Оразаны тек ішіп-жеуден тыйылу десек қателесеміз
Оразаны тек ішіп-жеуден тыйылу десек қателесеміз
2 жыл бұрын 2612
Мұхан Исахан

Аллаға мыңда бір шүкір, елімізде ораза ұстаушы момын-мұсылманның қатары жылдан жылға жылғаның арқырап аққан мол суындай артып, кемерінде толқыны ойнаған асау өзендей толысып өсуде. Ауыз бекітуді ауылдағы қатары сиреген шал-кемпірдің шаруасы деп санаған кешегі кетеуі кеткен кеңестік кезеңмен салыстырғанда, ораза ұстаған жанның сапы еселеп артқан бүгінгі күні әлбетте рухани алға жылжушылық бар деп ауыз толтырып айта аламыз.

Әйткенмен, сол қым-қуыт, қилы заманда ораза ұстаған ата-әжелеріміз өзін ішіп-жемнен ғана тыйып қоймай, екі елі аузына, төрт елі қақпақ қойып ауыз бекітетін. Айтпас жерде тілін тартып, айтып салуға ақысы  болса да, Алладан қорқып, айылын жиып, айтарын ішіне бүгетін. Оның себебі, ілгерідегі ата-әжелеріміз Алла Елшісінің (с.а.у.): «Кімде-кім жаман сөзді, жаман қылықты тәрк етпесе, Алла оның ішіп-жеуді тиғанына зәру емес», - деп бұйырғанын бұлжытпай негізге алатын. Өкініштісі, сол үлкендеріміздің жылдық рухани азығына қылшық-қыбыр түспесін деп оразасын аялап ұстаған ұстамдылығын кейінгі тілазар ұрпақ өз ұстанымына айналдыра алмауда.

Бірде Хақ Елшісі (с.а.у.) халыққа ауыз бекітіп, кешке өзі рұқсат бермейінше ауыз ашпауды ескертеді. Алла Елшісінің (с.а.у.) әміріне мойынсұнып, дүйім жұртшылық ауыз бекітеді. Кешқұрым күн ұясына батып, ымырт түсе бастағанда мұсылмандар парасат падишасынан (с.а.у.)-нан рұқсат алып, ауыз аша бастайды. Осы кезде бір сахаба келіп:

— Уа, Расулалла! Осы маңайда ауыз бекіткен екі қыз бар еді. Олар сенің алдыңа келіп рұқсат сұрауға ұялыңқырап отыр. Ауыз ашуға оларға да рұқсат бер, — дейді.

Адамзаттың ардақтысы (с.а.у.) ештеңе естімеген жандай үнсіз қалады. Әлгі кісі тағы да қайталап айтып көреді. Хақ Елшісі (с.а.у.) тағы да жақ ашпай, үн-түнсіз отыра береді. Осы жағдай үш рет қайталанады. Алла Елшісі (с.а.у.) соңынан барып:

— Барып оларға айт: Олар бүгін ораза тұтқан жоқ. Күнұзақ әркімнің етінен кесіп жесе (ғайбат сөйлесе), олар қалайша ауыз бекіткен болып саналады? Шынымен ораза тұтқан болса, олар тамағынан өткеннің бәрін құсып тастасын, — деп бұйырады.

Қапелінде не айтарын білмеген әлгі кісі, қыздарға келіп болған жайды жеткізеді. Қыздар лоқсып-лоқсып жібергенде еттің түйірі аралас ұйыған қан мен ірің құсады. Хақ Елшісі (с.а.у.) қыздардың қан құсқанын естіп:

— Алланың атымен ант етемін, егер қанды құсып тастамай, қарындарында қалғанда, оны (ақыретте) от жейтін еді, — дейді.

Иә, ораза ұстау - ас-ауқаттан ғана емес, тілді безеуден тыйылу. Тілді түзеу арқылы кісілік бітім, адами болмысыңды аман сақтау. Тілге тұсау салумен төңірегімізді тілгілеуді доғарып, қышыған иекті ауыздықтау. Нәпсі қалауларын шектеп, есесіне өзіңді тағылымды болуға тәрбиелеу. Ішкі жан-дүниеңді ізгілікке бейімдеп, пәктікке ұмтылу, періште күйге ену. Бәрін айт та бірін айт, күміс көмейден Жаббар Иемізге мадақ төгіп, Хақтың разылығын ғана көздеуге тиістіміз. 

Әйтпесе, Дулат бабамыз: «Қылығың қылжаң, туысқан. Қырт пенен мылжың ағайын. Бәрінен де дауасыз, Өсекті қайтіп бағайын?» - деп айтпақшы, қазақ қауымы үшін өсек өнері дауасыз дерт болып қала бермек. Иә, бұл дертті тыстан келіп ешкім емдеп бере алмайды. Жүректегі жұмаққа деген жылт еткен үміттің лебімен тек өз-өзіміз ғана емдей аламыз. Демек, Алаш баласы өзімізді Хақ мұсылман қауымынан санасақ, онда сол асыл дінді толық ұстансақ құба-құп!

1 пікір