Пайғамбарымызға (с.а.у.) салауат айтудың сіз білмейтін 10 пайдасы
Пайғамбарымызға (с.а.у.) салауат айтудың сіз білмейтін 10 пайдасы
7 жыл бұрын 125015

 Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.а.у.) салауат айтудың пайдасының өте көптігін біреу білсе, біреу білмейді. Ендеше, назар аударыңыздар:

1) Періштелердің салауатына қосылған болады. Алла тағала Азхаб сүресінің 56-аятында: «Расында Алла, Пайғамбарға рахмет етеді. Және періштелер салауат айтады. Әй, мүміндер! Оған салауат және ықыласпен сәлем келтіріңдер», – дейді. Әрине, періштелер мен қарапайым үмметтің салауаттарының арасында мағына жағынан айырмашылықтар бар екендігі хақ. Қалай болғанда да, Пайғамбарға (с.а.у.) салауат айту арқылы, періштелерге қосылу үммет үшін бір мәртебе емес пе?!

2) Салауат айту – күнәлардың кешірілуіне себеп.

Расулуллаһ (с.а.у.) былай деген:«Кімде-кім маған бір рет салауат айтса, Алла ол адамға 10 рет салауат айтады. 10 қателігі кешіріліп, 10 дәреже көтеріледі» (Нәсай, Сәһу, 55).

3) Қияметте Пайғамбарымыз (с.а.у.) оның қасында болады.

Расулуллаһ (с.а.у.) былай деген: «Қиямет күні адамдардың маған ең жақыны, маған ең көп салауат айтқандары» (Тирмизи, Үтір 21).

4) Расулуллаһ (с.а.у.) салауат айтушыға жауап қайтарады.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай айтқан: «Сәлем берген адамның сәлеміне жауап беруім үшін Аллаһ рухымды маған қайтарып береді» (Әбу Дәуіт, Мәнасиқ 96).

5) Әрбір салауат айтқанның есімі Пайғамбарға (с.а.у.) білдіріледі.

Мұхаммед (с.а.у.) былай ескерткен: «Жер бетінде Алланың кезген періштелері бар. Олар үмметімнің сәлемін сол сәтте маған жеткізеді» (Нәсәй, Сәһу 46).

 6) Пайғамбардың оған деген сүйіспеншілігі артқаны сияқты оның да Пайғамбарымызға (с.а.у.) деген сүйіспеншілігі жалғасын тауып, еселеп өседі.

 7) Алла тағаланың Расулуллаһ (с.а.у.) арқылы бізге берген сыйы сансыз көп болғандықтан, салауат айтумен Пайғамбарымыздың (с.а.у.) мойнымыздағы хақысын аз да болса, өтеген боламыз.

8) Бізге Алла Тағаланың рахметінің түсуіне себеп болады. Расулуллаһ (с.а.у.) былай қуантады: «Кімде-кім маған бір рет салауат айтса, осы себепті Алла Тағала оған он есе мейірімділік етеді» (Мүслим, Салат 70).

9)  Дұғалардың қабыл болуына себепші болады: Пайғамбарымыз(с.а.у.) намаздан соң Алланы мадақтамай, Пайғамбарға (с.а.у.) салауат айтпай дұға еткен адамды көрді. Сосын: «Бұл адам асығыстық жасады», - деді. Сосын ол адамды қасына шақырып былай деді: «Біреулерің дұға еткен кездеріңде алдымен Алла тағаланымадақтап, сосын маған салауат айтыңдар. Содан кейінқалауларың бойынша дұға етіңдер» (Тирмизи, Дағуат 64). Тағы бір хадис шәрифте былай баяндалады: «Дұға еткен адам Пайғамбарға салауат айтпайынша, дұғасы перделі болады (мақсатына жетпейді)».

10) Алла тағала Пайғамбарына салауат айтқан құлының істерін жеңілдетеді және оның әрі дүние әрі ақырет қайғысын сейілтеді. Үбәй бин Қағб (р.а.) Хазіреті Пайғамбардан: «Уа, Расулаллаһ! Мен саған көп салауат айтамын. Қанша айтқаным дұрыс екен?» - деп сұрадым. «Қалағаныңша айт» - деді. «Дұғаларымның төрттен бірін салауатқа арнасам бола ма?» - деп сұрадым. «Қалағаныңша арна. Бірақ, одан да көбірек айтсаң сен үшін қайырлы болмақ» - деді. «Олай болса дұғамның жартысын салауатқа арнайын» - дедім. «Қалауың білсін. Бірақ одан да көп істесең сен үшін қайырлы болмақ» - деді. Мен тағы да: «Олай болса, үштен екісі жеткілікті ме?» - деп сұрадым. «Қалағаныңша. Бірақ көбейтсең сен үшін жақсы» - деді. «Ал, дұғаға арнаған уақытымның бәрінде саған салауат айтсам қайтеді?» - дегенде: «Онда Алла барлық қиыншылықтарыңды жойып, күнәларыңды кешіреді» - деді (Тирмизи, Қиямет 23).

Салауат пен сәлем айту Хазіреті Пайғамбарымызбен (с.а.у.) арамызды жақындатады. Сондықтан салауат үнемі тілімізде болсын! 

0 пікір