Шіріген жұмыртқа
Шіріген жұмыртқа
2 жыл бұрын 1656
Жеңіс Баһадүр

Бiр пәнейi себептермен қарттар үйiне жолым түстi. Биiк темiр қақпадан өтіп, екi жағы алуан түрлi гүлдермен көмкерiлген аллея бойымен мекеме басшысы отыратын кеңсеге қарай келе жатқанмын. Аяқжол қапталындағы арқалы орындықта таяғының ұшына иегiн тiреп отырған қарияның бiр нүктеге қадалған ойлы, мұңлы назары менi ерiксiз кiдiрттi. Алдынан жайбарақат өте алмадым. Қазақы салтпен есендестiм.

– Ә-ә! Амансың ба, қарағым? – Тыныштығын алған дауысқа селт еткен қарт басын көтерiп, еңсесiн тiктедi. – Бала-шағаң, отбасың орнында ма, шырағым? Кел, отыр! – деп жанына отыруға меңзедi. – Бұрын бұл жерден өзiңдi байқамаппын. Жай жүрсiң бе? – дедi қасына тiзе бүккен соң.

– Жағдайым дұрыс ақсақал. Бiр шаруам болып, осы ұйымның басшысына жолығуға келiп едiм, – деп осында бас сұғуымның жай-жап­сарын бiлдiрдiм.

– Аты-жөнің кiм? Қай елденсiң?

Жөнiмдi айттым.

– Е-е, дұрыс, айналайын! Халқымыздың дәстүрiмен руыңды сұрап жатқанымды айыпқа бұйырма, балам. Айналып келгенде көп қазақтың бәрi бiр қазақ.

– Аға, өзiңiз бұл жерге қалай келiп қалдыңыз? – деп әуелде-ақ көңiлге ұялаған түйткiлдi төтесiнен тостым.

– Е, шырағым-ай, менiң тәлкек тағдырым кiмге керек дейсiң. Көргенiмдi, бастан кешкенiмдi ешқашан ешкiмнiң басына түспегенiн тiлеймiн мен бейбақ.

Қария үнсiз булықты. Жасаураған жанарына iркiлген тамшыларды алақанының сыртымен сүрттi. Басындағы тақиясын алып, алма-кезек қос жанарына басты. Көз жасына тұншыққан қарт бiруақ үнсіз, солықтап отырды. “Қап! Жүрегiнiң қаязданған жарасын тырнап жiбердiм бе? Онсыз да күйзелiп жүрген жанына шоқ басып алдым ба? Нем бар едi», -+ деп мен тұрмын.

– Жарайды, қалқам! Сұрап қалдың, күйзелген күйiмдi айтайын. Iштегi сөз өлгенше… Шерiмдi тарқатсам жеңiлдеп қалармын, бәлкiм. Онда атаңды тыңда…

– Әке-шешемнiң жар дегенде жалғызымын. Анамның босануы ауыр болып, содан дертке ұшырап, менен басқа құрсақ көтермептi. Ата-анам соғыстан кейiнгi елдiң қиын кезiнде бетiмнен қақпай, әлпештеп өсiрдi. Барын жолыма жұмсап, жоғары оқу орнында оқытты. Өз қолдарымен үйлендiрiп, аяғымнан тұрғызғаннан соң көп өтпей өздерi де бiрiнiң артынан бiрi кете барды. Құдды менiң үйелмен болуымды күтiп жүргендей-ақ, бұл жалғаннан асығыс аттанғандарына қабырғам қатты қайысты. Әйтпесе, соншалықты қаусаған кәрiлiктiң ауылы әлi қайда, алыс едi-ау. Немере сүйiп, қызығын көрер күндерi бiрден шорт үзiледi деп үш ұйықтасам түсiме кiрiп пе?!

Басқа түскенге көнбегенде қай амалың бар. Қара шаңырақтың түтiнiн түтетiп, тiршiлiгiмiздi iлгерi сүйретуге тырыстық. Етiмнiң тiрiлiгiмен бiреуге алақан жаймадық.

О, Құдайдың құдiретiн қарашы. Менiң әйелiм де тұңғышымызды туғаннан дiмкәстiкке душар болды. Ол да бiр перзентпен шектелдi. Бiлiп те, үйренiп те үлгермеген енесiнiң қасiретiн қалай қайталады десеңiзшi! Болмаса, шешемнiң де, зайыбымның да қандары бөлек, жөндерi бөтен емес пе едi.

Қайтейiк, арқыраған ағысқа қарсы жүзу адамға қиын. Бұл да Жаратқан иемнiң бұйрығы болар деп, маңдайдағы жазмышқа бағындық. Ұлымыз беске толды. Ортамызда құлдыраң қағып, ерке болып өсiп келедi. Оған серiктi Тәңiрiм бермеген соң, жалқымызға да шүкiршiлiк жасап жүрдiк.

Жанымда дәл бүгiнгiдей сайрап тұр. Бiр жазда ұлымызды көршiмiздiң үйiне қалдырып, шаруа жайымен жұбайым екеумiз облыс орталығына бардық. Қайтарда базарға соғып, анау-мынау қажетiмiздi алған соң асханаға кiргенбіз. Жайғасқан беттен-ақ бес жас бала шамасындағы бiр бала аяғымызға оратылып, қасымыздан айналшықтап шықпай қойды. Киiмi кiрлеу, өңi жүдеу, кейпi азғындау көрiндi. Аялы алақанның мәпесiнен көптен қалыс қалғаны анық аңғарылады. Қанша жүзi солғын, үстi қожалақ болғанымен, өзi сондай сүйкiмдi, тiлi ап-анық.

Кiсiге үйiрсек балақанды мүсiркеп, жанымызға жайғастырып, дәм бердiк. Ол тамақ iшiп отырғанда жұртқа ас тасып жүрген келiншектен: “Мына сәби қайсыңның балаң?” - деп сұрадым. “Е-е, бұл жетiм. Жетiм болғанда әке-шешесi жоқ тас жетiм” деп төбеден ұрғандай қойып қалды. “Осы асхана үстiндегi пәтерде тұратын ауру тәтейiнiң қолында».

Жүрек шiркiн солқ еттi. Құйтақандай балаға обал ғой тiптi. “Жүр, үйiңе барайық, балақай” дедiм. Баланың қолынан жетектеп, сыртқа беттедiк. Неге бел шешкенiмдi Құдай қосқан қосағым да түсiндi. Оқыс тұрғанымның мәнiсiн сұрап жатпады. Соңымыздан үнсiз ере бердi.

Сонымен не керек, баланың пәтерiнен тысқа шықпайтын науқас тәтесiмен танысып, бiлiстiк. Жетiм балаға алыстау жұрағат болып келедi екен. Балақанның сәби шағында әкесi мен шешесi жол апатынан көз жұмыпты. Өзге туыстары болмаған соң бүлдiршiн мұның қамқорлығында қалыпты. Өзi сырқаттығынан тұрмыс та құрмағанын, қазiр сол дертi жылдан-жылға дендеп бара жатқанын, баланы ерте ме, кеш пе балалар үйiне өткiзбек ойы барын демiгiп отырып әрең жеткiздi.

Ентiкпеге шалдыққан бейшараға жата-жабысып, қолхат берiп, асханада тапқан сол Сардарды ауылға алып қайттым. Есiмi де өз балам Қалдарға ұқсас болып шықты. Оны ұлымның жанына қостым. Екеуi түйдей жасты. Көп ұзамай-ақ әлгi әйел қайтыс болды. Жетiмiн iздеген жан болмады. Оны қандай қиындықпен өз атыма аударғанымды саған тәптiштеп айтып жатпай-ақ қояйын.

Екi ұлым егiз қозыдай бiрге өстi, бiр мектепте, бiр сыныпта оқыды. Қызметiм жоғарылап, қалаға қоныс аудардық. Жаңа жұмыс орнымнан үлкен үйдiң кiлтiн қолға ұстатты. Тай-құлындай тебiсiп, жарыса ержеткен қос қанатым онжылдықтан кейiн өзiмiз тұрған шаһарымыздағы институтқа да қатар iлiктi. Оқуларын бiтiрген бойда iске де бiрге орналасты, жұптарын жазбай жүрдi. Алдымен Қалдарым келiн әкелдi. Мәре-сәре тойын жасадық. Қуанышына зауыттағы майы кеуiп үлгермеген автокөлiк әпердiм. Жылға жақындағанда iңгәлаған нәрестенiң үнiн естiдiк. Шаңырағымыз шаттықпен шалқып, жанымыз жарқырап, тынысы кең тiршiлiк кешiп жатқанбыз. Тып-тыныш опалы отбасыма кенеттен сұмдық дауыл соғып, ұстыны опырылды. Алпысқа да жетпей әйелiмнiң суiшерлiгi үзiлдi. Жансерiгiм, сырласым шешемнiң қасіретiн осымен екiншi рет қайталады. “Аллаға соншалықты не жазып қойып едiм” деп төбемдi тоқпақтағанмен, оған қарсы қылар шараң қайсы, күйiк жұтып қала бердiк.

Өксiкпен өзек өртенiп, жылын өткiздiм. Ендi есiмдi жиып, Сардарымды аяқтандыруды ойластыруға кiрiстiм. Қатарынан қалмасын деп алдымен оған да сужаңа автокөлiктi таңдап жүрiп сыйға тарттым. Несiн жасырайын, сол жiгiт өз кiндiгiмнен туғанға қарағанда, мейiрбандылығымен, елпiлдек кiшiпейiлдiгiмен ерекшелендi. Төл перзентiмiздей iшi-бауырымызға сiңiп кеттi. Өзi шаруаға епсектi болып қалыптасты. Үйдiң майда-шүйде тiрлiгiн бөгденiң көмегiнсiз-ақ өзi тап-тұйнақтай тындырып тастайды. Еңбекақысын да шып-шырғасын шығармай, шешесiне әкелiп берiп жүрдi.

Отбасымыздағы ойран сол балама машина сатып әперуден басталды. Қалдар жаңа автокөлiкке iштарлық жасап жүргенiн көзқарасынан, қимылынан байқадым. Сардар маған айтпай, өзiнiкiн берiп, соның ескiсiне қанағат тұтқанын сездiм. Бiр күнi Қалдар менi оңаша шақырып алып: “Көке, Сардар сiздiң бiр әйелге барып жүрiп тапқызған балаңыз көрiнедi. Ендi оған үйдi де бересiз бе?” - деп бетi бүлк етпей қара-а-п тұр. Ашуымның қозғаны соншалық: “Кiм көкiдi саған мұны?” - деп ақырып жiбердiм. “Келiнiңiз айтты” деп ол шегiнiп берді. “Қатыныңның өсегiне сенсек, оңбассың” деп артынан кiжiнiп мен қала бердiм.

Бiрде жұмыстан оралсам, Қалдарым бала-шағасын, ертіп, келiншегiнiң төркiнiне көшiп кетiптi. Соңынан Сардар қайтармаққа бiрнеше рет жалбарынып барып едi, ит-терiсiн басына қаптап қайтарып жiберiптi. Қамыққан Сардарым: “Әке, екеумiз басқа үйге көшiп, қара шаңырақты Қалдарға босатып берейiк, елден ұят-ты. Өз отанын тастап кеткенi болмас” дедi. “Бұл ақылың да мақұл, ең әуелi үйлену тойыңды өз үйiңде өткiзейiк. Содан кейiн бөлек шығайық” деген уәжге екеумiз де тоқтағанбыз.

Алайда Сардарым осы арманына жете алмай, құрылыста жүргенде басына бетон құлап, опат болды. Жалқы жұбанышымнан, ертеңгi жарық күнiмнен өстiп оқыста айырылдым.

Ботақаным Сардарымды аза тұтып жүрiп, оның жылын атқардым. Шешесi мен екеуiнiң басын көтердiм. Қисайып қалмағасын, сыртың бүтiн, iшiң шерге толы сүметiлiп жүре бередi екенсiң. Зейнет жасына жеткен соң өлердегi сөзiмдi сатып, өзiмдi осы қарттар үйiне қамадым. Ал, сол кеткеннен мол кеткен Қалдарға үйдiң кiлтiн, құжатын, жиған-терген қаржымды түгел берiп жiбердiм. Ол бiр шiрiген жұмыртқа болса да, балалары бөтен жерде таршылық көрмесiн дедiм. Олардың не кiнәсi бар. Мiне, шырағым, бар әңгіме осы. Сен сұрадың, мен айттым.

Қаяулы қария әңгiмесiнiң соңында ағыл-тегiл жылайма деп қаймығып отыр едiм. Жоқ, көз жасы шықпады. Бұдан артық бөгеле беру де қисынсыз едi. Қоштасарда: “Аға, Қалдар келiп тұра ма?” деп көкейiмдегiнi тағы iрке алмадым. Шерге бөккен қарт: “Жоқ!” деп қысқа қайырды да, қамыққан жүзiн, мұңлы жанарын бұрып әкеттi.

Мекеме басшысының кеңсесiне келсем, ол кетiп қалыпты. Уағдаласқан уақытында жолыға алмағаныма “қап, әттеген-ай!” демедiм. Менiң өкiнiшiм мүлде басқада едi, тым тереңге батып кетiп едi.

3 пікір