Құтты есімнің құпиясы
Құтты есімнің құпиясы
4 жыл бұрын 6160

Түрлі ақпарат құралдарында «Мұхаммед-Еуропадағы ең көп таралған есім» деп жарияланған. Америкада Мұхаммед есімін қоятын адамдардың саны жыл сайын артып келеді. Бұл-таңғалатын жағдай емес. Себебі, Алланың сөзі Құранда: «Сенің есіміңді жоғарылатпадық па?»-делінген. (Инширах, 4-аят).

Біріншіден, бір Аллаға деген сенімнің екінші формуласы  пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.)-ның есімін еске алудан тұрады. Екіншіден, бес уақыт азан айтылған сәтте де осы қадірлі есімді тағы да күніне бірнеше мәрте жаңғыртады. Шындығында, жер бетінде Есеп күніне дейін әрбір секунд сайын Алла Елшісі Мұхаммед (с.а.у.)-ның есімі әлемнің әрбір түпкірінде еске алынады. Ғылыми зерттеулердің нәтижесінде жер шарында  тоқтаусыз азан шақырылады екен, себебі, уақыт осылай жоспарланған. Сонымен қатар оқылған намаз бен  Алла Елшісіне үздіксіз оқылған салауаттарды қосқанда әрбір секунд сайын дамылсыз еске алынуы  Құрандағы «Сенің есіміңді жоғарылатпадық па?»- деген аяттың терең мәнін аша түскендей.  Мұнда, әрине, терең хикмет жатыр деп түсінеміз.

Егер осы мағынада Құранда жазылса, демек оның есімі Қиямет күніне дейін күллі ғаламшарға тарала береді деген ақиқи сөз. «Ардақтадық» сөзі Мұхаммед есімінің кеңінен таралуы, ардақталып, үлкен қадір-құрметке ие болуы және еске алынуы дегенді білдіреді.

Құранда Мұхаммед атауы төрт жерде кездеседі. Тіпті оның алдындағы иллаһи жазбаларда да жазылған. Алайда пайғамбар дүниеге келгенге дейін осы есіммен ешкім аталмаған.

Пайғамбарымыз анасының құрсағында жатқан кезде, босануға таяған сәтте анасының түсіне бір адам кіріп, сәбидің Мұхаммед болатындығын әрі Пайғамбарлардың мөрі болатындығын баян етеді. Пайғамбардың атасы Абдулмүтәліпке белгісіз бейне келіп, немересін Мұхаммед деп қоюды дауыстайды. Сонымен бірге оның есімі көк пен жердегілерге қадірлі болатыны баяндалды. Арап тілінен аударғанда «ардақталған, мақталған» деген мағынаны білдіреді.

Құрайыштардың бұл есімге таң қалғандығы шындық. Тіпті базбіреулері ата-бабамыздың есімін неге қоймады деп көңілі толмай жатты. Алайда Абдулмүтәліп оларға: «Менің осы есімді қоюым, жер мен көктегілер қадірлесін, баршаға ардақты болсын дегенім»,-деп жауап қатады. Балалық шағынан бастап Алла Елшісі Мұхаммед (с.а.у.) қоршаған ортаға үлгінің өнегесі болды. Тіпті пайғамбарлық келместен бұрын «Әмин» (арабшадан аударғанда «сенімді») есімімен аталған еді. 

Мұхаммед пайғамбардың(с.а.у.) есіміндегі бала есімінің маңыздылығы

Имам Ахмадтан берілген хадисте: «Менің есімім Құранда, Тауратта-Мұхаммед, Інжілде де кездеседі»,-делінген. Тағы бір хадисте былай деп көрсетілген: «Кімнің ұлы болса  және ол мені жақсы көргендіктен және рақымға бөленгісі келгендіктен оны Мұхаммед деп атайтын болса,  ол баласымен бірге жұмаққа барады»[1].

Пайғамбарымыздың келесі бір хадисінде: «Кімнің үш ұлы бола тұра, ешкімге Мұхаммед есімін бермеуі - бұл надандық және маған деген құрметсіздік»[2],-деп баяндалады. 

Құтты есімнің құпиясы

Кез келген әке өзінің мұрагері болуын қалайтыны ақиқат. Құтты есімнің тағы бір құпиясы Алла Елшісінің (с.а.у.) хадисінде былайша көрсетілген: «Кім әйелінің ұлды дүниеге әкелуін қаласа, оның құрсағына қолын қойып: «Егер осы бала ұл болса, оны Мұхаммед деп қоямын» десін. Сонда ұлды болады»[3]. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) өміршең хадистерінің бірінде: «Кімде кім әйелі жүкті болған кезеңде Мұхаммед есімін қоюды ниет етсе, тіпті осыған дейін ол қыз болса да, Алла Тағала оның жынысын ұл етеді» деп жазылған.

Осы хадисті жеткізушілердің бірі Мұхаммед есімін қоюды ниеттенді әрі қатарынан жеті рет ұл туғанын жеткізеді. Ұғымын Алла біледі.

Пайғамбарымыздың (с.а.у.) сөзінде сондай-ақ былай делінген: «Егер жүктілік кезінде ерлі-зайыптылар бұл ұрыққа Мұхаммед есімін беруді ұйғарса, онда ұл туылады».

Қадірлі есімнің құпиясы тереңде жатыр, ендеше Алланың қалауымен, сіздердің мақсаттарыңыз жүзеге ассын! 

Аударған: М. Бақдәулетқызы
Дереккөз: islam.ru
Хадистерді зерделеген: islam.kz 


[1] Бұл хадисті Имам Суюти «хасан» дәрежесінде деп айтқан, дегенмен де, «маудуъ», яғни, ойдан шығарылған «жалған хадис» дейтіндер де аз емес, соның ішінде Мулла Алиуюль Қари да бар.
[2] Бұл хадисті кейбір хадисші ғұламалар «жалған хадистер» қатарынан санаса, кейбір хадисшілер «тым әлсіз хадис» деп баға берген, «жақсы сәнәдпен» жеткен деп айтушылар да жоқ емес.
[3] Бұл хадистің «негізі жоқ» деп баға берген хадис ғұламалары бар.

0 пікір