Пайғамбар әзілдерін оқып, күні бойы күліп шықтым...
Пайғамбар әзілдерін оқып, күні бойы күліп шықтым...
2 жыл бұрын 5309
Салтан САЙРАНҰЛЫ

Адам жанының әзілге жақын, табиғатының әзілдесуге бейім тұратыны белгілі. Өткенде Пайғамбарымыз (саллаллаһу ‘әлейһи уәссәләм) бен сахабалардың әзілдерін оқып отырып, күні бойы күліп шықтым. Адам жанын жадыратып, көңілін бір серпілтіп тастайтын қасиетке ие бұл әзілге Ислам діні де өзінше бір баға беріп, шегі мен шекарасын белгілейді екен. Себебі, ұшы-қиыры жоқ әзіл-қалжыңның шегін белгілемеске тағы болмайды. Орынсыз қалжың, шектен шыққан әзілдің реніш тудырып, ашу мен ыза шақыратын да қасиеті бар. Сондықтан да, қазақ «әзіл түбі – зіл» дейді.

Дін-Ислам әзілді тыймайды, бірақ белгілі бір шарт-талаптар қояды. Кейде арамызда бір-бірімізбен әзілдесіп жатып, Ислам діні белгілеп берген, Пайғамбарымыз (саллаллаһу ‘әлейһи уәссәләм) сызып берген шекарадан аттап, шектен шығып кетіп жатамыз. Сондықтан да, әзілдің де мөлшерін біле жүргеніміз жөн болар.

  1. Әзілдің түбі шындыққа байлануы тиіс. Сахаба Әбу Хурайра Пайғамбарымызға (саллаллаһу ‘әлейһи уәссәләм): «Сіз бізбен әзілдесесіз, әзілдеуге бола ма?», – дегенінде Пайғамбарымыз (саллаллаһу ‘әлейһи уәссәләм):  «Мен әзілдесемін, бірақ менің әзілдерімде шындық жатады», – дейді.
  2. Өтірікке жол берілмеуі керек. «Әзілде өтірікке жол берілмеуі керек», – дейді Пайғамбарымыз (саллаллаһу ‘әлейһи уәссәләм). «Әзіл де болса өтірік сөйлегенге Жәһаннам отынан бір орын тиетініне кепілдік беремін», – деген де хадисі бар Алла Елшісінің (саллаллаһу ‘әлейһи уәссәләм).
  3. Біреуді мазақ етіп, қор қылуға болмайды. «Әзілмен болсын біреуді қор қылуға жол жоқ», – дейді Пайғамбарымыз (саллаллаһу ‘әлейһи уәссәләм). Сондай-ақ, «Бауырыңмен пікірталасқа түспе, оны мазақ қылып әзілдеспе», – дейді Алла Елшісі (саллаллаһу ‘әлейһи уәссәләм).
  4. Шектен шықпауы тиіс. «Әзілдесуге рұқсат берілсе де шектен шықпауы тиіс», – дейді Ардақты Елшіміз (саллаллаһу ‘әлейһи уәссәләм).
  5. Әзіл кәсіпке айналмауы керек. «...Әзілдеу арқылы адамдарды күлдіру кәсіп болып кетпеуі керек», – деген де Пайғамбарымыздың (саллаллаһу ‘әлейһи уәссәләм)  хадисі бар.
  6. Қарумен, отпен т.б. адам денсаулығына, өміріне қауіпті дүниелермен әзілдесуге тыйым салынады. «Отпен, қарумен қорқытып әзілдесуге рұқсат жоқ», – дейді Пайғамбарымыз (саллаллаһу ‘әлейһи уәссәләм).
  7. Біреуді әзілдесіп ренжітіп алудан сақтану. Пайғамбарымыз (саллаллаһу ‘әлейһи уәссәләм): «Бауырыңды ренжітетіндей әзілдеспе», – деген.

Міне, әзілдесетін кезде осы шарттарды әр мұсылман жақсы білуі тиіс деп есептейміз.

 

Пайғамбарымыздың (с.а.у.) әзілдері

Түйе аспаннан түспеген...

Бірде бір адам Пайғамбарымызға (саллаллаһу ‘әлейһи уәссәләм) келіп:

– Уа, Алланың Елшісі (саллаллаһу ‘әлейһи уәссәләм), мені бір түйеге мінгізіңіз, – дейді. Пайғамбарымыз (саллаллаһу ‘әлейһи уәссәләм) да:

– Мен сені түйенің төліне мінгіземін, – дейді. Бұған әлгі кісі:

– Уа, Алланың Елшісі (саллаллаһу ‘әлейһи уәссәләм), мен түйенің төлін не қыламын, түйенің төліне мінуші ме еді? – дейді. Сонда Пайғамбарымыз (саллаллаһу әлейһи уәссәләм):

– Түйені сонда түйеден басқа бір мақұлық туған ба? – дейді (Тирмизи, Әбу Дәуіт). Яғни «қандай түйе болсын, мейлі атан, мейлі бота болсын, әйтеуір бір түйенің төлі емес пе?» дегендей, айтылуы тиіс қалжыңның да астарында тек ақиқат жатуы тиіс екеніне тамаша үлгі көрсетеді.

 

«Ей, екі құлақты!»

Пайғамбарымыздың сахаба Әнасты (радыйаллаһу ‘әнһу) кейде «Ей, Зүл-үзүнейн!», яғни «Ей, екі құлақты!» деп шақырып, қалжыңдасады екен. Алғашында мазақ қылып тұрғандай естілгенімен, адамда екі құлақ екені ақиқат. Бұл да орынды қалжың ақиқатқа негізделуі тиіс екеніне мысал.

 

Жәннатқа қарттар кірмейді

Бірде қартайып қалған бір әже Пайғамбарымызға (саллаллаһу ‘әлейһи уәссәләм) келіп:

– Уа, Алланың Елшісі (саллаллаһу ‘әлейһи уәссәләм), Жәннатқа кіруім үшін дұға етші!», – деп сұрайды. Пайғамбарымыз да (саллаллаһу ‘әлейһи уәссәләм):

– Қарт әйелдер Жәннатқа кірмейді, – дейді. Пайғамбарымыздан мұны естіген қарт ана әлгі жерден көңілі құлазып, жылап кетеді. Пайғамбарымыз артынша соңынан бір сахабаны жіберіп: «Оған айт қарт әйелдер жәннатқа кәрі күйінде емес, жас болып кіреді», – деп сәлем жолдайды Имам Тирмизи).

 

Қарын өтірік айтады

Бір күні Пайғамбарымызға (саллаллаһу ‘әлейһи уәссәләм) бір кісі:

– Бауырымның қарны тырсылдап ауырып жатыр, – деп, не істеу керектігін сұрай келеді. Бұған Пайғамбарымыз (саллаллаһу ‘әлейһи уәссәләм) «бал шәрбатын ішкіз» деп кеңес береді. Әлгі адам біраз уақыттан кейін қайта келіп:

– Бал шәрбатын ішкіздім, бірақ ауырғаны қайтпай тұр, – дейді. Пайғамбарымыз тағы да сол бал шәрбатын ішкізуді кеңес етеді. Ана адам айтқанын орындап үшінші ретінде тағы да бауырының қарны жазылмай жатқанын айтады. Пайғамбарымыз тағы да бал шырынын ішкізсін деп қайтарып жібереді. Әлгі адам төртінші ретінде тағы да келгенінде Пайғамбарымыз (саллаллаһу ‘әлейһи уәссәләм):

– Алла тура сөйлейді! Ол Құран Кәрімде балда шипа барын айтады. Ал сенің бауырыңның қарны жалған сөйлейді. Бар да тағы да бал шәрбатын ішкіз», – деп жібереді. Осылайша төртіншісінде барып қана шипа табады. Сөйтсе, асқазандағы ауру туғызған дүние көп болғандықтан тек төртінші ішкенде ғана толықтай тазаланып, ауруы басылады.

 

Күйеуің көзінде ағы бар біреу ме еді?

Бірде Пайғамбарымыздың (саллаллаһу ‘әлейһи уәссәләм) бала бағушысы, Зәйд бин Харисаның әйелі Үммү Айман Алла Елшісін (саллаллаһу ‘әлейһи уәссәләм) қонаққа шақыра келіп:

– Уа, Алланың Елшісі (саллаллаһу ‘әлейһи уәссәләм), отағасы сізді үйге қонаққа шақырып жатыр! – дейді. Сонда Пайғамбарымыз (саллаллаһу ‘әлейһи уәссәләм):

– Ол қайсы еді, әлгі көзінде ағы бар біреу ме еді?.. – дейді.

– Жоқ, Алланың Елшісі (саллаллаһу ‘әлейһи уәссәләм), күйеуімнің көзінде ақ жоқ,– дейді Үммү Айман.

– Көздерінде ағы бар оның, – деп Пайғамбарымыз да дес бермейді. Үммү Айман да:

– Алланың атымен ант етейін, оның көзінде ақ жоқ, Уа, Алланың Елшісі! – деп қоймайды. Сонда Пайғамбарымыз (саллаллаһу ‘әлейһи уәссәләм):

– Көзінде ағы жоқ адам болмайды, – деп, көздің айналасындағы, қарашықтың маңайындағы ақты меңзегенін айтады.

 

Азаншы азаншыны құрбандыққа шалмайды

Бірде құрбандыққа қораз шалғысы келген Хазіреті Біләл (радыйаллаһу ‘әнһу) бұның дінде қалай болатынын Пайғамбарымыздан (саллаллаһу ‘әлейһи уәссәләм) сұрай келеді. Бұған Пайғамбарымыз (саллаллаһу ‘әлейһи уәссәләм): «Азаншы азаншыны құрбан ете ме екен?» – деп әзілдесе отыры қойған сұрағына қораздың құрбандыққа шалынбайтынын жеткізген.

 

Енді шын «кеме» болдың

Бір сапарда есімі «кеме» мағынасына келетін Сәфинә атты сахабаға көтеріп жүру үшін арқасына біраз жүк береді. Мұны көрген Пайғамбарымыз (саллаллаһу ‘әлейһи уәссәләм): «Міне, енді шын «кеме» («сәфина») болдың», – деп әзілдеседі.

 

Пайғамбарымыз әзіл көтерген бе?

Сахабалардың ішінде де әзілкештері болған. Оның ішінде Нұғайман әл-Ансари есімді сахабаны атауға болады. Нұғайман Пайғамбарымызды (саллаллаһу ‘әлейһи уәссәләм) қатты жақсы көретіндіктен, Мәдинаға жәрмеңке келетін болса, жәрмеңкеден сабағынан енді үзілді деген жеміс-жидек, бал, сүт әкеліп: «Уа, Алланың Елшісі (саллаллаһу ‘әлейһи уәссәләм), бұларды сен үшін сатып алдым, саған сый ғып тартамын», – деп Пайғамбарымызға беретін. Бір күні Нұғайманға алған заттарының ақысын сұрап саудагер келеді. Нұғайман да әлгі саудагерді Пайғамбарымызға ертіп әкеліп: «Уа, Алланың Елшісі, мына саудагерге өткенде жеген заттарыңыздың ақшасын берсеңізші...», – дейді. Пайғамбарымыз (саллаллаһу ‘әлейһи уәссәләм) болса түсінбей: «Уа, Нұғайман, сен оны бізге сый ретінде тарту етпеп пе едің?», – деп сұрайды. Сонда Нұғайман: «Уа, Алланың Елшісі  (саллаллаһу ‘әлейһи уәссәләм), дәл сол заттарды аларда қалтамда төлеуге ақшам болмады. Ал алмайын десем, сенің жегеніңді қалап тұрдым, сөйттім де қарызға ала салғам ғой», – дейді. Нұғайманның бұл қылығына Пайғамбарымыз күліп жіберіп, саудагердің ақшасын төлеп береді.

 

Бірде Хазіреті Омар (радыйаллаһу ‘әнһу) Пайғамбарымызды (саллаллаһу ‘әлейһи уәссәләм) немерелері Хасан мен Хүсейінді (радыйаллаһу ‘әнһума) «ат болып», арқасына отырғызып алып жүрген күйде көреді де оларға: «Астыларыңдағы аттарың қандай бағалы еді», – деп қалжыңдасады. Пайғамбарымыз да Омардың қалжыңына қалжыңмен жауап беріп: «Олар да қандай жақсы шабандоздар», – дейді.

 

Мәдинада мұсылмандықты қабылдағандың алғашқыларынан болған, екінші Ақабада Пайғамбарымызға ант берген мұсылмандардың бірі Үсәйд (радыйаллаһу ‘әнһу) есімді сахаба әзілдесуді ұнататын біреу еді. Бірде айналасындағыларға бірдеңелерді айтып, күлдіртіп отырғанында Алла Елшісі (саллаллаһу ‘әлейһи уәссәләм) қолындағы асасымен бүйрегінен түртіп қалады. Сол сәтте Үсәйд: «Уа, Алланың Елшісі, ақымды қайтар. Мен де сені ұрып, ақымды алуым керек», – дейді. Пайғамбарымыз қарсылық көрсетпестен, «Ал!» дейді. Үсәйд: «Сенің үстіңде көйлек бар, ал мен жалаңаш едім» ,– дейді. Пайғамбарымыз көйлегін көтереді, сахаба болса Пайғамбарымызды құшақтап, омыртқасынан сүйіп алады да: «Уа, Пайғамбарым, мен осыны қалап едім», – дейді.

 

Сахабалар әзілі

Пайғамбарымыздың (саллаллаһу ‘әлейһи уәссәләм) дүниеден озарынан бір жыл бұрын болған бір оқиға: Хазіреті Әбу Бәкір Нұғайман мен досы Суайбитпен (радыйаллаһу ‘әнһум)  бірге сауда жасауға Бусраға барады. Нұғайман қарны ашқан соң заттардың қасында қарауылдауға тастап кеткен Суайбиттің қасына келіп, жейтін тамақ сұрайды. Бірақ Суайбит «Әбу Бәкір келмей бере алмаймын» дейді. Нұғайман бұған ашуланып: «Алланың атымен ант етемін! Қара да тұр, сені де ашуландыратын бір нәрсе жасаймын!» деп кетіп қалады. Сөйтеді де базардағы түйе саудагерлеріне барып: «Шебер, епті, іскер бір құлым бар, сатып аласыңдар ма? Бірақ, көп сөйлейтін біреу, сіздерге «мен азат адаммын» деп өтірік те айтуы мүмкін. Ал егер құлды көруге барып тұрып, алмасаңыздар, онда бостан босқа құлым мен менің арамызды бұзбай-ақ қойыңыздар»,  – дейді. Олар да: «Жоқ, оны он түйеге сатып аламыз», – деп түйе саудагерлері сол жерде келіседі. Нұғайман болса он түйесін байлап, саудагерлерді Суайбитке алып барып, «міне, құлым осы» деп көрсетіп береді. Суайбит айтқанындай «ол өтірікші, мен азат адаммын» дей бастайды. Сатып алушылар да «Иең сенің мұндай әдетің барын айтқан» деп оған  сенбей, жіпті мойнынан өткізіп, алып кетеді. Біраз уақыттан кейін Әбу Бәкір де келіп, Суайбиттің қайда кеткенін сұрайды. Нұғайман жағдайды баяндап береді. Әбу Бәкір дереу он түйені алып, сатып алған саудагерлерден Суайбитті кері қайтарады. Сапардан қайтқаннан кейін бұл жағдай Пайғамбарымыздың құлағына жетеді. Пайғамарымыз бен сахабалар Нұғайманның бұл қылығына бір жыл бойы күледі.

 

Бірде Хазіреті Омар (радыйаллаһу ‘әнһу) намазын тез-тез әрі қысқа ғана қайыра салып: «Уа, Раббым! Мені Жәннаттың қор қыздарына үйлендіре гөр!» – деп дұға жасап жатқан адамды көріп қалады да: «Ей адам! «Қалың малын» аз төлейсің, есесіне көп cұрайсың, ә?!» – деп қалжыңдайды.

5 пікір
  • Ма Ша Алла
    2 жыл бұрын
  • Аллах разы болсын! Амин!
    2 жыл бұрын
  • МашАлла! Алла разы болсын! Жиеніммен оқып, біз де мәз боп қалдық. Осы ретте түсіне алмай отырғаным бар еді, Салтан мырза, "Әзіл кәсіпке айналмауы керек. «...Әзілдеу арқылы адамдарды күлдіру кәсіп болып кетпеуі керек», – деген де Пайғамбарымыздың (саллаллаһу ‘әлейһи уәссәләм) хадисі бар." дегеніңізде, қазіргі сахнада қойылып жүрген түрлі әзіл-сықақ театрларының өнерлері де осы хадис мағынасына кете ме?
    2 жыл бұрын
  • Көңіл күйім көтеріліп қалды)))
    2 жыл бұрын