Сыйлық беруде не сыр бар?
Сыйлық беруде не сыр бар?
7 жыл бұрын 7576
Бағашаров Қ. Əл-Фараби атындағы ҚазҰУ. Дінтану жəне мəдениеттану кафедрасы.

Сыйлық алуды əркімнің-ақ ұнататыны белгілі. Өйткені сыйлық алғанда, адамның жаны жадырап, көңілі көтеріліп, іштей бір марқайып қалатыны рас. Елең еткізер қуанышты жағдайларда болмаса, жайшылықта оның бұйыра бермейтіні тағы бар. Иығына шапан жабу, астына ат мінгізу, алдына қоралап қой, үйірлеп жылқы салып айдату, сəлемдеме ретінде азын- аулақ сый-сыяпатын беріп жіберу – о бастан қазақ дəстүріне сіңісті жомарт мінезділік пен құрметтеудің, шын көңілден сыйлаудың белгісі. Ондайда сый көрген жан да қауқылдасып, өзін құрметтеген жанды төріне отырғызғанша асығады. «Тонға емес, орамал жолға жарап, сый тартуды атамыз ырым еткен», – деп Мұқағали ағамыз айтқан бұл кəде VII ғасырдағы Күлтегін сөзінде «Жырақ жүрсең – жаман сый береді; жақын жүрсең – асыл сый береді» деп тасқа ойып жазылған екен.

Ғұмырында ешкімнен сый көрмеген, кішігірім де болса сыйлық алмаған адам кем шығар. Əркім-ақ əйтеуір бір қуанышты сəтінде (туған күн, мерейтой т.б.) жақындары мен достарының сыйлықтарын қабылдап жатады. Өйткені оны өзіне жасалған ыстық ықылас деп ұғады. Ондай жанды əркез құрметпен еске алады.

Ірі хадис жинақтарында осы сыйлық мəселесіне арнайы бап енгізілгені бұл мəселенің Ислам дінінде айтарлықтай маңызы бар екенін байқатады. Əр ісі даналыққа толы сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) сыйлыққа үлкен мəн берген. Хадистерінде сыйлық берісудің адамдардың бір-біріне деген сыйластығын, татулығын, өзара сүйіспеншілігін арттыратындығын білдірген:

«Бір-біріңізге сыйлық беріңіздер! Өйткені сыйлық сүйіспеншілікті арттырады, жүректі кірбіңнен тазартады»;

«Сыйлық берісіңіздер, бір-бірлеріңізді жақсы көріңіздер»;

«Жейтін нəрсе сыйлаңыздар. Бұл несібелеріңізді молайтады»;

«Бір-бірлеріңізге барып қал-жағдай сұрасып тұрыңыздар. Сыйлық берісіңіздер. Өйткені зиярат – сүйіспеншілікті нығайтады, ал сыйлық – жүректі жамандықтардан (өшпенділік, қатігездік, дұшпандықтан) тазартады».

Байқасақ, сыйлық берудің астарында бір-бірінің үйіне бас сұғу, зиярат ету, қал-жағдай сұрасу, көңілін аулау, қуанышына ортақтасу, тілектестік, ниеттестік, қуанғанына қуану, көңілдегі кірбіңді шаю, арада болған дүрдараздықтарды ұмыту, татуласу секілді бірнеше ізгі амалдар жатқанын көреміз. Ал бұл өз кезегінде адамдар арасында сүйіспеншілік пен бауырластыққа, жақындыққа жол ашатыны сөзсіз.

Пайғамбарымыз садақа қабылдамағанмен сыйлықты қабылдайтын. Өйткені садақа алуға өзіне əрі əулетіне тыйым салынған еді. Сол себепті үйінде жаңа зат көрсе, оның садақа я сыйлық екенін сұрайтын. Садақа болған жағдайда дереу кедей-кепшіктерге таратып, сыйлық болған жағдайда ғана қабыл алатын. Пайғамбарымызға сыйлық есебінде келетін заттар көп болған. Оны сол кезеңдегі əдет бойынша көбіне жан-жақтан патшалар жіберген. Сыйлықтардың арасында жейтін заттар да, түрлі киім-кешек те кездескен. Айталық, Эфиопия патшасы Нəжаши қарапайым тігілген қара түсті шəркей, шыны кесе, үш тал сүңгі, Эфиопияның бедері бар алтын жүзік сыйласа, Мысыр патшасы Мұқауқыс жібек мата, Мария жəне оның сіңлісі Сирин атты екі күң, Мəбур атты құл, бір қашыр, шыны кесе, сүрме, айна, тарақ, шапан жіберген. Əйла патшасы ақ түсті қашыр, Йемен патшасы Зуязан құны 33 түйелік аса бағалы жібек киімдер тарту еткен. Бұндай тарту-таралғы жіберуден Иран басшысы Кисра секілді өзге патшалар да шет қалмаған.

Алла елшісі сыйлықтардан жақындары мен таршылық көріп отырған мұсылмандарға да тарататын. Қасында адамдар отырған кезде, бір сыйлық келе қалса, егер таратуға келсе, дереу қасындағыларға да үлестіретін. Өйткені, «Біреуге сыйлық берілгенде, қасында адамдар отырса, олардың да бұнда үлесі бар», – дейтін.

Пайғамбарымыз сыйлық қабылдап қана қоймай, өзі де артынша ол кісілерге сыйлық жіберетін. Кейде сол мөлшерде, кейде тіпті артығымен жасағанды ұнататын. Бірде бір бəдəуидің сыйлаған бір ботасына қайтарым ретінде тұп-тура алты бота сыйлаған еді.

Жарларына, жақындарына, сыйлас, қимас кісілерге, алыстан келген қонақтарға, т.б. сыйлықтар беретін. Əсіресе, сырттан келген қонақтарды сыйлықсыз қайтармайтын. Тіпті көз жұмар алдындағы соңғы өсиеттерінің бірі елшілерді сыйлықсыз құр қол жібермеу болғандығы мəлім. Пайғамбарымыз əр келген кісіге сыйлық берерде оның қоғамдағы беделін, орнын ескеретін. Киім-кешек, жеміс-жидек, иіс май, ат, түйе, ет, жер, құрма бақшасы т.б. Пайғамбарымыз берген сыйлықтар қатарына жатады.

Айша анамыздың айтуынша, «Пайғамбарымыз сыйлықты қабылдайтын əрі сыйға өзі де сый жасайтын». Кері жағдайда «Біреу сізге жақсылық жасаса, қайтарым жасаңыз, егер қайтарым жасай алмасаңыз, оған игі дұға тілеңіз. Тіпті сіздің осы дұғаңыздың өзі оған берілген қайтарым екенін біліңіз», – дейтін.

Бұған қоса, ешқандай сыйлықты азырқанбауға шақыратын. Хадис тілімен айтқанда, «қойдың қара сирағы болса да» берген сыйлықты ризашылықпен қабыл алу, шын көңілмен рақмет айту, өзің берген сыйлықты артынан қайтарып алмау, діндегі игі мақсаттарын ойлап сыйлықты таза ниетпен беру, сөзін өткізу, жағыну я ауызбастырық секілді жымысқы пиғылды көздемеу, сыйлыққа көңіл бөліп мүмкіндігінше оны кəдеге жарату т.б. сыйлық берісудің мұсылмандықта қалыптасқан əдебіне жатады. Берілген сыйлықты кəдеге жарату төңірегінде мынадай ғибратты əңгіме бар.

Бір ауылда өзінің əулиелігін жұрттан жасыру үшін ел көзіне бал сатушы болып көрініп жүрген бір кісі бар екен. Бір күні қасына келген алушысы: «Кейде ішегім бүріп ауырғанда, бал жесем ғана басылып қалады. Құдайға шүкір, өткен жолы да сізден алған балдан шипа дарып, жаным жай тапты», – депті. Сонда əулие кісі тосыннан: «Бір шейхтің мүриді ұстазына тəспі сыйласа керек», – деп əңгіме бастапты, – Шейх жоғалып кетпесін деп жай уақытта тəспіні суырмаға сап қойғанмен, əлгі мүридінің келе жатқанын көрсе болды, берген тəспісін алып тарта бастайды екен. Бұны байқаған басқа бір шəкірті шыдамай: «Ұстаз, бұл қылығыңыз көзбояушылыққа жатпай ма, тəспі берген мүридіңіздің келе жатқанын көргенде ғана дереу тəспіні алып тарта бастайсыз?» – деп сұрапты. Сонда ұстазы: – «Менікі ешқандай да көзбояушылық емес, қайта Исламдағы əдептілікке жатады. Өйткені сыйлық берген адам берген сыйлығын сенің қолданып жүргеніңді көргенде іштей қуанып қалады», – деп түсіндіреді. Бал сатушы қасындағы кісінің осыған ұқсас əдепті істі орындағанын меңзеп, өзінің бұған іштей қуанып қалғанын əңгімесімен сездірген екен.

Сыйлық беру, сый-сияпат жасау, сыйлағанын көрсету кəдесі о бастан қазақ дəстүріне сіңісті деуге толық негіз бар. Оны «Көгентүп» деп аталатын қонақ балаға тарту етілетін аша тұяқ салтынан, қандай да бір қуанышқа ортақтасқанда мал атау, бəсіре арнау, сыбаға сақтау сынды дəстүрлерден байқаймыз. Халқымыз келген қонақты «қуыс үйден құр шығармай» жол жасап, ырым байлататын болған. «Абай жолы» романындағы мына бір үзіндіні келтіре кетсек: "Барлас пен Байкөкше ақын Абайдың оқуда жүрген жас кезінде ауылға келіп біраз уақыт жатқан еді. Ертеңінде ақындар аттарын ерттеп, жүрерге тақағанда, Абай шешесін тысқа шығарып алып: «Апа, екеуіне де жақсы қып тұрып сый беріп аттандыршы!» – деді. Қонақтар қымыз ішіп болып, енді қоштасарға келгенде, Ұлжан Барласқа қарап бір сөз айтатындай пішін білдірді. Қонақтар іркіліп қалған еді. –Тағы да келе жүріңдер. Анау кəрі əжесі мен бізді көп сейілттіңдер. Жолдарың болсын! Келген сапарларыңа тыста бір азырақ ырым байлаттым... Ала кетіңдер... Риза, қош боп аттаныңдар! – деді. Абай тысқа шығып, Барластарды аттандырып жатып, енді көрді. Осы үйдің екі жылқышысы Беркімбай мен Жарқын Барласқа арнап бір семіз көк атты, Байкөкшеге арнап бір торы құнанды ноқталап тұр екен. Екі ақын екеуін жетекке алып, тағы да «қош, қош» айтып, жүріп кетті".

Иə, сыйлық беру – адамдардың іңкəр сезімін оятып, бір-біріне деген құрметін арттырады. Шынайы ізгі ниет қалыптастырып, аралас-құраластықты, достықты, бауырмашылдықты, сүйіспеншілікті нығайтады. Жүректі кірбіңнен, кірден тазартып, арадағы салқындықты жылылықпен алмастырады. «Сыйға сый...», «Асықты жілік бергенге жамбасыңды сақта», «Иесін сыйлағанның итіне сүйек таста», «Сыйласаң, сый көрерсің», «Дос бергеннің түсіне қарама» деп мақалдаған қазақ атамыз да «Əркім сыйлағанның құлы» дегенді бекер айтпаса керек. 

0 пікір