Мұсылманға пайдасы тимейтін 8 іс
Мұсылманға пайдасы тимейтін 8 іс
5 жыл бұрын 3241
Әмина ОМАРОВА
Іспен дәлелденбейтін білім

Құранда: «О, сенім келтіргендер! Өздерің істемейтінді неге айтасыңдар? Алла Тағала айтқанын істемейтіндерді жек көреді», - делінген. (Құран 61:2-3)

Хадисте: «Адам қайтыс болғанда үш ісінен басқа істерінің бәрі тоқтайды. Өлмейтін үш ісі ғана бар: берген садақасы, адамдарға пайда әкелетін ілімі және ол үшін дұға жасайтын баласы». «Білім алып, бірақ оны өзгелерге үйретпейтін адам өзіне берілген байлықтан құрбандық бермегенге тең»-делінген.

Шынайы ниетсіз жасалған істер

Хадисте: «Шынында іс ниетке байланысты бағаланады және расында әр адамға ниет еткеніне қарай беріледі», - делінген. Алла елшісі: «Дін – бұл шынайылық», - дейді.

Босқа кеткен уақыт

Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Қиямет күнінде төрт нәрсе туралы сұралғанша құлдың аяғы қозғалмайды: өмірін қалай өткізгені туралы, жастық шағын қандай іске жұмсағаны, білімін қалай қолданғаны, дүние-мүлікті қалай тапқаны және оны қайда жұмсағаны туралы», - дейді. Сондай-ақ: «Алладан берілген екі нығмет бар: бірі денсаулық, екіншісі – бос уақыт. Көп адамдар мұны әділ бағаламайды», - деген.

Харам жолмен тапқан табыс

Алла елшісі: «Аллаға тәуекел етіп еңбек етсеңдер Ол сендерді тамақтандырады; Оның күн шыққанда ұясынан ұшып күн батқанда оралатын құстарды қалай азықтандыратынына қарамайсыңдар ма?» - дейді. «Қандай табыс ең жақсы табыс?» - деп сұрағандарға Алла елшісі: «Адамның қол еңбегімен және кез-келген адал саудасымен келген табыс», - деп жауап берген екен.

Алланың разылығын алуға ұмтылмайтын жүрек

Алла елшісі: «Егер әлдекім адамдардың ашуын шақыратын істе Алланың разылығын іздесе, Алла оны қиындықтардан құтқарады. Ал кім адамдардың разылығын іздеп Алланың ашуын шақырса Алла оны адамдарға тапсырады», - деген.

Аллаға құлшылық қылмайтын дене

Адам Алла Тағалаға өзінің бар дене мүшесімен құлшылық қылады. Аллаға құлшылық қылмаған дененің толыққанды өмір сүруі, толықтай сау болуы мүмкін емес.

Қажетсіз ойлар

Мұхаммед Пайғамбарымыз: «Расында менің үмбетім ой-санасына келген ойларын істері мен сөздерінде көрсетпейінше, ол ойларын Алла Тағала кешіреді», -деген.

Басқа бір хадисте:  «Періште адамды жақсылыққа үгіттейді, оған осы мүмкіндіктің жолын көрсетеді, бірақ шайтан келіп жамандыққа үгіттеп, соның жолын көрсетеді»-делінген.

Пайдасы жоқ қарым-қатынас

«Адам досының дінінде болады. Сондықтан сендердің әрқайсыларың жақын достарының кім екеніне қарасын!»

 

0 пікір