Надандық
Надандық
3 ай бұрын 2054
"Надандардың қасында кітап сияқты үнсіз бол!" Жәләлуддин Руми

Надандарда сезім, ұғыну, түсіну деген нәрселер болмайды. Олар ақиқат алдында керең және соқыр кісі іспеттес. Тіпті, көңілге тиетін іс-әрекеттер жасап өзін де, сөйлесіп отырған адамын да бәлеге қалдырады. Сол себепті, оларға қарсы ұстанымның ең көркемі – үнсіз қалу. Сондықтан, Әзіреті Әли радияллаһу анһу былай деген:

«Ақымақтардың айтқан орынсыз сөздеріне жауап беруші болма! Өйткені, ол адамда сол сияқты мыңдаған сөз бар. Жауабыңа тағы да сондай сөздермен жауап қайтарады».

«Надандармен ешуақытта қалжыңдасушы болма.  Тілі улы болғандықтан көңіліңді жаралауы мүмкін».

Алла Тағала надандарға есендіктің жолын көрсетуіміз үшін былай деп бұйырады:

«Рахманның құлдары жер бетінде сыпайы және қарапайымдылқпен жүреді. Қашан оларға надан адамдар тіл тигізсе (көңілдеріне алмастан): «Сендерге сәлем болсын» деп айтады (да өтіп кетеді»[1].

ӘДЕП

«Біліп қойғын! Әдеп – әрбір көргенсіздің әдепсіздігіне сабырлық пен төзімділік таныната білу». Жәләлуддин Руми

Нағыз әдеп – әдепсіздердің арасында әдеп және Исламның үйреткен мінез-құлықты сақтай білу. Құдды бір алтын сияқты. Өйткені, алтынды басқа металдардан оқшаулап тұрған ерекшелігі оның балшық ішінде де өзін сақтай білуінде. Сондықтан, сопылар мектебінде ең әуелгі тәлім – «Әдеп, Я, Һу!» - «Уа, Құдайым! Әдептілік бер!» делінген нақыл болған.

«Адам деген жұмбақ әлем» атты кітаптан.


[1] Құран Кәрім: «Фұрқан» сүресі, 63  аят.

0 пікір