Құрандағы бұл дүниенің мысалы
Құрандағы бұл дүниенің мысалы
2 жыл бұрын 2581
Құдайберді БАҒАШАР

Құранда өмір осы дүние және бақилық ғұмыр деп екіге бөліп қарастырылған. Туылу, есею, ажал құшу осы өмірге тән болса, келесі ғұмыр бұл өлшемдерден мүлдем басқаша суреттелген. Адам ата мен Хауа ана жұмақтан жерге түсуімен осы өмірдегі тіршіліктің басталғаны белгілі. Тіршілікті жаратудағы мақсатын Алла бір аятта былай деп түсіндіреді: «Кімнің анағұрлым ізгі іс істейтінін сынау үшін өмір мен өлімді жаратты» («Мүлік» сүресі, 67/2). Бұдан адам өмірінде жақсылықты іс жасаудың маңызды екенін, жақсылықта жарысу керектігін түсінеміз.

Басқа бір аятта ол сынақтың түрліше келуі мүмкін екені білдірілген:

«Ант етейін, сендерді үреймен, аштықпен, мал-жан және өнімдерден кеміту арқылы сынаймыз, сабыр еткендерге жақсылық барын хабарла» (Бақара, 2/155).
Яғни адам өміріндегі қауіп-қатер, басқа түскен қиыншылықтар, кедейлікке ұшырау, байлыққа кенелу бәрі де сынақ.

Енді бір аятта бұл өмірдің алдамшы екені ескертілген: «Біліп қойыңдар! Анығында дүниедегі өмір бір ойын, ермек, сән қуу, өзара мақтанысу, сондай-ақ мал мен бала санын көбейту... Дүние тіршілігі алданыш қана» (Хадид сүресі, 57/20).

Аяттағы «мәтаул ғурур» (алданыш) сөзі көбіне арабтарда сауда кезінде алданып қалуды білдіреді. Сатып алған затының ақауы бар екенін біліп, алушының кейіннен сан соғып қалуында осы сөз қолданылады. Былайша айтқанда, дүниеге сырттай қызыққанмен, алдамшы екенін адам кейін түсініп өкінеді дегенге саяды.   

Жаратушы ие істейтін ісіне қарай пендесін есепке тартып, ізгі іс істегендерге марапат, жамандық істегендерге жаза үшін осы өмірді жаратқандықтан, пайғамбарлар мен кітаптар арқылы жақсы мен жаманның не екенін адамзатқа білдірген.

Төмендегі аятта дүниеде адамға ұнамды бірқатар жайттар баяндалып, өте маңызды шындық ескертілген:

«Адам баласы үшін әйелдер, балалар, алтын, күмістен жиналған қазыналар, сәнделген аттар, малдар және егіндерді қызыға сүю әдемі көрсетілді. Бірақ олар дүние тіршілігінің сәні. Негізінде ең жақсы мекен Алланың қасында» (Али Имран, 3/14).

Бұл аятта адам қанша жерден сұлу құшып, ұрпақ сүйіп, байлықты жақсы көргенмен, ақыреттегі өмірді ұмытпауы керектігі ескертілген. Сахабалардың айтуынша, ардақты Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.у.) бұл дүниеге еш құмартпады.  Абдулла ибн Масғудтың (р.а.) әңгімелеуінше, расулалла ши үстінде ұйықтайтын. Бірде оянғанда, бір жақ қырына із түскенін байқап: «Уа, Алланың елшісі, сізге бір жайлы төсек алайық», - деп өтіндік. Сонда Алла елшісі (с.а.у.): «Мен (жайлы төсек іздейтіндей) дүниеге құмартқан жан емеспін. Осы өмірде ағаштың көлеңкесінде сәл аялдап, содан кейін тұрып кеткен жолаушы секілдімін», - деп жауап қатты.  

Иә, көп жаманшылық дүниеқұмарлықтан туады. Дүниеге беріліп кеткендер насихатқа құлақ аспайды. Өйткені насихатты тыңдаған жан ақырет есебімен өмір сүреді. Тек иман мен ізгі істер ғана пенденің бұл дүниеге алданбауына көмектеседі.

Өмірдің шындығын дұрыс түсінген мұсылман барлық істі өз орнымен істейді. Жаманшылықтан бойын аулақ ұстап, тек сауапты істерге құмартады. Бала-шағасын адал несібемен асырайды, өз еңбегімен күн көреді. Құлшылығын уақтылы орындап, тапқан табысынан Алла жолында жұмсайды. Халыққа, қоғамға пайда тигізуге тырысады. Тіршілік деп жүріп ақыретті ұмытып кетпейді, бар аңсары ақыретке ауып дүниеге көңіл бөлмей де қоймайды. Арадағы тепе-теңдікті жақсы ұстайды.

Ата-бабаларымыз қамшының сабына теңеп, осы өмірдің тым шолақтығын меңзеген. «Бұл дүниенің мысалы, ұшып өткен құспен тең» дегенде де өмірдің келтелігін бейнелеген. Бұдан басқа да қазақ дүниетанымында дүниеге берілген атаулар көп-ақ. Алдамшы дүние, жалған дүние, ғапыл дүние, арман дүние, сағым дүние, бекер дүние, сарсаң дүние, өткінші дүние, опасыз дүние, белгісіз дүние, шолақ дүние, баянсыз дүние, сынап дүние, ит дүние, боқ дүние, елес дүние, бес күндік дүние, әуре дүние, ұшпа дүние, мұнар дүние, қонақ дүние, тар дүние, қу дүние, сұм дүние, т.б.    

Кейде бұл дүние көрген түске теңеледі. Хазірет Әлидің (р.а.): «Адам баласы ұйқыда, өлгенде ғана оянады» дегені бар. Өйткені адам ұйықтап жатып түс көргенде, оның түс екенін біле бермейді. Шын екен деп қалады. Оянғанда барып, көргені түс екенін аңғарады. Сол сияқты пенде қайтыс болғанда барып шын өмірдің бұл өмір емес екенін түсінеді. Егер осы өмірде істеген жақсылықты істері, ғибадат, құлшылығы арқылы ақыреттегі мәңгілік өмірін оңдаса, онда өкінбесі анық.   

0 пікір