Мұсылмандық жолы оңай жол
Мұсылмандық жолы оңай жол
3 жыл бұрын 1492
Алтынбек Боранбек

Бүгінде Исламды екінің бірі алып жүре алмайтындай ауыр жол деп санайтындар әр жерлерде қылаң беруде. Кейбіреулер мұсылмандықты ұстануды ел ішіндегі арнайы бір топтардың ғана ісі деп топшылайды. Соның нәтижесінде бес уақыт намазға, адал мен арамды ажыратуға, шариғаттың қарапайым қағидаларын орындауға жеңіл қараушылық байқалуда. Мысалы, арақ ішіп, темекі тартып жүрген бір кісіге: «Мұның не? Бұл әдеттерді қоймайсың ба?» десек: «Мен молда емеспін ғой, ең бастысы жүрегім таза, ниетім адал болса, жеткілікті емес пе?» деген жауап естуіміз ғажап емес. Тіпті «Пәленшенің баласы осы жолға түсіпті», «Түген кісі бір қой сойып, осы жолды қабылдапты» дейтін оғаш түсініктер де халық арасында ұшырасады. Бұл топтың түсінігінде, мұсылмандық емшілердің, бақсы-балгерлердің ғана ісі.  Дәрет алып, намаз оқуға уақыт жоқ деп жүргендер қаншама. Олар үшін намаз оқитындардың бүкіл өмірі сонымен өтіп кететін секілді. Бес уақыт намаз адамды өзге тіршіліктен алшақтатып қоятындай, күнде, күнде қайталанып, бітпейтін, таусылмайтындай көрінуі мүмкін.

Шынында  да, мұсылмандық белгілі бір топтың, имам-молдардың ғана ісі ме? Ислам діні бір қоғамның әрбір мүшесі ұстана алмайтындай қиын ба? Міне, осы сауалдар талайларды мазалап жүргені жасырын емес.

Негізінде, Ислам -  жер бетіндегі кез келген адамның еркін ұстануына лайық етіп түсірілген өте оңай дін. Жаратушы иеміз пенделеріне көтере алмайтын міндет жүктемейді. Қасиетті Құранда: «Алла пенделеріне шамасы келмейтінді жүктемейді» («Бақара» сүресі, 286-аят). Егер Алла адамзат баласына иманды болуды, намаз оқып, ораза тұтуды бұйырса, азықтың тек қана тазасы мен адалын ғана жесін деп міндеттесе, еркектер де, әйелдер де ғылым-білім ізденсін десе, оған әркімнің де шамасы келеді.  Үлкенді сыйлау, кішіні құрметтеу, туыстық жібін үзбеу, жетім-жесірге қарайласу, қол астыңдағыларға дұрыс қарау, қол жайған сұраушылар мен ғаріп-міскіндерге жәрдем беру - жалпы, жақсылық пен қайырымдылықтың қай түрі болса да, кез келген адам анық көтере алатындай оңай істерге жатады. Оны жасай алмаймын деп сылтау іздеу ретсіз. Әрбір адам қай салада қызмет атқарса да, мұсылмандық міндеттерді атқаруы тиіс.  Ал қосымша құлшылықтарды атқару әр кісінің жеке еркіндегі шаруа. Жасаса, сауап алады. Жасамаса күнәһар болмайды. Абай атамыздың «Базарға қарап тұрсам, әркім барар, іздегені не болса сол табылар» дегеніндей шамасының жеткенінше өмірлік сауда жасайды.

Әлбетте, өкпесі өшкенше шабатын сәйгүліктерге ұқсап, жақсылық жасауға барын салатындар жоқ емес. Малымен де, жанымен де, өнер-қабілетімен де, құлшылық-тағатымен де ізігілік жолында шарқ ұрып шауып жүрген ұлы жүректі тұлғалар бар. Олар Құрандағы: «Ондай тақуа құлдар біздің нығмет етіп бергенімізден өзгелерге үлестіреді» («Бақара» сүресі, 3-аят) деген аятты өмірде іске асыруға тырысады. Оларға Алла разы болсын. Жаратушы иеміз әркімге әртүрлі нығметті үйіп-төгіп берген. Біреуге болаттай денсаулық, енді біреуге терең түсінік, тағы біреуге мал-дүние, байлық берген. Өнер, қабілет, шығармашылық шабыт – бәрі де Алланың нығметтері. Енді осыны әркім әрқалай жұмсайды. Ертең Алланың құзырына барғанда, бұл еңбектерінің қарымын да осы ниеттеріне қарай алары сөзсіз. Ендеше, білгенге бұларды жұмсау да құлшылық. Сүйікті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) көзі тірі кезінде үйіндегі жарты құрмасын Алла жолында садақа етіп, сауабын Алладан күткен Алатаудай ақ жүректі тұлғалар болды. Сондықтан болар, Алланың елшісі (с.ғ.с.) мұсылман жұртшылығына: «Жақсылықтың ешбірін ұсақ-түйекке санамаңдар», - деп кеңес берген. Тағы бірде хазрет Омар бар мүлкінің тең жартысын қазынаға әкеліп өткізгенде, алтын жүректі Әбу Бәкір үйіне түс қалдырмай, барын да, нарын да әкеліп, ортаға салғаны мәлім. Алайда мұндай жанпидалық қызметтер әркімге бірдей жүктелген міндет емес екенін жақсы ұғынуымыз қажет. Ал ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадистерінің бірінде былай деген: «Шын мәнінде, бұл дін (яғни Ислам) оңайлық. Кім де кім бұл дінді ауырлатып алса, дін оны жеңіп қояды». Міне, бұл хадистің мәні өте терең. Әрине, дін оңай екен деп оған жеңіл, атүсті, немқұрайлы қарауға болады деген қорытынды шықпайды. Шариғаттың парыздарын әр адам түгел орындауы керек. Ал құлдың еркіне қалдырылған істерді атқарғанда, әркім өзінің қабілет-қарымына қарай шабады.

Әділетіне келсек, күніне үш мезгіл тамақтану қандай оңай болса, бес уақыт намаз да дәл сондай оңай. Қарнымыз ашса, тамақ жеп, шөлдегенде су үшуге үйренгенбіз. Ал намаздың бұдан ешбір парқы жоқ. Кейбір кезде астың дәмдісін, судың тәттісін іздейтініміз белгілі. Құлшылық та сол секілді жанымыз көбірек ләззат алсын десек, көбірек қосымша ғибадат жасау керек. Ал бірақ нәпіл ғибадатты көбейтем деп жүріп, парыз амалдарды әлсіретіп немесе мүлдем тоқтатып алмауды қадағалау керек. Мысалы, түні бойы құлшылық жасап, таң атарда көзіміз ілініп кетсе, таң намазы қаза болуы мүмкін.

Қысқасын айтқанда, мұсылмандықты ұстану өте оңай. Тек оған көңілдің байлауы керек, нақты ниет қажет. Ислам шариғатында әр істің аз болса да, тұрақты жасалғаны жақсы. Сондықтан Алланың назарында мұсылман ретінде саналғысы келген адам құлшылығын тіршілігімен үйлестіріп бірге алып жүруі қажет-ақ.

0 пікір