ҚАЙРАТ ЖОЛДЫБАЙҰЛЫ: Мұсылмандар Алланың "екінші кітабын" оқуды ұмыт қалдырды
ҚАЙРАТ ЖОЛДЫБАЙҰЛЫ: Мұсылмандар Алланың "екінші кітабын" оқуды ұмыт қалдырды
7 жыл бұрын 22387 Kazislam.kz

Ислам адамзат баласына Алла тарапынан берілген бір нығмет, белгілі өлшемге құрылған заңдылықтар жиынтығы десек, құлшылық ғибадаттары осы заңдардың бір тармағы ғана. Қазіргі күнде мұсылман қауымының ғылым мен өркениеттен кенже қалуының себебі неде? Театр, поэзия, кино. Ислам дінінде өнер, шығармашылық саласының орны қандай? Белгілі исламтанушы, ғалым, Islam.kz порталының бас редакторы Қайрат Жолдыбайұлы дін мен дүние, ғылым мен мәдениет, ғибадат пен тақуалық түсініктеріне тереңірек үңілуді ұсынады. Әңгіме желісі осы тақырыпта өрбіді. Назарларыңызға ұсынамыз.

– Қайрат аға, жалпы дін ұғымының дүниедегі орны қандай? Дін мен дүниенің байланысы немесе ара-жігі бар ма?

– Салыстырмалы түрде дін мен дүниенің ара-жігі бар деуге болады, бірақ тереңдеген кезде ешқандай айырмашылығы жоқтығын көресің. Біз дінді Алла Тағаланың адамды екі дүниеде бақытты ету үшін жіберген заңдар жиынтығы дейміз. Құранда Алла Тағала «Сендерді мына дүниенің тіршілігі алдамасын», – дейді. Күйбең тірлікпен жүріп, дүниеге алданып қалмауды айтады. Осы тұрғыдан алғанда дүние тіршіліктері, дүниедегі істер Алласыз, рухани ниетсіз болса, әрине, онда дін мен дүние екі бөлек нәрсе болады. Ал егер біз дүние тіршілігін жасаған уақытта оған ақыреттік ниетті қосатын болсақ, ол сырт көзге дүние тіршілігі болып көрінгенмен, діни іс саналады. Мәселен, бір кісі ұйықтады. Былай қарасаң, ол – дүние тіршілігі, адамның табиғи қажеттілігі. Бірақ, ұйықтар кезде: «Қазір сәл тынығып алып кітап оқимын, Құран оқимын. Ұйықтап алып, Алла аманат еткен бала-шағамды асырау үшін жұмыс істеймін немесе бір мұсылманның қажетін өтеймін» деген ниеті болса, ол ұйқының өзі дүниелік ұғымнан шығып, діни болып кетеді. Өйткені, бұл жерде сауап бар. Ниетіңізге қарай күнделікті істеп жүрген тіршілігіңіз сізге сауап алып келеді. Ал сауап алып келген іске толыққанды дүниелік деп баға бере алмайсыз. Тура осы секілді, мысалы, сіз белгілі бір кәсіпті дөңгелетіп жүрген кәсіпкерсіз. Бірақ соны істеген кездегі ниетіңізде «Өзіме, отбасыма жетерлік дүнием бар. Енді халыққа көмектесейін, оларды жұмыспен қамтиын, мектеп, медресе, мешіт, балабақша салайын, мұқтаж адамдарға қол ұшын созайын» деген ой болса, онда сіздің әр күн жұмысқа баруыңыз, келуіңіз, іскерлік келісім құжаттарын жасауыңыз, соны уайымдауыңыздың өзі сауапқа айналады. Сондықтан, тікелей мағынада дін мен дүниені бөліп қарауға болмайды.

– Дін ісі деп дүние тірлігін тәрк ету тақуалықтың нышаны ма? Мәселен, ұялы телефонды немесе көлікті қолдану қажеттілік, ал осы техникаларды ойлап табу, жасау үшін адам баласына білім, ғылым игермек керек. Біз осы соңғысынан қалыс қалмадық па?

– Меніңше, дін мен дүниені қатар ұстанған кезде тақуалық толысады. Өкінішке қарай, біз бұл ұғымдардың мағынасын тарылтып алдық. Мұсылмандар тақуалықты тар мағынада түсінген кезден бастап кері кетті. Тақуалық – Алланың кітабын оқу, Алла Тағаланың заңдылығымен жүру деген сөз. Ал Алла Тағаланың заңымен жүру екі түрлі болады. Біріншісі – Алланың кітабы Құран. Біз Құранды оқимыз, ондағы үкімдерді орындаймыз, бұйырғанын істейміз, тыйғанынан тыйылуға тырысамыз. Әрине, бұл – сауапты іс, мұны көптеген мұсылмандар қал-қадірінше орындап жүр. Бірақ, бұл – тақуалықтың бір қыры ғана. Ал келесі қыры – Құран «дүрбісімен» немесе Құран «көзімен» Алла Тағаланың екінші кітабын оқу. Ол – Ғалам атты кітап. Ғалам да Алла Тағаланың құдірет қаламымен жазылған. Ондағы әр нәрседе Алланың заңдары мен нышандары, белгілері бар. Әлемдегі көркемдікке қарап Алла Тағаланың «жәмил, жәмал» деген сипатын түсінеміз. Жер шарының бір секунд қалмай, дәлме-дәл айналуы секілді есепті көрген сайын Алла Тағаланың «мұқаддир», яғни «әр нәрсені есеппен істеуші» деген сипатын көреміз. Ғаламдағы әр нәрсенің орнында тұрғанын, керемет үйлесім тапқанын көріп, Алла Тағаланың «хаким», яғни «хикмет иесі» екеніне көз жеткіземіз. Әр тіршілік иесінің, ең аяғы кіп-кішкентай құрт-құмырсқаның да өз ризығын тауып жүргеніне Алла Тағаланың «рәззақ» деген сипаты дәлел. Ғаламдағы физикалық, химиялық, астрономиялық, геометриялық қандай да бір заңдылықтарды көрсек, мұның бәрін Алла Тағала реттестірген. Біз ғылымдағы заңдылықтарды оқыған кезде «Алланың аяттарын оқып жатырмыз» деп түсінуіміз керек. Мысалға, күннің айналасында көптеген планеталар бар. Айналып тұр. Бір минут кешікпейді, бір-біріне соқтығыспайды. Дәл осы жүйе атомда да бар. Атомның ішінде ядро, ядроның айналасында протон, нейтрон секілді түрлі элементтер бар. Олардың айналу бағыты, тартылыс күші дәл күн жүйесіне ұқсас. Сонда біз күн жүйесін зерттеп «Алла Тағала, қандай шеберсің» деп бір таңғаламыз, ең кішкентай атомды зерттеп, ондағы күн жүйесі секілді жүйені көріп, тағы да Жаратушымыздың шеберлігіне тәнті боламыз. Ғаламды зерттеген сайын Алланы танисың, Алланы таныған сайын Оның құдіретін, шеберлігін, басқа да кемел сипаттарын түсінесіз. Бұл – тақуалық. Мұсылмандар мешіт пен ғылымды ажыратып алғандықтан артта қалды. Ал ілгерідегі мұсылмандар осы ұғымдарды қатар ұстанған. Алысқа бармай-ақ бір ғана мысал келтірейін, біздің тәпсір кітаптарымызда, сонау VIII-IX ғасырларда жердің домалақ екені айтылған. ХІІ ғасырда белгілі ғұлама әл-Бируни өзінің кітабында жердің домалақтығын жазады. Ғалым өз еңбегінде: «Сіздер жер домалақ болса үстіндегі заттар неге құлап қалмайды, неге шашылып кетпейді?» деп айтуларыңыз мүмкін. Мен оған «жердің мәркәзінда (орталығында) тартылыс күші бар» деп жауап берер едім» дейді. Бұл – мұсылман ғалымының ХІІ ғасырда айтқаны. Ал осы уақытта батыс әлемі кері кетіп жатыр еді. Тарихтағы Коперник, Бруно, Галилейдің оқиғаларын жақсы білесіздер. Христиандар соты  «жер – домалақ» дегені үшін шіркеудің үкіміне қайшы шықты деп Коперникті өртемек болды. Бруноны ақыры өртеп жіберді. Галилей ұстанымынан бас тартуға мәжбүр болды. Бірақ, ол ғалымдар іштей өз пікірлерінде қалды. Бұл XVI ғасырда болған оқиғалар еді. Ал әл-Бируни бұл ғылыми жаңалықты ХІІ ғасырда жария етті. Мұсылмандар осындай деңгейде еді. Бүкіл ғылыми жаңалықтарды мұсылман ғалымдары ашты. Сосын оның бәрі кезіндегі Андалусия, қазіргі Испания арқылы батысқа қарай ойысты. Олар өздеріне жеткен кітаптарды аударып, зерттеп, қайта жаңғыртып, кемелдендіріп, ғылымға жол ашты. Ал біз кері кеттік. Сол себепті мұсылмандар тақуалық деген ұғымды дұрыс түсінуі керек. Алла Тағаланың Құран кітабындағы көзге көрініп тұрған намаз, ораза, қажылық секілді нәрселерді ғана құлшылық деп ойламай, тақуалықтың екінші қыры бар екенін ұғынуы керек. Дін мен ғылымды бөлуге болмайды. Құранның ең алғашқы аяты – «Жаратқан Раббыңның атымен оқы» деп келеді. Аят Құранды немесе белгілі бір кітапты оқы деп тұрған жоқ, жалпы оқуды айтып тұр. Жәй ғана оқу емес, Раббыңның атымен оқу. Себебі, Раббыңның атынсыз оқылған ғылым –  бомба болып жарылуы мүмкін. Ол адамды клондау арқылы жамандыққа жеткізуі мүмкін. Автомат болып атылып, химиялық қару болып қасірет әкелуі мүмкін. Ол адамзатқа пайдасыз, зиянды ғылым болуы мүмкін. Дәл осыны Ыбырай Алтынсарин де «Бір Аллаға сыйынып, Кел, балалар, оқылық» деп айтады. Құранмен үндес пе? Үндес. Қазақтың ақиық ақыны Мұқағали кеңестік кезеңде өмір сүрсе де дін мен ғылымның егіз екенін қиын-қыстау заманда-ақ айтып кетті. Дін – ғылымның анасы, Дін – ғылымның әкесі. Ғылым – діннің баласы, Дін – ғылымның көкесі.   Ғылым да бар, дін де бар, Қоқыс та бар, гүл де бар. Қол ұстасып Құдайға, Ғылым мен дін бірге бар, – дейді. Дін мен ғылымды қатар меңгергенде ғана мұсылмандар кесапатынан арылады.

– Расында, ислам діні дегенде, өткен дәуірлерге үңілсек, үлкен ғылым, алып өркениет, ірі мәдениетті көреміз. Бүгінде кейбір адамдар дінді тек құлшылық деп түсінетін немесе белгілі бір іс-әрекетпен шектейтін секілді. Исламның ғылыми деңгейге қайта көтерілуі үшін не істемек керек?

– Қазіргі дін сыртқы формаға көп көңіл бөліп кетті. Бұған Ислам әлемінің сәлафизмнің ықпалында отырғаны да себеп болып отыр. Негізгі мақсатқа қол жеткізу үшін кейде сыртқы формаларды тікелей мағынада емес, басқалай да жорамалдай білуіміз керек. Мектеп пен медресе бірігіп, медресемізде мектептегі білімдер беріле бастағанда, ал мектепте руханият сабағы өткізілген кезде біз даму көкжиегіне көтерілеміз. Ол үшін мұсылмандар дін ғылымы мен дүние ғылымын бөліп қарамауы керек. Біз дінге қызмет дегенде көбінесе мешіт, медресені ойлаймыз. Ал бірақ дін деген кезде мектеп салуды, мектепте керемет тұлғаларды жетілдіруді, кино түсіруді неге ойламасқа?!. Тарихымыз небір мықты тұлғаларға, қаһармандарға толып тұр. Ал біздің, яғни мұсылмандардың өз Голливуды жоқ. Батысқа жалтақтап отырмыз. Өз «Уолт Диснейіміз» де жоқ, балаларымыз батыстың мультфильмдерін көріп өсіп келеді. Біздің режиссерлеріміз соларға қарап тамсанады. Біздің қай жеріміз кем? Құранымыз, дініміз бұған қайшы емес қой. Заман өзгерді. Ықпал, әсер ету тез. Сондықтан, дінге қызмет ету керек, мұсылмандар ояну керек деген кезде осы екі нәрсені бірге ұстануымыз қажет. Сол кезде ғана мұсылмандар дамиды, өседі, өркендейді деп ойлаймын. Бастысы – сананы өзгерту керек. 

– Қоғамда әртүрлі өнер салаларын түбегейлі шариғатқа теріс деушілер аз емес. Дінімізде ғылыммен қатар, өнер, шығармашылыққа қандай маңыз берілген?

– Жалпы, өнер – кең ұғым, үлкен сала. Өнер – адамзатқа керек нәрсе. Өйткені, адам баласы 24 сағат құлшылық жасамайды. Дін деген тек мешіт, тек намаз емес. Дін деген, ол – өмір. Адам деген әртүрлі, жан-жақты жаратылыс. Адам кейде ән тыңдағысы келеді, кейде әсемдікке қарағысы келеді. Мысалы, мына жаратылыс, табиғатты Алла Тағаланың бір оркестрі деп айтуға болады. Судың сылдырлап аққаны, теңіздің буырқанып тасығаны, құстардың сайрағаны, жапырақтың сыбдыры, жаңбырдың тырсылы, көктің күркірегені, желдің ескені, міне, осының бәрі әуен емес пе? Табиғатта бір әуен ойнап тұр. Сіз осыларды тыңдап тынығасыз. Адамның табиғат аясына шыққанды ұнатуы бекер емес. Бұл жерде керемет өлшем бар. Адамды шаршатпайды. Ендеше, Алла Тағала бізге бір нәрсені «ұқ» деп тұр. Музыка болса осындай болсын. Сәлафизм ағымындағылар музыкаға түбегейлі қарсы болса, біз музыканы адамзатқа пайдалы және зиянды деп екіге бөліп қараймыз. Зияндысы – рок, поп сияқты адамның мінезін өзгертетін, миға, жүйке жүйесіне кері әсерін тигізетін, адамды ұшқалақтыққа «тәрбиелейтін» музыкалар. Қазақша қайырғанда, даңғаза музыка. Оны харам дейміз. Музыкаға тыйым салуға байланысты хадистерді осыған қатысты деп түсінеміз. Ал бірақ, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) да даңғара деген аспаптың сүйемелдеуімен ән тыңдағаны туралы дәйекті, сахих хадистер бар. Осыған қарап, адамға ой салатын, демалдыратын, көңіліне шабыт сыйлайтын музыкаларды, мәселен, қазақтың дәстүрлі ән-күйі, жыр-термелері секілді әндерді халал дейміз. Сол секілді театрды алайық. Өз басым театрға барып тұрамын. Қандай ғажап, адамға ой салатын сахналық қойылымдар бар. Мәселен, Астанадағы Қалибек Қуанышбаев театрында қойылған «Қараш-қараш оқиғасы» мен «Шиені» көріңіз. Режиссердің жұмысы адамға терең ой салады. Тебіренбей шықпау мүмкін емес. «Гамлетке» қараңыз. Бәрі ғажап. Әрине, сахнада діни ережелер толықтай сақталады деп айта алмаймыз. Бірақ, болашақта кейбір діни мәселелер ескерілуі керек деп ойлаймын. Дініміз құптамайтын іс-әрекеттер болуы мүмкін. Дегенмен солай екен деп театрдың есігін тарс жауып, бармай қоюымызға да бола қоймас. Сондай-ақ, қойылымдардың мазмұнынын жетілдіріп, тереңдете түсу керек, режиссерлер мен пьеса жазатын шығармашылық адамдары жұмыла жұмыс жасауы қажет. Сахна, өнер бәрібір қажет. Біз бұл нәрселерден бас тартар болсақ, онда сахнамыз жын-жыбыр, жын-ойнақтарға толып кетуі әбден мүмкін. Халық бәрібір оны көреді, барады. Одан да біз осы құралды өз қолымызға алып, пайдалы, игілікті дүниелермен толтырайық. Сол қаруды өзіміз пайдаланайық.  

– Қасиетті Құранда «Шұғара», яғни ақындарға арналған сүре де бар екен. Бұл да болса поэзия жанрының адам өміріндегі маңыздылығын көрсетсе керек. Жалпы өлеңді дін уағыздауға қолдануға болады ма?

– Ақын деген жай халық емес. Алла Тағала оларға өзінің «кәлам», яғни «сөйлеуші» сипаты арқылы ерекше қабілет берген. Ұйқас, мазмұн, мағына, тереңдік жағы әр ақында әртүрлі. Құранның «Шұғара» сүресінде: «...ақындарға көбіне азған адамдар ереді, олардың сөзі мен ісі сәйкес келмейді» деген аят бар. Расымен, барлығы демесек те, ақындардың көпшілігі атаққұмар келеді. Небір нәрселерді ауыз толтырып айтуы мүмкін, бірақ онысы шын өмірдегі іс-әрекетімен қабыспай жатады. Құранда осы жағдай меңзеліп тұр. Олардың соңынан еретіндер де шектен шыққан, қиыс кеткендер болады. Бірақ Құрандағы сол аяттың аяқ жағында: «Тек қана иман келтіріп, салиқалы амал істегендер ол ақындардың қатарында емес» дейді. Бір мысал, пайғамбарымыз Мұхамммедтің (с.а.у.) Хасан ибн Сәбит деген ақын сахабасы болған. Қажет кезде соған мақтау айтқызған, дұшпанға жауап бергізген. Өйткені, өлең де қажеттілік, үлкен күш, құрал. Қазіргі кезде де көптеген мықты ақындарымыз баршылық. Дінді жырлап жүрген, ісі мен сөзі үйлесетін, тақуалыққа бет бұрған, ізгілікті насихаттаушы өнер адамдары аз емес. Дінді ғана емес, лирикалық өлеңдерді де жазуға болады, тек шариғат шеңберінен шығып кетпесе болғаны. Өлең халықтың мұңын жеткізсе, ойға жетелесе, ізгілікке шақырса, сені бір сілкіп алып, ақыретіңді еске салып тұратын болса, адами құндылықтарды дәріптесе, әсемдікті түсіндірсе, табиғатты жырласа, ананың қадірін ұғындырса... Поэзия неге қажет болмасын?!

– Салиқалы сұхбатыңызға рахмет!

Әңгімелескен Жайық НАҒЫМАШ

6 пікір
  • Өте орынды мəселе қозғалды. Алла разы болсын. Осы мақаланы жан-жақты таратып, оқыту керек баршаға.
    7 жыл бұрын
  • дін мен дүниені қатар ұстанған кезде тақуалық толысады. Өкінішке қарай, біз бұл ұғымдардың мағынасын тарылтып алдық.
    7 жыл бұрын
  • Тамаша сұхбат! Әсіресе "Алланың кітабы" деген тіркес ұнады. Бұрын ойыма келмеген дүние екен.
    7 жыл бұрын
  • Иә. Тамаша сұхбат. ФБ- де шыққан осы мақалаға кеше " Өте жақсы сұхбат. Тек осы айтылған ғылыми деректер мен болжамдар мәселесіне дін өкілдерінің ( олардың қатарында сұхбат беруші-ұстаздың) көңіл бөлмеуі қынжылтады",-деген өз ойымды жазып едім. Қызым Марфуға Шапиян, ұстазға жақын жүрсің ғой біздің ұстаз-ғалым не айтар екен?
    7 жыл бұрын
  • Өте орынды! Қос қолымды көтеріп қосыламын.!
    7 жыл бұрын
  • Өнер, шығармашылық, театр, кино, музыка сынды қоғам өмірінің маңызды салаларын діннен бөліп алып қарайтын жаман әдетіміз бары шындық. Қайрат аға әрдайым осы кемшілігіміздің орнын толтырып әлек. Қайрат Жолдыбайұлы сияқты ғалымдарымызға Алла разы болсын! "Ел боламын десең, бесігіңді түзе" деген нақыл сөздің астарында осының бәрі бар – ғылым да, музыка да, театр да, кино да, көркем әдебиет те. "Мың өліп, мың тірілген" қазақ деген халықтың ендігі тағдыры асыл дініміздің бағдарымен өркендейтін ғылымға, әдебиет пен мәдениетке тәуелді.
    7 жыл бұрын