Орта жолды ұстану жайында
Орта жолды ұстану жайында
4 жыл бұрын 6906

Ислам діні, дін істерінде де, дүниелік істерінде де шектен шықпай орта жолды ұстануға шақырады. Кез келген нәрсені дұрыс істеуді насихат етеді. Өйткені Ислам дінінің мақсаты – адамзат баласына көңіл тыныштығы мен рухани кемелденуді ұсынып, жақсы ғұмыр кешуіне мүмкіндік таныту болып табылады.

Алла Тағала былай дейді: «Осылайша сендерді орта жолдағы үмбет еттік». (Бақара сүресі, 143 аят).

Орта жолды ұстану дегеніміз, кез келген нәрсенің бұзылмай сақталуын қамтамасыз ететін тепе-теңдікті ұстап тұру. Ұлық Раббымыз барша ғаламды керемет тепе-теңдік ішінде жаратты. Құран Кәрімдегі бұйрықтар мен тыйымдар адам өміріндегі тепе-теңдікті ұстап тұруға көмек береді. Сондықтан күнделікті тіршілігімізде орта жолды ұстанудың ең дұрыс әдісі Алла Тағаланың әмірлеріне бойсұну болмақ. Алла Тағала жаратқан қағидаттар бұзылған жағдайда өмір машақатқа айналып, бассыздық кең етек алады.

Құран Кәрімде: «Ол аспанды көтеріп, тепе-теңдік орнатты. Олай болса, шектен шығып тепе-теңдікті бұзбаңдар!»[1]. 

Ғаламның мақтанышы Пайғамбарымыз (с.а.у.) хадистерінде былай дейді:

«Істердің ең қайырлысы, орта жолдан шықпағаны»[2].   

«Орта жолды ұстаныңдар! Амалдарыңды кемелдендіруге, Аллаға жақын болуға күш салыңдар! Таңертең және түс пен кештің арасында жұмыс істеңдер. Түннің бір бөлігінен де пайдаланыңдар[3]. Алдарыңдағы қойған мақсатқа жету үшін асығып-аптықпаңдар»[4].

«Орта жолды ұстану, асығып-аптықпау, хал мен жүрісте шектен шықпау – пайғамбарлықтың жиырма төрт бөлігінің бір бөлігі»[5].

Жоғарыда келтірілген аят пен хадистер о дүниелік және бұ дүниелік істерде шектен шықпай орта жолды ұстанудың маңыздылығын ұғындыруда. Алла мен Оның пайғамбары негізін қалаған қағидаттар өмірде жүзеге асып жатса, қоғамда тыныштық орнайтыны сөзсіз. Өйткені кез-келген нәрсенің өміршендігін орта жолды ұстану арқылы қамтамасыз етуге болады. Бұл жайында Алла елшісі (с.а.у.) былай деген:

«Сөз бен іс-әрекеттерінде шектен шыққандар құрып кетті»[6].

Құлшылықтағы орта жол

Мұсылман адам құлшылықтарында да шектен шықпай, орта жолды ұстанғаны жөн. Төмендегі мына хадис шәрифтері соған дәлел:

«Парыз болмаған амалдарды шамаларың жеткенше істеңдер! Өйткені амалдардың ең қайырлысы - аз болса да тоқтаусыз, жалғасымды болғаны»[7].

«Араларыңнан кім адамдарға намаз оқытса, қысқа оқысын. Өйткені олардың арасында қалі нашар, сырқат, жасы ұлғайған қариялар бар. Жеке оқығанда қалағанша ұзақ оқуына болады».

«Сендердің араларыңда Алладан ең қатты қорқатыны, әрі ең тақуасы менмін. (Соған қарамастан) Мен кейде ораза ұстаймын (кейде ұстамаймын). Бағзы уақытта нәпіл намаз оқимын, ал кей кезде оқымай, демаламын. Әйелдерге үйленемін»[8].

Ислам дінінде «монахтық» жолы жоқ. Адамның рухы рухани азыққа мұқтаж болғаны сияқты, тәнінің де біршама мұқтаждықтары бар. Оның мұқтаждықтары мен қажеттіліктері қамтамасыз етілмеген жағдайда тепе-теңдік бұзылып, өмір сүру салты қиындай түседі.

Садақа беруде орта жолды ұстану

Жомарттық пен қайыр-садақа ісінде сараңдық таныту құп көрілмейтіні секілді, тым қолы ашық болу да да құп көрілмеген.

Алла Тағала Құран Кәрімде «инфақта» да (Алла жолында мал сарп ету) орта жолдан таймауды әмір етеді:

«Сараң да болма, қолы мүлдем ашық жан да болма. (Әйтпесе) сөгіске ұшырап, таршылықта қаласың»[9].

«(Олар мүміндер) дүние-мүлікті сарп еткенде ысырапшылдыққа жол бермейді, сараңдық та танытпайды. Осы екеуінің арасындағы (орта жолды) ұстанады»[10].

Алла жолына дүние сарп ету мәселесінде шектен шығу – пақырлықты тудырып, бала-шағаны аш-жалаңаш қалдыруға жол ашатындықтан дұрыс әрекет деп бағаланбаған. Өйткені, молшылықтан кейін таршылыққа тап болып, мұқтаждықтың кебін киген адам, келесіде қайыр-садақа беруге беттемей қалуы мүмкін.

«Олар сенен (Алла жолында) не беретіндіктерін сұрайды. Сен оларға: «(Қажеттіліктен) артылғанын беріңдер» деп айт»[11].

Пайғамбарымыздың заманында кей сахабалар қатты тебіреніске түсіп, күллі дүние-мүлкін қайыр жолына жұмсауды қалайтын. Алайда Пайғамбар (с.а.у.) Алла жолына мал-дүние жұмсауға ниеттенген кісінің материалдық жағдайына және рухани деңгейіне қарай, кейде дүниесінің жарымын, ал кейде дүниесінің үште бірін, тіпті кей адамның әкелген дүниесінің бір аз бөлігін ғана қабыл алатын. Бірақ Пайғамбарымыз бен жан досы Әбу Бәкір Сыддықтың жөні бөлек.    

Пайғамбарымыз (с.а.у.) кейде бір күннің ішінде өз пайына түскен олжадан байып қалатын. Алайда, қолына тиген дүниенің бір бөлігін қажеттілігіне жұмсайтын да, қалғанын түгелдей Алла жолына жұмсайтын. Өзінің мұқтаждығынан артылған дүниені таратпайынша жаны жай таппайтын.

Әзіреті Әбу Бәкір қандай да бір жағдайда мұсылмандарда қаражат қажеттілігі туындаса, барлық дүние-мүлкін алып Алла елшісіне келетін. Алла елшісі сахабаларының арасынан тек оның қайыр-садақаға әкелген дүниесін түгелдей алатын. Өйткені, Әзіреті Әбу Бәкір басына күн туған жағдайда, бұрын түгелдей Алла жолына берген дүние-мүлкі үшін пұшайман болмайтын еді.

Иә, Алла елшісі мен Әзіреті Әбу Бәкірдің жөні бөлек. Ол екеуінен өзге барша мұсылмандар қайыр-садақа беруде орта жолды ұстанулары керек. Бастысы – ниет, шын пейілділік пен ықылас...

Өздеріңіз көріп тұрғандай құлшылықтың өзінде шектен шығуға рұқсат берілмеген. Бұл өзге де іс-әрекеттерімізде орта жолды ұстанудың дұрыстығын көрсетеді. Сондықтан да ішіп-жеу, киім-кешек т.б. материалдық қажеттіліктерде де орта жолдан ауытқымаған жақсы. Алла Тағала былай деп бұйырады:

«Жеңдер және ішіңдер. Бірақ ысырап етпеңдер! Алла ысырапшылдарды сүймейді»[12].

Қарым-қатынаста орта жолды ұстану

Сонымен қатар адамдармен қарым-қатынаста да жақсы көру немесе ұнатпай сезімдерінде де орта жолы ұстану керек.

Алла елшісі былай дейді: «Досыңды жақсы көрсең мөлшермен жақсы көр! Өйткені күндердің күнінде дұшпаның болып шығуы мүмкін. Дұшпаныңды мөлшермен жек көр. Өйткені күндердің күнінде досың болуы мүмкін»[13].

Мұсылман баласы сөзінде, іс-әрекеттерінде шектен шықпай орта жолды ұстануы ләзім.

Пайғамбарымыз құлшылық ғибадатта шектен шықпай орта жолды ұстанатын. Алайда құлшылықтары үздіксіз еді. Ол аз да болса жалғасымды орындалатын амалдың артықшылығын әрдайым айтатын.

Әзіреті Айша анамыздан (р.а.): «Пайғамбарымыз (с.а.у.) қандай да бір күнге маңыздылық танытушы ма еді?» - деп сұрайды. Сонда ардақты Айша анамыз: «Жоқ. Пайғамбарымыздың амалы - себелеп тоқтамай жауып тұратын жауын секілді еді. Қайсыңның шамасы Алла елшісінің істеген ісіне жетеді?» - деп жауап береді[14].

Абдулла ибн Аббастың айтуы бойынша, Алла елшісі адамдармен сөйлесіп отырған еді.  Сол арада қақиып тұрған бір кісіні көзі шалып қалады. Оның кім екендігін сұрағанда сахабалар: «Ол Әбу Исрайыл. Күннің астында тұруды, отырмауды, көлеңкелемеуді, ешкіммен сөйлеспеуді және әрдайым ораза ұстауды өзіне нәзір етті», - дейді. Сонда Алла елшісі: «Оған барып айтыңдар: Адамдармен сөйлессін, көлеңкелесін, отырсын және оразасын жалғастырсын», - деді[15].

Демек, құлшылықта да, риязатта да, қысқасы барлық нәрседе шектен шықпай орта жолды ұстану керек екен...

«Өркениет шыңындағы жауһарлар» атты кітаптан.


[1] Құран Кәрімі, Рахман сүресі, 7-8 аяттар.
[2] Имам  Бәйһақи: «Шуъабуль Иман». 5. 261.
[3] Тәһәжжуд намазын айтып тұрған болу керек.
[4] Имам Бұхари, Риқақ. 18.
[5] Имам Әбу Дәуід: «Әдәп»; Имам Тирмизи: «Сүнән» - Бирр.; Имам Мәлік: «Муатта» - Шаъар. 17.
[6] «Сахих Мүслім».
[7] Ибн Мәжә: «Сүнән» - Зүһд. 28.
[8] Имам Бұхари: «Сахих Бұхари» - Неке; Сахих Мүслім – неке.
[9] Құран Кәрім, Исра сүресі, 29 аят.
[10] Құран Кәрім, Фұрқан сүресі. 67 аят.
[11] Құран Кәрім, Бақара сүресі, 219 аят.
[12] Құран Кәрім, Ағраф сүресі. 31 аят.
[13] Имам Тирмизи: «Сүнән». 60. 1997.
[14] Имам Бұхари: «Сахих Бұхари» - Саум. 64 баб.; Имам Мүслім: «Сахих Мүслім» - Мусафирун. 217.
[15] Имам Бұхари: «Сахих Бұхари». 31.; Әбу Дәуіт: «Сүнән» - Айман. 19.

0 пікір