Өркениет өрге сүйреп бара ма, көрге ме?
Өркениет өрге сүйреп бара ма, көрге ме?
2 жыл бұрын 1175
Мәриям ӘБСАТТАР

«Біреу өлмей, біреуге күн жоқ» дейді қазақ. Сол сияқты «өркениет өмірге келмес бұрын ең бірінші мәдениеттің басын жалмайды» екен. Мұны мен емес Хантингтон айтса керек. Себеп сол - «Екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды... »

Өкінішке орай, бізге «шегінерге жер жоқ, артымызда...», яғни, біз өркениет үстем құрған дәуірдің ұрпағымыз. Алайда, біз адамбыз ғой, сондықтан өзіміз өмір сүріп жатқан қоғам мен заманның ішкі қалтарысына үңіліп көруге қақымыз бар. 

 

Біреу тоңып секірсе, біреу тойып секіреді...

Қазір әлемнің ең өркениетті, ең ауқатты елдерінде адамдар «аштықтан» өліп жатыр. Сенесіз бе? Жо-жоқ, олардың ешкім бір кездегі қазақ құсатып «аша тұяғын қалдырмай» сыпырып алып жатқан жоқ, таң қаларлығы да сол, олар өз еріктерімен алдарына қойған тәтті әрі буы бұрқыраған тағамдардан бас тартуда. Әсіресе әлгілердің басым бөлігі әйел жынысынан және де жап-жас. Олай болса не көрінді оларға? АНОРЕКСИЯ – міне бұл дерттің диагнозы осылай аталады. Әлемде бұл аурудың екінші аты «модельдер ажалы». Алайда, АҚШ-та күні бүгінде жыл сайын осы диагнозбен БІР МИЛЛИОННАН аса көркіне көз тоймайтын арулар көз жұмып жатса, Ұлыбританияда қазірдің өзінде 3,5 млн адам «арық тоқты» секілді арсиған қабырғалары көрініп, өлім аузында жатса керек. Бұл тажалдан Швеция, Голландия, Италия сияқты Еуропа елдері, тіпті Жапония да аман қала алмапты. Және олардың бәрі тек подиумда жүретін «қуыршақтар» емес, кәдімгі біз білім алуды армандайтын ЖОО-ның уыздай жас қыздары. Ғалымдардың дабыл қағып жатқаны да сол, қазір аталған білім ордаларының әрбір бесінші студент қызы анорексияға бой ұруда екен. Доктор Чарльз Мурковский, Роберт Сайд секілді ғалымдар осы мәселенің соңына майшам алып түсіп, кітап шығарып та үлгерген. Солардың өзі бұл дерттің бет алысынан шошына бастапты, себебі «анорексиядан көз жұмып жатқандар саны сонау бір кездердегі, яғни, Екінші Дүниежүзілік соғыстың салдарынан аштыққа ұшырап қырылғандарды жолда қалдырып барады» дейді ғалымдар. Алаңдарлық жағдай, неге? Себебі тіршілік пайда болғалы ежелгі заманнан бүгінге дейін адам ғана емес, күллі тіршілік атаулыны алға сүйрейтін азықтану, азық табу, сол үшін еңбек ету, сол жолдан өмірлік мән табу, ұрпағының аш қалмауын ойлау, ауқатты өмірге жету секілді мақсат болса, ендігіде одан бас тарту – кері кету, адам санасының 180 градусқа төңкеріліп түсуі емей немене?

 

1. Ғалам+тор=ТҮРМЕ

Рас қой, қазір бәріміз «түрмедеміз». Бір кездері Мағжан атамыз «сұм өмір абақты ғой саналыға» десе, қазір біз абақтының ішінен абақты тұрғызып алдық. Және де оған ешкім бізді кісендеп, зорлап әкеліп жатқан жоқ, өз еркімізбен, әдемілеп анкета толтырып, өзіміз келіп кіріп жатырмыз. Және де күн емес, секунд санап. Әркім өз камерасын (парақшасын) неше түрлі суреттерімен сәндеп, қыз келіншектер бір шетінен ас бөлме жасап, ерлер жағы төрде жатып алып футбол қарап, әңгіме-дүкен құрып, кәдімгідей қыз-қыз қайнаған тіршілік. Онымен қоймай, ешкім тергемей-ақ, әркім өз ішіндегісін өзі-ақ айтып салуда, тіпті болашақтағы жоспарларын да, кіммен қай сағатта не сөйлескенін, кіммен дос екенін де әрқайсымыз өз еркімізбен айтып беріп жатырмыз. Сондағысы не үшін? Бірімізден біріміз қалмас үшін, бұл бір. Өзіміздің бар екенімізді күллі әлемге жар салу үшін. «Мен бармын, мені таппай қалмаңдар, мен осындаймын, менде мынадай бар, мен қалайша қызықтыра алмаймын ешқайсыңызды, егер қызық деп тапсаңыз, оның дәлелі «лайкты» басыңыз» деп. Әйтеуір әркім өзін біреуге дәлелдеуі, мойындатуы керек, онсыз өмір өмір болмай қалатын секілді... Ауру ғой бұл, айтыңызшы, «комплекс неполноценности» деп ат қойған бұған баяғыда әлеуметтанушы ғалымдар. Ал бұдан тек ақылды, алты ай бұрынғысын Алла берген санасымен алдын ала пайымдай алатын санаулы топ қана әзірге аман. Олар ешбір әлеуметтік желіде жоқтар, электронды поштаны тек ақпарат қажет кезде ғана қолданып, қалған уақытын кәдімгідей өмір сүруге арнап жатқан қарапайым адамдар. Ал әлеуметтік желіде ғана өмір сүріп, санасы компьютер мен ұялы телефонға тәуелді болып қалғанын кеш те болса сезініп, психолог мамандарға қаралып жатқандар бар көрінеді. «Олардың жиі қоятыны: «Дәрігер, көмектесіңізші маған, өмір сүрудің мәнін сезбей барамын, алдымызда не тосып тұр, не үшін жұмыс істеп, ақша тауып жатырмын?» Міне осындай қарапайым бірақ жауабын табу өте қиын сұрақтар» - дейді психолог. Емін тауып, айығып жатқандар бар, олар телефонды сөндіріп, компьютер алдында өтетін жұмысынан кемі бір айға демалыс алып, табиғаты тамаша жерлерге демалуға кетіп жатыр.  

 

2. «УАҚЫТ- АҚША» ауруына шалдықтық

Қолымыз қалт етсе, ақша талап етеміз. Адамгершілік, ар-ұят, ағайынгершілік үшін қызмет ету – ақымақтың ісі деп санаймыз біз көбіміз. «Ақкөңілдің екінші аты – «лох» деп ашып айтамыз. Оған бәлкім біз кінәлі емес шығармыз, себебі қазір бала бақшадан бастап, «өзіңді бұлда, қолыңнан не келсе, ақшаға айналдырып үйрен, тіпті қылаяғы елді алдап алаяқ болсаң да» деп үйретеді қоғам. «Ақшаң жоқ болса – қайыршысың, ал көп болса – бай әрі қуаттысың, ендеше таңда!» дейді жарнама күндіз-түні жағы талмай. Қайда барсақ киіміміз бен көлігімізге қарап қарсы алады. Қанша жерден білімің мен ақылың тасып бара жатса да, егер соған киімің сәйкес емес пе: «Кешір, керемет болсаң, неге кедейсің?» - деп бір ауыз сөз де шығын қылмай, сондай көзқараспен жылы жымиып тұрып шығарып салады. Ал, сосын намыстанбай көр. Тақуаның тақуасы болсаң ғана «сайтанның» бұл айдауына көнбей, жетегіне ермей, өзіңді сақтап қала аласың. Болмаса, өлесің-тірілесің ақша табасың, өзіңді өршелене дүние табу жолына бағыттайсың, себебі сенің «әнебіреу секілді үш қабатты зәулім сарайың мен қос-қос көлігің жоқ қой?..» Міне, сізге өміріңді ұрлатуға таусылмас мақсат.

 

3. Бітпес майдан...

...басталғалы қай заман, бірақ жеңген ешкім жоқ, қос жыныс арасы - итжығыс! Ешкім ешкімді жеңуі қажет те емес, тіпті ер мен әйелдің жағаласуының өзі біздің ақылдан алжаса бастауымыздың анық дәлелі. Гендерлік теңдіктен басталды бәленің бәрі. «Әйелдің орны үй ғана ма, оның бар өмірі асүйде қазан көтеріп, бесік тербетумен өтуі керек пе? Ол да адам, ол ерінің құлы емес, ендеше әйел де жұмыс істеп, ақша табуы керек» деген бір ұран ерлі-зайыптының арасына от тамызық лақтырып кеп жіберді. Сол-ақ екен үрлеушілер көп екен, әп сәтте от емес, өрт лап ете қалды. Ұрыста тұрыс жоқ, отбасында қайсысының даусы қаттырақ немесе жұдырығы жуан, сол жеңіске жетті де, жеңілгені, мейлі ол ер болса да көнуге мәжбүр. Тіпті «декретке шығуға» да келісуге мәжбүр күйеулер табыла бастады. Себебі әйелі үстем, ақшаны көбірек табады немесе «байдың еркетотай қызы». Күйеу көнбей ме, есік әне, кете берсін, бала-шаға, баспана әйел мен балада, еркек байғұс жалғыз өзі далада қалады. Ажырасу да көбейіп жатыр, себеп көбіне көп осы мәселе, яғни, отбасы деп аталатын «хандықтың» тағын екі жақ бөлісе алмайды.

Болмаса, керісінше, әйелін алға салып қойып, төрде шалжиып жатудың ләззатын сезіп қалған күйеулер де аз емес бүгінде. «Жұмыс жоқ» - бар сылтау осы. Ал әйел ана ғой, сондықтан қарап жатып бала-шағаны аштан өлтіре алмайды. Боз ала таңнан қара кешке дейін жұмыс істеп келгені аздай, әйел байғұс үй ішінің де тамағы бар, тазалығы мен кір-қоңы бар, соларды атқаруға мәжбүр.

Қысқасы, айтып-айтпай не керек, бұл майданда екі жақ та жеңбейді, себебі Жаратушы ерді басшы, әйелді қосшы етіп жаратқан. Ол теңдік бұзылды ма, онда «Мұзды мұхит еріп, әлемді топан су алғандай» ғаламдық апатқа ұшыраймыз деген сөз. 

 

Қасиетті Құран Кәрімде:

«Біз шын мәнісінде адам баласын абыройлы әрі құрмет иесі еттік. Оларды (түрлі тасымалдаушы көліктер арқылы) құрлық пен теңізде алып жүрдік. Керемет ризықтар бердік. Бұған қоса, оларды жаратқандарымыздың көпшілігінен артық қылдық»[4] делінген. Алайда осымен қатар Алла Тағала адамдарға Құран кәрімде: «Аллаһтың саған бергенінен (дін жолында жұмсап) ақыреттік мекеніңді қала, бірақ дүниедегі үлесіңді де ұмытпа»[2] дейді. Яғни, біз адамзат баласы екі дүниені де тең ұстап, материалдық иігілікті рухымыздан үстем етіп жібермеуін ескертті. Және, осыдан бірнеше ғасыр бұрын Ардақты Аллаh Елшісі (с.а.с.) де өз хадистерінде: «Сендер бұрынғылардың жолына адым-адым, қарыш-қарыш, аршын-аршындап түсудесіңдер»[5] деген. Бұл сөзден: «Абайлаңдар, мина төселген алқапта жүргендей аса сақ болыңдар, қауіп қайдан демеңдер, абайсызда мина басып кетпейтіндей әр қадамды ойланып барып басыңдар» деген ескертпені аңғару қиын емес. Әрине, әлі де болса үміт бар, ол – дұрыс жолға түсу. Дамудың жөні осы екен деп, баюды көздеп, ашкөзденіп, болмаса тек әркім өзімен ғана әлек болмай, сыртқы бітіміміз емес, ішкі иманымызды байытуға күш салайық. Себебі бұлай кете берсе, ақырын айтпақ түгілі, ойлаудың өзі қорқынышты...

0 пікір