Пайғамбарымыздың (с.а.у.) кезінде Рамазан қалай өткен?
Пайғамбарымыздың (с.а.у.) кезінде Рамазан қалай өткен?
6 жыл бұрын 8049

Хижреттен кейін Пайғамбарымыз және сахабалардың өмірі түбегейлі өзгерген еді. Пайғамбарымыз алдымен Мәдинаның орталығына бір мешіт салдырды. Өз үйі де мешітке қоржынбас болып қаланды. Мекке кезеңінде көбінесе иман және ғибадатқа байланысты аяттар түссе, құтты көштен соң ғибадат әлеуметтік әрі экономикалық өмірге байланысты үкім аяттар түсе бастады. Аталмыш аяттардың біреуі осы ораза ұстауға байланысты үкім болатын. Ол бұйрық: 

«Уа, иман келтіргендер! Өздеріңнен бұрынғыларға парыз етілгендей сендерге де ораза ұстау парыз етілді. Бәлкім, сол арқылы (асау нәпсіні тізгіндеп), күнә атаулыдан сақтанып, тақулыққа жетерсіңдер» (Бақара 2/183). «(Сол санаулы күндер), адамдар үшін тура жолға бастаушы, айқын дәлелдерді һәм ақиқат пен жалғанның ара-жігін ажырататын өлшемдерді қамтыған қасиетті Құран түсе бастаған ерекше ай. Араларыңнан кімде-кім Рамазан айына аман-есен жетсе, оны ораза ұстап өткізсін»(Бақара 2/185). Ол кезде адамдар жаңа айдың басталғанын әрі аяқталғанын айға қарап анықтайтұғын. Пайғамбарымыз Рамазан айының нақты анықталуын қалап, бұл мәселеде адамдардың селқостық жасап, Рамазаннан бір-екі күн бұрын ораза тұтуды бастауға жол бермейтін. Өйткені бұл аталмыш ораза Алланың әмірі және ғибадаттың басталуы аса маңызды болатын. Осыған байланысты Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай бұйырды: «Рамазанды, бір немесе екі күн бұрын ұстап қарсы алмаңдар. Бірақ бір кісі одан да бұрын ораза ұстап келе жатқан болса бір басқа»(Бұхари, Саум, 14; Мүслим, Саум, 21, 1082).

Мәдинадағы алғашқы Рамазан қуанышы

Алғашқы Рамазан оразасының қуанышы толқындай тасып Мәдинаға лезде жайылды. Олар оразаның түп мақсатын жан-тәнімен түсінген болатын. Олар әр жылдағы бір айғы ораза арқылы асау нәпсілерін тәрбиелеп жан дүниелерін тазартуды қалаған еді. Әсіресе Пайғамбарымыз, сахабалардың түнгі /тарауих намазды оқуларын қалайтын-ды: Абдуррахман ибн Ауфтың (р.а.) хабар беруіне қарағанда Алла елшісі (с.а.у.) былай дейтін: «Аса абыройлы атақ пен ұлықтық иесі Алла, Рамазан оразасын парыз етті; мен де бұл айда түнгі намазды сүннет еттім. Кімде-кім ол айда шынайы ықыласымен оразасын ұстап, әрі түнді құлшылықпен өткізетін болса, күнәларынан арылып, тұп-тура анасынан туғандай тап-таза күйге енеді» (Ахмед бин Ханбәл, 1/191; Иби Әби Яълә, 2/169, 864). Тағы бір хадисінде былай дейді: «Кімде-кім Рамазан ай түндерін (тәһажжуд/тарауих) намаздарын шынайы ықыласпен жалғастыратын болса, оның өткен күнәлары кешіріледі». (Бұхари, иман, 26; Мүслим, Салатул-мусәфириин, 173, 759).

Мәдинадағы имсак

Араб тілінде ұстау мағынасына келетін «имсак» сөзі, ислам келген соң; ауыз бекіте бастайтын уақыт үшін қолданыла бастады. Ораза күндіз жүзеге асатын бір құлшылық болып саналады. Осыған орай фәжр-садықпен имсак/ораза ұстау басталып күн батқанға дейін бұл құлшылық жалғасады. Құранда былайша ашықталады: «... Сондай-ақ таңның ақ жібін түннің қара жібінен ажыратқанға (таңның бейне бір ақ жіптей ағарып, қылаң бере бастағанын көргенге) дейін жеп-ішіңдер. Содан кейін күн ұясына батып, ымырт түскенге дейін оразаны толық ұстаңдар»(Бақара 2/187). Сахабалардың біреуі бұл аятты сөзбе-сөз түсініп ақ жіп пен қара жіпке қарап нақты ажырата алмаған болатын. Бие байлайтын уақытта, Пайғамбарымызға (с.а.у.)  барып жағдайды айтты. Сонда Алла елшісі: «(Құрандағы бұл мәселе) түннің қараңғылығы мен таңның жарығы» деді. (Бұхари, Саум, 16)

Сол кезде әсіресе Рамазан айында Мәдинада имсак үшін екі азан шақырылатын. Біреуі имсактан бұрын еді, өйткені тәһажжуд намазын өтеушілер, ауыз бекітетін уақыттың жақындағанын біліп сәресілерін ішсін деген ескерту түрінде болатын. Алғашқы азанды Біләл Хабәши (р.а.) шақыратұғын. Сағат жоқ уақытта бұл аса маңызды мәселе болатын. Османлы дәуірінде, ауыз бекіту уақыты жақындағанда азан емес Аллаға мадақ, пайғамбарға салауат айтылатын. Оның атауы «тәмжид» еді. Сол кезде кешке сәресі үшін палау пісіріліп, сәресіде сол тәмжид оқылып жатқанда ысытып таратылып желінетін. Сол себепті бұл «тәмжид палауы» делініп кеткен. (қар.з ДИВ, Хадислерле Ислам, II/429).

Имсактан кейін, ораза мен таң намазының басталғанын жариялау үшін екінші азан айтылатын. Екінші азанды шақыру міндеті көз ақауы бар сахаба Абдуллаһ бин Үмму Мәктумге (р.а.) тиесілі еді. Адамдар «таң атты» деп оған хабар айтқаннан кейін барып азан шақыратын. (Бұхари, Азан, 12, 13; Нәсаи, Сиям, 30)  

Мәдинадағы ауызашар

“Ифтар” аяқтау әрі ашу деген мағынаға келетін сөз бола тұра, Ислам дәуірінен соң оразаны аяқтау, ауыз ашу уақыты үшін қолданысқа ене бастады. Пайғамбарымыз (с.а.у.) ауызашарға асығу керектігін айтып, оны құрма немесе сумен ашуға кеңес беретін. Әнәс (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі, ақшам намазын өтеуден бұрын бірнеше жас құрмамен егер ол жоқ болса кепкен құрмамен ауыз ашатын. Ол да болмаса сумен ифтар ететін» (Ахмед III/164; Әбу Дәуід, Сиям, 21; Термези, Саум, 10). Пайғамбарымыз (с.а.у.) ауыз ашар сәтте дұға етілуін ұнататын әрі «әрбір ораза тұтушының ауыз ашқан кезде қайтарылмайтын бір дұғасы болады» дейтін. Өзі де алақандарын жайып: «Аллаһым, сенің разылығың үшін ораза тұттым. Сенің берген ризығыңа ауыз ашып отырмын» деп дұға жасайтын. (Әбу Дәуід, Сиям, 22)

Пайғамбарымыз (с.а.у.) ауызашар дастарханына басқа адамдардың да шақырылуын қалайтын және көппен бірге ауыз ашуға үндейтін. Және былай дейтін: «Кімде-кім оразалы жанға ауыз аштыратын болса, оған да ораза тұтқандай сауап жазылады.» (Термези, Саум, 82) Ауыз ашқан соң барып ақшам намазын өткізетін. Қазіргі күнде Мекке, Мәдина көшбасшы болып, басқа да үлкенді-кішілі мешіттерде осы үрдіс жалғасын табуда. 

Жәбірейілмен  Құран оқу

Әр Рамазан айында Пайғамбарымыз Жәбірейілмен бірге Құранды муғарада ететін.  Пайғамбарымыз (с.а.у.) оқып, Жәбірейіл тыңдайтын. Ибн Аббас (р.а.) бұл жайлы былай баяндайды: «Пайғамбарымыз (с.а.у.) жақсылық жасауда адамзат баласының ең жомарты еді. Рамазан айында Жәбірәйілмен (ғ.с)  жолыққанда да Ол адамдардың ең жомарты болатын. Әрбір түнде Жәбірейілге (ғ.с) Пайғамбарымыз (с.а.у.) Құран тапсыратын». (Ахмед, I/363) Кейбір риуаяаттарда Жәбірейілдің (ғ.с) оқығаны жайлы дерек келеді. Бұл риуаяттан кейде Пайғамбарымыз (с.а.у.) оқып, Жәбірейіл тыңдайтынын, кейде Жәбірейіл (ғ.с) оқып, Пайғамбарымыз (с.а.у.) тыңдайтынын түсінуге болады (қар.з Бұхари, Фадайлул-құран, 7; Ахмед, II/399; VI/282). Бұл тақырып хадис жинақтарында «Муғарада» делінеді. Түрікше «муқабалә» болып аударылып қолданысқа енген. Қазақша бетпе-бет отырып Құран оқу деуге келетін шығар (ауд).

Рамазан айындағы иғтикаф

Пайғамбарымыз (с.а.у.) Рамазанның соңғы он күнінде Мәсжидун-нәбәуиде иғтикафқа отыратын-ды. Тіпті деректерде мешіттің ішінде шатыр тігіп парыздан соң зікір, құлшылық және Құран оқу үшін осы шатырға кіретіндігі риуаят етіледі. Мінекей, осы сәттерде мынадай бір жағдай болағанын Әбу Зәрр (р.а.) жеткізеді: «Рамазанның соңғы он күні болғанда Алла елшісі мешітте иғтикафқа отырды. (Рамазанның) 22-сіне сәйкес келетін дүйсенбі күні екінті намазын өткізіп, сосын былай деп хабарлама жасады: «Бүгін түнде намаз оқимыз, Алла жазса. Түнде намаз оқығысы келгендер оқысын!» Бұл түн рамазанның 23-і болатын. Пайғамбарымыз (с.а.у.) құптаннан кейін жамағатпен түннің үштен бірі болғанша намаз оқыды, сосын аяқтады. Сосын 24-і болғанда ештеңе демеді, түнде намазға да келмеді. Сосын 25-ін меңзеп, былай деді: «Алла жазса, Бүгін түнде намаз оқимыз. Түнде намаз оқығысы келгендер оқысын!» Түннің үштен бірі болғанша намаз (тарауих) оқып, сосын аяқтады. 26-ы болғанда ештеңе демеді, түнде намазға да келмеді. 26-ы екінті намазын өтеп болған соң тұрып, 27-і түнді меңзеп «Алла жазса, Бүгін түнде намаз оқимыз. Түнде намаз оқығысы келгендер оқысын!» Әбу Зәрр (р.а.) әңгімесін ары жалғап: (сол түні) түнгі намаз үшін жиналдық және Алла елшісі бізге түннің үштен екісі болғанға дейін намаз (тарауих) өткізді. Содан кейін мешіттің ішінде тігілген иғтикаф шатырына кірді. Мен ол кісіге уа Алланың елшісі! Таңға дейін бізге намаз өткізуіңізді қатты қалаймыз дегенімде, былай деді: «Уа, Әбу Зәрр! Сен имамыңмен осы намазды оқып аяқтағаныңда, түннің барлығын құлшылықпен өткізген сауабына кенелесің». Пайғамбар (с.а.у.) осылайша бір-ақ рет жасады. Парыз санап кетуінен қорыққаны үшін (жамағатпен өтеуге) жалғастырмады». (Ахмед бин Ханбәл, V/172; Табарани, Әусат, I /140, 442).

Рамазандағы айт мейрамы

Рамазан аяқталған соң Пайғамбарымыз (с.а.у.) алғаш рет айт намазын жариялады және мерекеде мұқтаж жандардың жүзі күлуі үшін сәл болса да жәрдемдесу болып саналатын пітір садақасының берілуіне бұйрық берді. Ибн Аббас (р.а.) бұл жайлы былай жеткізеді: «Алла елшісі пітір садақасын ораза тұтқан кісіні бос және жаман нәрселерден тазарту және кедейлерді тойдыру үшін парыз (уәжіп) етті. Кімде-кім пітір садақасын айт намазынан бұрын берсе қабыл (үлгерген) болады. Ал кімде-кім кейін беретін болса, ол кәдімгі садақа болып саналады». (Әбу Дәуід, Зекет, 17; Ибн Мәжаһ, 21). Айт күні Арда елші ғұсыл құйынды және  айт намазын мешіттің сыртында кең бір алаңқай жерде өткізді. Намаздан кейін уағыз айтты. Әрдайым жүретін жолынан басқа бір жолмен үйіне оралды. Пайғамбарымыз (с.а.у.) айт намазын тәкбір (Аллаһу әкбар) таһлил (Лә иләһәә илаллаһ) деумен қарсы алатын. (Бұхари, Ъидәйн, 24; Термези, Саум, 81; Ибн Сағд, Табақат, I /242, 248).

Мәдинадағы кейінгі Рамазан

Бұдан кейінгі жылдардағы Рамазан айы тыныштықта өтіп, қандай бір жорық және соғыс орын алмаған болатын. Сахабалар оразаларын ұстап, түнгі құлшылықтарын атқарып отырды. Құтты көштің үшінші жылы Рамазан айының ортасында Пайғамбарымыздың (с.а.у.) жиені Хасан дүние есігін ашты. Бұл жағдай Пайғамбарымыздың үйін және Мәдинаны үлкен бір қуанышқа бөледі (Ибн Әбдилбәр, Истиъаб, I /369; Ибн Хажар, әл-Исабә, I /328-329). Жоғарыда айтылғандай Пайғамбарымыздың (с.а.у.) Мәдинада болған кезінде Рамазанның соңғы он күнінде иғтикафқа отыратын еді. Сондай-ақ әрбір Рамазан айында Жәбірейілмен (ғ.с) Құранды муғарада жасайтын. Пайғамбарымыз (с.а.у.) түнгі намаздарының қиямын өте ұзаққа созатын (ұзынсонар сүрелер оқитын). Бәлки, оның оқыған Құранын Жәбірейіл тыңдайтында осылайша аталмыш муғарада жүзеге асатын болар. Құтты көштің сегізінші жылы Рамазан айында Мекке фатх болды. Құтты көштің тоғызыншы жылы Тәбук жорығына аттанған Алла елшісі он күннен астам болған соң кері қайтты және Рамазанның алғашқы күндерінде Мәдинаға келіп жетті. Сол жылғы Рамазан айында Тайф және Иемен секілді аймақтардан елшілер келіп Арда елшімен жолықты. (Ибн Кәсир, Сирәтун-нәби, I I/289)   Құтты көштің оныншы жылы Рамазан айында Пайғамбарымыз Мәдинада болды. Берекелі ғұмырының соңғы жылындағы рамазан айында 20 күн иғтикафқа отырды және Жәбірейімен Құранды екі мәрте муғарада жасады. Әрбір жыл сол күнге дейін түскен сүре, аяттарды Жәбірейілмен муғарада жасайтұғын-ды. (қар.з Бұхари, Фадайлул-құран, 7; Ахмед, II/399; VI/282).

 

Рифат ОРАЛ, Түркия Дін Істер басқармасының
Ғұламар алқасының мүшесі
Аударған Ақмола облысы Целиноград ауданы 
Талапкер ауылдық «Талапкер» мешітінің ұстазы 
Әбдікерім Берікбай Германұлы

  

0 пікір