Мұсылманның қорғаны - тақуалық
Мұсылманның қорғаны - тақуалық
3 жыл бұрын 2980
Нұрқанат Нұрдәулетұлы

Тақуалық – Алла Тағаладан шынайы қорқу. Қай жерде, қай сәтте болса да. Дұға мұсылманның қорғаны болғандай-ақ, тақуалық та бір қорған. Сондай-ақ тақуа адам әлбетте намазын оқитын, оразасын ұстайтын, зекетін беретін, шамасы келсе қажылыққа құстай ұшатын талабы мол пенделердің қатарынан. Десек те тақуалықты әркім әрқалай түсінеді. Нақты сипаттарын қалай білеміз? Ол туралы Пайғамбарымыздың (с.а.у.) ізбасарлары сахабарлардың айтқандарына құлақ түрелік. Дара да дана сахабалардың бірі Әли (р.а.) өзінен тақуалық жайында сұралғанда жіпке тізгендей қылып былай депті:

Тақуалық – Алладан қорқу. Құран мен сүннетке амал ету. Қайтар күнге дайындық және азға қанағат қылу.

Осы жауаптан кейін Һумам (р.а.): «Тақуаларды көз алдымызға елестетіп тұратындай етіп сипаттап берші» дейді.

Сонда Әли (р.а.): «Тақуалардың істері тек жақсылыққа бағытталған, сөздері тек шындыққа негізделген, киімдері қарапайым, болмыс-бітімі кішіпейіл, көздерін харам нәрседен тыя біледі, құлақтарын пайдалы ілімге түреді, қиыншылықты да, қуанышты да бірқалыпты қарсы алады, егер ажал болмағанда олардың рухтары Аллаға деген сағыныштан тәндерінде бір сәтке болса да тұрмас еді. Алланы және Оның Елшісін бұл дүниеден артық қояды. Олар ахиретті уайымдап үнемі жабырқап жүретін пенделер. Жаман істерден сақтанған жұқа өңді, қанағатшыл, пәк жандар. Қысқа өмірге сабыр сақтап, мәңгі өмірдің рахатын тапқандар. Олар дүниеден бет бұрса да, ол қыр соңынан қалмайды. Дүниеге тұтқын болса да, оған еш сырын ашпайды. Түндерде намазға тұрып, жүздерін жасқа толтырады. Көз жастарын Құран оқумен құрғатады. Егер де жәннат жайлы бір аят оқылса, оны аңсап, сағынышпен ұмтылады. Ал, егер тозақ туралы бір аят оқылса, онда тозақтағы қорқынышты дауыстар құлағына шалынып тұрғандай оны жүректерімен мұқият тыңдайды. Сол сәтте тізелерін бүгіп: «Тозақтан құтқар! Тозақтан сақта!», - деп Алладан жалбарына сұрайды. Күндіз олар мейірімді жандар. Үнемі қорқынышта бой түзеп, жақсылық жасаушы ғалымдар. Алладан қорыққандары соншалық оларды көрген адамдар науқас деген ойға қалады. Бірақ олар науқас емес, өлімді жиі еске алған жандар. Өздерінің аз амалдарына қанағаттанбайды, ал егер де көп болса масаттанбайды. Амалдарының жойылып кетуінен қорқып, нәпсілерін үнемі тізгіндеп отырады. Олардың бірі даналық танытса, халықтың мақтауынан қорқады. Сонда ол: «Халық айта береді. Мен өзімді халықтан жақсы білем. Ал, Алла Тағала мені менен де жақсы біледі. Аллам олардың білмей айтқан сөздеріне мені жазалама. Олардың ойлағанынан мені жақсырақ қыл да, олардың білмей айтқан сөздеріне мені кешіре гөр», - деп жалбарынады. Олардан мына сипаттарды байқау қиын емес: діні берік, қайғыға берілмеу, иманы кәміл, білімге құштар, әділдік, қиыншылыққа сабырлы, кедейлікке төзімділік, адалға ұмтылу, бойұсынуға белсенділік және қайыр сұраудан ұялу. Олар үнемі жақсы амалдар жасайды. Кеш батса жан-тәнімен шүкірде, таң атса зікірде болады. Жатарда сақтанса, таң атқанда қуанады. Ғафілеттен сақтанып, кеңшілік пен рахметке қуанады. Өздеріне қиын болса да, нәпсісінің қалағанын жасамайды. Білімін кішіпейілділікпен жайып, сөздерін амалмен атқарады. Олардың ниеті қабыл, қатесі аз. Нәпсілері қанағатта, жүректері қорқынышта. Тамақты аз жейді. Істері жеңіл, діні тірі, шәһуаты өлі, ашуы ауыздықталған. Олардан тек жақсылық күтесің. Жамандық көрмейсің. Егер де Алланы еске алушылармен бірге болса қаперсіздерден болып жазылмайды, ал, қаперсіздермен бірге болса Алланы еске алушылардан болып жазылады. Зұлымдық еткендерді кешіреді. Біреу оның ақысын жесе де, ол оның ақысын жемейді. Араздасып алыстап кеткен туысқандарының арасын жақындатады. Бұзақылықтан алшақ, сөйлеген сөзі жұмсақ. Жақсылыққа шақырып, жамандықтан қайтарады. Қиыншылыққа сабырлы, қуанышта шүкірлі жандар. Жеккөрген адамын ренжітпейді. Жақсы көрген адамына зиян бермейді. Куәгерсіз шындықты мойындайды. Аманатқа қиянат қылмайды. Біреуді кемсітетін лақаб атымен атамайды. Көршіге зиян бермейді. Адамдардың қайғысына қуанбайды. Жалғанға жақындамайды, шындықтан шықпайды да. Егер күлсе дауысын көтермейді, үнсіз қалса біреуді ренжітпейді. Егер де біреу қастық жасаса, Алла Тағала оның жазасын бергенше сабыр етеді. Нәпсісі одан қиналады, адамдар одан рахаттанады. Біреуді жақсы көрсе де, жаман көрсе де ол ісі тек Алла үшін болады. Оған біреу жақындаса жұмсақтықпен жақындайды. Егер одан біреу алыстаса тәкаппарлықпен емес, бәлки жақсы себеппен алыстайды» деген екен.

Нағыз бақыт деген не? Ол қайда? Ол әрине тақуалықта. Тақуалықты ту еткен пендеге сөзсіз жәннаттан орын бұйырады. Ал, енді жәннатқа барудан артық қандай бақыт болуы мүмкін. Біреулер дүние, байлық болса сол бақыт дер. Байлық болса болсын. Бірақ та жүректе емес, қолда немесе қалтада болсын. Ал, жүректе тек тақуалық қана тұрақтауы керек. Тақуа болайықшы!

      

 

5 пікір