Өзгелер үшін өмір сүру сезімі қайдан туады?
Өзгелер үшін өмір сүру сезімі қайдан туады?
6 жыл бұрын 3560
Мұхитдин ИСАҰЛЫ

Исламда өзгелер үшін өмір сүру деген асқақ ұстаным бар. Жалпы Ислам имандыны осыған бағыттайды. Оны Пайғамбарымыз: "Адамдардың абзалы - адамдарға пайдалысы" дейді. Жалпы осы бір ұстаным дінде ғана емес жалпы жаратылыстың бойында бар. Сол себепті адамдардың да болмысында бар ізгі қасиет. Мысалы бір жомарт жанды алып қарайық. Сол атымтай жомарт мың аш адамға ас беріп сол аштың бәрі соны ләззатпен рақатқа малынып ішітен болса соның қатысы жомартқа болмақ. Яғни ішкен адам дәл ішкізгендей асынан ләззат, рахат ала алмайды. Енді осыны мыңға көбейтіңіз. Әлгі атымтай жомарт мың аш адамның рахат алғанын көріп, соларға осындай рахат пен ләззатты беруге себепші болғаны үшін ол рухында аштың ас ішкендегі рақатынан мың есе ғажайып рахатқа батады. Аштықта ішкен ашыған айранның дәмі қырық жыл кетпесе сол аштықта сол айранды өзің ішпей қасыңдағы басқа аштарға ішкізу дәмі өмір бақи қырық мың жыл кетпейтін болады. Бұл өмір оған жетпесе де күн ертеңгі махшардағы елу мың жылдық өмір жетеді. Бұл сезім мысалы ата-анадаларда да бар. Мысалы қазақ "түн ұйқысын төрт бөліп емізген" дейді ананы суреттегенде. Және бір атақты кісіден ел қорғаған бір жаугершілік заманда:" Мынадан артық жиһад бар ма?" дегенде әлгі кісі: "Бар" дейді. Қасындағылар таңырқап: "Ол нендей нәрсе?" дегенде әлгі дана: "Түнде ашылып қалған балаңның көрпесін жабу" дейді. Иә, жаудың бетін қайтарсаң да кейде балаңның көрпесін қайтара алмайсың. Мың жапсаң мың мәрте қайтарып жіберуі мүмкін. Міне ата-ана осындай істің бәріне төзіп күн ертең ұйқысыз жүреді. Бірақ жүрегінде біз біле бермейтін әлдебір құпия ғажайып сезім, ләззат жүреді. Әлдебір рахат күй кешкенін көресің. Әзірет Сұлтаннң да "Ғаріп, жетім, пақырлардың көңлін сыйлап" дегендегі айтпақ болғаны да осы. Оның сол себепті халқын ойламайтындардан қаштым дегені де сол. Өйткені қарапайым ана құсты алып қарайық. Сол ана құс жұмыртқасын не болмасын сары уыс балапандарын қорғау үшін өзінің жанын пида етеді. Міне ол осылай баласын қорғағанда оның болмысында осыған итермелеп тұрған осындай бір сезім, күш бар. Олар содан жаны рахат табады. Әлгі Мәншүк апамыздың адамдарды қорғау үшін мың сан оққа қуана көкірегін тосқаны да сол. Ал мына заманда бес бірдей баласын анасымен тастап, болмашы садақадай алиментін де төлеуден қашып жүрген еркектердің сол ана құс құрам бола алмағанын көргенде Бабаның әлгі "көңілі бүтіндерден" қаштым дегені есіме түседі. Бабаның "Әзірет" болып түркі жұртының жүрегінен орын алуы оларға осындай ғажап сезімді түсіндіріп кеткені үшін еді. 

Ал енді кешегі Алаш аталарымызды алып қарайық. Мысалы, Әлихан атамызды алып қарайық. Ол құрып бара жатқан қазақты қазақ етіп кетті. Шекарасын бекітіп кетті. Ол: "Бауырларым! Елге қызмет етіңдер. Күн ертең бәрібір сендерді еске алатын болады" деп кетті. Бірақ артынан сол үшін үйқамаққа алынып артынан атылып, артынан ол жетпегендей асыл сүйегі, жаназасы өртелді. Бірақ сол атылғалы жатқанда жан жүрегінің терең түкпірінде бір бақытты сезім бар еді. Өйткені атымтай жомарттай миллиондаған бір елді ел етіп кетті. Өлсе арманы жоқ еді. Атылды сосын енді оның киелі сүйегін қорламақ болып пешке жағуға алып бара жатты. Сол кезде оның жаназасы да әлде бір бақыт сезіміне оранып бара жатқан еді. Бір Алихан өлсе де күлі де жерге түскен дән болып бір дәннен бір алма ағашы өсіп одан сан мыңдаған жемістер мен дәндер өскені тәрізді миллиондаған Алихандар өсіп шығатын еді. Міне сол үшін күлі де бақытты сезімді сезген еді. 

Ал енді Әз пайғамбарға (с.а.у.) келейік. Ол өмірбақи үмбетім деп өтті. Әрі ол мүшріктердің дінге келуін қатты қалады. Оларға екі дүниеде жақсы ғұмыр сыйламақ болды. Оған тас жаудырса да ол оларға гүл лақтырғандай бақыт сыйламақ болды. Алла Тағала оған: "Аз қалса оларға иманға келмейді (шын бақытты алғысы келмейді) деп аз қалса өзіңді жегідей жеп, өлтіре жаздайсың" деп айтқаны да осыдан туындауда. 

Сонда осынау айтылған сезімдер қайдан туындап отыр? Ол әрине, ол адамның бойындағы тіпті тіршілік пен болмыс рухындағы Алланың қойған рақымы мен махаббаты. Өзгеге жанашырлық сезім. Сол жанашырлық сезімнің нәтижесінен туған ғажайып сезім рахаты, жанның рахаты. Ендеше жанның рахаты өзгелерге жанашырлық жасауы арқылы бөленбек. Міне осының бәрі айналып келгенде Алланың рақым, жомарттығынан келеді. Болмыстағы осы "өзгелер" сезімі сол рақым, жомарттығының айнасы, белгісі. Сол себепті Алла елшісі бір ананың баласын шырылдап іздеп ақыры тапқанда сахабаларына сол ана баласын отқа тастамаса негізгі рақымды Алла қалай ғана құлдарын отқа, тозаққа тастасын дегені сол. Алла Тағала сол рақымының, жомарттығының айнасын, нәтижесін көріп өзіне тән "қуанышқа" бөленуді қалайды. Хақ пайғамбарымыз сол себепті "Бір адам тәубеге келгенде түйесін жоғалтып қайта тапқан адамның қуанышынан жаңылысып Аллаға "Я, құлым! мен сенің Раббыңмын" дегенінен де әлде қайда қатты қуанады дегені осы. Жанашыр адам алдына келсе атасының да құнын кешкелі тұрса Алла Тағаланың рақымын өзіңіз ойлап көріңіз. Салыстыруда қателік болмасын әлгі атымтай жомарттай Алла Тағала жұмаққа кіргендеріне сол себепті мәңгілік рақым мен жомарттығын танытады. Міне сол рақым айнасының белгісі болғандықтан Хан кенелердің басынан айырылып бара жатса да жүректерінде бақытты күй кешіп, жандары рақатқа бөленген сол үшін еді. Бақыт деген де осы, соны сезіну. Саналы халқын ойлайды, санасыз құлқын ойлайды, Ер елі үшін жылайды, ез өзі үшін жылайды. Біртуар замандасы өлген соң туылады. Тіпті мына ел арасында уағда мен сенім жоғалып бара жатқан қайран кешегі асыл Алаштың ұрпағы қазақтың да "Қазақ өзгеге кең, өзіне кем" болуы да сол қайран да қайран Алаштан қалған сарқыншатар еді. Я, Алла! Бұл қазақты сенің жолыңда шейіт болған алаш аталарының құрметіне тегіне, түбіне қайта оралуды нәсіп ет!

0 пікір