Саңылаудан түскен сәуле
Саңылаудан түскен сәуле
9 жыл бұрын 3933
Алмат Жалбағаев

– Мама, Гүлнұр тәтей үй тапсырмасына сан есімге сөйлем құрастырып келіңдер деді. Не жазамын?

Бет-аузына ұшық қаптаған, мұрын, иек, тіпті, самай маңдайына дейін секпіл-секпіл, алтыншыда оқитын Ернұр қаламсабының басын тістелеп (өзінше ойланған түрі), нан илеп жатқан шешесіне жалтақ-жалтақ қарады.

– Не жазғаны несі? Мысал деген толып жатыр ғой. Сен өзі сан есімнің не екенін білесің бе алдымен?

Ернұр ыс басқан төбеге қарап, аз-кем ойланып отырды да:

– Сан есім дегеніміз – заттың санын білдіреді... Мысалы, бес дәптер, үш кітап...

– Әне, өзің де біледі екенсің ғой. Солай ойдан құрастырып жаза бер...

Кенет ауыз үйден әскерден жуырда оралған Жарастың: – Байшұбар, малды суар – деген айқай-әмірі естілді.

– Ой, қойшы...

– Көрсетемін мен саған «ой, қойшыны»! Айтқанды орындай ма мынау, жоқ па?

– Мазасын алма Ернұрдың. Сабаққа дайындалып отыр. Тағы қайда қаңғырайын деп тұрсың сен? Өзің суар малды, бірдеңең кете ме?- деді шешесі күйгелектене тіл қатып. – Әйтеуір, бәрің осыған дәу екенсіңдер.

– Күні бойы ойнап-ойнап, дәл мал суаратын кезде сабаққа дайындаламын деп, қағазын жайып отыра қалады екен. Бұл менен естен кетпестей бір жақсылап тұрып, таяқ жейін деп жүр ғой.

Қабағын түйіп, сес көрсетіп кеткен Жарас мұны қайтып мазалаған жоқ.

Жазу жазып отырғанда, бір ғажабы, Ернұрдың тілі салақтап кетеді. Осы әдетін қоя алмай-ақ қойды. Шешесі ескерту жасаған сайын аузын жауып, тістеніп-ақ алады. Енді бір қарасаң – баяғы әдетіне салып, басы қисайып, тілі салақтап отырады.

– Түзу отыр, әлі бұғанаң қатқан жоқ, омыртқаңа зақым келеді. Қанша айтам саған, аузыңды жауып отыр деп. Бір күні тіліңді оңдырмай қыршып аласың ғой. Сақау боп қаласың.

– Бұл ендігәрі тіл алмайтын болса, сақау емес, мақау боп қалады. Айтқаным – айтқан! – Мал жайғап үйге кірген Жарастың ашуы әлі тарқамаған. – Байқашы әйтеуір, профессор болып кетіп жүрер ме екенсің.

– Кекетпей отыршы ары. Өзің аспаннан аяғың салбырап түсе қалғандай...

–  Ой, мама, бұл жалқауды несіне қорғаштайсыз. Мен мұндай кезде боранды күні жылқы баққам,- деді Жарас елеурей сөйлеп.

– Тындырыпсың!.. Түх, басымды ауыртып жібердің ғой. Жап деген соң жап аузыңды салғыласпай, - шешесі екі оттың ортасында қалғандай қолын ербеңдетіп, күйгелектене айғайлап жіберді.

– Иә, бұл не айқай-шу? Жайшылық па әйтеуір?- Отағасы да үйге сөйлей кірді. Бәрі жым болды. Отағасының бір ашуланса, мінезі қиын.

–  Жайшылық, папасы. Мына Ернұрдың жаттығуын жазысып жатырмыз,- бәрі үшін шешелері жалтара жауап берді.

– Үйді бастарыңа көшіріп аттандайтындай жаттығуы сонша қиын ба?- деді отағасы сеніңкіремей. – Қане, қарап жіберейік. Әй, Жарас, анау шифонердің үстінен көзілдірігімді алып берші.

Кежегесі кейін тартқан Жарас орнынан созалаңдап, ықылассыз тұрды.

– Бөксеңе тас байлап қойды ма? Болсаңшы ыбылжымай,- үлкен ұлының мына қимылына қараптан қарап отырып іші пысып кеткен отағасы зеки сөйледі. Бұл кезде Ернұр дәптерін әкесінің алдына таман батылсыз ысырды.

Отағасы ыңыранып отырып, жаттығуды іштей оқып шықты да: – Байшұбар десе Байшұбарсың-ау! Әй, үйдегіні түгел түгендепсің ғой?! Әй, мамасы, тыңдашы мына ұлыңның не жазғанын,- деді мұртынан күліп.

Ернұрдың сап-сары бір тұтам кірпігі жыпылық-жыпылық етіп, әкесіне еміне қарап қапты. Жарас та құлақ түріп, қыр желкелерінен төніп тұр.

–  «Күзде он үш картоп жинадық. Картобымыздың көбісі күлдей ұсақ. Қорамызда он екі қой, үш қозы бар. Бір қой егіз туып еді, сыңарының біреуі қатты аязда серейіп қатып қалыпты. Екіншісі шалажансар. Жылы үйге кіргізіп, әрең тірілітіп алдық. Осы қыстың жуын ортасында жаздай жинап жарған ағашымыз тақа таусылған соң қалада тұратын Серік ағам (папамның інісі) төрт тонна көмір әкеп, түсіріп кетті».

– Әй, Мағрипа, мынадан түбінде бірдеңе шығады. Сөйлемді қалай-қалай құрастырады, ә? – ұлының қабілетіне көңілі бек толған отағасы масаттана күлді.

– Біздің тұқымнан да біреу шықсыншы. Қашанға өстіп жүре береміз,- Мамасының да көңілі көтеріліп қалды. Мұның «адам» болатынына сенбеген жалғыз Жарас қана: – Осы ұлдарыңыздан бірдеңе шықса, мен мұрнымды кесіп берейін,- деді.

2 пікір