Сөйлесу әдебі
Сөйлесу әдебі
4 жыл бұрын 6714

1. Мүмин сөзін әуелі «бисмилләмен», кейін Аллаға мадақа айтумен бастауы керек. Пайғамбарымыз (с.а.у.) осы тәртіппен басталмаған істің берекеті болмайтындығын, нәтижесіз қалатындығын айтып кеткен[1]. Тіпт, Алла елшісі (с.а.у.) кішкентай бала сөйлей бастағанда, алғашқы сөздерінің иләһи кәләм болуын тілейтін. Атасы Абдульмутталібтің ұрпағынан шыққан біл баланың тілі шыққанда Пайғамбарымыз (с.а.у.) оған: «Барша мақтау бала иемденбеген, әлі мүлкінде (билігінде) ешбір серігі болмаған, сондай-ақ шарасыздықтан көмекші болмаған Аллаға лайық деп айт! Әрі оны ұлықта!» - деген аятты он мәрте оқытып үйрететін[2].

2. Мүмін Алланы тілге алмастан, әсіресе бос-пайдасыз сөздерді сарп етуден аулақ болуға тырысуы қажет. Өйткені мұндай жағымсыз әрекет жүректің қатігездікке бой алдыруына себеп болуы мүмкін. Ал қатігез жүректер Алланың мейірімінен ұзақ қалады[3].

Оған қоса көп сөйлеу адамды қателікке итермелейді. Бір шайыр бұл ақиқатты:

«Кім көп сөйлесе, сол қателікке көп түседі», - деген өлең жолдарымен жеткізеді.

3. Сөз сөйлегісі келген жан әуелі не айтатындығын ойлап алуы керек. Айтайын деп отырған сөзінің өзіне яки өзгеге пайдасы тиер-тимесін таразылап алуы қажет. Пайдасы болса айтып, пайдасы болмаса ләм-мим деп жақ ашпағаны жөн. Өйткені пайдасыз сөздің көбіне һәм өзіне, һәм өзгелерге залалы тиетіндігін ұғынып жүруі керек.  

Әріберіденсоң, әлдебір нәрсе турасында сөз сөйлеу жөні мен жақ ашпау жөні тең түссе, тіс жармау жөнін таңдауы сүннет. 

Сөйлеудің үкімі мубах. Бірақ, кейді харам немесе мәкруһ үкімін алуы ғажап емес. Алла елшісі (с.а.у.): «Адам баласына, жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыю, яки Алла Тағаланы еске алу сөздерінен басқа сөздің пайдасы емес, залалы тиеді», - деп айтқан[4].

4. Мүмін кісі адамдарды жамандауға, лағнеттеуге апарар сөздерден аулақ болуы тиіс[5]. Аузынан жаман сөз шығатын, қылығы нашар пенде болмауға күш салуы қажет. Бұл жайлы ұлық әулиелер шәкірттеріне: «Жыланның улы тілімен сөйлеуден аулақ бол», - деп айтып, сақтандырып отырған. Өйткені таяқ еттен, сөз сүйектен өтеді. Әрі оның салған жарасы жазылмайды.

Керісінше, жылы сөзді болу үлкен нығмет. Жылы сөз иесін өзгелерге сүйкімді етеді. Істерінің жылдам іске асуына септігін тигізеді. Мұны халық: «Жылы, жылы сөйлесең жылан інінен шығады», - деп нақыл айтқан. Сондықтан сөз бастаудан алдын, ауыздан шығатын сөздерге үлкен мән беруіміз ләзім. Өйткені, мақсатымыз жүректерді улы қанжарлармен жаралау емес, жылы сөзбен баурап алу болып табылады. Мұнан кейін іс-әрекетіміз, қарым-қатынасымыз сөзімізді құптауы керек. Әрбір қылығымызбен қоршаған ортамызға гүлдей шуақ шашуымыз қажет.

5.  Кісі аузынан шыққан әрбір сөзі үшін жауапқа тартылатындығын жадынан шығармауы тиіс. Құран Кәрімде:

«Адам (жақсы болсын, жаман болсын) қандай бір сөз сөйлесе, оны жазуға әзір тұрған періште бар» деп айтылған[6].  Сондықтан сөз бастаудан бұрын қолданатын сөздерге ой елегінен өткізіп шығу қажет. Қолданатын сөздерді жақсылап таразылағаннан кейін ғана айтқан жөн.

Алла елшісі (с.а.у):

«Пенде ойланбастан бір сөзді қойып қалуы мүмкін. Ол сол сөздің кесірінен тозақтың, шығыс пен батыстың аралығынан ұзақтау жеріне түсіп кетеді», - деп ескертеді[7].

Мұның маңыздылығын білдіру үшін ұлық адамдар: «Басқа пәле тілден» деген.

6. Мұсылман кісі ісіп-кеуіп сөз сөйлеуден аулақ болуы керек. Әрдайым Алла Тағалаға сыйынып сөз сөйлеген дұрыс.  Өйткені жаратылысы нәзік адам баласы айтқан нәрсесінің барлығын іс жүзіне асыруға, іс жүзінде амал етуге шамасы жетпеуі мүмкін. Сондықтан да келешекте жүзеке асатын істерге: «Құдай қаласа» деп айтуды жадынан шығармауы тиіс[8].

Сонымен қатар, ол ешқашан «мұндай қателікті енді жамасамаспын» деп сенімді түрде айтпағаны абзал. Бұлай айту шайтанның өшпенделігін арттыра түседі. Ол осы сөзді айтқан кісіге мініп алып, сол істі істетпей қоймайды[9]. Сондықтан айтылар сөздің соңын ойлау ләзім. (ИншаАлла, Алланың қалауымен, Оның тәуфиқ беруімен мұндай қателікке бармаспын дегені жөн).

7. Құлдарының бойынан қарапайымдылықты көргісі келетін Алла Тағала дауыс көтеріп сөйлеуді дұрыс көрмейді. Бұл жайында Құран Кәрімде: «Даусыңды бәсеңдет! Шүбәсіз дауыстардың ең жаманы, есектің дауысы», - деп айтылған[10].

Алла елшісі айтылар сөздің арасында жаман, ұятсыз сөздердің болмауын қалайтын.  Мағынасы соған жақын сөздердің арасынан әдепке сай келетінін қолдануын насихат ететін.

8. Кез келген жанның бойында шындықты айта алатындай өткірлік болу керек. Ал жалған сөзден барынша аулақ болғаны жөн. Хақ Тағала Құран Кәрімде: «Уа, иман еткендер! Алладан қорқыңдар. Әрі дұрыс сөз сөйлеңдер. Алла істеріңді оңалтып, күнәларыңды кешіреді!», - деп бұйырады[11].

9. Жалған сөз сөйлеу, ғайбаттау, балағаттау, келек ету тіл арқылы жасалатын күнәлар екендігі шындық. Сонымен қатар болмашы бір нәрсеге бола тартысып, бауырының көңілін қалдыру да бұған жатады. Ал аталмыш жағымсыз қылықтарды тәркетіп, ешбір жанның көңілін қалдырмау – ақыретте аман-есен пейішке кіруге себеп болады.

10. Кісі өзі жақсы білмейтін мәселеде сөз қозғамауы ләзім. Білетін кісі болса, соның дегеніне құлақ асып, мәлімет алуды артық көруі тиіс. Өйткені көз, құлақ, жүрек бұлардың бәрі істеген істері үшін есепке тартылады. Әрі кісіні тозақтық ететін тіл екендігін ұмытпайық ағайын.

11. Мұсылман ешкімнің сөзін бөліп, көңілін қалдырмауы қажет. Алла елшісі (с.а.у.): «Ең жақсы жан кім?» - деп сұралған еді. Алла елшісі: «Тілі мен қолынан өзге мұсылмандар аман болған кісі», - деп жауап берген болатын[12].  

12. Мұсылман артынан кешірім сұрайтын сөзді айтпауы ләзім[13].  Әрдайым жақсы сөз сөйлеуге күш салуы тиіс. Құдай Тағала Құран Кәрімде: «(Уа, Мұхаммед) Құлдарыма ең көркем сөзді қолдансын деп айт!» - деген[14].

13. Сөзді уақытында және орнымен, лайықты жерде айту керек. Сөз иесін таппайтын болса, айтудың қажеті жоқ. Бұл жайлы Әзіреті Әбу Бәкір: «Не айтатыныңды, кімге айтатыныңды және қашан айтатыныңды алдын-ала ойлап ал», - деген.

Пайғамбарымыз бір хадисінде білімділігін және өзін өзгелерден артықпын деп көрсету ниетімен, көптеген кісі түсіне бермейтін алуан түрлі сөздерді қолданып сөйлеу – Алла Тағаланың азабын шақыруға себепші болатындығын айтып өткен.

Алла елшісі өсиеттерінің бірінде: «Ей, ибн Аббас! Адамдар ұғынбайтын сөз сөйлеме. Өйткені, бұлай істесең, олардың бүлікке түсуіне себеп боласың», - дейді[15].

14. Үш кісі отырғанда үшінші кісіден жасырып екеуі сыбырласулары дұрыс әрекет деп бағаланбаған. Өйткені мұндай әрекет кісінің көңілін қалдырады[16].

15. Әйелдер еркектермен сөйлескенде назданып, тартымды кейіпте сөйлесуден сақтанғандары жөн. Өйткені, ойы жаман кісі, дәмеленіп азғындыққа түсуі әбден мүмкін.

16. Бос, пайдасыз сөздер адамды рухани тұрғыдан күйзелтеді. Ал хикметті сөздер көңілге қуаныш сыйлайды. 

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтар болсақ, Аллаға және ақыретке иман келтірген жан жақсы сөз сөйлеуі қажет немесе үндемегені абзал. Алла елшісі айтады: «Кімде кім маған екі жағы мен абыройын қорғауға сөз берсе, мен де оған жәннатты уәде етемін», - деген[18].

Жүсіп Қас Хажиб былай дейді:

«Адамдарға жаман сөз айтпа. Жаман сөз жанып жатқан алау секілді. Оны аузыңнан шығарған сәтте әуелі өзің жанасың».


«Өркениет шыңындағы жауһарлар» атты кітаптан.



[1] Әбу Дәуід: «Сүнән». Әдеп. 18/4840; Ибн Мәжә: «Сүнән».  Неке. 19.
[2] Абдурраззақ: әл-Мусаннаф. 4, 334; Ибн Әбу Шәйбә: әл-Мусаннаф, І, 348.
[3] Имам Тирмизи: «Сүнән». Зүһд. 62/2411.
[4] Имам Тирмизи: «Сүнән». 63/2412.
[5] Имам Тирмизи: «Сүнән». Бирр. 48/1977.
[6] Құран Кәрім: «Қаф» сүресі, 18 аят.
[7] Бұхари. «Риқақ». 23.
[8] Кәһф сүресі, 23-24 аяттар.
[9] Имам Суюти: әл-Жамиъус Сағир. 1, 110.
[10] Лұқман сүресі, 19 аят.
[11] Ахзаб сүресі, 70-71 аяттар.
[12] Сахих Бұхари. Иман, 4-5.
[13] Ибн Мәжә, Зүһд. 15.
[14] Исра сүресі, 53 аят.
[15]Дайлами.
[16] Сахих Бұхари, Истиғзан.
[17] Бұхари: Риқақ. 23.
 

 

0 пікір