Таңғы уақыттың берекесі..
Таңғы уақыттың берекесі..
9 жыл бұрын 36058
Нұрқанат НҰРДӘУЛЕТҰЛЫ
Арайлап атқан таңның шапағы шашылатын кез берекелі уақыт саналады. Кімде-кім таң атқанда ояу болса, күнделікті ырыздық несібесін молынан жинап алады деген сөз. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) былай деген: «Таң намазын оқығаннан кейін ырыздықтарыңды табудан қапыда қалып ұйықтамаңдар» (Табарани). Әркім өз ырыздығын бір орында отырып табуы мүмкін емес. Ертерек тұрып, ертерек қамданса Алла Тағала нәсіп етіп, дегеніне қол жеткізеді. Жалпы таңды ояу көзбен атырып, күннің шығуына куәгер болған әрбір жанның бір дүниесі бүтін болады. Бұл жерде Майлы қожа бабамыздың өсиетін ескерген жөн болар. Майлықожа жырау:

Жаман тоймас мал десе,

Диқан тоймас жер десе.

Ер тілеуін береді

Ертеден тұрып ерлесе, – деп ерте тұрып тілеген тілек текке кетпейтінін айтады.

Сондай-ақ, таңғы уақытта – дүниенің тыныштығын көріп, табиғаттың әдемілігін тамашалай беріңіз. Таң уақытының тыныш сәтін лирик ақын Сырбай Мәуленов өзінің «Таңғы тыныштық» деген өлеңінде былай суреттепті:

Мөлдіреп тұнып ауа таңғы уақыт,

Дүние демін алып қалды жатып.

Жұлдыздар түнде тұрған қарауылға

Көз ілді ұйқы жеңіп балбыратып.

Киіктің тұяқтары дүсірлемей,

Қалғыды ұясында құс үндемей.

Алаңсыз табиғатты отырғызып

Тыныштық суретке түсіргендей.

Аялап таңның осы тыныштығын,

Таратып кекжиекке нұр ұшқынын,

Келеді алтын сағат көтеріліп,

Бастауға кең әлемнің жұмыс күнін.

Жоғарыда таңғы уақыттың берекелі екендігін айттық. Оның берекелігіне әркім ерте тұру арқылы ғана қол жеткізеді. Келесі өлең жолдары да соған ишара жасап тұрғандай:

Жайылымы болмаса мал азады,

Қайырымы болмаса жан азады.

Ісі өрге басатын азаматты

Қызықтырып тұрады таң азаны.

Ерте тұрған еркектің ырысы артық, ерте тұрған әйелдің бір ісі артық, – деген атам қазақтың салмақты сөзі де ерте тұру мәселесіне салмақпен қарауға шақырады. Ерте тұру мәселесіне басқа халықтар да біржақты қарамайтын көрінеді. Мәселен, Ирандықтар: «Ерте тұрған адамның мақсаты да ерте тұрады» дейді.  Қытайлықтар болса: «Ұйықтап жатқан адамның бақыты да бірге ұйықтап жатады» деген мәні терең даналықтар айтқан.

Әрбір адам таңертең ерте тұрып алдына мақсат қойса, дегеніне жетеді. Бүгін не істейтінін таңертең жоспарлап алса, уақыты да зая кетпейді. Байлығы артықтау болса, сол байлығын дұрыс жолға жұмсауға ертеден қамдану керек. Себебі, Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) былай дейді:«Әрбір таң арайлап атып, Алланың құлдары ұйқыларынан оянып жатқанда, көктен екі періште түседі. Бірі: “Уа, Алла Тағалам! Дүние-мүлкін игі жолға жұмсағанның дүниесінің орнын толтыра гөр” – десе, екіншісі: “Уа, Алла Тағалам! Жиған-тергенін жұмсамай, тығып отырған сараңды шығынға ұшырат” – деп дұға жасайды» (Бухари; Муслим риуаят еткен). Бұл хадисте дүниенің ақысын беру жайында айтылса, келесі хадисте дүниенің ғана емес денемізде қанша буын болса, солардың да ақысын беруіміз керек екен. Айтпақ болған ол хадисімізде, яғни Әбу Зәрр (р.а.) жеткізген хадисте: «Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм)«Әрбір таң  атысымен бойларыңда қанша буын болса, сонша садақа берулерің керек. “Субханалла” – деп айтқан әр тәсбих бір садақа, “Әлхамдулиллә” – деп айтқан әр мадақ бір садақа, “Лә иләһә илла Алла” – деп айтқан әр тәһлил бір садақа, “Аллаһу әкбар” – деп айтқан әр тәкбір бір садақа, жақсылыққа үндеу мақсатындағы әр амал бір садақа және жамандықтан тыю үшін істелген әр қимыл бір садақа болып есептеледі. Бұлардың барлығының орнын (күн найза бойы көтерілгеннен бастап, түске дейін оқылатын) дұха намазы басады – деп айтты» – делінген.

Әбу Сағид әл-Худриден (р.а.) жеткен хадисте: «Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм)«Адам баласы таңертең ұйқыдан тұрғанда бүкіл дене мүшелері тілдің алдында бас иіп: “Біз үшін Аллаһтан қорық. Шын мәнінде біз саған тәуелдіміз. Егер сен туралықты ұстансаң, біз де тура жолда боламыз. Ал егер тура жолдан тайсаң, сенімен бірге біз де таямыз” – деп айтады» – деген. Аспан енді ағара бастағанда мұсылмандардың күнделікті құлшылығының алғашқысы – таң намазының уақыты кіреді. Сауабы мол бұл намаздың кереметі сол сүннетінің өзі мына жалған дүниедегі барлық нәрседен қайырлы саналады. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм)«Бамдат (таң) намазының екі рәкат сүннеті дүние мен оның ішіндегі барлық нәрседен артық» (Муслим, Мусафирин, 96-97) деген.

«Таңғы сауда – сауда, түскі сауда – қауға» деген атам қазақтың даналық сөзі бір жағынан ерте тұрып жасалған сауданың берекелігін жеткізгісі келсе, екінші жағынан адамның ең үлкен базары оның жастық шағын меңзегендей. Расында Адам баласының өмір жасы күнделікті уақыттарға ұқсайды. Мысалға делік, сәресі уақыты мен шуақты таң уақыты адамның дүниеге шыр етіп келіп енді өмірге беттей бастаған балалық, жастық шағына ұқсайды. Түскі уақыт болса адамның өмірге белсенді табан тіреп, өзі шешім шығара алатын, кемелденіп, әбден ақылы толысқан шағы. Түс қайта бастаған уақытта адам сол қалпында, бірақ қуат кеміп, бой аласарып, күш азая бастаған кезі. Осылайша өміріміздің түсі ауып тіземіз дірілдеп, қолымыз қалтырап, тісіміз түсіп қалжырап тұрған кезде атқарған құлшылығымыз базар қайтыстағы сауда секілді болады екен. Бұл кешкі уақытты меңзеп тұрғандай. Одан кейін Жер бетін қараңғылық жайлаған шақта адамның да дәм-тұзы таусылып, жарығы сөнеді. Келесі өлең жолдарының да осы сөзімізге қосары бар секілді:

Таңғы уақыт уақыттардың тірегі,

Ұлы Алла таң мен түнде тұр еді.

Таң азанмен дұға қылып сұрасаң,

Тірлігіңнің мәні сонда кіреді.

Ғапыл адам таңғы уақыт қадірін,

Күндіз кетіп кеш батқанда біледі.

Төрт мәзһаб имамдарының бірі имам Шафиғи бірде таң намазынан кейін үйіне қайтып келе жатып, бір кісімен кездесіп қалады. Әлгі адам бірінші болып имамға сәлемін беріп, жақсы тілек-дұғасын жасап болып: «Қайырлы таң» дегеннен кейін: «Қалай таңды атырдыңыз?» деп сұрағын төтесінен қойып қалады. Сонда имам Шафиғи таңды қалай атырғанын былайша түсіндіреді: «Менен таң сегіз нәрсені қалаған күйде атырдым». Сұрақ қойған кісі имамның жауабына таңданып: «Уа, имам! Сізден кім сегіз нәрсені талап етуде? Сіздің ешкімде ақыңыз жоқ емес пе?!», – дейді.

Әңгіменің астарына түсінбеген адамға күлімсірей қараған имам: «Қараңыз, менен әр күні таңның нені қалап жатқанын айтайын», – дейді де төмендегілерді айтып шығады:

«Жаратқан Алла менен парыз амалдарын қалайды; Алланың елшісі Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) пайғамбар менен сүннетін қалайды; әйел, бала-шағам күнделікті нәпақасын қалайды; нәпсім өзіне бағынғанды қалайды; шайтан ізіе менің ергенімді қалайды; екі иығымдағы екі періште жақсы және жаман амалдарымды жазғанын қалайды; өткен күндерім қартайғанымды қалайды; жан алушы періште Әзірейіл (ғ.с.) болса, өлімге дайын болуымды қалайды…

Міне, осылармен бірге таңды атырамын. Әркүні осы сұрақтар менен жауап күтеді». Иә, таңғы уақыт осыларды әр бірмізден қалайды. Сөз түйінін келесі өлең жолдарымен тәмамдауды жөн көрдік:

Жаратқан ықыласты жанды ұнатып,

Сыйлайды шын өмірде мәңгі бақыт.

Ұйқыдан сауап артық мұсылманға,

Ендеше текке өтпесін таңғы уақыт. (Қуаныш Қолқаев)

Таңғы уақытымыз ұйқымен немесе басқа да болмашы тірліктермен босқа өтпесе, қанша жасқа келсек те, таңғы уақыттай сергек болармыз. Ғұмырымыз да ұзарғандай күй кешеміз.

1 пікір