған, я болмаса дәрет алған адамдарды көрсе болды өлім жазасына кесуге дейін барған. Алайда ғылымда микробтың табылуы зерттеу мен ізденіс әлемін еріксіз таңғалдырып, Ислам дінінің тағы бір терең сырын ашып берді.

Хазіреті Пайғамбарымыз (с.а.у.) келгелі бері Ислам діні үздіксіз дене тазалығына қатты көңіл бөлді. Ал микроб табылмай тұрып ешкім де неліктен тазалықты мұқият сақтаудың, тазалықтың неге парыз екендігін, оған көңіл бөлмеген адамның қалайша Аллаһтың азабына душар болатындығын түсіне алмаған еді. Тек дәрігерлік пен сақтандыру мәліметтерінің дамуының арқасында ғана ғылымдағы кейбір жасырын шындықтарды түсіне бастадық. Ислам дінінің тазалық турасындағы үкімдері мұсылман еместер бағамдайтындай ауа райынан я болмаса Хижаз қалаларының аптап ыстығынан емес керісінше «Хадид» сүресінде айтылған: «Жерге кіргенді де, жерден шыққанды да, көктен түскенді де, көкке көтерілгенді де білетін»бір ғана Ұлы Жаратушының сырға толы әмірі екендігін білдік.    

Ислам діні аяқ-қолды, ауызды, мұрынды шаюды, бас пен құлақтарды сулап сипау керектігін бұйырады. Бұған қоса, кейде уәжіп, кейде сүннет ретінде денені тұтастай жууды да талап етеді. Тістерді ысқылауды, тілдің кермегін кетіру үшін мисуак пайдалануды, сондай-ақ ауызды шайып отыруды насихаттайды. Мисуак – әдемі иісті ағаш.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) шаш күтіміне көп көңіл бөліп, оны жуып, тарап, май жағу керектігін ескертетін. Өзі де күнара осыны істейтін. Сапарға шыққанда қашанда өзімен бірге айна-тарағын, иіс суын үзбей алып жүретін. Ақиық Пайғамбар (с.а.у.): «Кімнің шашы бар болса, оны құрметтесін, яғни таза ұстасын», - деп бұйырған еді. 

Бүгінгі таңда не нәрседе болса да микроб кездеседі. Айталық, қарым-қатынас кезінде, қол алысуда, ішіп-жегенде, қолмен тағам әзірлегенде, көзді, құлақты уқалағанда, бір нәрсені сүрткенде де әйтеуір бәрінде ең бірінші болып қол жүреді. Осы себепті денсаулықты сақтау мамандары ең көп микроб жүретін мүшенің қол екенін айтуда. Қолдағы кейбір жараларға микроб араласқан жағдайда ол қанға өтіп, оның соңы қала берді қабынуға, тіпті адам өміріне қауіп төндіретін қатерлі ауруларға дейін себеп болып жатады. Осы тұрғыдан алғанда қазіргі дамыған медицина ұстанымдарымен қол тазалығын ретті қадағалайтын Ислам дінінің әмірлері бір-бірімен сәйкес келуде.

Қолды жуып барып ауызды жуу, пайдаланылатын судың тазалығы, иісі мен дәмінің өзгермеуі керектігінің сыры осылайша енді белгілі болғандай.

Ауызға келер болсақ, ол түкірік бездерін, тісті және тілді қамтиды. Тамақты шайнау алғашқы ас қорыту болып табылады. Ал ауыздағы микробтар дәл осы кезде тамақпен яки түкірікпен асқазанға түсіп, сол жердің қызметін бұзады. Бұған қоса, түкірікпен асқазанға жету арқылы ас қорыту жүйесіне зақым келтіретін микробтар санын арттыра түседі. Осы орайда дәрігерлер асқазаны ауырған науқастарға ылғи да ауыз тазалығы мен тіс күтімін қадағалау керектігін, тіс тазалығына енжар қараудың аса қауіпті екенін жалықпай айтуда. Ислам діні болса ауырмай тұрып аурудың алдын алуға шақырып, әр тамақтан кейін ауыз шаюды, тістердің арасын тазалап үстін мисуакпен ысқылауды әлдеқашан ескерткен.

Әр дәрет алған уақытта қолданылған мисуактың зиянды микробтарды жоятындығын меңзеген Пайғамбарымыз (с.а.с.) бір хадисінде: «Үмметім қиналады-ау демесем, әр намаз сайын мисуак қолдануын бұйырар едім» деген. Бұл тұстағы бұйрығы парыз есебінде болмақ еді.

Сумен ауызды шаю, саусақпен я болмаса мисуакпен тістерді ысқылау ауызды иістенген тамақ қалдықтарынан арылтумен қатар түкірік бездерін, капилляр тамырларды және қан тамырларын күшейтеді. 

Мұрын - иіскеу мен тыныстау үшін жаратылған мүше. Ауадағы шаң-тозаң, топырақ, паразиттік микробтар бәрі де осы мүше арқылы адам ағзасына енеді. Аллаһ Тағаланың құдіреті сол, адамды осындай зиянды микробтардан қорғап, олардың өкпеге я болмаса қан тамырларының біріне енуіне жол бермейтін мұрынның ішкі қуысына арнайы түктер жаратқан. Мұрынға кірген ұсақ микробтар микроскоп арқылы зерттелгенде барып бұл ғылыми шындықтың беті ашылды. Жұрт сонда ғана Ислам діні бұйырған  мұрынды сумен шаюдың астарындағы сырды ұқты. Мұрындағы зиянды микробтар өкпеге өте алмаған жағдайда мұрынның ішінде қалып қояды. Уақыт өте келе ол микробтар мұрынның ішкі қабатының сұйықтығымен ішке ене бастайды. Сол себепті ондай қолайсыздықтан құтылып әрі микробтың адам ағзасына өтпеуі үшін ауызды жумай тұрып әуелі мұрынға су жүгіртіп жақсылап сіңбіру өте пайдалы. Микробтардан тұтастай арыла ауыз бен мұрынды шайғанда суды толықтай кеңсірікке дейін ішке тарту керектігі Пайғамбарымыздың (с.а.с.) бұйрығына жатады. Бұндай сумен мейлінше жақсылап шаю әрекеті ғұсылмен қоса әр дәрет кезінде үздіксіз қайталанып отырады. 

Әр дәрет пен ғұсыл кезінде беттің жуылуына келсек, бұның да көптеген пайдасы бар екенін көреміз. Бетті қолмен сипай жуу теріні күшейтеді, бас ауруы мен шаршағандықты басады. Қан тамырларының жұмысын арттырып, бәсең қанның қарқынын үдетіп, реттеуге көмектеседі. Шыққан термен қоса беттің майда тесіктерінде жинақталған сұйықтықтарды кетіріп, терінің тыныс алуына жағдай жасайды. Бұл болса тер бездерінің міндетіне анағұрлым оң ықпал етеді. Сол сәт дене серпіліп, рахат күй кешеді. Сақтандыру медицинасы төңірегінде шыққан соңғы еңбектерде бетті жууға, беттегі барлық мүшелердің, әсіресе, көз тазалығына қатты көңіл бөлу керектігі айтылуда.

Дәрет алу кезінде басты сулап сипау, мәсіх тартудың да өзіндік пайдасы бар. Мидың ойдан шаршап, қажитын кезі болады. Басты сумен сулап сипау миды қан қысымына ұшырап, әлсіреуден сақтайды әрі оны тынықтырып, жұмыс істеуін күшейтеді.

Құлақтардың іші-сыртын, қуыс-қуысын, мойынның екі жағын сулы қолмен сипау терідегі кірді кетірумен қатар тұмауға шалдығудан сақтайды. Оған қоса, миға баратын жүйке мен тамырларға бұл мәсхтің яғни сулап сипаудың пайдасы зор.   

Аяқтардың жуылуы ең бірінші тазалық үшін қажет. Аяқ башпайларының арасындағы тері жуылмаған жағдайда түрліше қабыну ауруларын қабылдауға бейім келеді. Ғылыми зерттеулер бойынша аяқ терісінің құрыспа, сіреспе микробтарын тез қабылдағыш екендігі анықталған. Сол үшін әсіресе әскери өмірде аяқтардың жуылып тұруы денсаулық үшін атқарылатын ең тиімді шара болып табылады.

Ислам діні әр намаз сайын дәреті бұзылған жағдайда қайтара дәрет алуды, ал егер дәреті бар болса, оны жаңалауды мұстахаб яғни ұнамды іс деп қабылдаған. Шарттары қажет еткен жағдайда ғұсылды да парыз ретінде бұйырған. Оған қоса, жұма күні, діни мереке күндері де жуынуды сүннет ретінде бекіткен. Ислам діні дәрет секілді ғұсылдың да жиі-жиі алынуын бұйырмаған. Өйткені ғұсылдың күн сайын жиі-жиі алынуы қиынға соғады. Оның үстіне ғұсыл кезінде жуылатын адамның дене мүшелері әрқашан киіммен жабық жүретіндіктен, олар дәрет алынатын мүшелер кездесетін жағдаяттарға тап бола бермейді.

Саулық шарттарына сай алынған ғұсылдың пайдасы көп. Денені кірден тазартады, теріні жұмсартады, жүйкенің шаршағандығын басады, ұйқыны келтіреді, дене мен миды босаңсудан арылтады, тер шығаратын бездерді жұмыс істетеді. Сол себепті ол медицинада да жоғары бағаланады.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) сахабалардан Әбу Дардаға: «Тазалықты мұқият сақта! Өмірің ұзарады» деген. Міне, хазіреті Пайғамбар айтқан сөздің астары медицина дамыған бүгінгі таңда ғана белгілі болды. Өйткені медицинада да шарттарына сай жуынудың адам өмірінің ұзаруына себеп болатындығы айтылуда.

1 пікір