Ренжітпеу және ренжімеу
Ренжітпеу және ренжімеу
21 күн бұрын 3501

Әзіреті Пайғамбар саллаллаһу алейһи уә сәлләмның азаншыларының бірі Абдулла ибн Умму Мәктум радияллаһу анһу оқта-текте ардақты Алла елшісінің қасына барып:

- Уа, Расулаллаһ! Алланың саған үйреткендерінен маған да үйретші, - деп өтінетін.

Әзіреті Пайғамбар (с.а.у.) да көңілі таза сахабасын ренжітпей, жылы сөзбен барлық сұрақтарына жауап беретін.

Бір күні Құрайштың бетке ұстар атқа мінерлерінің бірнешеуі Пайғамбарымыздың қасында тұр еді. Әзіреті Пайғамбар (с.а.у.) «Бәлкім Құрайштың бұл атқа мінерлері иман келтіріп, олардың қол астындағылар да һидаятқа келер» деген үмітте еді. Осы кезде туғаннан соқыр болған азаншысы Абдулла ибн Умму Мәктум де қасына келеді. Соқыр болғандықтан Пайғамбардың жанында кімдердің тұрғанынан бейхабар еді. Сондықтан да әдетінше сұрақтар қоя бастады. Қонақтарының алдында бұндай орынсыз сұраққа Әзіреті Пайғамбарымыз жақтырмыған сынай танытып, жүзін теріс бұрып оған көңіл бөлмеді. Осыған орай Абдулла ибн Умму Мәктум біраз кейіңкірейді. Одан кейін соған байланысты «Абәсә» сүресінің алғашқы аяты түседі:

«(Пайғамбар) соқыр келді деп, қабақ шытып бет бұрды. Қайдан білесің, мүмкін ол тазарар?». (Абәсә сүресі, 1-3 аяттар).

Аталмыш жағдайдан кейін Әзіреті Пайғамбар қай уақытта Абдулла ибн Умму Мәктумды көрсе:

«Ей, Раббымның мені ескертуіне себепкер болған жан! Қош келдің!» - дейтін. (Уахиди. «Әсбәбу Нузулиль Құран». 471 б.).

Еш күмәнсіз бұл оқиға үмбетті тура жоғла бастау үшін Әзіреті Пайғамбардың (с.а.у.) бойында көрініс тапқан тәңірлік өнеге болып табылады. Осы арқылы барлық мүміндерге «мұндай жағдайларда адамның көңілін түсірмей, оған да илтипат білдірулері қажет» екендігі туралы бағыт-бағдар көрсетілген. Сондықтан да  Хақ достары мұндай мәселеде, яғни біреуді ренжітпеу мәселесіне қатты мән берген. Сонымен қатар олар көңілді «Алла назар салатын жер», басқаша айтқанда «Рухани Кағбатуллаһ» деп атап, "кім көңіл кағбасына зиян тигізетін болса, шын мәнінде оның Иесін (Алланы) ренжіткен болады" деп үгіттеген. Осыған байланысты айтылған мынадай сөз бар:

«Алла көңіліне қаяу түскен адамдармен бірге».

Хадис Шәрифте де былай айтылады:

«Мұса ғалейһиссәләм Хақ Тағалаға сыйынып отырып:

- Уа, Раббым! Сені қай жерден іздейін? – дейді.

- Мені көңіліне қаяу түскендердің қасынан ізде» - деп жауап береді Алла Тағала. (Әбу Нуайым. Хилә. ІІ, 364.).

Әзіреті Мәуләнә Жәләлуддин Руми де былай деген:

«Бір кісіні ренжіткен адам Құдайды да ренжіткенінен бейхабар. Ол құмыраның суы Хақ өзенінің суымен қосылғанын да білмейді».

Тағы бір сөзінде Руми:

«Білімсіздігімізбен және надандығымызбен Құдай Тағаланың достарын қорлап, оларды ренжіткіміз келеді».

«Бәлекетке, кесапатқа ұшырау – кеселдің бір түрі. Бәлекетке ұшыраған кісіге жан ашиды. Ал, ақымақтық болса, басқалардың жүрегін жаралайтын және ренжітетін жаман бір кесел».

«Ақымақтар адамдардың салған мешітін құрметтейді. Ал көңіл иелеріне немқұрайды қарап, олардың көңілдерін қалдырады».

«Бұл көңіл үйінде кімнің бар екенін білетін болсаңдар, онда бұл көңіл иесінің есігі алдында неге тәрбиесіздік жасадыңдар?»

«Бір Хақ досының, яғни пайғамбардың немесе әулиенің көңілі күйінбейінше, Алла ешбір қауымды масқара, қарабет қылмаған», - дейді абыз дана.

Сондықтан да «тасаууф» (сопылық) ренжітпеу мәселесіне аса қатты маңыз аударады.

Ренжімеу...

Ренжітпеу қолдан келеді. Ал, Ренжімеу әркімнің қолынан келе бермейді. Өйткені ол көңіл мәселесі. Ренжімеу - фанилік (өткінші) нәрселерден келіп, жүрекке қадалатын улы жебелердің әсерсіз қалуымен ғана іске асады. Бұл болса, нәпсіні арылту мен жүректі тазартудың ең жоғарғы дәрежесімен болмақ. Әзіреті Пайғамбарымыз (с.а.у.) «Тайф» сапарында тас боран етіліп, қорланып жәбірленген кезінде періштелер оған:

-Ей Алланың Расулы! Қаласаң мына екі тауды бір-біріне соғып, бұл жердің залым халқын жоқ қылайық», - деген еді. Бірақ бүкіл әлемге мейірім-шапағатын шашу үшін жіберілген ұлы Пайғамбар саллаллаһу алейһи уә сәлләм періштелердің бұл ұсынысын қабыл етпей, мейірбандығымен және мархаматтылығымен мүбарак жүзін «Тайфқа» қарай бұрып ол жердегі халықтың хидаятқа келуі үшін дұға етеді. («Сахих Бұхари»: Бәдуль Хақ. 7; «Сахих Мүслім»: Жиһад. 111).

Пайғамбарға ғашық Халлаж Мансур да жазаға тартылып, таспен ұрылып жатқанда:

«Аллаһым! Бұлар білмейді. Менен бұрын оларды жарылқағайсың», - деп дұға  еткен екен.

Бұл – шынайы ғылыммен, яғни рухани тәрбиенің нәтижесінде қол жеткізетін пәк жүректі пенделерге тән қасиет. Әбульқасым әл-Хәкимнен пәк жүректің ерекшеліктерін сұраған кезде ол кісі былай деген болатын:

«Пәк жүректің үш ерекшелігі бар. Олар:

Біріншісі – Ренжітпейтін жүрек.

Екіншісі – Ренжімейтін жүрек.

Үшіншісі – Жақсылықты Алланың ризашылығы үшін істеп, істеген жақсылығына алғыс күтпейтін жүрек».

Бір мүмін ешкімге жәбір көрсетпегенде ғана Хақ Тағаланың құзырына шынайы тақуалықпен (уәра) бара алады. Көңілін Алла Тағалаға жөңелтіп, ешкімге ренжімегенде ғана Алланың алдына опашыл болып бара алады. Ал жасаған ізгі әрекеттеріне ешбір дүниелік нәрсені ортақ қоспағанда ғана Алланың алдына ықыласпен бара алады...».

Хадис шәрифте ренжітпеу жайында былай айтылады:

«Адамның мұсылман бауырын менсінбеуі оған күнә ретінде жеткілікті...». (Сахих Мүслім. Бирр. 32).

Ал, ренжімеу хақында хадис шарифте былай делінген:

«Жақсылық жасағандарға жақсылық жасап, жамандық жасағандарға жамандық жасау – сендер үшін артықшылық емес. Нағыз артықшылық – сендерге жамандық жасағанға дәл солай жамандық жасамай, керісінше жақсылық жасау (яғни, тас атқанға, ас ат). (Тирмизи. Бирр. 63).

Құдай Тағала Құранда былай айтады: 

«Рахманның құлдары жер жүзінде сыпайылықпен жүреді. Қашан оларған надандар тіл тигізетін болса, «Сәләм» (есендік болсын) деп жауап қайтарады».(Фұрқан сүресі, 63 аят).

 «Абылхаят тамшылары» атты кітаптан.
Авторы: Осман Нури Топпаш.
(Ықшамдап алынды).

0 пікір