Қағазға қатысты қызықтар
Қағазға қатысты қызықтар
2 жыл бұрын 2014
Берік БЕЙСЕНҰЛЫ

Біз қағаз туралы көп білеміз бе? Оны пайдаланатын бұйым ретінде ғана қараймыз. Қажеттілік болып қана көрінер. Ақиқатында ақыл ой, идея да, қазынаның бюджеттік цифрлары да бәрі қағаз бетіне түседі. Қысқасы қағазсыз өмір жоқ.

Кейде кеңседегі жұмыстан қалжыраған кезде «осы қағазбастылықтан қашан құтыламыз?» деп қоятынымыз бар. Бірақ құтылмаймыз. Адамзат пайда болғалы бері қағаз адаммен бірге өмір сүріп келеді. Бүгінде онсыз тірлік жоқ, хат, жеделхат жі­беру ескі байланыс түріне енді. Бұл, әсіресе, кеңестік дәуірде айрықша дамыды. Қазір жаһан электронды жүйеге көшті. Бірақ бәрібір қағазқа шұқшиямыз. Кітап оқимыз. Сурет саламыз. Кез келген зат пен бұйымды қағазға ораймыз. Жер бетінде адам көбейген сайын сұраныс та артады. Қағаз өндірісі де солай, электрондық ынтымақтастық қарқынды дамығанымен қағаздың орны айрықша.

Қазір әлемде АҚШ, Канада, Жапония, Швеция елдері әлемдегі қағаз өндірісінің басым бөлігін шығарады. Индустриялық мемлекеттерде тұратын халықтың 20 пайызы әлемдегі қағаз өндірісі көлемінің 85 пайызын пайдаланып отыр. Алайда ең өкініштісі сол, біздің қажеттілігімізді өтейтін ақ қағаз ақырында қалдыққа айналып, айналамызға орасан зор экологиялық зиянын тигізуде. Мысал ретінде айта кетейік, бүгінде жер бетіндегі қоқыстың төрттен бірі қағаз өнімдерінен қалған қалдық болып отыр. Бір ғана дерек, америкалықтар жыл сайын пошта арқылы 4 миллион тоннаға жуық хат-хабар, бандероль алады екен. Бұл әрбір америкалыққа шаққанда, ондаған келіге тұратын зат болып табылады. Ең қызығы, осының барлығы электрондық байланыс арқылы келсе, жыл сайын 150 мың ағашты сақтап қалуға мүмкіндік бар екен. Алайда планета халқы осы күнге дейін ысырапшылдыққа жол беріп, үнемдеуді үйрене алмай келеді. Егер де біз бір тоннадан астам қағаз қалдықтарын қайта өң­деуден өткізетін болсақ, 17 ағашты аман алып қалады екенбіз. Жалпы қағазды тиімді пайдалану жағына келсек, әр елдің тұ­тынуы әртүрлі. Мысалы, Қытай мен Үндістанда оны көп пайдаланады. Өйткені түсінікті де шығар. Аталған елдердің халқы өте көп. Ал орташа есеппен алғанда, әрбір еуропалық жыл сайын 4 тонна қағаз тұтынады, ал австралиялыққа қажеттілігі-130 келі ғана екен. Ал британдық отбасы жыл сайын кесілетін 6 ағаштан жасалатын қағаз қалдықтарын далаға тастайтын көрінеді.

Әрине, қағаз өндірісі әртүрлі 7-8 технологиялық операциядан тұратын процесс. Аз уақытты алмайды. Мәселе шыққан өнімді үнемді пайдана білуде. Бір ғана дерек, егер бір тоннадай қағазды қайта өңдеуден өткізетін болсақ, 17 ағашты, 26 мың литр суды,

3 текшеметр топырақты, 240 литр жанар-жағар май мен 4000 киловатт - сағат электр энергиясын үнемдейді екенбіз. Ал қайта өңдеуден өткізілген өндіріс барысында электр қуатын екі есе аз үнемдеуге болады. Осының арқасында ауаны былғайтын зиянды қалдықтар 70 пайыз төмендейді.

Десек те, соңғы 20 жыл ішінде әлемде қағаз бұйымдарын тұтыну 92 миллионнан 208 миллионға артып, оның көрсеткіші 128 пайызға артты. Қазіргі заманғы технологияның жанданып, электрондық құжаттың өмірге келуі мен компъютерлік байланыстың артуы бәрібір қағаз өндірісіне кері әсерін тигізіп отырған жоқ. Сұраныс та, қажеттілік те бар. Мысалы, миллион тонна қағаздың 14 мың теміржол вагонына сиятынын ескерсек, бұл саладағы өнімнің азаймай, қайта жыл сайын артып келе жатқанын түсінуге болады.

Жалпы қағазға қатысты қызық деректер жетерлік. Негізі бір парақ қағазды өз заңдылығы бойынша жеті рет қана бүктеуге болады дейді сарапшылар, одан ары бүктеу өте күрделі. Алайда жуырда бұл қисынды америкалық бір оқушы бұзды. Ақ қағазды 12 рет бүктеп, ол рекорд жасаған көрінеді. Бұл нәтижені осы уақытқа дейін ешкім түзей алған жоқ.

«Әлемде талай қызық бар» деген рас. Жақында бір жазушы жаңашыл бастама көтеріп, оны өзі жүзеге асырды. Ол әжетханалық қағаз арқылы өзінің көркем туындысын жазып, кітап етіп шығарған. Франкфурттегі мұражайда кітап көрмесін өткізген. Жазушының ойынша, «әжетхана -нағыз кітапқұмарлардың орны».

Алайда көлемі кішкентай баланың алақанындай болса да, әлемде ең қымбат құнды зат ретінде бағаланатын қағаздар да бар. Атақты «Титаник» кемесінің 3 класты қонақтары тамақтанатын мейманханасынан бір жолаушының «менюі» табылған. Белгісіз қонақ ішкен бұл дастарқан мәзірі кеме апатқа ұшыраған маңда су бетінде қалқып жүрген. Бұл дастарқан мәзірі аукционда 45 мың долларға сатылды.

Десек те, қағазға қатысты әңгімелер АҚШ-та көп. Мәселен, Калифорния штатында іс-қағаздары қолданыстағы заңдылыққа сәйкес, жиналған макулатурадан қайта өңделіп, яғни қалдыққан шыққан қағаздан жүргізіледі екен. Американың тәуелсіздік декларациясының ең алғашқы жобасы коноплядан жасалған қағазға жазылған көрінеді. Дұрыс-ақ шығар. Дегенмен мынандай да қайғылы жағдай орын алған. Осыдан екі жыл бұрын хайуанды қорлағаны үшін АҚШ-тың бір азаматы екі жылға сотталды. Ол хамолеонды түрлі-түсті суретті қағаздың үстіне отырғызып қойып, тыныштық бермей әбігерге түсірген. Ақырында хамолеон 19 рет түсін өзгертіп, қорлыққа шыдамай өліп кеткен.

Жалпы әлемде әжетхана қағазына сұранысы өте жоғары ел барын білесіз бе? Ол-Испания. Неге? Әсіресе, футбол ойындары басталған шақта испандық жанкүйерлер домалақ әдемі етіп оралған түрлі-түсті әжетхана қағаздарын сатып алып, лента ретінде алаң ортасына қарай атады. Футбол алаңында отшашулар болып, лентаға оралып жатқан жанкүйерлер бұл сәтті жеңіс үшін, өз клубын қолдау үшін ұйымдастырады. Бұл ғана емес, АҚШ үкіметі Kimberly-Clark компаниясын патриоттық қызметі үшін мемлекеттік марапатқа ұсынған. Өйткені компанияның әжетхана қызметіне арнап шығарған түрлі-түсті жұмсақ қағаздары екінші дүниежүзілік соғыс кезінде сарбаздардың қажетіне жараған. Сондай-ақ 1991 жылы АҚШ армиясы «Шөл даладағы дауыл» операциясы кезінде танк пен әскери машиналардың үстін жасырын жабу үшін түрлі-түсті қағаздарды пайдаланған. Міне, қағаз бен қалдық өнімдердің осындай пайдасы бар.

Ал алғаш рет қағаз ақша қашан пайда болды? Біздің эрамыздың 806 жылдары Қытайда өмірге келді. Оған дейін күншығыс елінде салмағы 3,8 грамм болатын мыс монеталар пайдаланылған. Үлкен көлемде сауда жасайтындар үшін майда монеталар қолайсыздық тудыратындықтан император ақырында 10 мыңдық юан, яғни қағаз ақшаларды басып шығаруға нұсқау берген. Тіпті қағаз ақшалармен сауда жасаудан бас тартқандарды өлім жазасына кескен жағдайлар да кездескен. XIII-XIV ғасырларда қағаз ақшамен сауда жасау жапондықтар мен парсыларға көшкен. Ал Еуропа елдерінің ішінде қағаз банкноттарға алғаш қолы жеткен -ұлыбританиялықтар. 1864 жылы елде мемлекеттік банк құрылды.

Ал АҚШ-тың ең үлкен номиналдық көлемдегі ақшасы 100 000 долларлық сомада басылып шыққан. Бұл 1945 жылға дейін қолданыста болды. Ал қазіргі 100 долларлық қағаз купюрлер алғаш рет 1690 жылы дүниеге келген. Алайда бағалаушылардың айтуына қарағанда, доллар қағаздан жасалмайды. Оның 75 пайызында мақта талшықтарының қосындысы бар деген дерек бар. Ал тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш қағаз ақшасы тәуелсіздік алғаннан екі жылдан кейін 1993 жылдың 13 қарашасында Англияда басылып шыққанынан жұртшылық хабардар.

Қағазға қатысты тағы бір әңгіме. Кейінгі кезде баспасөз беттері мен дөңгелек үстөлдерде болашақта қағаз басылымдар жо­йылады деген пікірлер жиі талқыға салынып жүр. Анығында солай ма? БҰҰ-ның бүкіләлемдік зияткерлік меншік ұйымының өкілдері 2040 жылға қарай дәстүрлі түрде шығып тұрған газеттер болмайды деген дерек келтірді. Олардың ұйғарымынша, АҚШ-та қағаз-басылымдар 2020 жылға қарай, ал әлемде газеттер 2040 жылға қарай өмір сүруін тоқтатады.

- Жақсы болсын, жаман болсын, бұл - эволюциялық даму. Қазірдің өзінде АҚШ-та ешкім кітап оқымайды. Қағаздан беттелген кітаптарды бірқатар қала кітапханаларынан табу қиынға айналып барады. Барлығы цифрлік, электрондық жүйеге көшірілген ресми өкіл.

Бұл мәселенің Қазақстанда да талқыланып жүргені рас. Алайда алдағы 20-30 жылда бүкіл әлем электрондық жүйеге көшіп, ақ­парат-хабарды сайттан оқиды деу сенімсіз.

Демек, қағазға қатысты әңгіме де, сұраныс та, қажеттілік те таусылмақ емес.

0 пікір