Қалқаман Сарин: Жасаған қателіктерім, жасамаған жақсылықтарым үшін өкінем...
Қалқаман Сарин: Жасаған қателіктерім, жасамаған жақсылықтарым үшін өкінем...
8 жыл бұрын 26705
Сұхбаттасқан Марфуға Шапиян

Қалқаман САРИН – ақын, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі. ҚР Үкіметінің «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры сыйлығының лауреаты, Халықаралық “Шабыт” фестивалінің лауреаты, “Алтын қалам” әдеби сыйлығының жеңімпазы, “Арманымның бейнесі”,“Құс жолындағы керуен” атты жыр жинақтарының авторы. 

 

“Сұп-суық тасқа айналып кетпесе екен, Жып-жылы кеудемдегі жұп-жұмыр ет”
Қалқаман аға, күзді жақсы көресіз, күз туралы өлеңдеріңіз де көп. Күз несімен ұнайды? Шабыт келіп, өлеңдер туып жатыр ма?

– Әр адамның сүйікті асы, киімі болатыны секілді ұнататын мезгілдері де болады. Бұл ақындарға ғана тиесілі дүние емес деп ойлаймын. Бірақ ақындар нені жақсы көретінін сүйіншілеп, жар салып жырлап айтып жатады. Былай қарасаң, күздің адам сүйетін қылығы жоқ. Қатал қыстың келе жатқанынан хабар беретін, табиғаттың өңі қашып, жасыл бақтың жапырағы тоналып, сондай бір ұсқынсыз, сұрықсыз күйге енетін кезең ғой. Соған қарамастан ақындарда күзді жырлау, сүю жиі кездеседі. Қазақ өзі қоңыр мұңға жақын, ұлт ретінде болмыс-бітімі қарапайым, тіршілігінің өзі қоңырқай халық қой. Соның ішінде ақындардың жаны күзбен егіз секілді. Күзде көп жазатыным, күзді жақсы көретінім шындық. Бұл – Жер-ана бойындағы бар жемісін адамзаттың игілігне иіп беретін мезгіл. Ақындар да солай шығар... Күз мезгілінде мұңға батып, сағынышқа бой алдырып, табиғатта болып жатқан дүние мен өзіңнің ішкі сағыныш, күйініш, сүйінішіңді үндестіре жырлайсың. Күз келді екен деп, отыра қалып өлең жазып жатқан жоқпыз. Өлең өзі табиғи дүние. Мұз астында ағып жатқан өзен сияқты жылыстап, күзде де, қыста да, жазда да келе береді. Биылғы күзден үміт көп. Өлең келсе жақсы ғой, шіркін! Ақырын-ақырын жазып жатырмыз. Жариялау жағынан өзімді-өзім тежеп қойдым. Өйткені ғаламтор деген тажал жұтып, жазғаныңды қазір іліп-жұлып әкетеді.

Ақыннан «қал сұрама, жыр сұра» дейтін халықпыз, сұхбатымызды да соңғы жазылған бір әдемі өлеңіңізден бастайықшы.

– “Арда мұң” атты бір өлеңім бар. Пайғамбарымыздың (с.а.у.): “Ақиқатында, денеде бір кесек ет бар. Егер сол ет сау болса, бүкіл дене сау болады. Ал ол бұзылса, бүкіл дене бұзылады. Ол – жүрек” деген хадисін оқыған соң туған өлең. Ақын деп таныған жұрт, жүрген, тұрған жерімде құрмет көрсетіп жатады. Жылы сөзді де көп естимін, мақтауды да асыра сілтеп жіберетіндер болады. Сондай кездері қысылып қаламын. Әріге бармай-ақ қояйық, кешегі Мұқағалилар көрмеген марапатқа ие болып, мақтауды естіп жүрміз. Жақсы сөз – жарым ырыс. Жылы сөз жаныңа майдай жаққанымен жауапкершілігін де сезіну керекпіз деп ойлаймын. Бірақ осының бәрі – Алланың берген бағы. Түсінемін. Түсінемін де, шүкіршілік етемін. Жүрегімді кірлетіп алмасам деп ойлаймын. “Арда мұң” сондай ой үстінде туған өлең еді. Оқып берейін: 

Тәңірім! Сен жаратқан мен ақының, 
Тауфиқ бер, таусылғанша дем-ақылым. 
Жүйткіген жылдарымды жүгендеп ап, 
Айналып бара жатыр жер ақырын.

Жұтылып жерге мен де кетем ертең, 
Жүгім де болмас, сірә, көтерер кем. 
Өзекті жан болсам да өлері хақ, 
Өлеңдей өнер бердің өте көркем! 

Жан-ИЕМ, жаздың солай пешенемді, 
Көгерткен көркем өлең көсегемді. 
Қимас ем арда мұңым – ақындықты, 
Берсе де бір басыма бес өнерді. 

Жұрт үшін жасағам жоқ өзгеше еңбек, 
Көп іші көрінгенмен көзге сергек. 
Жанымды қоярға жер таппай қалам, 
Төбемнен төгілгенде сөз нөсерлеп... 

Құлазып, құлап түсіп, көктен көңіл, 
Бір сәтте-ақ күзге айналар көктемгі өңір. 
Киермін сағыныштың сар шекпенін, 
Болғанмен әлем – шексіз... 
Шектеулі өмір... 

Өмір бұл шындығы жоқ, сұмдығы көп, 
Бәрінің бас иесі – бір Құдірет! 
Сұп-суық тасқа айналып кетпесе екен, 
Жып-жылы кеудемдегі жұп-жұмыр ет.
 

Бәрекелді! Өте бір ойлы өлең екен.

– Бүгін-кеше жазған жаңа өлең емес, әрине. Бірақ жақсы өлеңім деп ойлаймын. Жақсы өлең ешқашан ескірмейді.

Өлең жазбақ түгілі, қазақша сөйлегеніңе қысыласың

Әзірет Сұлтан мешітінде

Алғаш жазған өлеңіңіз «Мен кіммін?» деп аталған екен. Көптеген философтарымыз, ғұламаларымыз «Мен кіммін?», «Менің Жаратушым кім?» деген сұрақтарға жауапты орта жасқа келгенде, тіпті қартая іздеп жатушы еді. Сізді бұл сұрақ мектепте жүргенде-ақ толғандырыпты. Сұрағыңызға жауап таба алдыңыз ба?

– Ол қазіргі сіздің көкейіңізде тұрған сұраққа жауап болатындай “Мен кіммін?” деген философиялық өлең емес, қарапайым оқушының қарапайым ғана өлеңі еді. Бала кезімде журналдардағы поэзия беттерін жыртып алып, сақтап қоюшы едім. Өлеңге ғана ғашықтығым ғой, журналды толық сақтамаймын. Сол өлеңдерге еліктеп, өзім де өлең жаза бастадым. “Мен кіммін?” де еліктеп, солықтаудан туған өлең. 1994 жылы мектеп бітіріп, Ақмолаға келдім. Әдеби ортада “Ақындар ауылда туып, Алматыда өледі” деген түсінік қалыптасқан ғой. “Алматыға барамын, ақын боламын” деген бала арманымның күлі көкке ұшты. Алматыға баруға мүмкіндігім болмады, үлкен ағам Астанаға Целиноград кезінен келген, мұнда орналасатын үйім де болды. Солай екі дәптер өлеңімді арқалап Ақмолаға келдім.“Мен кіммін?” сол дәптерлерімнің біріне жазылған өлең еді. Мұнда келгеннен кейін өлең жазбақ түгілі, қазақша сөйлегеніңе қысыласың. Сұлу қыздардың бәрі орысша сөйлейді. Неге екенін орысша сөйлейтіндердің еңсесі биік, жақсы киім солардың үстінде, солар өзін ерекше санайды, солар ғана ақылды боп көрінетін замандар еді. Сондай кездері көшіп-қонып жүріп өлең дәптерімді жоғалтып алдым. «Мен кіммін?» де сонда кетті. Кейін қанша ойлансам да бір де бір шумағын есіме түсіре алмадым. Тек өзім қойған сұрағыма өлең соңында “ақынмын” деген жауап бергенім есімде.  

Әрине, ұлы ойшылдар өзін-өзі іздеген. “Мен кіммін?” оларды жиі ойландырған, толғандырған сұрақ. Ол кездері біздің таным-түйсік басқаша, ақиқатты танымаған кезіміз. Ақындықты басты мақсат тұтқан уақытым. Өзімді-өзім толық білмеген, түсінбеген кезім. Енді ғана белгілі бір дәрежеде қалыптасқан шығармын. Соның өзінде де өзімді толық танып біттім деп айта алмаймын. Құдай берген қабілетті түгел пайдаланбаған сияқтымын. Басқа қатарластарымды білмеймін, өзім кеш есейдім, кеш ер жеттім. Уақыттың қадірін білмедік қой... Біздің жігіт боп, азамат боп қалыптасу кезеңіміз, еліміздің дербес мемлекет болып іргесін бекітуімен қатар келді. Оқуға тапсырған кезде де сүйікті мамандығымызды таңдай алмадық.

Расымен де, неге тарихты таңдадыңыз? Әдетте ақын болғысы келетін адамдар филология немесе журналистика факультетіне ұмтылушы еді.

– Бәрі солай “Филфакты немесе журфакты бітірдің бе?” деп сұрап жатады. Негізі ол да дұрыс түсінік емес. Ақындардың бәрі филфактан шықпаған ғой. Техникалық, басқа да мамандықтарды меңгерген мықты-мықты ақындарды санамалап айтып бере аламын. 1987-88  жылдары менің Ербол Сарин деген ағам Алматыдан Жәнібек Кәрменовтің дәстүрлі ән мектебінен дәріс алып, оқу бітіріп, Целиноградқа жолдамамен келген. Ол кезде мен 9-10 жастағы баламын. Көрші балаларға “Менің ағам Ленинградта тұрады” деп мақтанады екенмін. Целиноградты Ленинград деп жүріппін. 1990 жылдары қала Ақмола болып өзгерді. Менің алдымда мектеп бітірген Гүлмира мен Нұрбол деген апайым мен ағам да осында келді. Әкеміз: “Бәрің бір жерде болыңдар” деп мені де осылай қарай бағыттап жіберді. Таңдауды ойлап жатпастан, тарих факултьтетіне құжат тапсырдым. Мен оқу бітірген 1998 жылы қала Астана болып өзгерді. “Мен Астананы іздеп Алматыға барам деп жүргенде, Астананың өзі мені іздеп көшіп келді” дегенді әзілдеп жиі айтамын.

Адамның есімі тағдырына әсер етеді деп жатамыз. Сіздің есім қазақта сирек кездеседі. «Қалқаман-Мамырмен» немесе Бұқар жырау Қалқаманұлымен қандай да бір байланыс бар ма? Есіміңізді кім қойған?

– Менің атымды әкемнің анасы – Күлтай апам қойған екен. Өзіме де бұл есімнің қойылу себебі қызық көрінді. Негізі үйдің кенжесімін. Анам 12 құрсақ көтерген. Біреуі кішкентай кезінде шетінеп кетсе, енді бірін Тараздағы туысқандарымыздың бауырына басып беріпті. Он баланы өздері өсірген. Мен 1977 жылдың соңында туғанмын, бірақ құжатқа 1978 жылдың басы деп жаздырған. Дүниеге келген кезімді анам «жапалақтап қар жауып тұрған, жаңа жылдың қарсаңы» деп айтатын. Анам мені үйде босанған екен. Техника да тапшы кез. Аудан орталығы ауылымыздан 80 шақырым қашықтықта. Анамды толғақ қысқан соң, аудан орталығындағы перзентханаға апаратын көлік дер кезінде табыла қоймапты. Әрең табылып, онымен бір қырдан асқанда шешемнің толғағы қатты қысып, қайтадан үйге қайтып келеді. Бүкіл ауыл білетін, ауыл балаларының тең жартысының кіндік анасы атанған Үбайша деген апамыз шешемді үйде босандырыпты. Одан кейін Жаңа жыл келіп, ауданға барып тіркелгенше 1978 жыл болып кетеді. Менің алдымдағы ағаларымның аттары бір-біріне ұқсайды: Ержан, Ербол, Бауыржан, Ерлан, Роллан, Нұрбол деп кете береді. Менің атымды да соларға ұқсатып Елдос деп қойыпты. Бірақ сол кезде Орда орталығында тұратын апам келінінің ұл тапқанын естіп: «Атын Қалқаман қойыңдар» деп сәлем айтып жіберіпті. «Неге? Не үшін?» деген сұрақ қойылмайды, талқыға салынбайды. Ол кісі айтқан соң болды ғой. Біздікілер өзгерте салыпты. Әкем де, шешем де «ол кімнің аты?» деп сұрамапты. Шәкәрімнің поэмасындағы Қалқаман шығар деп ойлаған болар, ешкім мән бермейді. Апам мен екі жастан асқанда қайтыс болған. Кішкене күнімде өзім де атыма аса назар аудара қоймадым. Есімімнің ерекше екенін қалаға келген соң біле бастадым ғой. «Қалқамааан?» деп таңғалып, таңырқап қарайтындар жиі кездесті. Апамның қолында Гүлнәр деген кенже келіні тұратын. Сол жеңгем бір күні есімімнің сырын айтты. Апамнан «Осы ұлдың атын неге Қалқаман деп қойдыңыз?» деп сұрапты. Сонда ол кісі: «Марқұм аталарың Сарымен (Сарының шын аты Айтқожа) замандас ауылда балалардың сауатын ашқан Қалқаман деген мұғалім болды. Парасатты ұстаз кісі еді. Өмірде қатты сыйластық. Сол кісі түсіме кірді. Содан кейін атын немереме бердім», – деп жеңгеме айтып беріпті. Білетінім – осы нұсқа. Мен де апам сол мұғалімнің есімін қойды деп ойлаймын. Бір қызығы, үш жүздің ішінде де Қалқаман деген ру бар екен. Ел аралап барған кезімде кей адамдар «біздің руымыз –Қалқаман» деп жөн сұрап, жақын тартып жатады. Тұтас бір рудың атына берілген есім болса, жаман ат болмаған шығар деп қоям өзім де...

«Жұлдыз боп кетіпті, тәкаппар екен» деген сөздер айтылып жатады
Аты аңызға айналған ақын Фариза Оңғарсынова апамыз «Жібек сезім» өлеңіңізге жоғары баға берді. Кітабыңызға алғысөз жазды. Өзге де аға буын ақындар сізді мадақтап жатады. Жоғарыда да жиі мақталатыныңызды айттыңыз. Ондайда тәкаппарлыққа бой алдырып кетемін деп қорықпайсыз ба? Мұндай сәттерде өзіңізді қалай тәрбиелейсіз?

Фариза апам жастарға жақын адам болатын. Қанша қатал дегенмен жанашырымыз еді. Марқұм үлкен бір жылы жүректің иесі еді. Қаншама жас ақындардың кітабы шығуына, тіпті үй алуына да көмек қолын созды. Фариза апам секілді үлкен кісілердің жылы лебізін есту – әрине, үлкен мәртебе. Клараның орындауындағы «Жібек сезім» атты әнді қатты ұнатты. «Әні мен сөзі үйлескен дүние екен» деп алғысын айтып, жүрген жерінде арқамнан қағып, атымды атап жүрді. Кітабыма алғысөзін жазып, ақ батасын берді. Рас, ол кісіден басқа ақындар да шығармашылығыма жылы лебіздерін білдіріп жатты.

33 жасымда тұңғыш жинағым жарық көрді. Астана төрінде шығармашылық кешім өтті. Ненің ақ, ненің қара екенін аз да болса сезінген кезімізде басымызға бақ бұйырды. Бірақ барлық адамға бірдей жаға бермейсің, біреуге көзің, біреуге сөзің ұнамайды. «Жұлдыз боп кетіпті, тәкаппар екен» деген сөздер айтылып жатады. Әлі күнге дейін солай. Адам болғаннан кейін жүректі мақтаныш кернейтін кездер де болатыны рас. Ондай сәттерде жүрегімнің қатайып кетпеуін қатты қадағаладым. Өзімді жақсылыққа барынша баулыдым. Жүрген жерімде діни сауаты бар адамдардың ақыл-кеңесін тыңдауға, кітаптарын оқып тұруға тырыстым. Және жалпы мақтанқұмарлық табиғатымда жоқ деп ойлаймын. Қарапайым ғана, бірінің киімін бірі киіп өскен, қанағатшыл отбасында өстім. Байдың баласы болып, сондай ортаға топ ете қалсам әңгіме басқаша. Басыма бақ бұйырғанда тәкаппарсынған кезім болмады деп ойлаймын, болған кездер болса, Жаратушымнан кешірім сұраймын, болашақта болмаса екен деп тілеймін! Біз пендеміз, адамбыз, қателеспей тұрмаймыз ғой. Мақтауды қазір де көп естимін. Ондай сәттері іштей шүкіршілік айтып, барша мақтау-мадақтың иесі бір Алла екенін сезініп, біліп, Пайғамбарымыз үйреткен дұғаны оқып тұрамын. Алла қаласа, екі-үш жылда 40-қа келеміз ғой. Шаңның тозаңыңдай ғана тәкаппарлық қандай тауқымет тартқызатынын мен білем. Қорқамын. Сондықтан, тәкаппарлықтан Құдай сақтасын, тура жолдан тайдырмасын деп тілеймін.

islam.kz порталының редакциясында

Сынды қалай қабылдайсыз? Омар (р.а.) ұстанған «Кемшілігімді бетіме айтқан адам – маған ең жақын жан» деген қағидасын сіз ұстана алып жүрсіз бе?

Иә, бізге сынды айту парасаты мен қабылдау мәдениеті жетіспейді. Жеке басқа шаппай, жағадан алмай жанашырлықпен айтылған сын болса неге қабылдамасқа? Салқынқандылықпен айтылған сынды сабырмен қабылдар едім. Сауатты сын адамды өсіреді. Әдеби сынның айналасында алып-қашпа әңгіме көп. Әдебиетшілер сын жоқ дейді, сыншылар әдебиет жоқ дейді. Қалай дегенмен де сын керек. Мәселе, қандай сын керек? Кімге арқа сүйеп, кімнен ақыл сұраймыз? Кімнің ауызы дуалы, кімнің айтқанына иланамыз? Кәсіби сыншыларға мұқтажбыз.

Кешегі кемеңгер бабаларымыздың қасиет қағидасын ұстай алсақ, арман жоқ қой, шіркін?!

Қазақ мақалдап, өлеңдеп сөйлегенді ұнатады. Бұрынғы жырауларымыз да уағызды жырмен айтқан екен. Дініміздің насихатына өлеңмен қаншалықты үлес қосып жүрсіз? Діни өлеңдер жазсам деген мақсат бар ма?

– Иә, солай мақсатты түрде жазған өлеңдерім де бар. Өзім қожа тұқымынан болғаннан кейін маңдайымызға жазылған ежелгі миссиямыз тағы бар дегендей... Ұлт көсемі А.Байтұрсынұлы: «Қазақтың өлеңді, сөзді сүйетін мінезін біліп, дінді халыққа молдалар өлеңмен үйреткен. Дін шарттарын, шариғат бұйрықтарын өлеңді хикая, өлеңді әңгіме түрінде айтып, халықтың құлағына сіңіріп, көңілдеріне қондырған», – деп  жазған.  Демек, бұл бүгін ғана пайда бола салған үрдіс емес. Тағылымды тарихымызға көз жүгіртіп қарасақ, Ислам діні ата дәстүрімізбен сіңісіп, біте қайнасып, ірі діни-рухани құндылыққа айналған. Ал оның насихатталуы сол кезеңде өмір сүрген шайырлардың, ақын-жыраулардың шығармаларынан кеңінен көрініс тапқан. Бұл ретте Ахмет Иүгінеки, Қожа Ахмет Ясауи, Асан қайғы, Бұқар, Дулат, Абай, Шәкәрім сияқты тағы да басқа бабаларымызды айта аламыз. Асыл дінімізді де, салтымыз бен дәстүрімізді де осы қара өлеңнің ізімен, қара өлеңнің күшімен жеткізуімізге болады. Қазақтың санасына жат, түсініксіз терминдерді тықпалаудың керегі жоқ. Біздікі кешегі бабаларымыз жасаған дүниенің қасында түкке тұрмайды. Біз солардың ізімен жүріп, ісін жалғастырушымыз. Ақындықты Алла бергеннен кейін Алланың кемел дініне кем дегенде бір шумақ өлең арнамасақ әділетсіздік болады деп ойлаймын. Бұл – бүгінгі ақындар бел шешіп, білек түріп кірісетін шаруалардың бірі. Тіліміз тұғырына қонып, тәуелсіздік басымызда тұрғанда жырланбаса тіпті, ұят қой. Ақындығымызға да, азаматтығымызға да сын болмақ. Атеистік дәуірдің өзінде «Дін – ғылымның анасы» деп жырлаған Мұқағалидікі нағыз ерлік болатын.

Мейрамбек орындайтын «Алланың бары - ақиқат» термесін тыңдап, намазға жығылған азаматтар болыпты
Дін тақырыбын «Алдағы уақытта негізгі тақырыптарымның бірі болатын шығар. Әзірге ең алдымен рухани білімнің кәусарынан қанып ішкім келеді» деген болатынсыз бір сұхбатыңызда. Рухани білім алып жүрсіз бе?

–  Белгілі бір дәрежеде елдің рухани қажеттілігін өтеуде ақын-жазушылардың атқарар рөлі ерекше екенін айттық. Алланың абзал діні жайында аз сөз айтсаң да, көп білім керек екенін сезінген соң солай шешім қабылдағаным рас. Кез-келген дүниенің түбіне білімсіздік жетеді. Аллаға шүкір, айналамызда оқыған, тоқыған жігіттер бар. Кез келген уақытта қалаған сұрағыңа жауап бере алады. Бірақ біздің есту, көру арқылы алып жүрген біліміміз аздық етеді. Рухани сұранысымызды қалаған уақытымызда қанағаттандыра алмаймыз. Бұл жағынан әлі сол білім жинау жолындамыз. Мүмкіндігімізше оқып, ізденіп жүрміз. 

Өзіңіз сөзін жазған Мейрамбек Бесбаев орындайтын «Алланың бары –ақиқат...» атты домбырамен орындалатын ән бұрынғы термелердің заңды жалғасы секілді. Жақсы әнге сусап отырған халық та өте жылы қабылдады. Ән бірінші туды ма, өлең бірінші жазылған ба еді?

– Алматыға бір барған кезім болатын. Студияда Арман Бексұлтанның жаңа әдемі ән жазғанын естіп, соны тыңдадық. Ол маған: «Мейрамбек осы термені орындағысы келіп жүр, сөзін жазасың ба?» – деді. «Көрейін, термені теріп отырып жазбаса, жүрдім-бардым қарай салатын дүние емес», – деп жауап бердім. Сөйтіп жүргенде ораза басталды. Рамазан айында дүниелік істердің барлығы есіңнен шығып, ерекше бір күйде жүресің ғой. Оқуыңа, ойлануыңа бөлген уақытыңа Алла береке беріп қояды. Сол кезде осы терменің алғашқы жолдары тіліме орала берді:

«Алладан басқа жоқ Тәңір,

Мұхаммед – оның елшісі».

Соны айтып жаннат баққа кір,

Иманың – жанның емшісі.

Болуы қиын Хаққа құл,

Ібіліс болса көршісі.

Адамның көбі жатбауыр –

Заманның жалған кем тұсы.

Жер бетіндегі көп қабір –

Адамның алған еншісі, – деген жолдар үзіліп-үзіліп келе бастады. Тіпті бұл өлеңді термеге арнап жаздым деп ойламадым. Алматыға тағы бір жолым түскенде Мейрамбек, Арман үшеуміз «Сөзі қандай болуы керек?» деп ойласып отырғанымызда, осы өлеңім ойыма келді. «Әніне салып орындап көрші» деп Мейрамбекке айтып ем, әуенге сай келіп, жарты жыл бұрын жазылған өлең әп-әдемі үйлесе қалды. Кейін алғашқы алты жолды толықтырып жазып шықтым. Сол екі ортада Мейрамбек умраға барып келді. Келе салып термені жаздырды. Халық өте жылы қабылдады. Тіпті осы терменің әсерімен намазға жығылған азаматтар да болыпты дегенді естідік. Оған енді Аллаға шүкір дейміз.

– Сіздің шығармашылығыңыздан маған қатты ұнаған, философиясы әсер еткен бір өлең болды. Ол – «Азан мен намаз» деген өлеңіңіз. Осы өлеңіңізбен танысқанға дейін дін тақырыбында қанша оқып, өзімше ізденіп жүрсем де, сіз өлеңде келтірген сюжетті еш жерден кездестірмеппін. Өлең қалай туды?

 Бірде Семейде тұратын Марат деген інім, агентке азан мен намаз туралы қысқа ғана әңгіме жіберіпті. Оқып отырып таңғалдым. Қатты әсер етті. Осы қысқа әңгіме менің күнделікті оқитын шығармама айналды. Таңертең ашып, бір оқып аламын... Қарасөзбен жазылған шығарманы өлеңмен жазғым келіп жүрді. Саған өтірік, маған шын, төрт-бес айдай жаңағы әңгімені ашып, оқып қана жүрдім. Cодан бір күні отырдым да, жаздым:

Құдайға құл екенін күнде айғақтап,

Көрмеген тірі жанды бір ғайбаттап.

Оңаша ойға батып отырды қарт,

Жанында немересі жүрді ойнақтап, – деген бір шумақ өлең құйылып түсті. Бір жолын өзгерткен жоқпын. Сөйтсем, ол әңгіме алты ай бойы маған әбден сіңіпті. Ары қарай жалғастыру да қиын болған жоқ.

Маңдайдан бала терін тамшылатып, 
Қасына келді дағы шаң шұбатып. 
Ерке ұлға ес кіргендей: 
– Ата! – деді, 
– Ғұмыры бір адамның қанша уақыт?

Сұрақты күтпегенмен дәл осындай, 
Қария жауап берді баласынбай. 
– Ғұмыры бір адамның түсінгенге, 
Азан менен намаздың арасындай! 

Алланың пендесіне көп сынағы… 
Қарт адам ойын солай топшылады. 
Таң қалып немересі: 
– Адамдардың 
Өмірі неге қысқа? – деп сұрады. 

– Қорықпай, ой жүгіртіп қарашы, әкем, 
Жаныңа болсын сабыр, парасат ем. 
Қамшы ғұмыр – «намазсыз азан» менен 
«Азансыз намазыңның» арасы екен.

– Санама жауабыңыз тіпті сіңбей, 
Сөзіңді тұрмын, ата, түк түсінбей? 
Ақсақал әңгімесін жалғастырды 
Жас ұлдың жүрегіне жүк түсірмей:

– Өткенде есіңде ме, тыңда, балам, 
Көрші үйде сәби туды іңгәлаған. 
Сәбидің құлағына азан айтып 
Ат қойып бермеп пе еді діндар адам?!

– Соған куә қылды ма көрші бәрін? 
– Айналдым ақылыңнан, жөн сұрағың. 
Намазы сол азанның оқылған жоқ, 
«Намазсыз азан» деген сол шырағым! 

Өмірге келу – қызық, қайту – қайғы. 
Амалың, сауабыңды айқындайды. 
Ал адам өлген кезде оқылатын 
Намаздың азаны, ұлым, айтылмайды. 

«Азансыз намаз» деген осы, қарғам, 
Өлім – хақ, тұратұғын тосып алдан. 
– Неге азан шақырмайды? 
– Тоқта, бала, 
Ұмытпау керек мұны есі бар жан. 

Бүгінгі емес, бақилық бақытты ойлан, 
Қайтатұғын келеді уақыт тойдан. 
Ол намаздың азанын, есіңде ме, 
Адам туған кезінде оқып қойған… 

Бес парыз бұйрық болып жетсе Алладан, 
Мүміндер сан сауаптан кеш қалмаған. 
Сондықтан құлшылық қып аз ғұмырда, 
Сәт сайын бір Алланы еске ал, балам.

Солай өлең жазылды. Ғаламтор арқылы халыққа тез таралып кетті.

Шүкір етіп маңдайымды сәждеден көтермеуім керек...

Бұл өмір қысқа, құстың тұмсығындай,

Жастығың жара бермес бүршік ыңғай.

Өкініп өткен күнге өксігенмен,

Жуарсың көңіліңнің кіршігін қай?деп жырлайсыз «Бұл өмір» атты өлеңіңізде? Өткенге жиі өкінесіз бе? Ең үлкен өкінішіңіз не?

– Рас, пенде болған соң кейде еңсені өкініш басады. Жасаған қателіктерім үшін, жасамаған жақсылықтарым үшін өкінем. Ең үлкен өкінішім – бос өткен уақыттарым. Жалпы алғанда, Аллаға шүкір, мен өте бақытты адаммын. Әке-шешем өсірді, жеткізді, келінін көрді, немере сүйді. Аман-есен жүрмін. Қайғыруыма себеп те жоқ. Осының бәрінің салмағын таразыласақ, шүкір етіп, маңдайымды сәждеден көтермеуім керек. Сен келтірген өлеңдегі өкініш бір сәттік көңіл-күй ғана. Әйтпесе айтарлықтай үлкен өкінішім жоқ. Өкінішімнен гөрі сүйінішім, қуанышым басым адаммын деп ойлаймын. «Сен неткен бақытты едің келер ұрпақ» деген ғой Қасым атамыз. Сол «келер ұрпақ», келген ұрпақ біз шығармыз...

Білмеймін, бұл қаладан бақ табам ба?

Жабығып жүргендеймін жат ғаламда.

Тарылған көшелері тас қаладан,

Тарыдай бір мейірім таппағанда,

Сені сағынып кетем, анашым! – деп өлең арнаған анаңыздың өмірден озғаны сізге ауыр тигенін білеміз. Жаны жәннатта болсын. Қандай адам болмасын ананың орны ерекше екені белгілі. Адамзаттың мойнында ананың өтелмес парызы бар. Көзі тірісінде анаңыздың ақ сүтін ақтап, разылығын алып қала алдыңыз ба?

– Анасын арқалап, Қағбаны айналып тәуап етіп шыққан сахаба Пайғамбарымыздан (с.а.с.): «Анамның алдындағы парызымды өтеп болдым ба?» дегенде, Алла елшісінің «Сен оның тоқсан толғағының біреуін ғана өтедің», – дейтін еді ғой. Сол секілді анамның алдындағы парызымды толықтай өтедім деп айта алмаймын. Тек шығармашылық кешімді көзімен көргені ғана көңілге жұбаныш.  

Ақынның шығармашылық кешінде анасына гүл тапсыру сәті

«Ақын болмау – өз еркің, азамат болу – міндетің» дейтін халықпыз ғой. Ақындығыңыз туралы айттық, енді азаматтық ұстанымыңызды білсек. Күні кеше 20-дағы жап-жас жігіт өзін-өзі өртеп жіберді. Оның алдындағы аптада құрбысы студент қызды өлтіріп, кілемге орап лақтырып тастады. Күнделікті өмірімізде қорқынышты қылмыстар көбейіп барады. Сіздіңше қоғамды қалай түзетуіміз керек? Адамдар азып бара ма, қоғам ба?

– Сырттан тон пішкім келмейді. Әлеуметтік желі бір жақты ғана пікірді қалыптастыратын дүние болып қалды. Терең зерттеулер жасалмай тұрып, алып-қашпа әңгімелер, дәйексіз, дәлелсіз ақпараттар жиі ұшырасып жатады. Осының бәрін оқыған оқырман қайсының дұрыс, қайсының бұрыс екенін білмейді. Ақпарат берушілер, таратушылар өте тиянақты болып, үлкен жауапкершілікті сезіну керек деп ойлаймын. Шынында адамның жаны түршігетін қылмыстар ғой. Жиырма жерден пышақтау, өзін елдің алдында өртеп жібере салу, педофилдер, адам ақылына сыймайтын азғындықтың болып жатуы, олардың күнделікті жаңалықтардың деңгейіне жетіп жай хабарлануының өзі қорқынышты, етіміз үйреніп бара жатыр. Мұның бәрі рухани азғындықтан болып жатыр деп ойлаймын. Әлеуметтік мәселе де жоқ деп айта алмаймыз. Дегенмен, әр ата-ана баласының алдындағы жауапкершілікті сезінуі керек. Ата-ана, мектеп мұғалімдері, жоғарғы оқу орнының ұстаздары, дін басшылар бар, барлығы жұмылып жұмыс істеуі қажет. Дін руханиятында, мәдениетте, әдебиетте жүрген адамдар жұмыла көтермесе бұл жүк жеңілдемейді, одан сайын ауырлай береді. Отбасының рөлін күшейтуіміз керек, әке өз рөлін, шеше өз міндетін білуі керек. Ешкім бізге сырттан келіп, балаларымызды тәрбиелеп бермейді. Балам ертең қазақша сөйлесін десең, бүгін қазақша мектепке бер, балам ертең қылмыскер болмасын десең, бүгін ақ-қараны ажыратуды үйретуіміз керек.  

– «Қызым менің,

Сәуле шашып ойнасын жүзіңде күн.

Өз қолыммен өсірген қызғалдағым,

Қаламаймын гүлімнің үзілгенін», – деп өлең арнаған қызғалдақтай екі қызыңыз бар, ұрпағыңызды жалғастырар ұлыңыз бар. Бала тәрбиесіне өзіңіз қаншалықты көңіл бөліп жүрсіз?

–Үйде Айсұлу атты жеңгең бар. Бала тәрбиесімен негізінен сол кісі айналысады. Мен сол кісімен айналысамын (күліп).  Көбінесе сыртта жүреміз. Ақиқатында, әрбір ер азамат аманат иесі ретінде әйелі үшін де, балалары үшінде Алла алдындағы жауапкершілігін сезінсе болғаны...

Жұбайы Айсұлу, қыздары Аянат, Інжу және ұлы Кемеңгермен


Сұхбатымыздың соңында Islam.kz порталына тілегіңізді естісек?

Сіздерді елдің игілігіне жұмыс істеп отырған сайттардың бірі деп білемін. Мұның халық алдындағы жауапкершілігі өте жоғары. Жалпы діни сайттардың атқаратын қызметі орасан зор. Неге десеңіз, қазір Қазақстанда діни ахуал ала-құла. Халыққа дұрыс ақпарат беру, дінге келген адамдардың дұрыс жолға түсуіне, дұрыс ақпарат алуына, өздерінің сансыз сауалдарына, сұрақтарына дұрыс жауап алуы жолында осы сайттардың атқарар рөлі өте жоғары. Сондықтан осы бір абыройлы істі атқаруда islam.kz порталына, оның ұжымына сәттілік тілеп, Алла істеріңізге береке берсін деймін. Жемісті, жеңісті сәттеріңіз көп болсын! Елдің қажеттілігін өтеп, Алланың разылығына ие бола беріңіздер.

1 пікір