Орынын тапқан оңалар
Орынын тапқан оңалар
10 жыл бұрын 4304
Ермек Есқожа

Жаратушы Хақ Тағаланың теңдессіз туындыларының бірі – адам. Шексіз әлемнің ішінде шекесі торсиып жүріп небір ғажайыптарды жасауға құмбыл, қабілетті жаратылыс. Физикалық жаратылысын зерттей келе медицина мамандарының өздері қос қолдарымен маңдайларын сығымдап, таңдайларын қақса, кәсіби суретшілер мен сәулетшілер адамның бейнесін сызып, мүсінін жасауға құштар. Демек, адам баласы бас айналдырар алпауыт әлемнің ішіндегі іліп алар жаратылыстардың бірі де бірегейі. Хош... бұлардың барлығы адамның тәндік жаратылуы жағынан әсемдігін білдіреді, ал, жан-дүниесі ше? Құдайдың құлдарын бір ауыз сөзбен «сезімдер сандығы», «көңіл күйлердің күймесі» деуге болады. Себебі, әртүрлі күйге түсіп, қуанып, қайғырып, шаттанып, мұңайып жүріп өмір сүріп жатқаны. Осы көңіл-күйіне байланысты Құдай берген қабілеттерімен небір түрлі өнер туындыларын тудырып, таңдай қақтырар тамаша өнерге тамсантып тастайды. Сайын даланың төсінде «Сарыарқа» болып күйі күмбірлесе, айдын көлді айналып жүріп «Аққу» болып сұңқылдайды. Адамзаттың абыройын арамтамақтықтан арашалап «Қара сөз» болып құйылып түссе, замананың зары мен запыранын, қайғысы мен қуанышын жырлап «Райымбек, Райымбек» болып төгіледі. Жыр-дастандар мен терме-толғауларды төкпелетіп небір дүлдүл жыраулар дүниеге келсе, адамның ойын Алатау, Қаратаудан әрі асырған небір нәзік әндер де әуелемей тұрмайды. Осының барлығы да адам баласының ішкі жан-дүниесі арқылы туатын құндылықтар. Олай болса, адам деген қарапайым қалыптан шыққан қаракесек кірпіш сияқты емес, іші-сырты қымбатқа бағаланатын сом алтынның нағыз өзі.

Қазақ даласы небір дарындарды дүниеге әкелген ардагер ана деуге тұрарлық. Дегенменен, әлі де өзінің қабілет-қарымының қалыбын сақтап, керек жеріне қолдана алмай жүрген қаншама ұландар бар десеңізші. Шіркін-ай, осының барлығы да өзінің мүмкіндігін мейілінше пайдаланып, қабілеттерін қастерлей білсе қоғамды талай-талай асулардан алып өтер еді.  Мұны неге айтты демеңіз, мына бір мысал осы бір айтылған сөзбен санасу керек екеніне саналы түрде шақырады.

Хайуанаттар бақшасы... шыжыған күннің астында күйсеп тұрған аруананың бауырында үйездеп тұрған сүп-сүйкімді ботасы кенеттен: «Анашым, сізге бір сұрақ қойсам бола ма?» деді. «Әрине, ботақаным, неден тартынасың? Қандай сұрағың болса да қорықпай сұрай ғой» деп жауап берді анасы. Сонда ботасы: «Неге бізде үлкен екі өркеш бар?» деп сұрады. Анасы: «Біздер шөл далаға лайық жаратылған хайуандармыз. Сондықтан да, қос өркешімізге су жинап аламыз дағы, қандай аптап ыстық болса да сусыз жүре береміз. Біздердің құдіреттілігіміз де осында». «Ал, не үшін біздердің сирақтарымыз ұзын, табанымыз доп-домалақ, әрі жеп-жеңіл?». «Балақайым, бұл біздердің кең сахарада шаршамай жүруіміз үшін». «Жақсы, ал, неге біздердің кірпіктеріміз ұзын? Кей-кездері көруіме әжептәуір кедергі болады» деп жымиды. Анасы да, ботасының аңғал көңілінен шыққан алаңсыз сұрағына кеңкілдеп күліп алды да: «Әй, ботақаным-ай, бұл ұзын кірпіктер көзімізге зиянды нәрселердің түсіп кетуіне кедергі болумен бірге, шөлде жүріп қатты терлейтін болсақ тердің кіруінен қорғайды, әрі, желді күні шаңның зиянынан сақтайды». Мұны естіген баласы аз-кем ойланып тұрды да: «Анашым, өркештеріміз су қоймасы іспетті болса, сирақтарымыз сахарада сайрандауға арналса, ұзын кірпіктеріміз ұшқан ұсақ құм-тастардан қорғайтын құрал сынды екен, ендеше, неге біздер кең сахарада емес, хайуанаттар бақшасында өмір сүріп жатырмыз?» деп қойып қалмасы бар ма. Тұщымды етіп жауап беруге шара таппаған анасы үнсіз қалуды жөн көрді.

Иә, дәл осы мысалдағы секілді майталман мамандар, парасатты білгірлер, ғалым-ғұламалар, шеберлер мен ұсталар өздеріне лайықты жерде қабілет-қарымдарын пайдаланбайтын болса, бойындағы табиғи таланты мен даусыз дарынының ешқандай мән-мағынасы болмайды. Қоғамдағы ана бір жер неге кем, ана тұс неге жетіспей қалған деген сұрақтармен бетпе-бет келген кезде біздер де үнсіз қалуға мәжбүр болып жататындығымыз сондықтан. Керемет аспазшы болатын адамның кітапханашы болып жүруі, шебер спортшы болуға лайық жаннның ғалым болуға барын салып, ғұлама болу бақытына бір қадам жақын адамның мал бағып, сауда қуып жүруі адамдар арасындағы атам заманнан келе жатқан бір індет деуге болады. «Сен де бір кірпіш, дүниеге, Кетігін тап та бар, қалан» деген Абай осыған меңзесе керек. Әрбір, кетікке өзіне лайықты кірпішінің  қалануы – әдемілік.

Атақты ғұлама Әбу Ханифа ілім алумен қатар, әкеден қалған мұра деп саудамен де айналысатын. Алайда, білімнен гөрі саудаға көбірек көңіл бөлемін деп, білім алқаларына көп уақыт бөле алмайтын. Ғұламалардың біразы Әбу Ханифаның асқан алғырлығы мен айырықша зеректігін сауда жолына жұмсағанын обал санап, білімге бет бұруына ықпал жасап бақты. Соның бірі әш-Шағби: «Білім алып, білімді кісілермен тұрақты түрде кездесіп, кеңесіп тұруды ешуақытта тастама. Сен зерек, ақылы мен ерік-жігері мол жігітсің» деген сөзі арқылы Әбу Ханифаның білімге терең бойлауына әсер еткен болатын. Ислам ғұламаларының жарық жұлдызы, білім бәйгесінің біртуар тұлпары Әбу Ханифа да өзінің қабілетін орынды қолдана отырып, адамзаттың көмегіне керек кезінде табыла білген тұлға болып қала бермек.

Иә, даланың дарындары, қаланың қырандары болып қабілеттерін қайрап қажетті тұсқа сілтесе, опырылған жерлер орынына келіп, қираған тұстар қайта тұрғызылар еді. «Қыс киерін жаз киіп, жарлы қайдан байысын» деген мәтелдің мағынасы да осы мәселеге байланысты айтылса керек. 

0 пікір