«Мына төрт сипат кімде болса, ол таза мұнафиқ»
«Мына төрт сипат кімде болса, ол таза мұнафиқ»
3 жыл бұрын 13240
А. Қасым

Сахаба Абдулла ибн Амрден жеткен риуаятта Алла елшісі (ғалейһиссәләм) былай дейді:

أَرْبَعٌ مَن كُنَّ فيه كانَ مُنَافِقًا خَالِصًا،

«Төрт (сипат) кімде болса, ол таза мұнафиқ.

ومَن كَانَتْ فيه خَصْلَةٌ منهنَّ كَانَتْ فيه خَصْلَةٌ مِنَ النِّفَاقِ حتَّى يَدَعَهَا:

Ал, кімде ол сипаттардың бірі болса, онысын тастағанға дейін ол адамда мұнафиқтықтың бір белгісі бар дегендік.

 إذَا اؤْتُمِنَ خَانَ، وإذَا حَدَّثَ كَذَبَ، وإذَا عَاهَدَ غَدَرَ، وإذَا خَاصَمَ فَجَرَ.

(Ол төрт сипат келесідегідей):

1.  Егер оған аманат тапсырылса, аманатқа қиянат жасайды.

2. Сөйлеген кезде өтірік сөйлейді.

3. Бір нәрсеге уәде берсе, уәдесінде тұрмайды.

4. Дауласып, таласар болса, ақиқаттан ауытқиды (шынды өтіріктей, өтірікті шындай етіп айтады)[1].


Хадистің түсіндірмесі:

Мұнафиқ деген, іші басқа, сырты басқа екі жүзді адам. Мұны – сенімдегі мұнафиқ және амалда мұнафиқ деп бөлуге болады.

Сенімдегі мұнафиқ, ол – дінге сенбесе де, іштей кәпір болса да, сырт көзге мұсылман боп көрінген адам. Бұлар адамдардың назарында мұсылман саналғанымен, Алланың құзырында мүмін-мұсылман ретінде есептелмейді. Мұнафиқтың бұл түрі тозақтың ең түбінде мәңгі азапталмақ. Мұнафиқтар жайында Құран Кәрімде былай делінген: «Шынында екі жүзді мұнафиқтар тозақтың ең төменгі қабатында болады. Оларға жәрдем етуші әлдекімді еш таба алмақ емессің». («ән-Ниса» сүресі, 145 аят).  

Екіншісі – амалда, іс-әрекетте мұнафиқ. Жоғарыдағы хадисте көбіне мұнафиқтықтың осы екінші түріне қатысты айтылуда делінген. Бұл – құдайдың барлығына, бірлігіне сенеді, Исламның хақтығына иман етеді, бірақ бойында мұнафиқ адамға тән сипаттар бар. Мұсылман болғанымен, мұнафиққа тән төрт сипаттың қаншауы бойында болса, соншалықты ол мұнафиқ адамға ұқсамақ. Төрт сипатының төртеуі де болса, ол - мұнафиққа ең қатты ұқсаған мұсылман. «Кім бір қауымға ұқсаса, ол - солардан» деген хадисті назарға алсақ, мұнафиққа ұқсау мұсылман үшін қауіпті құбылыс.  Оның үстіне аталмыш төрт ағаттық - Ислам дінінде күнә саналады. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) ол ағаттықтарды "мұнафиқтықпен" байланыстыруы - олардың қаншалықты ауыр күнә екенін көрсетеді.

Ендеше, ақыреттен үміті бар әрбір мұсылман бойында «мұнафиқ адамға» тән сипаттардың бірі болса, одан арылуға тырысқаны дұрыс. 


[1] Имам Бұхари: «Сахих Бұхари», №2459; Имам Мүслім: «Сахих Мүслім». 58.

0 пікір